296-бап. Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу
Ескерту. 296-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
1. Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау –
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
4. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертулер.
1. Есірткі және психотроптық заттардың мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеде айқындалады. Есірткі мен психотроптық зат тектестердің шағын, ірі және аса ірі мөлшерлері өздері тектестері болып табылатын есірткі және психотроптық заттардың шағын, ірі және аса ірі мөлшеріне сәйкес келеді.
2. Жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 296-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2018 № 205-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |