86-бап. Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың айрықша жағдайлары
Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:
1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін;
3) тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.
87-бап. Демалыс түрлері
1. Жұмыскерлерге демалыстардың мынадай түрлері беріледі:
1) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары;
2) әлеуметтік демалыстар.
2. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.
3. Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:
1) жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы;
2) жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы.
4. Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, скринингтік зерттеулерден өтуге, балалар күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түсініледі.
5. Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері беріледі:
1) жалақы сақталмайтын демалыс;
2) оқу демалысы;
3) жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс;
4) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс;
5) бір жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын көлемде скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс;
6) кемінде үш жұмыс күні көлемінде он екі аптаға дейін жүктілігі бойынша медициналық есепке қоюға арналған демалыс.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әлеуметтік демалыста болған кезең еңбек өтіліне есептеледі.
6. Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
Ескерту. 87-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |