73-1-бап. Жылжымалы жұмыс кестесі
1. Жұмыстың ерекшелігін ескере отырып, жұмыс беруші еңбек тәртіптемесінің қағидаларында жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, жұмыс кестесінің күн сайынғы ұзақтығының 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің ұзақтығы әртүрлі аптаның әртүрлі күндеріндегі жұмыстың жылжымалы кестесін белгілеуге құқылы.
2. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген, бірақ тоқсаннан аспайтын жұмыс уақытының орташа ұзақтығының күнделікті және (немесе) апта сайынғы нормасы сақталуға тиіс кезең жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең деп танылады
3. Жылжымалы жұмыс кестесі бар режимде жұмыс істеген кезде жұмыс күнінің (ауысымның) басталуы, аяқталуы немесе жалпы ұзақтығы еңбек тәртіптемесінің қағидаларында, еңбек шартында не ауысымдық кестесінде айқындалады.
Ескерту. Кодекс 73-1-баппен толықтырылды – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
74-бап. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс
1. Жұмыскерлер, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін олардың әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
2. Икемді жұмыс уақыты режимі кезінде:
1) белгіленген жұмыс уақыты;
2) жұмыскер сол уақыт ішінде еңбек міндеттерін өз қалауы бойынша атқаруға құқылы икемді (ауыспалы) жұмыс уақыты;
3) есептік кезең белгіленеді.
3. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін орташа белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы сақталуға тиіс кезең икемді жұмыс уақыты кезіндегі есептік кезең деп танылады.
4. Икемді жұмыс уақыты кезіндегі есептік кезең алты айдан аспайды.
5. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақытының ұзақтығы күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасынан көп немесе аз болуы мүмкін.
6. Белгіленген жұмыс уақытының, икемді (ауыспалы) жұмыс уақытының ұзақтығы, икемді жұмыс уақыты режиміндегі есептік кезең жұмыс берушінің актісінде, еңбек немесе ұжымдық шарттарда белгіленеді.
Ескерту. 74-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.07.2021 № 61-VII Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |