388-1-бап. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырмаларын немесе жұмылдыру тапсырыстарын қасақана орындамау
1. Лауазымды адам немесе коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқарушылық функцияларды орындайтын адам немесе мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам жасаған, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырмаларын немесе жұмылдыру тапсырыстарын қасақана орындамауы –
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 16-тарау 388-1-баппен толықтырылды – ҚР 25.05.2020 № 332-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
389-бап. Өзiнше билiк ету
1. Өзiнше билiк ету, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып жатқан, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiрген дәл сол іс-әрекет –
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, күш қолданумен немесе оны қолдану қатерін төндірумен не адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған іс-әрекет –
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер –
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 389-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |