249-бап. Рейдерлiк
1. Жоғары органның шешiм қабылдауы кезiнде жиналыстың, отырыстың хаттамаларына, олардан үзiндi көшірмелерге дауыс берушiлердiң саны, кворум немесе дауыс беру нәтижелерi туралы көрiнеу анық емес мәлiметтердi енгiзу не дауыстар санауды немесе дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң есебiн көрiнеу дұрыс емес жүргiзу, акционердiң, қатысушының, басқару органы мүшесiнiң немесе атқарушы орган мүшесiнiң дауыс беруге нақты қолжетiмдiлiгiн бұғаттау немесе шектеу, жиналыстың, отырыстың өтуi туралы мәлiметтердi хабарламау не жиналыстың, отырыстың өтетiн уақыты мен орны туралы анық емес мәлiметтердi хабарлау, көрiнеу жалған сенiмхатпен акционердiң, қатысушының немесе басқару органы мүшесiнiң атынан дауыс беру жолымен, дауыс беру нәтижелерiн қасақана бұрмалау не құқықты еркiн iске асыруға кедергi келтiру нәтижесiнде, бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын бұзу, шектеу немесе оған қысым жасау, сол сияқты бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын iске асыру кезiнде қасақана кедергiлер келтіру жолымен заңды тұлғадағы қатысу үлесiне меншiк құқығын, сол сияқты заңды тұлғаның мүлкi мен бағалы қағаздарын заңсыз иемдену немесе заңды тұлғаның үстiнен бақылау орнату не азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтіруге әкеп соққан өзге де заңсыз тәсiлдер –
мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екi жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бiрнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер –
мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, –
мүлкi тәркiленiп, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 249-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
9-тарау. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҰЙЫМДАРДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
МҮДДЕЛЕРIНЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
Достарыңызбен бөлісу: |