Қазақстан республикасының кеден кодексі


Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету



бет6/22
Дата04.07.2016
өлшемі4.41 Mb.
#177210
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету

кезіндегі кедендік рәсімдер

112-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету

1. Тауарлар мен көлік құралдарын әкету - тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге өткізуге бағытталған іс-әрекеттерді жасау.

2. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге осы Кодекстің 6-бөліміне сәйкес әкетілетін тауарларға қолданылатын мәлімделген кедендік режимге сәйкес тауарларды шығарғаннан кейін жол беріледі.

3. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезіндегі кедендік рәсімдер мынадай кедендік операцияларды қамтиды:

1) тауарларды өткізуші тұлғаның оларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету ниеті туралы жөнелтуші кеден органын хабардар ету, ол кеден декларациясын, құжаттар мен мәліметтерді ұсыну жолымен жүзеге асырылады;

2) кедендік ресімдеуді жүзеге асыру;

3) тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы өткізу пунктіне дейін жеткізу;

4) тасымалдаушының тауарларды, көлік құралдарын және кеден мақсаттары үшін қажетті құжаттарды табыс ету жолымен межелі кеден органын хабардар ету;

5) тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге нақты әкету.

4. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жол беріледі.

5. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан портта немесе әуежайда аялдамастан Қазақстан Республикасының кедендік шекарасын кесіп өтетін теңіз және әуе кемелерімен тасымалданатын тауарларға қолданылмайды.

6. Тауарларды құбыр тасымалымен және электр желілері бойынша Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік операциялар жасаудың тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

113-бап. Құжаттар мен мәліметтерді табыс ету

1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде, тауарды өткізуші тұлға, жөнелтуші кеден органына мәлімделген кедендік режимге сәйкес өздері өткізетін тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіру үшін қажетті осы Кодекстің 383-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтерді табыс етуге міндетті.

2. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде жүктің кедендік декларациясы тауарларды жеткізудің бақылау құжаты болып табылады, оған тауарлар мен көлік құралдарын жеткізетін жер мен жеткізу мерзімін көрсетіп тиісті мөртаңба қойылады. Мерзімі осы Кодекстің 79-бабына сәйкес айқындалады.

3. Құжаттарды беру және транзиттік кеден режимімен орналастырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу осы Кодекстің 12 және 27-тарауларына сәйкес жүзеге асырылады және оларға осы баптың 2-тармағы қолданылмайды.

114-бап. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілетін тауарларды көлік құралдарына тиеу

1. Қазақстан Республикасы кедендік аумағының шегiнен тысқары жерлерге әкетілетiн тауарларды көлiк құралына тиеуге, мынадай:

1) кедендiк ресiмдеу кезiнде кеден органы тауарларды табыс етудi талап етпейтін;

2) тауарларды тиеу жүзеге асырылғаннан кейін ғана олар белгілі бiр кедендiк режимге мәлiмделуi мүмкін болатын;

3) тауарлар транзиттік кеден режимiне сәйкес Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, тауарларды белгілі бiр кедендік режимде орналастырғаннан кейiн жол беріледi.

2. Тауарларды көлік құралына тиеу кеден органдарымен келісілген жерлерде, қажет болған жағдайда кеден органы лауазымды тұлғасының қатысуымен кедендік тексеру актісін жасай отырып жүзеге асырылады.

3. Тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осы Кодекстің 22-бабына сәйкес бұл органның жұмыс кезінен тыс уақытта тиеуді жүргізуге рұқсат беруге құқылы.

115-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде оларға

қойылатын талаптар

1. Тауарларды тасымалдаудың, көлікпен тасудың және сақтаудың қалыпты жағдайында тауарлардың табиғи тозуының немесе табиғи кемуінің салдарынан олардың саны мен жай-күйінің өзгеруінен, көлік құралында төгілмей қалатын қалдықтардың болуы салдарынан тауарлар мөлшерінің өзгеруінен, ал құбыр тасымалымен әкетілетін тауарларға қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қолданылатын нормалар мен стандарттарға сәйкес тауарларды тасымалдаудың технологиялық ерекшеліктері мен айрықша сипаттамасы салдарынан тауарлар жай-күйінің өзгеруінен басқа кезде, тауарлар белгілі бір кедендік режимге орналастырылған кездегі мөлшері мен қалпында Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге нақты әкетілуге тиіс.

2. Өткізу пункті арқылы шыққан күн көрсетілетін жеткізуді бақылау құжаттарындағы межелі кеден органы лауазымды тұлғасының жеке нөмірлі мөрімен куәландырылған кедендік мөртаңбалар тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге нақты әкетуді растау болып табылады.

 

3. Межелi кеден органы тауарлар мен көлiк құралдарының Қазақстан Республикасы кедендiк аумағының шегiнен тысқары жерлерге әкетілген фактісi туралы бес жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде жөнелтушi кеден органын хабардар етіп, жеткiзудi бақылау құжаттарын жөнелтушi кеден органына береді, бұл оны кедендік бақылаудан шығару үшін негіз болып табылады.



Жөнелтушi кеден органы жеткiзудi бақылау құжаттарын алғаннан және кедендiк бақылаудан шығарғаннан кейiн бiр жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасындағы өткiзу пунктінде орналасқан кеден органының белгiлерi қойылған жүк кеден декларациясының түпнұсқа данасын бередi. Лауазымды адамның жеке нөмiрін мөрiмен куәландырылған аталған дананың көшiрмесi кеден органының iстерiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзiм ішінде сақталады.

4. Егер тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету жүзеге асырылмаса, онда тауарды өткізуші тұлға не тасымалдаушы, ырық бермес күш әсерінің не аварияның салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

6-Бөлім. Тауарлардың кедендік режимдері

15-тарау. Кедендік режимдерге жататын жалпы ережелер

116-бап. Кедендік режимдердің түрлері

Қазақстан Республикасының кеден заңдарын қолдану мақсатында кедендік режимдердің мынадай түрлері белгіленеді:

1) тауарларды еркін айналыс үшін шығару;

2) тауарлардың кері импорты;

3) кеден қоймасы;

4) бажсыз сауда дүкені;

5) тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу;

6) тауарларды еркін айналыс үшін қайта өңдеу;

7) тауарларды кедендік аумақтан тыс жерлерде қайта өңдеу;

8) тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкелу;

9) тауарлар мен көлік құралдарын уақытша әкету;

10) тауарлардың экспорты;

11) тауарлардың кері экспорты;

12) тауарлар транзиті;

13) тауарларды жою;

14) мемлекет пайдасына тауардан бас тарту;

15) еркін кеден аймағы;

16) еркін қойма;

17) арнайы кедендік режим.

117-бап. Тауарларды кедендік режимде мәлімдеу және орналастыру

1. Кеден органы кеден декларациясын тіркеген күн тауарларды белгілі бір кедендік режимде мәлімдеген күн болып есептеледі.

2. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен кеден органының тауарларды шығарған күні тауарларды кедендік режимде орналастырған күн болып есептеледі.

118-бап. Кедендік режимнің шарттары мен талаптарын сақтамағандық үшін жауапкершілік

1. Декларант кедендік режимнің осы Кодексте белгіленген шарттары мен талаптарын сақтамағандығы үшін Қазақстан Республикасыныңзаңдарына сәйкес жауапты болады.

Тұлғалар кедендік режимнің шарттары мен талаптары кедендік бақылаудағы тауарлардың олар еркін айналысқа шығарылғанға дейін не олар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге іс-жүзінде әкетілгенге дейін апаттың не ырық бермес күштің әсері салдарынан біржола жоғалуы, зақымдануы немесе жойылуы себепті сақталмайтын, сондай-ақ тауарлардың саны немесе жай-күйі тасымалдаудың, көлікпен тасудың, сақтаудың және пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайлары кезінде тауарлардың табиғи тозуының немесе табиғи кемуінің салдарынан өзгерген жағдайларда жауапты болмайды.

2. Тұлғалар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге қайта өңдеу үшін әкетілген тауарларға немесе олардың қайта өңделген өнімдеріне қатысты мынадай мән-жайларда жауаптылықта болмайды:

1) тауарлардың немесе олардың қайта өңделген өнімдерінің апаттың немесе ырық бермес күштің әрекеті салдарынан біржола жоғалуы немесе жойылуы себепті қайтарылмауы;

2) тауарлардың немесе олардың қайта өңделген өнімдері санының тасымалдаудың, сақтаудың және пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайлары кезінде олардың табиғи тозуының немесе табиғи кемуінің салдарынан өзгеруі;

3) тауарлардың немесе олардың қайта өңделген өнімдерінің шетел мемлекеті мемлекеттік органдарының немесе лауазымды адамдарының іс-әрекеттері салдарынан иеліктен шығуы.

3. Тауарлардың біржола жоғалуына, бүлінуіне немесе жойылуына, олардың саны мен жай-күйінің өзгеруіне әкеп соқтырған мән-жайларды растау міндеті осы бөлімде айқындалған тұлғаларға жүктеледі. Шет мемлекеттердің аумағында болған мән-жайларды Қазақстан Республикасының шетелдердегі консулдық мекемелері немесе жоғарыда аталған мән-жайлар болған мемлекеттің құзыретті органдары растайды.

16-тарау. Тауарларды еркін айналыс үшін шығару

119-бап. Тауарларды еркін айналыс үшін шығарудың кедендік режимін тағайындау

Тауарларды еркін айналыс үшін шығару - Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауарларды тұрақты пайдалану мен тұтынуға арналған кедендік режим.

120-бап. Тауарларды еркін айналыс үшін шығарудың кедендік режиміне тауарларды орналастырудың шарттары

Тауарларды еркін айналыс үшін шығару:

1) кедендік баждар және салықтар төленген;

2) тарифтік емес реттеу шаралары сақталған;

3) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген басқа да талаптар орындалған;

4) кедендік ресімдеу аяқталған жағдайларда жүзеге асырылады.

17-тарау. Тауарлардың кері импорты

121-бап. Тауарлардың кері импортына кедендік режимді тағайындау

Тауарлардың кері импорты - бұрын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тауарлар экспортының кедендік режиміне сәйкес әкетілген тауарлар осы Кодекстің 122-бабында белгіленген мерзімдерде, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды және экспорттық бақылау саласындағы шараларды қоспағанда, кедендік баждардан және салықтардан босатыла отырып, кері әкелінетін кездегі кедендік режим.

122-бап. Тауарлардың кері импортының кедендік режиміне тауарларды орналастырудың шарттары

1. Тауарлардың кері импортының кедендік режиміне тауарларды орналастыру үшін тауарлардың:

1) Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілуі кезінде қазақстандық тауарлар мәртебесі болуы;

2) әкету сәтінен бастап үш жылдың ішінде тауарлардың кері импортының кедендік режиміне мәлімделуі;

3) тасымалдаудың, сақтаудың немесе пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайлары кезінде табиғи тозудың немесе табиғи кемудің салдарынан өзгеруді қоспағанда, олар өзгеріссіз жағдайда болуы .

4) кеден органдары тарапынан бiрдейлендiрiлген болуы тиiс.

2. Тауарларды Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде кәсіпкерлік мақсаттарға пайдалану, сондай-ақ олармен ұсақ жөндеу операцияларын, техникалық қызмет көрсету және тауарларды қалыпты ұстау үшін қажетті басқа да операцияларды қоса алғанда, олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операциялар жасау, жөндеуге байланысты операциялар олардың әкетілген сәттегі құнымен салыстырғанда тауарлар құнының өсуіне әкелетін жағдайларды қоспағанда, тауарларды тауарлардың кері импортының кедендік режиміне орналастыруға кедергі келтірмейді. Бұл ретте әкетілген күнгі құн мен әкелінген күнгі құнның арақатынасы тауарлардың кедендік декларациясында көрсетілетін статистикалық құнының негізінде айқындалады.

3. Тауарлар экспортының кедендік режиміне сәйкес әкетілген, тауарлардың кері импортының кедендік режиміне орналастырылатын тауарлар жағдайының тұрақтылығы, олардың әкетілу фактісі, әкетілген күні құжаттамамен расталуы тиіс.

4. Тауарлардың кері импортының кедендік режиміне тауарларды орналастыруға осы баптың 1-тармағының талаптары сақталған кезде және, егер әкетілген тауарлардың бөлігі ғана кері әкелінетін жағдайда да жол беріледі.

123-бап. Әкетілімдік кедендік баждарды қайтару

1. Тауарлардың кері импортын жүзеге асыратын тұлғаға бұрын төленген кедендік баждар, егер әкету кезінде кедендік шекарадан өткен сәтте тауарларға қатысты олардың ақаулары болса не тұлғаға қатысты емес мән-жайлар бойынша сыртқы экономикалық мәмілелер аяқталмаған жағдайда және осы себептер бойынша тауарлар жеткізушіге не ол атап көрсеткен өзге тұлғаға қайтарылған болса, мынадай:

1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқық мирасқорлығы жағдайларын қоспағанда, тауарларды әкеткен адамның өзі тауарларды әкелген;

2) тауарларды пайдалану ақауларды немесе тауарларды қайтаруға әкеп соққан өзге де мән-жайларды анықтау үшін қажетті жағдайларды қоспағанда, тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерде пайдаланылмаған және жөнделмеген;

3) 2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен алып тасталды

4) тауарлардың әкетілуі кезінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткен күннен бастап алты айдың ішінде кері импортталған жағдайлар сақталғанда қайтарылады

2. Экспортталған тауарлар легінің бір бөлігін тауарлардың кері импортының кедендік режиміне орналастыру кезінде, төленген сомалардың қайтарылуы осы бөліктің экспортталған тауарлардың легіне сандық қатынасы бойынша жүргізіледі.

3. Әкетілімдік кедендік баждарды қайтару осы Кодекстің 44-тарауында белгіленген тәртіппен кері импорттауды жүзеге асырған тұлғаға жүргізіледі.

18-тарау. Кеден қоймасы

124-бап. Кеден қоймасының кедендік режимін тағайындау

Кеден қоймасы - тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, әкелінген тауарларды кедендік баждар, салықтар алмай және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, кеден қоймасы мәртебесі бар арнайы үй-жайларда немесе орындарда кедендік бақылауда сақтауға арналған кедендік режим.

125-бап. Тауарларды кеден қоймасының кедендік режиміне

орналастырудың шарттары

1. Кеден қоймасының кедендік режиміне, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тауарларды қоспағанда, кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкін.

2. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін тауарлар мұндай тауарларды сақтаудыңталаптарына сәйкес жабдықталған кеден қоймаларына орналастырылуы тиіс.

3. Тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 39-тарауында әкелінетін тауарлар үшін белгіленген тәртіппен айқындалады.

 

126-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтаудың мерзімі



1. Тауарларды кеден қоймасында сақтаудың мерзімін тауарларды кеден қоймасына орналастырушы тұлға белгілейді, бірақ ол тауарлар кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырылған күннен бастап үш жылдан аспауы керек.

2. Сақтау, тұтыну және сату үшін шектеулі жарамдылық мерзімі бар тауарлар өзге кедендік режимге мәлімделуі және аталған мерзімдер аяқталғанға дейінгі күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей кеден қоймасынан әкетілуі тиіс.

127-бап. Кеден қоймасында сақталған кезеңде жарамсыз болған, бүлінген немесе зақымданған тауарларды өзге кедендік режимге орналастыру

Кеден қоймасындағы сақталу кезеңінде ырық бермес күштің әсері салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе зақымданған тауарлар, егер олар жарамсыз, бүлінген немесе зақымданған жағдайларда әкелінгендегідей болса, декларант таңдаған кедендік режимге орналастырылуға жатады.

128-бап. Кеден қоймасы кедендік режимі күшінің аяқталуы

1. Кеден қоймасының кедендік режимі тауарларды өзге кедендік режимге орналастырумен аяқталады. Кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырылған тауарлар өзге кедендік режимге толық немесе ішінара мәлімделіне алады.

Бұл ретте тауардың кедендік құны кеден қоймасының кедендік режимімен орналастырған кезде мәлімделгеннен төмен болмауы тиіс.

2. Тауарлар өзге кедендік режимге орналастырылған сәттен бастап үш тәулік ішінде кеден қоймасынан әкетілуге жатады.

129-бап. Кеден қоймалары және олардың түрлері

1. Кеден қоймасының кедендік режиміне сәйкес тауарларды сақтау үшін арнайы белгіленген және жайластырылған үй-жай немесе орын кеден қоймасы болып танылады.

2. Кеден қоймасы тауарларға қатысты өкілеттіктерді иеленген тұлғаның пайдалануы үшін қолжетімді ашық түрде және қойма иесінің немесе қойма иесі айқындаған жекелеген тұлғалардың тауарларын сақтауға арналған жабық түрде болуы мүмкін. Жабық түрдегі кеден қоймасы оның иесінің өтініші бойынша лицензияға тиісті өзгерістер енгізіле отырып, ашық түрдегі кеден қоймасы болып қайта құрылуы мүмкін.

3. Кеден органдары құрған кеден қоймалары ашық түрдегі қоймалар болып табылады.

130-бап. Кеден қоймаларының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары

1. Кеден қоймасын құруға арналған үй-жай немесе орын мынадай талаптарға сай болуы тиіс:

1) кеден қоймасы иесінің меншігінде болуы не ол лицензия беруге өтініш берген сәттен бастап кемінде үш жыл мерзімге жалға алынуы;

2) жапсарлас жүк түсіру алаңдарын қоса алғанда (олардың бір мекен-жай бойынша бірыңғай аумақта орналасу шарты жағдайында бір немесе бірнеше қойма үй-жайлары және алаңдары), кеден қоймасының аумағы бүкіл периметрі бойынша белгіленген және қоршалған болуға, көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін қатты жабылғы төселуі тиіс. Қойма аумағының қоршауы, қойма тауарлардың сақталуын қамтамасыз ететін іргелі ғимараттың (құрылыстың) ішінде орналасқан жағдайларды қоспағанда, темірбетоннан, бетоннан, кірпіштен, металқұрылымнан не аталған материалдарды араластырып жасалған тұтас құрылыс болуға және оның биіктігі 2,2 метрден кем болмауға тиіс;

3) кеден қоймасының аумағында қойманың бөлігі болып табылмайтын үйлер (құрылыстар) мен ғимараттар болмауға;

4) техникалық жарамды кірме жолдары, сондай-ақ жабық тексеру алаңдары болуға;

5) өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық және техникалық нормаларға сәйкес келуге;

6) қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келетін қажетті тиеу-түсіру техникасы болуға;

7) сақтауға орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес келетін сертификатталған таразы қондырғылары

8) келіп түсетін, сақталатын, әкетілетін тауарлардың автоматтандырылған есепке алынуын жүргізу үшін осы Кодекстің 424-бабының 6-тармағына сәйкес кеден органдары пайдаланатын бағдарламалық өнімдермен үйлесімді бағдарлама лық өнімдерді орнату және міндетті түрде пайда­лану үшін компьютерлік құрал-жабдық болуға тиіс.

2. Кеден қоймалары олардың бүкіл қызмет мерзімі бойы белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс.

131-бап. Кеден қоймасы иесінің міндеттері

Кеден қоймасының иесі:

1) осы Кодекстің 130-бабында белгіленген талаптарға сәйкес қойманы кеден бақылауын қамтамасыз ету үшін қажетті, тиісінше тұрғыда жайластыруға;

2) кеден органының жұмыс уақытынан тыс келген тауарлар мен көлік құралдарын қоймада не кедендік бақылау аймағы болып табылатын қоймаға жапсарлас аумақта орналастыруды қамтамасыз етуге;

3) кеден қоймасында не кедендік бақылау аймағы болып табылатын оған жапсарлас аумақта орналасқан тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге;

4) кедендік бақылаудың жүзеге асырылуына жәрдемдесуге;

5) осы Кодекстің 132-бабында белгіленген тәртіппен сақталудағы тауарлар мен олардың айналымы туралы есепті жүргізуге және есептілікті кеден органдарына табыс етуге;

6) бөгде тұлғалардың (қойма қызметкерлері болып табылмайтын және тауарларға қатысты өкілеттіктерді иеленбеген) кеден органдарының рұқсатынсыз сақталудағы тауарлар мен көлік құралдарына қолжетімділігін болдырмауға;

7) кеден қоймасын құруға арналған лицензияның шарттарын сақтауға және кеден органдары лауазымды адамдарының сақталудағы тауарлар мен көлік құралдарына қолжетімділігін қамтамасыз етуді қоса алғанда, кеден органдарының талаптарын орындауға және осы тұлғаларға кедендік бақылау мен кедендік ресімдеуді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен үй-жайларды, кеден қоймасындағы жабдықтарды және байланыс құралдарын беруге;

8) сақтаудың ерекше шарттарын талап ететін тауарларды сақтаған жағдайда, олардың орындалуын қамтамасыз етуге;

9) осы Кодекстің 133-бабының 2-тармағымен көзделген жағдайларда кедендік баждарды және салықтарды төлеуге;

10) кеден қоймасы қызметінің тоқтатылу рәсіміне байланысты барлық шығындарды көтеруге міндетті.

132-бап. Кеден қоймасы арқылы айналысқа түсетін тауарлар туралы есеп пен есептілік

1. Кеден қоймасы арқылы айналысқа түсетін тауарлар кеден қоймасының кедендік режиміне сәйкес есепке алынуға жатады.

2. Тауарлар кеден қоймасына орналастырылған кезде қойманың иесі тауарларды қойманың есеп құжаттарында тіркеуі тиіс, онда мынадай мәліметтер болуы тиіс:

1) тауардың қоймаға орналастырылған күні;

2) тауардың атауы;

3) орындардың саны мен брутто салмағы (кг);

4) тауардың ілеспе құжатының нөмірі;

5) жүктің кедендік декларациясының нөмірі және шығарылған күні.

3. Кеден қоймаларының иелері уәкілетті орган белгілеген нысанда және тәртіппен кеден органдарына кеден қоймасында сақталуда жатқан тауарлар туралы есептілікті табыс етуге тиіс. Бұл ретте есепке алу жүйесіне:

1) есепке алу кітабы;

2) есепке алудың кедендік құжаты кіреді.

Кедендік декларация кедендік есепке алу құжаты болып табылуы мүмкін.

4. Есепке алу кітабы есептің автоматтандырылған жүйесінен тәуелсіз түрде белгіленген нысанға сәйкес жүргізіледі.

5. Кеден органы кеден қоймасындағы тауарлар мен көлік құралдарына түгендеу жүргізуге құқылы.

6. Кеден қоймасындағы тауарлар мен көлік құралдарын есепке алу құжаттары бес жыл сақталады.

133-бап. Кеден қоймасы арқылы айналысқа түсетін

тауарларға қатысты кедендік баждарды және

салықтарды төлеу жөніндегі жауаптылық

1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырған тұлға кеден қоймасы арқылы айналысқа түсетін тауарларға қатысты кедендік баждарды және салықтарды төлеу жөнінде жауаптылықта болады.

2. Кеден қоймасының иесі тауарларды жоғалтқан не оларды кеден органының рұқсатынсыз берген жағдайда кедендік баждарды және салықтарды төлеу жөнінде жауаптылықта болады.

3. Иесі кеден органы болып табылатын кеден қоймасындағы тауарлар жоғалған жағдайда, тауарларды кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырған тұлға кедендік баждарды және салықтарды төлеуден босатылады.

134-бап. Кеден қоймасында сақтау кезінде тауарлармен жүргізілетін операциялар

1. Кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен кеден органының рұқсатымен:

1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі;

2) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі (ұсақтау, сұрыптау, орау, қайта орау, таңбалау, оның ішінде акциздік таңбалармен немесе есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау, тауардың түрін жақсарту жөніндегі операциялар жүргізу);

3) сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу жөніндегі операциялар жүргізілуі мүмкін.

2. Кеден қоймасында тауарлармен жүргізілетін барлық операциялар бұл тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша жіктеу кодының өзгеруіне байланысты сипатын (сапасын) өзгертпеуі тиіс.

3. Тауарларды бір кеден қоймасынан екіншісіне ауыстыруға осы Кодекстің 12-тарауында белгіленген тәртіпте кедендік бақылау жасаумен жол беріледі. Бұл орайда кеден қоймасы кедендік режимінің қолданылуында үзіліс болмайды және тоқтатыла тұрмайды.

4. Кеден қоймасындағы тауарларды не олардың бір бөлігін осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жаңа кеден декларациясын беру шартымен иеліктен шығаруға, оларға қатысты иелену, пайдалану және (немесе) билiк ету құқықтарын беруге жол берiледi.

 

135-бап. Кеден қоймасы иесінің тауарларды кеден қоймасына орналастырушы тұлғалармен өзара қарым-қатынасы



1. Кеден қоймасы иесінің тауарларды кеден қоймасына орналастырушы тұлғалармен өзара қарым-қатынасы шарт негізінде құрылады.

2. Тауарларды кеден органы құрылтайшысы болып табылатын кеден қоймасында сақтау үшін осы Кодекстің 296-бабына сәйкес кедендік алым алынады.

3. Кеден органдары құрған кеден қоймаларындағы тауарлар жоғалған жағдайда, кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

136-бап. Кеден қоймасын құруға арналған лицензия

1. Кеден қоймасын уәкілетті орган берген лицензияны алғаннан кейін қазақстандық тұлға құрады.

2. Егер кеден қоймасын уәкілетті органның шешімі негізінде кеден органдары құратын болса, кеден қоймасын құруға арналған лицензияны алу талап етілмейді.

3. Лицензиялауға байланысты және осы тарауда реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарыменреттеледі.

4. Кеден органы жұмыс істеп тұрған кеден қоймалары туралы ақпаратты жариялап тұруды қамтамасыз етеді.

137-бап. Кеден қоймасын құруға арналған лицензияны алу үшін қажетті құжаттар

1. Кеден қоймасын құруға арналған лицензияны алу үшін мынадай құжаттар табыс етілуі қажет:

1) белгіленген нысан бойынша лицензия беру туралы тұлғаның өтініші;

2) тіркеу құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері;

3) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар берген өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық және техникалық нормаларға сәйкестікті растайтын құжаттар;

4) лицензияның берілгені үшін алым төлегендігін растайтын құжаттар;

5) тиісті үй-жайларға немесе орындарға қатысты меншік немесе иелік ету және пайдалану құқығын растайтын құжаттар;

6) кеден қоймасы ретінде мәлімделген үй-жайлар мен аумақтардың жоспарлары, сызбалары;

7) лицензия беру туралы өтініш берген тұлғаның мөрімен расталған қолда бар тиеу-түсіру техникасының және таразы қондырғысының тізбесі;

8) жабық түрдегі кеден қоймасын құру кезінде тауарларды сақтауды жүзеге асыратын тұлғалардың тізімі;

9)2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен алып тасталды

2. Өтініште және осы баптың 1-тармағының 5) және 6) тармақшаларында белгіленген құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгерген кезде лицензиат тиісті өзгерістер туралы өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей кеден органын хабардар етеді.

138-бап. Кеден қоймасын құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру

1. Кеден қоймасының иесі осы Кодексте белгіленген талаптар мен міндеттерді сақтамаған жағдайда, лицензиясының қолданылуы соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұратын шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себебі көрсетіле отырып, алты айға дейінгі мерзімге уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.

2. Лицензияның қолданылуы кеден қоймасы иесінің дәлелді өтініші бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.

3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім тоқтатыла тұру себебі көрсетіле отырып, уәкілетті орган басшысының бұйрығымен қабылданады.

4. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде тауарларды кеден қоймасына орналастыруға жол берілмейді. Кеден қоймасына лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрғанға дейін орналастырылған тауарлар кедендік бақылаумен басқа кеден қоймасына ауыстырылуы не өзге кедендік режимдерге орналастырылуы тиіс.

5. Лицензияның қолданылуы оның қолданылуын тоқтата тұрудың себептері жойылғаннан кейін лицензияның қолданылуын жаңғырту туралы шешім қабылданған күнінен бастап уәкілетті орган басшысының бұйрығымен жаңғыртылады.

139-бап. Кеден қоймасын құруға арналған лицензиядан айыру

Лицензиядан айыру үшін:

1) көрінеу дұрыс емес мәліметтер беру;

2) лицензиаттың лицензиядағы талаптарды орындамауы;

3) лицензияның қолданылуы бұрын тоқтатыла тұрған себептердің жойылмауы;

4) соттың лицензиатқа кеден қоймасы қызметтерін көрсету жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салуы негіз болып табылады.

140-бап. Кеден қоймасын құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату

1. Кеден қоймасын құруға арналған лицензия:

1) кеден қоймасын құруға арналған лицензиядан айырылған;

2) кеден қоймасы иесінің уәкілетті органға жазбаша өтініш беруімен кеден қоймасының қызметтерін көрсету жөніндегі қызметі тоқтатылған;

3) кеден қоймасын құруға арналған лицензиясы бар заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда уәкілетті органның шешімі бойынша өзінің қолданылуын тоқтатады.

2. Кеден қоймасын құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім, мұндай тоқтатудың себептері көрсетіле отырып,уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.

3. Кеден қоймасының қызметтерін көрсету жөніндегі қызмет тоқтатылған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде кеден қоймасының иесі күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей лицензияны уәкілетті органға қайтаруға міндетті.

4. Кеден қоймасының қызметін көрсету жөніндегі қызмет тоқтатылған кезде, кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырылған тауарлар лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданғанға дейін осы Кодекстің 12-тарауында белгіленген тәртіпте басқа кеден қоймасына ауыстырылуы мүмкін не осы тауарларға қатысты кеден қоймасы кедендік режимінің қолданылуы лицензияның қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде аяқталуы тиіс.

5. Кеден органы құрған кеден қоймасының алдағы уақытта таратылатыны туралы кеден органы тауарларын сақтауға орналастырған тұлғаларды мұндай таратылуға дейін бір айдан кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

6. Кеден органы құрған кеден қоймасының қызмет көрсету жөніндегі қызметінің тоқтатылуына байланысты тауарларды беру кезінде осы кеден органы тауарларды сақтауға орналастырған тұлғаға нақты сақталған мерзімнің тауарлар сақтауға орналастырылған кезде белгіленген мерзімге қатынасына қарай сақтау үшін төленген кедендік алымдар сомаларының бір бөлігін қайтарып береді.

7. Кеден органы құрған кеден қоймасының қызметтерін көрсету жөніндегі қызметтің тоқтатылуына байланысты тұлғада пайда болған шығыстарды кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтейді.

19-тарау. Бажсыз сауда дүкені




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет