67-бап. Жұмыс уақыты және оның түрлері
1. Дайындық-қорытынды жұмысы (наряд-тапсырма, материалдар, құралдар алу, техникамен, құжаттамамен танысу, жұмыс орнын дайындау және жинау, дайын өнімді тапсыру және басқалар) уақытының кезеңдері, еңбек технологиясында, еңбекті ұйымдастыруда; еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі қағидаларында көзделген үзілістер; жұмыскер өзінің уақытына еркін иелік ете алмайтын жұмыс орнында болу немесе жұмысты күту уақыты; мереке және демалыс күндеріндегі кезекшіліктер; үйдегі кезекшілік, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне немесе Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес басқа да кезеңдер жұмыс уақытына жатады.
2. Ұзақтығы қалыпты, ұзақтығы қысқартылған және толық емес жұмыс уақыты болуы мүмкін.
Толық емес жұмыс күні (ауысымда) және (немесе) толық емес жұмыс аптасында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін не бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолданған кезде тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының теңгерімі бойынша жұмыс сағаттарының қалыпты саны тиісінше азаяды.
Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
68-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы
1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
2. Еңбек шартында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлемақымен ұзақтығы азырақ жұмыс уақыты көзделуі мүмкін.
3. Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.
4. Медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскерлерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуіне (бала асырап алушыға), он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналарға, көрсетілген санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдарға, оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін білім алушыларға, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде екі жыл қалған не көрсетілген зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлерге тараптардың келісуі бойынша бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолдануға жол беріледі.
Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскер үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтілін есептеуге және осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген еңбек саласындағы басқа да құқықтарға шек қоюға алып келмейді.
Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |