Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет19/44
Дата16.06.2016
өлшемі3.05 Mb.
#139602
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   44

193-бап. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы

өкiлеттiктерi
1. Прокурор, сотқа дейiнгi тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық қудалауды жүзеге асыра отырып:

1) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды тіркейді және оны қылмыстық қудалау органына береді не өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады;

2) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды және қылмыстық қудалаудың бір органынан келіп түскен, қолдағы материалдарды тергеулігі және соттылығы бойынша береді;

3) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды және хабарларды қабылдау және тiркеу кезiнде заңдылықтың сақталуын тексереді;

4) оқиға орнын қарап-тексеруге қатысуға құқылы, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өз өкілеттіктері шеңберінде басқа да әрекеттерді жүзеге асырады;

5) қандай да бір тергеу әрекеттерін жүргізу туралы жазбаша нұсқаулар береді;

6) осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа дейiнгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның әрекеттерін және (немесе) шешімдерін санкциялайды;

7) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына іске қосып тігу туралы жазбаша нұсқаулар береді;

8) қылмыстық қудалаудан иммунитетi мен артықшылықтары бар адамдарды қол сұғылмаушылығынан айыруға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін ұсыну енгізеді;

9) тексеру үшін қылмыстық қудалау органдарынан қылмыстық істерді, құжаттарды, материалдарды, оның ішінде жедел-іздестіру іс-шараларының және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін алады, тергеп-тексеру мерзімдері үзілген қылмыстық істерді одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін жібереді;

10) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының, сондай-ақ тергеу бөлімі мен анықтау органы бастықтарының, төмен тұрған прокурордың қаулылары мен нұсқауларының күшiн жояды;

11) қылмыстық iсті қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтарады не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде немесе нақты адамдарға қатысты тоқтатады;

12) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органнан істі алып қояды және оны сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа органына береді; айрықша жағдайларда тергеп-тексерудің объективті және жеткілікті болуын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық қудалау органының жазбаша өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша істі бір органнан екінші органға береді не өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және оларды осы Кодексте белгіленген тергеулігіне қарамастан тергеп-тексереді;

13) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін ұзартады, сондай-ақ осы Кодекстің 192-бабының жетінші және сегізінші бөліктерінде көзделген жағдайларда тергеп-тексеру мерзімін белгілейді;

14) осы Кодексте тергеу судьясының кұзыретіне жатқызылған мәселелер қаралған кезде сот отырыстарына қатысады;

15) күзетілудегі адамдарды ұстаудың заңнамада белгiленген тәртiбi мен шарттарының сақталуын тексереді;

16) айыптау актісін, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді, айыпталушыны сотқа береді және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жібереді;

17) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның осы Кодексте көзделген негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысын бекітеді;

18) сот қаулысы бойынша нәтижелерін сот прокурордың өтінішхаты бойынша іс материалдарына қоса тігетін тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастырады;

19) процестік келісімге бастамашылық етеді және оны жасасады;

20) осы Кодексте көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Прокурорлардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы өкілеттіктерінің аражігін ажыратуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.

Прокуратура органы басшысының айрықша өкілеттіктеріне:

1) ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу;

2) тергеушінің, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының, сондай-ақ тергеу бөлімі мен анықтау органы бастықтарының, төмен тұрған (бағынышты) прокурордың қаулылары мен нұсқауларының күшін жою;

3) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан не органнан қылмыстық істі алып қою және оны сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін басқа адамға не органға беру;

4) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары бар адамдарды қол сұғылмаушылығынан айыруға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін ұсыну енгізу;

5) қылмыстық істерді тергеп-тексеру мерзімдерін ұзарту;

6) тергеушінің, анықтаушының, анықтау органының, тергеу бөлімі және анықтау органы бастықтарының, сондай-ақ төмен тұрған прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдарды қарау;

7) тергеушi, анықтаушы заңдылықты бұзған кезде оларды қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуден шеттету;

8) процесс прокурорының қылмыстық iсті қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтару туралы қаулысын бекіту жатады.

3. Прокуратура басшысы қылмыстық іс бойынша осы бапқа сәйкес қадағалауды жүзеге асыратын прокурорды (процесс прокуроры) айқындайды.

Процесс прокуроры қылмыстық іс бойынша қадағалауды сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап жүзеге асырады және бірінші сатыдағы сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысады.

Процесс прокуроры алмастырылмайды, бірақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда, прокуратура басшысының шешімі бойынша басқа процесс прокурорымен ауыстырылуы мүмкін.

4. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қылмыстық қудалау органының бастығына осы Кодексте көзделген тәртіппен берген нұсқаулары міндетті болып табылады, бірақ оларға жоғары тұрған прокурорға шағым жасалуы мүмкін. Алынған нұсқауларға жоғары тұрған прокурорға шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
194-бап. Тергеу, жедел-тергеу тобының сотқа дейінгі

тергеп-тексеруді жүргізуі


1. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ол күрделi немесе үлкен көлемді болған жағдайда тергеушiлер және анықтау органының қызметкерлері тобына (тергеу, жедел-тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi тергеу бөлімінің немесе анықтау органының бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеп-тексеру жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері, оның iшiнде топ жетекшiсі – тергеушi көрсетiлуге тиiс.

Күдіктi, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері тобының тергеп-тексеретіні туралы қаулымен танысуға тиiс және оларға осы топ жетекшісіне, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiге, анықтау органының қызметкеріне қарсылық білдіру құқығы түсiндiрiледi.

2. Топқа сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бірнеше органның тергеушілері, анықтау органының қызметкерлері кіруi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, тергеу бөлімі немесе анықтау органы бастықтарының бастамасы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Мұндай шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылатын бiрлескен қаулымен ресiмделедi.

3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар айрықша жағдайларда тергеп-тексерудің толық және объективті болмау фактілері, істің күрделілігі мен маңыздылығы анықталған кезде прокурорлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бір немесе бірнеше органның тергеушілері мен жедел қызметкерлері арасынан топ құра алады, бұл ретте прокурорды осы топтың жетекшісі етіп тағайындап, бұл шешімді өз қаулысымен ресімдейді.


195-бап. Топ жетекшiсiнiң өкiлеттiктерi
1. Топ жетекшiсi өз қаулысымен iсті өзінің іс жүргiзуiне қабылдайды, топтың жұмысын ұйымдастырады, басқа тергеушiлер мен анықтау органдары қызметкерлерінің әрекеттерiне басшылық жасайды.

2. Қылмыстық қудалауды, қылмыстық істі толықтай немесе оның бір бөлігін тоқтату, қылмыстық істерді бiрiктiру және бөлу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін ұзарту туралы өтінішхат қозғау туралы, сот санкциялайтын бұлтартпау шараларын қолдану және оларды ұзарту туралы шешiмдердi топ жетекшiсi ғана қабылдайды.

3. Айыптау актісін, істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулыны, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны топ жетекшісі жасайды және оларға қол қояды.

4. Топ жетекшiсi осы Кодексте белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша басқа тергеушiлер жүргiзетiн тергеу әрекеттеріне қатысуға, тергеу әрекеттерін жеке өзi жүргiзуге және шешімдер қабылдауға құқылы.


5. Жетекшi болып тағайындалған прокурор тергеушiнiң осы Кодексте көзделген барлық өкiлеттiктерiн пайдаланады.
196-бап. Анықтау органдарының алдын ала тергеу жүзеге

асырылатын iстер бойынша қызметi


1. Алдын ала тергеудің жүзеге асырылуы қажет қылмыс белгiлерi болған жағдайда, анықтау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға және қылмыс iздерiн анықтау және бекiту бойынша кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін: қарап-тексеруді, тiнтудi, алуды, куәландыруды, күдіктілерді ұстап алу мен олардан жауап алуды, жәбiрленушiлер мен куәлардан жауап алуды және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізуге құқылы. Анықтау органы анықталған қылмыстық құқық бұзушылық және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы прокурорды дереу хабардар етеді.

2. Кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін орындағаннан кейiн, бiрақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған күннен бастап бес тәулiктен кешiктiрмей, анықтау органы тергеулігі туралы мәселелер болмаған ретте бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорды жазбаша хабардар ете отырып, iстi дәл осы органның тергеушiсіне беруге мiндеттi. Қалған жағдайларда қылмыстық іс тергеулігін айқындау үшін прокурорға беріледі.

3. Iстi тергеушiге бергеннен кейiн анықтау органы ол бойынша тергеу әрекеттерін, жасырын тергеу әрекеттерін, сондай-ақ iздестiру шараларын тек тергеушiнiң тапсырмасы бойынша ғана жүргiзе алады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды табу мүмкiн болмаған iстi тергеушiге берген жағдайда, анықтау органы тергеушiні нәтижелері туралы хабардар ете отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтау үшiн iздестiру шараларын қолдануға мiндеттi.
197-бап. Тергеу әрекеттерін жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңда көзделген тергеу әрекеттеріне қатысуға адамдарды тарта отырып, олардың жеке басына көз жеткізеді, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзу тәртiбiн түсiндiредi.

2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.

3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, тіркеу мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.

4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.

5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.

6. Осы Кодекстің 255-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшінші және он төртінші бөліктерінде, 252, 255-баптарында көзделген тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлерді тарту міндетті болады.

Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде олардың барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.

Ғылыми-техникалық тіркеу құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.

Әрекеттердің барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
198-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында

шығарылатын қаулылар


Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр процестік шешiмді қабылдау кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, осы адамның тегі және лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнi мен негiздерi, олардың негізінде қаулы шығарылған осы Кодекстiң баптары көрсетiледi.
199-бап. Тергеу әрекетінің хаттамасы
1. Тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады.

2. Хаттама қолмен жазылуы, машинкамен не компьютермен басу тәсілі арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс- және бейнежазба материалдары немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қосып тігіледі және iспен бiрге сақталады.

3. Хаттамада: тергеу әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiнгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетiледi.

Хаттамада процестік әрекеттер олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу кезінде анықталған iс үшiн елеулі мән-жайлар, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.

4. Осы Кодекстің 97-бабы қолданылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекетінің хаттамасында жәбірленушінің, оның өкілінің, сондай-ақ куәлардың (куәгерлердің) жеке басы туралы деректерді келтірмейді, қорғалатын адам өзі қатысатын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында таңдайтын адамның бүркеншік аты мен қоятын қолын қолданады.

5. Егер тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылса не iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері әзірленсе, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада сондай-ақ оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану талаптары мен тәртiбi, осы құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған басқа ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi аталуға тиiс.

6. Хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге жататын ескертулер жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер келісілуге және осы адамдардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.

7. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық өзге де адамдар қол қояды. Тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда, бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 123-бабының жетіншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.

8. Хаттамаға тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, өзге ақпарат жеткізгіштер, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері қоса тiркеледi.

9. Егер тергеу әрекетін жүргiзу барысында маман өз зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, осы құжат хаттамаға қоса тiркеледi, бұл туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.


200-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң

бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою

жөнiндегi ұсыну
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.

2. Ұсынулар қолданылған шаралар туралы міндетті түрде хабардар етіле отырып бір ай мерзімде қаралуға тиіс.


201-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн

жария етуге жол бермеу


1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.

2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады.

25-тарау. АДАМДЫ КҮДІКТІ ДЕП ТАНУ ЖӘНЕ КҮДІКТІНІҢ

ІС-ӘРЕКЕТІНІҢ САРАЛАНУЫН АЙҚЫНДАУ


202-бап. Адамды күдікті деп тану туралы жариялау
1. Адамның қылмыс жасағанын көрсететін, оның ішінде осы Кодекстің 128-бабы екінші бөлігінің 1) – 4) тармақтарында көзделген деректер болған кезде, егер бұл ретте оған процестік ұстап алуды қолданудың қажеттігі болмаса, сондай-ақ ұстап алынған адамға осы Кодекстің 139-бабын қолданған кезде оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарады.

2. Адамды күдікті деп тану туралы қаулыда:

1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кімнің жасағаны; күдікті деп танылатын адамның тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оның туған күні, айы, жылы және туған жері;

2) адамға қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.

Кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде адвокатты, прокурорды, тергеушіні, анықтаушыны, тергеу бөлімінің бастығын, анықтау органының бастығын күдікті деп тану туралы қаулыны прокуратура басшысы бекітеді.

Адамды күдікті деп тану туралы қаулы сол адамға жарияланады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адамға күдіктінің құқықтарын түсіндіруге, бұл туралы қаулыда белгі жасауға және оған сол қаулының көшірмесін табыс етуге міндетті.

3. Адамды күдікті деп тану туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жіберіледі.
203-бап. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануын айқындау
1. Адамның қылмыс жасағаны туралы күдікті растайтын оған қатысты жеткілікті дәлелдемелер болған кезде прокурор, Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы уәжді қаулы шығарады. Іс-әрекетті саралау туралы қаулы қисынды мерзімде шығарылуға тиіс.

Адвокат, прокурор, тергеуші, анықтаушы, тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде, олардың іс-әрекетін саралау туралы қаулыны прокуратура басшысы бекітеді.

2. Прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланатын күн туралы хабарлайды және сонымен бір мезгілде оған қорғаушы шақыру не оның қатысуын қамтамасыз ету туралы өтіну құқығын түсіндіреді.

3. Осы Кодекстің қағидаларына сәйкес қорғаушының қатысуы міндетті болатын істер бойынша прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, егер қорғаушыны күдіктінің өзі, оның заңды өкілі не оның тапсырмасы немесе оның келісімі бойынша басқа адамдар шақырмаған болса, оның келуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады.

4. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануын айқындаған кезде іс материалдарына, егер ол бұрын жасалмаған болса, жеке басты куәландыратын құжаттың прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландырған көшірмесі қоса беріледі.

5. Күдіктінің, айыпталушының жеке басын куәландыратын құжаты болмаған не жоғалған, оны жоғалтқан жағдайда, оны құжаттауды уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен келісу бойынша белгіленген тәртіппен жүргізеді.


204-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы
1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда:

1) оның жасалған уақыты мен орны; хаттаманы кімнің жасағаны; күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, айы, жылы және туған жері;

2) қылмыстың жасалған уақыты, орны, сондай-ақ осы Кодекстің 113-бабына сәйкес дәлелденуге жататын өзге де мән-жайларды көрсете отырып, осы адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстың сипаттамасы;

3) адамға оны жасады деп күдік келтіріліп отырған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетілуге тиіс.

2. Бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген кезде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда қылмыстық заң баптарының (бөліктерінің, тармақтарының) әрқайсысы бойынша адамның нақты қандай әрекеттер (әрекетсіздік) жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.

3. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорға жіберіледі.


205-бап. Күдіктінің келу мiндеттiлiгi
1. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалмаған күдікті жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат және өзге де байланыс құралдары арқылы да берiлуi мүмкiн.

2. Шақыру қағазында кiмнің, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күні мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс .

3. Шақыру қағазы күдіктіге одан қолхат ала отырып табыс етіледі, ал ол уақытша болмаған жағдайда, күдіктіге беру үшiн отбасының кәмелетке толған мүшесiне табыс етіледі немесе тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе тұрғылықты жерi бойынша әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке берiледi, олар жауап алуға шақырылып отырған күдіктіге шақыру қағазын беруге мiндетті. Күдікті басқа байланыс құралдарын пайдалану арқылы да шақырылуы мүмкін. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтарған жағдайларда, хабарлама республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде, ал оның тұрып жатқан жері белгілі болған жағдайда, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

4. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалмаған күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндетті.

5. Күдікті белгіленген мерзімде келмеу себептері және дәлелді себептері бар екендігі туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамды хабардар етуге міндетті.

6. Дәлелді себептерсіз келмеген жағдайларда, күдікті күштеп әкелінуі мүмкін.

7. Қамаудағы күдікті күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
206-бап. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы

қаулыны жария ету тәртібі


1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша міндетті болса немесе бұл туралы күдікті өтінішхат берсе, қорғаушының қатысуымен және қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жария етіледі. Күдікті немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда, қаулы жиырма төрт сағат өткеннен кейін де жариялануы мүмкін.

2. Күштеп әкелінген күдіктіге қаулы ол күштеп әкелiнген күнi жарияланады. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.

3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің жеке басына және қорғаушының қорғауды жүргiзу туралы тапсырмасына көз жеткізгеннен кейiн күдіктіге және оның қорғаушысына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет