Қазақстан Республикасының Кеден кодексі



бет5/26
Дата14.06.2016
өлшемі1.43 Mb.
#135990
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
70-бап. Кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын тоқтату

1. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:

1) тауарларды тасымалдауға тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензиядан айырылғанда;

2) кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айырылғанда;

3) кедендік тасымалдаушы қызметін тоқтататыны туралы өтініш бергенде;

4) заңды тұлға болып табылатын кедендік тасымалдаушы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда тоқтатылады.

2. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда, тұлға он бес жұмыс күні ішінде кедендік бақылаумен тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізетін кеден органына өзі кедендік тасымалдаушы ретінде орындаған тасымалдар туралы есеп беруге міндетті.

3. Лицензияның қолданылуын тоқтату кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті тоқтату себептері көрсетіле отырып, уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.

12-тарау. Ішкі кедендік транзит



71-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар

Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

1) ішкі кедендік транзит рәсімі - тауарлар мен көлік құралдарын жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін кедендік бақылаумен өткізудің осы Кодексте және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда белгіленген тәртібі;

2) аралық кеден органы - ішкі кедендік транзит рәсімі бойынша өткізілетін тауарларды ішінара түсіру жүргізілетін кеден органы.

72-бап. Жалпы ережелер

Осы тараудың ережелері, уақытша сақтау орындарының, еркін және кеден қоймаларының, арнайы экономикалық аймақтардың арасындағы өткізуді қоса алғанда, кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағы немесе шет мемлекеттің кедендік аумағы бойынша өткізудің барлық жағдайларында қолданылады.

Осы тараудың ережелері құбыр тасымалымен және электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларға, сондай-ақ әуе кемесі тұрақты халықаралық рейс жасау кезінде тауарлар келетін жерде тауарларды ішінара түсірместен аралық немесе мәжбүрлі (техникалық) түрде қонса, әуе көлігімен тасымалданатын тауарларға қолданылмайды.

73-бап. Ішкі кедендік транзит

1. Ішкі кедендік транзит - кедендік бақылаудағы тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша, сондай-ақ осы тарауда белгіленген шарттар сақталған жағдайда, шет мемлекеттің аумағы арқылы өткізілетін кездегі кедендік рәсім.

2. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін тасымалдаушының және (немесе) тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлғаның жауапкершілігімен өткізіледі.

3. Тауарларды бірдейлендіру құралдарын, тасымалдаушылар мен жөнелтушілердің пломбаларын пайдалана отырып, ішкі транзит рәсімі бойынша темір жол көлігімен өткізуге жол беріледі.

4. Транзиттік тауарларды ішкі кедендік транзит рәсімі бойынша Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағында аталған шаралардың бірі сақталған жағдайда жүзеге асырылады.

74-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес өткізу шарттары

1. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес өткізуге мынадай шарттар сақталған жағдайда:



1) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелуге , Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан әкетуге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тыйым салынбаған;

2) жеткізуді бақылау құжаты осы Кодекстің 76-бабына сәйкес ресімделген;

3) осы баптың 2-тармағына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын жеткізуді қамтамасыз ету шараларының бірі сақталған жағдайда жол беріледі.

2. Ішкі кедендік транзиттің рәсіміне сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын жеткізуді қамтамасыз ету шараларына:

1) тауарларды алушының осы баптың 6-тармағына сәйкес жеткізіп беру жөніндегі кепілдік міндеттемесін табыс етуі;

2) кез келген кеден органында кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету;

3) тауарларды кедендік тасымалдаушының өткізуі;

4) тауарларды кедендік алып жүру жатады.

Тасымалдаушы және (немесе) тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлға аталған шаралардың кез келгенін таңдауға құқылы.

3. Тауарларды ішкi кедендiк транзит рәсіміне сәйкес темiр жол көлігімен өткізу кезінде осы баптың 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларының ережелерi қолданылмайды.

Тауарлар мен көлiк құралдарын жеткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегі шаралар, осы баптың 5-тармағына сәйкес өткізілетін тауарларды қоспағанда, тауарларды осы Кодекстiң 470-бабына сәйкес ең төменгі деңгейдегi тәуекел санатына жатқызылған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар өткiзген кезде қолданылмайды.

4. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын жеткізуді қамтамасыз ету шаралары Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес тауарларды өткізу кезінде және әуе көлігімен тасымалдау кезінде қолданылмайды.

5. Кеден төлемдерін және салықтарды төлеуді міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша өткізілетін тауарлар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

6. Тауарларды жеткізіп беру жөніндегі кепілдік міндеттемені алушы толтырады және оны межелі кеден органы тіркейді және байланыс құралдары арқылы жөнелтушi кеден органына жiберiледi . Тауарларды жеткізіп беру жөніндегі кепілдік міндеттеменің нысаны мен тіркеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.



 

75-бап. Ішкі кедендік транзитті қолдану үшін табыс етілетін құжаттар

1. Тасымалдаушы тауарларды жеткізуді бақылау құжатын ресімдеуді жүргізу үшін жөнелтуші кеден органына тауарға ілеспе құжаттарды табыс етеді.

2. Табыс етілген құжаттарды жеткізуді бақылау құжатының тіркеу нөмірін көрсете отырып, жөнелтуші кеден органының лауазымды адамы куәландырады.

76-бап. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты

1. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар туралы мәліметтерді қам­титын, кеден органдарының тауарлардың жеткізілуін бақылауды жүзеге асыруы үшін қажетті құжат.

2. Уәкілетті орган айқындаған жағдайларда тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты ретінде тауарларға ілеспе құжаттар пайдаланылады.



3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда тауар­лардың жеткізілуін бақылау құжаты ретінде осындай шарттармен айқындалған құжаттар пайдаланылады.

4. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжатын ресімдеу, қалыптастыру және пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

 

 

77-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік төлемдер және салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжатты пайдаланып жеткізу



1. Кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдары ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша кедендік төлемдер және салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжатты пайдаланып өткізілуі мүмкін.

2. Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжатты толтырудың және кеден органына табыс етудің тәртібін, нысанын уәкілетті орган белгілейді.

78-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит кезінде кедендік алып жүру

1. Кедендік алып жүру рәсімі - кеден органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылаудағы тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін, сондай-ақ бір кеден органының қызмет аймағында алып жүруі.

2. Кедендік алып жүруді кеден органдары, осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шаралар сақталмаған жағдайда, кеден органы лауазымды адамының жазбаша шешімі бойынша Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша өткізілетін тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды жеткізуді қамтамасыз етудің айрықша шарасы ретінде қолданады.

3. Кедендік алып жүру бір көлік құралына да, бірнеше (оннан аспайтын) көлік құралына да жүргізілуі мүмкін.

4. Кедендік алып жүру үшiн алым төленген кезден бастап бiр тәуліктен кешіктірiлмей кедендiк алып жүру басталады.

5. Кедендік алып жүру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

79-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит кезінде межелі кеден органдарына дейін жеткізу мерзімі

Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын межелі кеден органдарына дейін жеткізу мерзімін көлік құралының, белгіленген маршруттың мүмкіндіктеріне және басқа да тасымалдау шарттарына сүйене отырып, дағдылы жеткізу мерзімдеріне сәйкес жөнелтуші кеден органы белгілейді, бірақ ол бір айға екі мың километр есебімен белгіленетін шекті мерзімнен аспауға тиіс.



Тауарларды өткiзетiн тұлғаның дәлелдi сауал салуы бойынша кеден органы iшкi кеден транзитінің белгiленген мерзiмiн ұзартады, ол осы баптың бірінші бөлiгiнде айқындалған шектi мерзiмнен аспауға тиiс.

 

80-бап. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіруді қамтамасыз ету



1. Жөнелтуші кеден органы тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіруді қамтамасыз етеді, ал межелі кеден органы ішкі кедендік транзитке сәйкес оларды өткізген кезде тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіру құралдарының сақталуын тексереді. Аралық кеден органдары тауарға ілеспе құжаттарға жаңа бірдейлендіру құралдарының қойылғаны туралы белгі соғады.

2. Кеден органдары бірдейлендіру құралдары ретінде осы Кодекстің 81-бабына сәйкес көлік құралдарына қойылған кедендік пломбаларды және мөрлерді пайдаланады.

3. Осы Кодекстің 81-бабына сәйкес кедендік пломбалар мен басқа да бірдейлендіру құралдары жеткіліксіз немесе сенімсіз деп қарастырылатын жағдайларды қоспағанда, кеден органдары шет мемлекеттердің кеден органдарының кедендік пломбалары мен басқа да бірдейлендіру құралдарын мойындайды.

81-бап. Кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау кезінде көлік құралдарын жабдықтау

1. Кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау үшін көлік құралдары мынадай талаптарды:

1) кедендік пломбаларды және мөрлерді қою мүмкіндігін;

2) тауарды көлік құралының пломбаланған бөлігінен кедендік пломбаларды және мөрлерді бүлдірместен алу немесе оған қою мүмкіндігінің болмауын;

3) тауарларды жасырып қалуға арналған жасырын орындардың болмауын;

4) тауарларды кедендік тексеруге еркін қол жеткізілуін қамтамасыз етуді сақтай отырып құрастырылуға және жабдықталуға тиіс.

2. Кедендік пломбаларды және мөрлерді пайдалану мүмкін болмаған кезде тауарларды бірдейлендіру осы Кодекстің 476-бабына сәйкес жүргізіледі.

82-бап. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлармен жасалатын операциялар

1. Ішкі кедендік транзитке сәйкес тасымалданатын тауарлармен жүк операцияларын жүргізуге қызмет аймағында осы операцияларды жүзеге асыру қажеттігі туындаған кеден органының бақылауымен жол беріледі.

2. Тауарларды бiр көлiк құралынан екіншiсiне қайта тиеуге қызмет аймағында осы операция жүргiзiлетiн кеден органына алдын ала жазбаша хабарлау арқылы жол берiледі. Тауар­ларды жеткізудің технологиялық процесі жүру жолында тауарларды түсірместен көлік түрін өзгертуді көздейтін жағдайларды қоспағанда, тауарларды қайта тиеу кедендік пломбалар мен мөрлердi бұза отырып жүзеге асырылған жағдайда тауарлардың жеткiзiлуiн бақылаудың жаңа құжаты ресімделедi.

3. Тұлғаның өтініші бойынша кеден органы кедендік бақылаудағы тауарлармен жүк операцияларын кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде жүргізуге рұқсат етеді.

83-бап. Тасымалдаушының ішкі кедендік транзит кезіндегі міндеттері

Тауарларды ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес тасымалдау кезінде тасымалдаушы:

1) тауарлар мен оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органы белгілеген мерзімде тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаттарында көрсетілген межелі кеден органына жеткізуге;

2) тауарлар, сондай-ақ кедендік пломбалар және мөрлер не өзге де бірдейлендіру құралдары пайдаланылған болса, олардың сақталуын қамтамасыз етуге;

3) осы Кодекстің 82-бабында көзделген жағдайда, тауарларды басқа көлік құралына қайта тиеуді қоспағанда, кеден органдарының рұқсатынсыз тауарлармен жүк операцияларын жасауға жол бермеуге міндетті.

84-бап. Тасымалдаушының ішкі кедендік транзит кезіндегі жауапкершілігі

1. Тауарлар, көлік құралдары және оларға арналған құжаттар межелі кеден органына жеткізілмеген жағдайда тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

2. Тасымалдаушы кедендік төлемдердің және салықтардың төленуі үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 85-бабында көзделген жағдайларда тауарларды түсіргені, қайта тиегені, орамаларын ашқаны немесе қайта орағаны, бірдейлендіру құралдарын өзгерткені, алып тастағаны, жойғаны немесе зақымдағаны үшін жауапты болмайды. Бұл орайда тасымалдаушы мұндай операцияларды жасауды жолаушылар мен көлік құралы экипажының өмірі мен денсаулығына нақты қатер төнгенін, тауарлар мен көлік құралдарының жойылуы, жоғалуы, біржола жоғалуы немесе елеулі түрде бүлінуі туғызғанын растайтын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген құжаттарды табыс етеді.

3. Тауарларды ішкі кедендік транзитке сәйкес тасымалдау кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу бойынша, осы баптың 2-тармағын қоспағанда, тауарларды жоғалтқан не оларды кеден органының рұқсатынсыз берген тасымалдаушы жауапты болады.

85-бап. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға кедергі жасайтын авария және (немесе) ырық бермес күштердің әсері кезінде қолданылатын шаралар

Авария және (немесе) ырық бермес күштердің әсері кезінде тасымалдаушы:

1) тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралардың бәрін қолдануға;

2) ең жақын кеден органын кейіннен хабардар ете отырып, тиісті уәкілетті мемлекеттік органға аталған оқиға туралы дереу хабарлауға міндетті. Хабарламаны алған кеден органы жөнелтуші және межелі кеден органдарына дереу хабарлауға, сондай-ақ ішкі кедендік транзит рәсімдерін сақтай отырып, тауарларды одан әрі тасымалдау мүмкіндіктері туралы шешім қабылдауға міндетті.

Осы бапта көзделген шаралардың қолданылуына байланысты тасымалдаушы шеккен шығындарды кеден органдары өтемейді.

86-бап. Ішкі кедендік транзит рәсімінің аяқталуы

1. Ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары көлік құралының келгендігі межелі кеден органында тiркелген кезден бастап жеткізілді деп есептеледі.

2. Межелі кеден органы көлік құралының келгендігін және ішкі транзит рәсімінің аяқталғандығын осы Кодекстің 59-бабына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарының жеткізілгендігі туралы хабарланған кезден бастап үш сағаттың ішінде тіркейді.



Тауарлар мен көлік құралдарын жеткізу туралы хабарламаны кеден органы жеткізуді бақылау құжаттары мен көлік, сондай-ақ коммерциялық құжаттарды растау немесе олардың электрондық форматын электрондық цифрлық қолтаңбамен тіркеу жолымен жүзеге асырады.

3. Тауарлар мен көлiк құралдары тауарларды жеткiзу рәсiмi аяқталғанға дейiн межелi кеден органының қызмет аймағындағы уақытша сақтау орнында орналастырылуға тиiс.

13-тарау. Уақытша сақтау

87-бап. Уақытша сақтау

Уақытша сақтау - әкелінген тауарлар белгілі бір кедендік режимге сәйкес межелі кеден органына табыс етілген кезден бастап олар шығарылғанға дейін не осы Кодексте белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне айналдырылғанға дейін, не тауар мен көлік құралы ке­ден ісі саласындағы қылмыстық істер және әкім­шілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заттай дәлелдеме болып табылған жағдайда, кедендік бақылауда сақталатын кедендік рәсім.

88-бап. Уақытша сақтау орындары

1. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау , уақытша сақтау орындарына қойылатын талаптар сақталған жағдайда тауар өткiзетін тұлғаның таңдауы бойынша, арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жайларда, ашық алаңдарда, көлік құралдарында, сондай-ақ уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, еркін қоймаларда, алушының қоймаларында жүзеге асырылады.

2. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау орындары мыналар болып табылады:

1) топтастырылған жүктерді жеткізу жағдайларын қоспағанда, тауарлар жеткізілген көлік құралдары;

2) ашық алаңдар - тауар иелерінің:

әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының, темір жол станцияларының, өнеркәсіп орындарының осы тұлғалардың тауарларын уақытша сақтауға арналған күзетілетін аумақтарында;

осы тұлғалардың өз тауарларын уақытша сақтау үшін арнайы бөлінген және күзетілетін аумақтарында орналасқан алаңдары.

Көлік құралдарындағы тауарларды ашық алаңда сақтауға жол беріледі;

3) арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жайлар - тауарлар иесінің өз тауарларын уақытша сақтауға арналған үй-жайлары немесе үй-жайдың арнайы бөлінген және жайластырылған бөлігі, сондай-ақ мамандандырылған көлік-экспедиция ұйымдары тасымалдайтын экспресс-жүктерді сұрыптауға және өңдеуге арналған үй-жайлар;

4) уақытша сақтау қоймалары - тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтауға арнайы арналған, уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жұмыс істейтін қоймалар;

5) кеден қоймалары мен еркін қоймалар - бір бөлігі уақытша сақтау үшін пайдаланылатын, кеден қоймасының және еркін қойманың кедендік режимдеріне сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын орналастыруға арнайы арналған, уәкілетті орган беретін кеден қоймасын құруға арналған лицензия және еркін қойма құруға арналған шешім негізінде жұмыс істейтін қоймалар;

6) осы Кодекстің 95-бабында көзделген тәртіппен тауар алушылардың қоймалары.

3. Арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жай немесе ашық алаңша, тиісті орын біртұтас және бөлінбейтін кешен болып табылатын және бір мекен-жайда орналасқан жағдайда уақытша сақтау орны деп танылады.

Осы Кодекстің 96-бабына сәйкес кеден органы беретін уақытша сақтау орны деп тану туралы шешім арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жайлар мен ашық алаңдарды уақытша сақтау орны ретінде тануға растама болып табылады.

4. Тауарларды алдын ала және мерзімдік декларациялау рәсімі бойынша тауарларды өткізген кезде, осы Кодекстің 371-бабында көзделген оңайлатылған кедендік ресімдеу тәртібін пайдалану кезінде және осы Кодексте белгіленген өзге де жағдайларда уақытша сақтау рәсімі қолданылмайды.

 

89-бап. Уақытша сақтау орындарына қойылатын талаптар



1. Осы Кодекстің 104-бабының 2), 3), 4), 6) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жай уақытша сақтау қоймасын құруға қойылатын талаптарға сай келуге тиіс.

2. Кеден немесе еркін қойма үй-жайының бір бөлігі уақытша сақтау орны ретінде пайдаланылған жағдайда ол үй-жайдың қалған бөліктерінен темірбетоннан, бетоннан, кірпіштен, металқұрылымынан не сол материалдарды араластырып жасалған тұтас қоршаумен оқшаулануға тиіс.

3. Ашық алаңшаның аумағы:

1) бүкіл периметрі бойынша белгіленуге және қоршалуға тиіс. Ашық алаңшалардың аумағының қоршауы темірбетоннан, бетоннан, кірпіштен, металқұрылымынан не осы материалдарды араластырып жасалған және биіктігі кемінде 2,2 метр тұтас құрылыс болуға тиіс;



2) тауардың сипатына қарай қажетті тиеу-түсіру техникасымен және таразы жабдығымен қамтамасыз етілуге тиіс;

3) осы Кодекстің 104-бабының 1), 3)-5), 7) тармақшаларында белгіленген талаптарға сай келуге тиіс.

Әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының, темір жол станцияларының аумағындағы ашық алаңшаларға арналған кедендік бақылау аймақтарын белгілеу мүдделі тұлғалармен (әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының, темір жол станцияларының әкімшілігімен) келісу арқылы жүзеге асырылады.

4. Мынадай шарттардың бірі:



кеден төлемдері мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету;

бірдейлендіру құралдарының бүтіндігі сақталған кезде тауарлар тасымалданған және жеткізілген жағдайда уақытша сақтау орны ретінде көлік құралдары пайдаланылуы мүмкін.

Көлік құралдарындағы тауарлардың сақталуы, бірдейлендіру құралдарының бүтіндігі үшін жауапкершілік кедендік ресімдеу рәсімі аяқталғанға дейін және тауар алушыға берілгенге дейін тасымалдаушыға жүктеледі.

5. Уақытша сақтау орындары оларды уақытша сақтау орны ретінде пайдаланудың бүкіл мерзімі бойында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

90-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау орындарына орналастыруға қажетті құжаттар

1. Қысқаша декларация тауарлар мен көлік құралдарының уақытша сақтау орындарына орналастырылғанын растайтын құжат болып табылады.

2. Қысқаша декларацияны тасымалдаушы не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға немесе тауарды сақтауға қабылдаған уақытша сақтау қоймасының өкілі тауарлар мен көлік құралдарын кеден органына ұсынғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей береді.

Егер тауарлар осы мерзім ішінде белгілі бір кедендік режиммен мәлімделсе, қысқаша декларация берілмейді.

3. Қысқаша декларация тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген және тауарларды бірдейлендіру үшін қажетті мәліметтерді, сондай-ақ әкелінген тауарлардың мәлімделген уақытша сақтау орны туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.

4. Қысқаша декларацияның нысаны мен оны толтырудың тәртібін уәкілетті орган белгілейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет