72-бап. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу
1. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлуге:
1) жұмыс қарқындылығы әртүрлі болатын жұмыстарда;
2) егер бұл жұмыскердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерімен байланысты болса, оның бастамасы бойынша жол беріледі.
2. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлген кезде жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) белгіленген ұзақтығынан аспауға тиіс.
3. Күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) бөліктерге бөлінетін жұмыс түрлері, жұмыстағы үзілістердің саны мен ұзақтығы, сондай-ақ осындай жағдайлары бар жұмыс үшін жұмыскерлерге төленетін өтемақылардың түрлері мен мөлшерлері еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады.
Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлумен байланысты үзілістер жұмыскерлердің тынығуы үшін беріледі және жұмыс уақытына жатпайды.
73-бап. Ауысымдық жұмыс
1. Өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың жол берілетін ұзақтығынан асатын жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.
2. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту ауысым кестелерімен белгіленеді.
3. Жұмыс беруші ауысым кестелерін осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын жұмыскерлердің назарына жеткізеді.
Ауысымдық кестемен танысу мерзімі жұмыскерді жұмысқа қабылдаған немесе ауысымдық жұмыс кезінде жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстырған жағдайда қысқартылуы мүмкін.
4. Осы Кодекстің 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскерді қатарынан екі жұмыс ауысымы бойы жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Ескерту. 73-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |