83-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы
Жұмыскердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмайды.
84-бап. Демалыс күндері
1. Жұмыскерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.
2. Бес күндік жұмыс аптасында жұмыскерлерге аптасына екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында – бір демалыс күні беріледі.
3. Бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып табылады. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленеді.
4. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі.
5. Қолданылатын жұмыс режимдеріне және ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) қарамастан, мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар – православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.
6. Іссапарда жүрген жұмыскер демалыс күндерін өзі жіберілген жұмыс берушінің еңбек тәртіптемесі қағидаларына сәйкес пайдаланады.
85-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс
1. Ауысымдық кесте немесе вахталық кесте бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді мереке күндерінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмысқа тарту үшін жұмыскерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді.
Осы Кодекстің 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
2. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін жұмыскердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 109-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
3. Мереке күндері кезеңінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
4. Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |