Қазақстан Республикасының Еңбек кодексi



бет5/14
Дата20.07.2016
өлшемі0.74 Mb.
#210988
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

              шағым жасау тәртiбi

      1. Жұмыс берушi өзiнiң актiсiн шығару арқылы тәртiптiк жаза қолданады.

      2. Жұмыс берушi тәртiптiк жазаны қолданғанға дейiн қызметкерден жазбаша түсiнiктеме талап етуге мiндеттi. Қызметкердiң жазбаша түсiнiктеме беруден бас тартуы тәртiптiк жаза қолдануға кедергi жасай алмайды. Қызметкер аталған түсiнiктеменi беруден бас тартқан жағдайда тиiстi акт жасалады.

      3. Жұмыс берушi тәртiптiк жазаның түрiн айқындау кезiнде жасалған тәртiптiк терiс қылықтың мазмұнын, сипатын және ауырлығын, оны жасаудың мән-жайларын, қызметкердiң оның алдындағы және одан кейiнгi тәртiбiн, еңбекке деген көзқарасын ескеруге тиiс.

      4. Әрбiр тәртiптiк терiс қылығы үшiн қызметкерге бiр тәртiптiк жаза ғана қолданыла алады.

      5. Жұмыс берушiнiң қызметкерге тәртiптiк жаза қолдану туралы актiсi:

      1) қызметкердiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгi;

      2) қызметкер мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттер атқару уақытына жұмыстан босатылған;

      3) қызметкер демалыста болған;

      4) қызметкер iссапарда болған кезеңде шығарылмайды.

      6. Тәртiптiк жаза қолдану туралы акт ол шығарылған күнiнен бастап үш жұмыс күнi iшiнде тәртiптiк жазаға тартылған қызметкерге қолын қойғызып хабарланады. Қызметкер жұмыс берушiнiң актiсiмен танысқанын қол қойып растаудан бас тартқан жағдайда, тәртiптiк жаза қолдану туралы актiде ол туралы тиiстi жазба жасалады. Қызметкердi жұмыс берушiнiң тәртiптiк жаза қолдану туралы актiсiмен жеке таныстыруға мүмкiндiк болмаған жағдайда жұмыс берушi актiнi қызметкерге хабарламалы хатпен жiберуге мiндеттi.

      7. Қызметкер тәртiптiк жаза жөнiнде осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасай алады.

      74-бап. Тәртiптiк жазаларды белгiлеу мерзiмi

      1. Осы Кодекстiң 73-бабы 5-тармағында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тәртiптiк жаза қызметкерге тәртiптiк терiс қылық анықталғаннан кейiн тiкелей, бiрақ ол анықталған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.


      2. Тәртiптiк жазаны - тәртiптiк терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан асқаннан кейiн, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген немесе ревизия немесе жұмыс берушiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн тексеру нәтижелерi бойынша тәртiптiк терiс қылығы анықталған жағдайларда қызметкер тәртiптiк терiс қылық жасаған күннен бастап бiр жылдан асқаннан кейiн қолдануға болмайды. Көрсетiлген мерзiмдерге қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу уақыты кiрмейдi.
      3. Қызметкердiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiне, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттер орындау үшiн жұмыстан босатылуына, демалыста, iссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытында тәртiптiк жаза қолдану мерзiмiнiң барысы тоқтатыла тұрады.

      75-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi

      1. Осы Кодекстiң 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi ол қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиiс. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңа тәртiптiк жазаға тартылмаса, оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
      2. Қызметкерге тәртiптiк жаза қолданған жұмыс берушi өзiнiң бастамасымен, қызметкердiң немесе оның тiкелей басшысының өтiнуiмен, қызметкерлер өкiлiнiң өтiнiшi бойынша тәртiптiк жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауға құқылы.

7-тарау. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

      76-бап. Жұмыс уақыты

      1. Ұзақтығы қалыпты, ұзақтығы қысқартылған және толық емес жұмыс уақыты болуы мүмкiн.
      2. Жұмыс уақытына дайындық-қорытынды жұмыстар (наряд-тапсырма, материалдар, құралдар алу, техникамен, құжаттамалармен танысу, жұмыс орнын дайындау және жинау, дайын өнiмдi тапсыру және басқалар), еңбек технологиясында, еңбектi ұйымдастыруда, еңбектi нормалау мен қорғау ережелерiнде көзделген үзiлiстер, қызметкер өзiнiң уақытына еркiн иелiк ете алмайтын жұмыс орнында болу немесе жұмысты күту уақыты, мереке және демалыс күндерiндегi кезекшiлiктер, үйдегi кезекшiлiк және еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушiнiң актiлерiнде не Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалатын басқа да кезеңдер жатады.

      77-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы

      1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиiс.
      2. Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшiн төленетiндей төлемақымен ұзақтығы аз жұмыс уақыты көзделуi мүмкiн.

      78-бап. Қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн жұмыс


              уақытының қысқартылған ұзақтығы

      1. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер үшiн жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстiң 181-бабына сәйкес белгiленедi.


      2. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлер үшiн жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстiң 202-бабына сәйкес белгiленедi.
      3. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстiң 224-бабына сәйкес белгiленедi.
      4. Еңбек шартында, ұжымдық шартта осы баптың 1 - 3-тармақтарында көрсетiлгеннен кем жұмыс уақытының ұзақтығы көзделуi мүмкiн.
      5. Қызметкерлерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленген кезде еңбекке ақы төлеу осы Кодекске сәйкес жүргiзiледi.

      79-бап. Толық емес жұмыс уақыты

      Осы Кодексте белгiленген қалыпты ұзақтықтан аз уақыт, оның iшiнде:
      толық емес жұмыс күнi, яғни күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту;
      толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерiнiң санын қысқарту;
      бiр мезгiлде күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерiнiң санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледi.

      80-бап. Толық емес жұмыс уақытындағы жұмыс жағдайлары

      1. Еңбек шартында тараптардың келiсiмiмен қызметкер үшiн толық емес жұмыс уақыты белгiленуi мүмкiн.
      2. Толық емес жұмыс уақыты белгiлi немесе белгiсiз мерзiмге белгiленедi.
      3. Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс iстеу қызметкер үшiн осы Кодексте, еңбек шартында, ұжымдық шартта, келiсiмдерден белгiленген жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын қандай да бiр шектеуге әкеп соқтырмайды.

      81-бап. Жұмыс аптасының түрлерi

      1. Қызметкерлер үшiн екi демалыс күнi бар бес күндiк жұмыс аптасы белгiленедi. Бес күндiк жұмыс аптасы кезiнде күнделiктi жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелiгi ескерiле және жұмыс аптасының белгiленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушiнiң актiсiмен айқындалады.
      2. Өндiрiс сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндiк жұмыс аптасын енгiзу қисынсыз болатын ұйымдарда бiр демалыс күнi бар алты күндiк жұмыс аптасы белгiленедi.
      3. Жұмыс берушi еңбек шартының және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес бес күндiк немесе алты күндiк жұмыс аптасын белгiлейдi.

      82-бап. Күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы

      1. Бес күндiк жұмыс аптасы кезiнде күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 8 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 7 сағат 12 минуттан және апталық норма 24 сағат болғанда 5 сағаттан аспауға тиiс.
      2. Алты күндiк жұмыс аптасы кезiнде күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда 4 сағаттан аспауға тиiс.
      3. Күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзiлiстер уақыты жұмыс аптасының белгiленген ұзақтығы сақтала отырып, ұйымның еңбек тәртiптемесi ережелерiмен, еңбек шартымен, ұжымдық шартпен белгiленедi.
      4. Өнер және мәдени демалыс кәсiптiк ұйымдарының шығармашылық қызметкерлерi, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерi, спортшылар, жаттықтырушылар үшiн Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушiнiң актiлерiне, ұжымдық шартқа немесе еңбек шартына сәйкес күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгiленуi мүмкiн.

      83-бап. Күнделiктi жұмысты (жұмыс ауысымын) бөлiктерге


              бөлу

      1. Күнделiктi жұмысты (жұмыс ауысымын) бөлiктерге бөлуге:


      1) жұмыс қарқындылығы әртүрлi болатын жұмыстарда;
      2) егер бұл қызметкердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттiлiктерiмен байланысты болса, оның бастамасы бойынша жол берiледi.
      2. Күнделiктi жұмысты (жұмыс ауысымын) бөлiктерге бөлген кезде жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) белгiленген ұзақтығынан аспауға тиiс.
      3. Күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) бөлiктерге бөлiнетiн жұмыс түрлерi, жұмыстағы үзiлiстердiң саны мен ұзақтығы, сондай-ақ осындай жағдайлары бар жұмыс үшiн қызметкерлерге төленетiн өтемақылардың түрлерi мен мөлшерi еңбек шартында, ұжымдық шартта белгiленедi.

      84-бап. Ауысымдық жұмыс

      1. Өндiрiстiк процестiң ұзақтығы не жұмыс берушiнiң өндiрiстiк қызметiнiң режимi күнделiктi жұмыс ұзақтығының нормасынан асып кеткен жағдайларда ауысымдық жұмыс белгiленуi мүмкiн.
      2. Ауысымдық жұмыс кезiнде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бiр жұмыс ауысымынан екiншiсiне өту қызметкерлер өкiлдерiмен келiсе отырып жұмыс берушi бекiткен ауысым кестелерiмен белгiленедi.
      3. Жұмыс берушi ауысым кестелерiн қызметкерлер назарына осы кестелер қолданысқа енгiзiлгенге дейiн бiр айдан кешiктiрмей жеткiзедi.
      4. Қызметкердi қатарынан екi жұмыс ауысымында жұмысқа тартуға тыйым салынады.

      85-бап. Икемдi жұмыс уақыты режимiндегi жұмыс

      1. Қызметкерлердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және жеке қажеттiлiктерiн өндiрiс мүдделерiмен үйлестiру мақсатында икемдi жұмыс уақыты режимi белгiленуi мүмкiн.

      2. Икемдi жұмыс уақыты режимiнiң кезiнде:

      1) тiркелген жұмыс уақыты;

      2) қызметкер сол уақыт iшiнде еңбек мiндеттерiн өз қалауы бойынша атқаруға құқылы икемдi (ауыспалы) жұмыс уақыты;

      3) есептiк кезең белгiленедi.

      3. Шегiнде қызметкерлердiң осы санаты үшiн белгiленген жұмыс уақыты ұзақтығының орташа нормасы сақталуға тиiс кезең икемдi жұмыс уақыты кезеңiндегi есептiк кезең деп танылады.

      4. Икемдi жұмыс уақыты кезеңiндегi есептiк кезең бiр айдан аспауға тиiс.

      5. Икемдi жұмыс уақыты кезеңiндегi күнделiктi жұмыстың (жұмыс ауысымының) және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақытының ұзақтығы күнделiктi және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасынан көп немесе аз болуы мүмкiн.

      6. Тiркелген жұмыс уақытының, икемдi (ауыспалы) жұмыс уақытының ұзақтығы, икемдi жұмыс уақыты режимiндегi есептiк кезең еңбек шартында, ұжымдық шартта белгiленедi.

      86-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебi

      1. Жұмыс уақытының жиынтық есебi үздiксiз жұмыс iстейтiн өндiрiстерде, цехтарда, учаскелерде және өндiрiс (жұмыс) жағдайлары бойынша қызметкерлердiң осы санаты үшiн белгiленген жұмыс уақытының күнделiктi немесе апта сайынғы ұзақтығы сақтала алмайтын жұмыстардың кейбiр түрлерiнде қолданылады.
      2. Шегiнде қызметкерлердiң осы санаты үшiн белгiленген күнделiктi және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиiс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебi кезiндегi есептiк кезең деп танылады.
      3. Кез келген, бiрақ бiр жылдан аспайтын күнтiзбелiк кезең немесе белгiлi бiр жұмысты орындау кезеңi жұмыс уақытының жиынтық есебi кезiндегi есептiк кезең болуы мүмкiн.
      4. Жұмыс уақытының жиынтық есебiн белгiлеу кезiнде жұмыстың аяқталуы мен келесi жұмыс күнiнiң (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы қызметкердiң демалыс ұзақтығының сақталуы мiндеттi болып табылады.
      5. Жұмыс уақытының жиынтық есебi кезiнде жұмыс iстеу тәртiбi, жұмыс уақытының жиынтық есебi белгiленетiн қызметкерлердiң санаттары, қызметкерлер өкiлдерiнiң пiкiрi ескерiле отырып, еңбек шартында немесе ұжымдық шартта не жұмыс берушiнiң актiсiнде айқындалады.
      6. Осы Кодекстiң 183, 190, 225-баптарында көзделген жағдайларда жұмыс уақытының жиынтық есебiн қолдануға жол берiлмейдi.

      87-бап. Түнгi уақыттағы жұмыс

      1. 22 сағаттан бастап таңертеңгi сағат 6-ға дейiнгi уақыт түнгi уақыт болып есептеледi.
      2. Қызметкерлердi түнгi уақыттағы жұмысқа тарту осы Кодексте белгiленген шектеулер сақтала отырып жүргiзiледi.

      88-бап. Үстеме жұмысқа тартуды шектеу

      1. Үстеме жұмыстарға:
      1) жүктi әйелдер;
      2) он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер жiберiлмейдi.
      2. Осы Кодекстiң 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.

      89-бап. Үстеме жұмыстардың шектi саны

      1. Үстеме жұмыстар әрбiр қызметкер үшiн тәулiк iшiнде - екi сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда бiр сағаттан аспауға тиiс.
      2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екi сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиiс.
      3. Үстеме жұмыстардың шектi санын шектеу осы Кодекстiң 90-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.

      90-бап. Қызметкерлердiң келiсiмiнсiз үстеме жұмыстарға


              жол берiлетiн ерекше жағдайлар

      Қызметкерлердiң келiсiмiнсiз үстеме жұмыстарға тек қана мынадай жағдайларда:


      1) ел қорғанысы үшiн, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зiлзаланы немесе өндiрiстiк аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшiн қажеттi жұмыстар жүргiзу кезiнде;
      2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тiршiлiктi қамтамасыз етудiң басқа жүйелерiнiң қалыпты жұмыс iстеуiн бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшiн;
      3) егер үзiлiс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшiн жол берiледi.

      91-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргiзу тәртiбi

      1. Жұмыс берушi қызметкердiң нақты жұмыс iстеген жұмыс уақытын есепке алуды жүзеге асыруға тиiс.
      2. Қызметкер жұмыс iстеген және жұмыс iстемеген уақыт қамтылатын нақты жұмыс уақыты есепке алынуға тиiс.
      3. Жұмыс iстелген уақыт құрамында нақты жұмыс iстелген жұмыс уақыты және жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдерi есепке алынуға тиiс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгi уақыттағы, демалыс, мереке күндердегi жұмыстар, iссапар күндерi бөлек есептеледi.
      4. Жұмыс iстелмеген уақыт құрамында ақы төленетiн және ақы төленбейтiн уақыт, сондай-ақ қызметкердiң және (немесе) жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жоғалтылған жұмыс уақыты есепке алынуға тиiс.
      5. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс берушi айқындаған құжаттарда жүргiзiледi.
      6. Қызметкердiң жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде орындаған не олардың орындалуын жұмыс берушi нақты уақытпен тiркей алмайтын кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында еңбек шартында белгiленген жұмыстар көлемiн орындау ретiнде белгiленедi.

8-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ

      92-бап. Тынығу уақытының түрлерi

      Тынығу уақытының түрлерi:
      1) жұмыс күнi (жұмыс ауысымы) iшiндегi үзiлiстер - тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс; ауысымiшiлiк және арнаулы үзiлiстер;
      2) күнделiктi (ауысымаралық) тынығу;
      3) демалыс күндерi (апта сайынғы үздiксiз тынығу);
      4) мереке күндерi;
      5) демалыстар болып табылады.

      93-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс

      1. Қызметкерге күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) iшiнде тынығуға және тамақтануға арналған ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бiр үзiлiс берiлуге тиiс.
      2. Осы баптың 3-тармағында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемiнде үш сағат өткеннен кейiн және төрт сағаттан кешiктiрiлмей белгiленуге тиiс.
      3. Ұзақтығы 8 сағаттан асатын күнделiктi жұмыста (жұмыс ауысымында) жұмыс уақытының икемдi жиынтық есебi режимi кезiнде тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемiнде төрт сағат өткеннен кейiн белгiленуi мүмкiн.
      4. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс беру уақыты, оның ұзақтығы еңбек тәртiптемесi ережелерiнде, еңбек шартында, ұжымдық шартта белгiленедi.
      5. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды. Өндiрiс жағдайлары бойынша үзiлiс беру мүмкiн болмайтын жұмыстарда жұмыс берушi қызметкердi жұмыс уақытында арнаулы жабдықталған орында тынығу және тамақтану мүмкiндiгiмен қамтамасыз етуге мiндеттi. Мұндай жұмыстардың тiзбесi, тынығудың және тамақтанудың тәртiбi мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушiнiң қызметкерлер өкiлдерiмен келiсе отырып шығарылған актiлерiнде белгiленедi.

      94-бап. Ауысымiшiлiк және арнаулы үзiлiстер

      1. Жұмыстың жекелеген түрлерiнде қызметкерлерге технологияға және өндiрiс пен еңбектi ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын ауысымiшiлiк үзiлiстер берiледi. Бұл жұмыс түрлерi, мұндай үзiлiстер берудiң ұзақтығы мен тәртiбi ұжымдық шартта немесе жұмыс берушiнiң қызметкерлер өкiлдерiмен келiсе отырып қабылданған актiлерiнде белгiленедi.
      2. Жылдың суық мезгiлiнде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс iстейтiн, сондай-ақ тиеу-түсiру жұмыстарында iстейтiн қызметкерлерге жылыну және тынығу үшiн жұмыс уақытына қосылатын арнаулы үзiлiстер берiледi. Жұмыс берушi қызметкерлердiң жылынуы мен тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Бiр жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс iстейтiн әйелдерге тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiстен бөлек, осы Кодекстiң 188-бабына сәйкес баланы тамақтандыруға арналған қосымша үзiлiстер берiледi.

      95-бап. Күнделiктi (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы

      Қызметкердiң жұмыстың аяқталуы мен оның келесi күнi басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделiктi (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екi сағаттан кем болмауға тиiс.

      96-бап. Демалыс күндерi

      1. Қызметкерлерге апта сайын демалыс күндерi берiледi.

      2. Бес күндiк жұмыс аптасында қызметкерлерге аптасына екi демалыс күнi, ал алты күндiк жұмыс аптасында - бiр күн берiледi.

      3. Бес күндiк және алты күндiк жұмыс аптасында жексенбi жалпы демалыс күнi болып табылады. Бес күндiк жұмыс аптасындағы екiншi демалыс күнi жұмыс берушiнiң актiсiнде немесе ауысым кестесiнде белгiленедi. Егер ұжымдық шартта, еңбек шартында өзгеше белгiленбесе, екi демалыс күнi қатар берiледi.

      4. Мұсылман күнтiзбесi бойынша атап өтiлетiн Құрбан айттың бiрiншi күнi, 7 қаңтар - православиелiк Рождество демалыс күндерi болып табылады.

      5. Үздiксiз өндiрiстерде немесе өндiрiстiк-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздiксiз қызмет ету қажеттiгi салдарынан демалыс күндерi жұмысты тоқтату мүмкiн болмайтын өндiрiстерде iстейтiн қызметкерлерге демалыс күндерi жұмыс берушiнiң қызметкерлер өкiлдерiмен келiсе отырып қабылданған актiлерiнде бекiтiлген ауысымдық кестеге сәйкес қызметкерлерге (қызметкерлер тобына) аптаның әр күндерi кезекпен берiледi.

      6. Iссапарда жүрген қызметкер демалыс күндерiн өзi жiберiлген жұмыс берушiнiң еңбек тәртiптемесiне сәйкес пайдаланады.

      97-бап. Демалыс және мереке күндерiндегi жұмыс

      1. Осы Кодекстiң 98-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша демалыс және мереке күндерiндегi жұмысқа қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен жол берiледi.


      2. Демалыс және мереке күндерiнде қызметкердiң бастамасы бойынша жұмысқа жұмыс берушiнiң рұқсаты негiзiнде жол берiледi.
      3. Демалыс және мереке күндерiндегi жұмыс кезiнде қызметкердiң қалауы бойынша оған басқа демалыс күнi берiледi немесе осы Кодекстiң 128-бабында көрсетiлген мөлшерде ақы төленедi.

      98-бап. Қызметкердiң келiсiмiнсiз демалыс және мереке


              күндерi жұмысқа тартудың ерекше жағдайлары

      Қызметкердiң келiсiмiнсiз демалыс және мереке күндерi жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:


      1) төтенше жағдайларды, дүлей зiлзаланы немесе өндiрiстiк аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшiн;
      2) жазатайым оқиғаларды, мүлiктiң опат болуын немесе бүлiнуiн болдырмау және оларға тексеру жүргiзу үшiн;
      3) жалпы ұйымның немесе оның жекелеген бөлiмшелерiнiң одан әрi қалыпты жұмысы осылардың жедел орындалуына тәуелдi болатын шұғыл, бұрын көзделмеген жұмыстарды орындау үшiн жол берiледi.

      99-бап. Қызметкерлердi демалыс және мереке күндерi


              жұмысқа тартуды ресiмдеу

      Қызметкерлердi демалыс және мереке күндерi жұмысқа тарту жұмыс берушiнiң актiсiмен ресiмделедi.

      100-бап. Демалыс түрлерi

      1. Қызметкерлерге демалыстардың мынадай түрлерi:

      1) жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстары;

      2) әлеуметтiк демалыстар берiледi.

      2. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердiң тынығуына, жұмыс қабiлетiн қалпына келтiруiне, денсаулығын нығайтуына және қызметкердiң өзге де жеке қажеттiктерiне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгiлi бiр күнтiзбелiк күндер санына берiледi.

      3. Әлеуметтiк демалыс деп ана болуға, балалардың күтiмiне, өндiрiстен қол үзбей бiлiм алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтiк мақсаттар үшiн қызметкердi белгiлi бiр кезеңге жұмыстан босату түсiнiледi.

      4. Қызметкерлерге әлеуметтiк демалыстардың мынадай түрлерi:

      1) жалақы сақталмайтын демалыс;

      2) оқу демалысы;

      3) баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыстар берiледi.

      101-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы

      Егер қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн басқа нормативтiк құқықтық актiлерде , еңбек шартында, ұжымдық шартта және жұмыс берушiнiң актiлерiнде көп күн саны көзделмесе, қызметкерлерге ұзақтығы күнтiзбелiк жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Z960048

      102-бап. Жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары

      1. Мыналарға:


      1) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерге ұзақтығы кемiнде күнтiзбелiк алты күн болатын жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары берiледi;
      2) бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектерге ұзақтығы кемiнде күнтiзбелiк он бес күн болатын жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары берiледi.
      2. Қызметкерлердiң өзге санаттарына жыл сайынғы қосымша демалыс беру және оның ең төменгi ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленуi мүмкiн.
      3. Еңбек шартында, ұжымдық шартта қызметкерлерге үздiксiз ұзақ жұмысы, маңызды, күрделi, жедел жұмыстарды, сондай-ақ өзге де сипаттағы жұмыстарды орындағаны үшiн көтермелеу сипатында жыл сайынғы ақылы қосымша демалыстар белгiленуi мүмкiн.

      103-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын


                есептеу

      1. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимдерi мен кестелерiне қарамастан, еңбек демалысы күндерiне тура келетiн мереке күндерi есепке алынбай, күнтiзбелiк күндермен есептеледi.


      2. Жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезiнде жыл сайынғы қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы негiзгi еңбек демалысына қосылады. Бұл ретте жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығы ең жоғарғы шекпен шектелмейдi.

      104-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет