163-бап. Ұжымдық еңбек дауының туындауы
1. Ұжымдық еңбек дауы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша осы Кодекстің 164-бабына сәйкес ресімделген жұмыскерлердің талаптары туралы жұмыс берушіні хабардар еткен күннен бастап туындаған деп есептеледі.
2. Жұмыс беруші жұмыскерлердің қойған талаптарын – оларды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға, ал көрсетілген мерзімде шешу мүмкін болмаған кезде, туындаған келіспеушіліктерді одан әрі қарау үшін өз өкілдерін көрсете отырып, өздерінің шешімдері мен ұсыныстарын жұмыскерлерге жазбаша түрде жеткізуге міндетті.
Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2021 № 61-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
164-бап. Ұжымдық еңбек дауларын қарау жөніндегі органдар және жұмыскерлердің талаптарын ресімдеу мен қарау тәртібі
1. Ұжымдық еңбек даулары мынадай реттілікпен шешіледі: жұмыс беруші (жұмыс берушілер бірлестігі (қауымдастығы, одағы)), шешу мүмкін болмаған жағдайда – татуластыру комиссиясы, онда келісімге қол жеткізілмеген кезде – еңбек төрелігі, ол реттемеген мәселелер бойынша – соттар қарайды.
2. Жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, жұмыскерлер мен жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі (қауымдастығы, одағы) арасындағы келісімдердің, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша талаптары жұмыскерлердің жалпы жиналысында (конференциясында) қалыптастырылады және бекітіледі.
Жұмыскерлер жиналысы, егер оған ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Конференция, егер оған хаттамалық шешімдерге сәйкес жұмыскерлер сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Егер жұмыскерлер ұсынған талаптарды қатысушылардың жартысынан астамы қолдап дауыс берсе, олардың жиналысының (конференциясының) шешімі қабылданды деп есептеледі. Жұмыскерлер жиналысын (конференциясын) өткізу мүмкін болмаған кезде жұмыскерлердің өкілді органының өздері ұсынған талаптарын жұмыскерлердің жартысынан астамының қолдап қойған қолтаңбасын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.
Жұмыскерлердің өкілдері жұмыс берушімен жұмыскерлер жиналыстарын (конференцияларын) өткізу регламентін, орнын, уақытын, жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың санын келіседі.
3. Жұмыскерлердің талаптары жазбаша нысанда жазылады және жұмыс берушіге, жұмыс берушілер бірлестіктеріне (қауымдастықтарына, одақтарына) жиналыс (конференция) өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн мерзімде жіберіледі.
4. Көрсетілген талаптарды әртүрлі жұмыс берушілердің жұмыскерлері қойған жағдайда, бұл талаптарды кәсіптік одақтардың салалық немесе аумақтық бірлестіктері не жұмыскерлер уәкілеттік берген өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалар ұсынуы мүмкін.
5. Жұмыс беруші жұмыскерлердің талап етуі бойынша жұмыскерлердің жиналысын (конференциясын) өткізу үшін үй-жай беруге және қажетті жағдайлар жасауға міндетті және оның оны өткізуге кедергі келтіруге құқығы жоқ.
6. Жұмыскерлердің талаптарын шешу мүмкін болмаған кезде, олар татуластыру рәсімдері тәртібімен қаралады.
7. Тараптар ұжымдық еңбек дауын қараудың кез келген сатысында делдалға жүгіне алады. Делдалдық рәсім татуластыру комиссиясындағы, еңбек төрелігіндегі татуластыру рәсімдеріне қарағанда дербес болып табылады және солармен қатар жүргізілуі мүмкін.
Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.02.2023 № 199-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |