14-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлары
Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарларын Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының тағайындалу мерзiмiне қарамай, 6 жыл мерзiмге тағайындайды.
Төрағаның орынбасарлары Қазақстан Ұлттық Банкiн сенiмхатсыз-ақ бiлдiредi, өз құзырының шегiнде құжаттарға қол қояды.
15-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы және оның өкiлеттiгi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ең жоғары органы Басқарма болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының негiзгi функциялары:
а) мемлекеттiк ақша-кредит саясатын мақұлдау;
б) Қазақстан Ұлттық Банктiң банк қызметiнiң, бухгалтерлiк есепке алудың, ақша төлемдерi мен аударымдарының, вексель айналысының, валюталық операцияларды жүзеге асырудың және олардың сақталуын қадағалаудың жекелеген мәселелерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлерiн бекiту;
б-1) банктерде операциялар жасауға сенiмхат беру тәртiбiн белгiлеу;
в) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құны мен дизайнын анықтау, Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын шығару, олардың дизайны немесе нысаны өзгерген кезде банкноттар мен монеталарды ауыстыру туралы шешiм қабылдау, сондай-ақ тозған және бүлiнген банкноттар мен монеталарды айырбастау тәртiбiн белгiлеу;
в-1) коллекциялық және инвестициялық монеталардың шығарылу тақырыбын, дайындалу таралымын, қорытпасын, шығарылу мерзiмдерi мен күнiн айқындау;
в-2) басқа елдердiң тапсырыстары бойынша коллекциялық монеталар соғу туралы шешiм қабылдау;
в-3) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен монеталарды сату және сатып алу тәртiбiн айқындау;
г) қайта қаржыландырудың ресми ставкасын белгiлеу;
д) 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
е) банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялауды жүргізуге лицензия беру, оның қолданылуын тоқтата тұру және лицензиядан айыру туралы шешімдер қабылдау;
е-1) банк болып табылмайтын заңды тұлғалардың Қазақстан Ұлттық Банкiнде банк шоттарын ашу шарттарын белгiлеуге;
е-2) банктер мен басқа ұйымдардың Қазақстан Ұлттық Банкi берген кредиттері бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi алдындағы борыштарын қайта құрылымдау шарттарын анықтауға;
е-3) 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
е-4) Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазының қорғалу дәрежелерiне қойылатын талаптарды, сондай-ақ вексель қағазына қойылатын техникалық талаптарды бекiту;
ж) банктерге ең төменгi резервтiк талаптардың нормативiн бекiту;
ж-1) Қазақстан Ұлттық Банкінің лицензиясы негiзiнде инкассация операцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, сондай-ақ қызметінiң бiрден бiр түрi шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiн және оны қалыптастыру тәртiбiн белгілеу;
з) алтын-валюта активтерiн басқаруды негiзгi принциптерiн белгiлеу;
з-1) монетарлыққа жататын қызметті айқындау;
и) 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен алып тасталды
и-1) 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды
к) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жұмысы туралы жылдық есептi қарау, қабылдау және Қазақстан Республикасы Президентінiң бекiтуiне ұсыну;
к-1) Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымын, жалпы штат санын, еңбекақы төлеу жүйесiн және Қазақстанның Ұлттық Банкі туралы ережені, сондай-ақ оған өзгерiстер мен толықтыруларды қарау, мақұлдау және Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне ұсыну;
к-2) басшысының ұсынуы бойынша уәкілеттi органды қаржыландырудың жалпы сомасын бекiту;
л) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiн қарау және бекiту;
м) Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджетін (шығыстар сметасын) және оны пайдалану, жарғылық және резервтік капиталдарды қалыптастыру, Қазақстан Ұлттық Банкінің негізгі құралдары мен өзге де мүлкіне билік ету тәртібі туралы нормативтік құқықтық актілерін бекіту;
м-1) 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды
н) 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
о) Қазақстан Ұлттық Банкi, оның филиалдары, өкiлдiктерi және ұйымдары қызметкерлерінің еңбек, оған ақы төлеу, әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз етiлу, бiлiктілiгiн арттыру мен оларды қайта даярлау жағдайларын айқындау және бекiту;
п) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң халықаралық және осы Заңға сәйкес өзге де ұйымдарға қатысуы туралы шешiм қабылдау;
п-1) Қазақстан Ұлттық Банкінің консультациялық-кеңесші органдарын құру туралы шешімдер қабылдау;
р) Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң (Директорат) құрамын бекiту;
с) 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды
т) 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
у) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру ережесiн бекiту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Yкiметiне табыс етiлетiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқарудың нәтижелерi туралы есептi бекiту;
у-1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін айырбастау және қайта айырбастау ережелерін бекіту;
у-2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтеріне сыртқы басқарушылар таңдау тәртібін айқындайтын ережелерді бекіту;
у-3) реттелуі Қазақстан Ұлттық Банкінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға ықпал ету шараларын және санкциялар қолдану тәртібін айқындайтын ережелерді бекіту;
ф) Қазақстан Республикасының Парламентiне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлiкпен басқару нәтижелерi туралы ақпаратты жыл сайын табыс ету;
х) өкiлеттiгiне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқару (Өкiлеттi өкiл) жөнiндегi шешiмдердi шұғыл түрде қабылдау кiретiн лауазымды тұлғаны (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейде) айқындау.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы өз құзырына жатқызылған мәселелер бойынша қаулы қабылдайды.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орынбасары банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдарына әкiмшiлiк айыппұл салу туралы мәселенi Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының басқа мүшелерiмен алдын ала келiсiп алады және осы мәселе бойынша тиiстi қаулы нысанында шешiм қабылдайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мүшелерi егер өздерi оның қабылдануы үшiн дауыс бермесе, бiрақ шешiмнiң қабылдануымен өзiнiң келiспейтiндiгi туралы дереу мәлiмдеген болса, Басқарма қабылдаған шешiмдер үшiн жауап бередi.
ц) осы Заңның 11-бабына сәйкес жарғылық және (немесе) резервтiк капиталдарды қалыптастыруға жiберiлетiн бөлiнбеген таза кiрiстiң мөлшерiн белгiлеу;
ч) 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы өз құзырына жатқызылған мәселелер бойынша қаулы қабылдайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мүшелерi егер өздерi оның қабылдануы үшiн дауыс бермесе, бiрақ шешiмнiң қабылдануымен өзiнiң келiспейтiндiгi туралы дереу мәлiмдеген болса, Басқарма қабылдаған шешiмдер үшiн жауап бередi.
16-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құрамы
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы 9 адамнан тұрады.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құрамына Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң төрт лауазымды адамы Қазақстан Республикасының Президентiнен бiр өкiл және Қазақстан Республикасының Үкiметiнен екi өкiл, сондай-ақ уәкілетті органның басшысы кiредi.
Қазақстан Республикасы Президентiнен, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Ұлттық Банкiнен Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мүшелерiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы тағайындайды және босатады.
17-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiстерi
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiстерi қажет болуына қарай, бiрақ айына кемiнде бiр рет өткiзiледi.
Басқарманың кезектен тыс мәжiлiстерi Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының немесе Басқарманың үш мүшесiнiң талап етуi бойынша өткізіледі.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқарма мүшелерi Басқарма мәжiлiсiнiң тағайындалғаны туралы уақтылы хабардар етiледi.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiсiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы, ал ол болмаған кезде-оның мiндетiн атқарушы адам жүргiзедi.
Басқарма мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi қатынасқан жағдайда Басқарма шешiм қабылдауға құқылы, олардың iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам болуға тиiс.
Басқарманың шешiмi Басқарма мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусы мен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының даусы шешушi болып табылады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы қайтара талқылау және дауыс беру үшiн өзi бiлдiрген қарсылығын қосып, Басқарма шешiмiн бiр апта мерзiмнен кешiктiрмей қайтаруға құқылы. Егер Басқарма бұрын қабылданған шешiмдi өз мүшелерiнiң жалпы санының үштен екi даусымен қуаттаса, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы шешiмге қол қояды.
18-бап. Қызметтен кету және босату
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы қызметiнен кетерiнен екi ай бұрын Қазақстан Республикасының Президентiне өзiнiң жазбаша өтiнiшiн берiп, қызметiнен кетуге құқылы.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасын Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен босатады.
Төрағаның орынбасарларын Қазақстан Ұлттық банкi Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен босатады.
Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлары қызметiнен кетерiнен екi ай бұрын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы арқылы Қазақстан Республикасының Президентiне өзiнiң жазбаша өтiнiшiн берiп, орнынан түсе алады.
19-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Директорларының кеңесi және оның өкiлеттiгi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң оралымды басқару органы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi (Директорат) болып табылады.
Директорлар кеңесiнiң құрамына Қазақстан Ұлттық Банкiнiң төрағасы, оның орынбасарлары, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары кiредi. Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң құрамын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы бекiтедi.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң төрағасы Директорлар кеңесiнiң мәжiлiстерiне Төрағалық етедi. Оның тапсырмасы бойынша Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiн Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары жүргiзе алады.
Осы Заңға сәйкес Директорлар кеңесi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қарауындағы мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды, бұған Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы мен Төрағасының құзырына енетiн мәселелер ғана қосылмайды (немесе оның орынбасарларының).
Директорлар кеңесi өз құзырына енетiн мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды.
Директорлар кеңесi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiнiң құрылымын айқындайды.
20-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң филиалдары, өкiлдiктерi мен ұйымдары
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi өз қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген өкiлеттiк шегiнде жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұйымдары заңды тұлға болып табылады, осы Заңмен белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, заң актiлерiне сәйкес құрылады және өз қызметiн тоқтатады.
Қазақстан Ұлттық Банкi өз ұйымдарын құру және олардың қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдайды, олардың құрылтайшысы және аталған ұйымдардың құқықтық мәртебесiн өзгерту туралы шешiм қабылдау жөнiндегi өкiлеттiктi қоса алғанда оларға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң қызметiн жүзеге асырушы мемлекеттiк орган болып табылады.
5 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Мемлекеттiк
өкiмет органдарымен өзара iс-қимылы
21-бап. Өзара iс-қимылдың негiзгi принциптерi
Қазақстан Ұлттық Банкi заң актiлерiмен берiлген өкiлеттiк шегiнде өз қызметiн ешкiмге тәуелсiз атқарады. Өкiлдi және атқарушы өкiмет органдарының Қазақстан Ұлттық Банкi оның филиалдары, өкiлдiктерi мен ұйымдарының заңда бекiтiлген өкiлеттiгiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiне араласуға құқы жоқ.
22-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Ұлттық Банкi
Қазақстан Ұлттық банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметiмен үйлестiрiп отырады. Қазақстан Ұлттық Банкi мен Үкiмет жалпымемлекеттiк маңызы бар болжалды iс-қимыл мен қол жеткен нәтижелер жөнiнде бiр-бiрiн хабардар етiп отыруға және ұдайы консультациялар алысып отыруға мiндеттi.
Қазақстан Ұлттық Банкi өз жұмысында Үкiметтiң экономикалық саясатын ескерiп отырады және оны егер мұның өзi оның негiзгi функциясын атқаруына әрi ақша-кредит саясатын жүзеге асыруына қайшы келмесе, жүзеге асыруға жәрдемдеседi.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орынбасарларының бiрi Үкiмет мәжiлiстерiне кеңесшi дауыс құқымен қатысуға хақылы.
Үкiмет Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты Қазақстан Ұлттық Банкi де осындай жауапкершiлiктi өзiне алатын кездердi қоспағанда Үкiметтiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
23-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - банк, қаржы кеңесшiсi және агенті
Қазақстан Ұлттық Банкi банк, қаржы кеңесшiсi және мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша олардың агентi ретiнде iс-әрекет жасай алады.
24-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Банкi
Қазақстан Ұлттық Банкiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаржысы орналастырылады. Қазақстан Ұлттық Банкi Үкiмет шоттары бойынша төлем жүргiзедi, өзге де операцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ оған басқа да қызметтер көрсетедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей қаржыландыруына жол берiлмейдi.
25-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаржы кеңесшiсi
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк қарыз алу саясатын жасау және iске асыру, мемлекеттiң ақша-кредит саясатымен байланысты мәселелер жөнiнде бюджет саясатын қалыптастыру кезiнде қаржы кеңесшiсi ретiнде қызмет етедi.
26-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң агентi
Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында келiсiлген шарттарда Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң агентi ретiнде iс-қимыл жасайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi Үкiметпен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң агентi ретiнде оған мемлекеттiк заемына қызмет көрсетедi.
27-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздармен операциялар жүргiзуге құқылы.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттiк бағалы қағаздары бастапқы рынокта орналастырылған кезде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң оларды өз меншiгiне сатып алуға құқығы жоқ.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен мемлекеттiк бағалы қағаздар шығарудың және Үкiметтiң мемлекеттiк қарызын олардың банк жүйесiндегi өтiмдiлiгiне ықпал етуiн ескере отырып, өтеудiң ай сайынғы көлемiн және ақша-кредит саясатының басымдығын, Үкiметтiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздарды бастапқы орналастыруға қаржы ұйымдарына рұқсат ету шарттарын келiседi.
28-бап. Мемлекеттiк бағалы қағаздар айналысын реттеу
Қазақстан Ұлттық Банкi Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк бағалы қағаздарының айналысын реттеудi жүзеге асырады.
6 Тарау. Ақша-кредит саясаты
29-бап. Ақша-кредит саясатын әзiрлеу және жүргiзу
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ақша-кредит саясатын айқындайтын және жүзеге асыратын бiрден-бiр орган болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады.
Ақша-кредит саясаты:
қайта қаржыландырудың ресми ставкасын;
ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларының деңгейлерiн;
ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн;
ерекше жағдайларда, операциялардың жекелеген түрлерiнiң деңгейi мен көлемiне тiкелей сандық шектеулердi белгiлеу жолымен жүзеге асырылады.
30-бап. Ақша-кредит саясаты операцияларының түрлерi
Ақша-кредит саясатын iске асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi мынадай операция түрлерiн жүзеге асырады:
1) қарыздар беру;
2) депозиттер қабылдау;
3) валюталық интервенциялар;
4) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталарын шығару;
5) мемлекеттiк және басқа да бағалы қағаздарды сатып алу және сату, оның iшiнде керi сатып алу құқығымен;
6) коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу;
7) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi бойынша басқа да операциялар.
31-бап. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы
Қазақстан Ұлттық Банкi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын ақша рыногының жалпы жай-күйiне, қарыздар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляция деңгейiне және инфляциялық болжалдарға қарай белгiлейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкi қайта қаржыландырудың ресми ставкасына сәйкес коммерциялық вексельдердi қайта есепке алуды жүргiзедi.
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары үшiн сыйақы ставкалары бойынша бағдар болып табылады.
32-бап. Резервтiк талаптар
Қазақстан Ұлттық Банкi банктердiң депозиттерi мен заемдары бойынша сыйақы көлемдерi мен ставкаларын реттеу мақсатында ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн пайдаланады.
Қазақстан Ұлттық Банкi ең төменгі резервтiк талаптардың нормативтерiн банктер мiндеттемелерi сомасының процентi ретiнде есептейдi.
Банктердiң есеп айырысу үшiн қабылданатын мiндеттемелерiнiң құрылымын, ең төменгі резервтiк талаптарды орындау шарттарын және оларды резервтеу тәртiбiн, сондай-ақ ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Ең төменгі резервтiк талаптардың нормативтерiн өзгерту осындай шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте қолданысқа енгiзiлмейдi.
Ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерi бұзылған кезде банктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Қазақстан Ұлттық Банкi тарату комиссиясының төрағасы тағайындалған күннен бастап банктің тарату комиссиясына өзiнде резервтелген қаражатты он күндiк мерзiмде қайтарады.
33-бап. Бағалы қағаздарды сатып алу және сату
Мемлекеттiк және басқа да бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды Қазақстан Ұлттық Банкi жалпы ақша-кредит саясаты шеңберiнде жүзеге асырады.
34-бап. Ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша
сыйақы ставкалары
Қазақстан Ұлттық Банкi жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберiнде қаржы рыногындағы рыноктық сыйақы ставкаларына әсер ету мақсатында ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларын белгiлейдi.
35-бап. Қарыздар
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының қабылданған бағдарларына сәйкес банктердiң қарыз алуының жалпы көлемiн реттейдi.
Банктерге берiлетiн қарыздарды беру мен өтеу тәртiбiн, талаптарын, түрлерiн, мерзiмдерiн және лимиттерiн Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi қарыздарды өтiмдiлiгі жоғары және қауiпсiз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз ете отырып та, қамтамасыз етпей де бiр жылдан аспайтын мерзiмге бередi. Бұл мерзiмдi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ұзартуы мүмкiн. Бұл орайда Қазақстан Ұлттық Банкi соңғы инстанциядағы қарыз берушi ретiнде банктерге қарыздарды Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген тәртiппен, шарттарда және мерзiмдерде беруге құқылы.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген мүлiк Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қарыздары бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiл заты бола алады.
36-бап. Валюталық интервенциялар
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң валюталық интервенциялары Қазақстан теңгесiнiң бағамына әсер ету мақсатында банкаралық немесе биржалық рыноктарда шетел валютасын сатып алу-сату және валюталық мәмiлелердiң басқа да түрлерiн жүргiзу жолымен дербес жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң валюталық интервенциялары жалпы ақша-кредит саясаты шеңберiнде жүргiзiледi.
36-1-бап. Депозиттер
Депозиттердi тарту мен өтеу тәртiбiн, талаптарын, мерзiмдерiн және тарту лимиттерiн Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де депозиттер тартуға құқылы.
36-2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталары
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталары - Қазақстан Ұлттық Банкi эмиссиялайтын мемлекеттiк бағалы қағаздар.
Қысқа мерзiмдi ноталарды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының мақсаттарына сәйкес қысқа мерзiмдi ноталарды ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
36-3-бап. Коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу
Қазақстан Ұлттық Банкi коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу тәртiбiн және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң коммерциялық вексельдердi қайта есепке алуға қабылдауы үшiн қойылатын талаптарды белгiлейдi.
37-бап. Банк операциялары бойынша сандық шектеулер
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей сандық шектеулерi деп операциялардың жекелеген түрлерi және мәмiлелерi бойынша ставкалардың ең жоғары деңгейлерi, кредит берудi тiкелей шектеу, сыйақы ставкаларын тұмшалау, жекелеген салалардың дамуын ынталандыру немесе тежеу мақсатында кредиттiң нақты түрлерiн тiкелей реттеу ұғынылады.
Қазақстан Ұлттық Банкi инфляциялық процестердi жанама ақша-кредиттiк реттеу әдiстерiмен тоқтату болмаған жағдайда тiкелей сандық шектеулер қолдануға құқылы.
7 Тарау. Ақша айналысы және ақша бiрлiгi
38-бап. Ақша бiрлiгi
Қазақстан Республикасының ақша бiрлiгi (ұлттық валютасы) Қазақстан теңгесi болып табылады. Қазақстан теңгесi 100 тиыннан тұрады.
Қазақстан Республикасының айналыстағы ақша белгiлерi банкноттар мен тиындардан тұрады.
Банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құнының құрылымын Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлейдi.
39-бап. Төлем құралы
Қазақстан Ұлттық банкiнiң заң актiлерiнде, нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiрден-бiр заңды төлем құралы Қазақстан теңгесi болып табылады.
40-бап. Банкноттар мен монеталарды шығару
Банкноттар мен монеталар шығаруды, олардың Қазақстан Республикасының аумағындағы айналысын ұйымдастыруды және айналыстан алуды тек қана Қазақстан Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен монеталарды заңды және жеке тұлғаларға сату арқылы айналысқа шығаруды жүзеге асырады.
41-бап. Ақша бiрлiгiнiң қамтамасыз етiлуi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттары мен тиындары Қазақстан Ұлттық Банкiнiң сөзсiз мiндеттемелерi болып табылады және оның барлық активтерiмен қамтамасыз етiледi.
Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiнiң көлемi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы хабар жариялап тұрады.
42-бап. Банкноттар мен тиындарды жасап шығару және олардың сипаттамасы
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың қажеттi мөлшерiне дiлгерлiктi анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етедi, қолдағы ақшаны сақтау, жою және инкассациялау тәртiбiн белгiлейдi.
Монеталар мынадай түрлерге бөлiнедi:
инвестициялық монеталар - инвестициялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, қымбат металдардан жасалған монеталар;
коллекциялық монеталар - коллекциялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, қымбат металдардан, сол сияқты қымбат емес металдардан жасалған, шектеулi таралыммен дайындалған мерекелiк, естелiк және өзге де арнайы соғылған монеталар;
айналыстағы монеталар - қымбат емес металдардан дайындалған және қолма-қол ақша айналысына арналған монеталар.
Қазақстан Республикасында шығарылған банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құндық құрамы, нысаны және өрнектi кескiндемесi болуға тиiс. Банкноттар мен тиындардың аталған сипаттамалары баспасөзде жарияланады.
43-бап. Банкноттар мен тиындардың қабылдауға қойылатын талаптар
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң айналысқа шығарған банкноттары мен тиындары олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төлемдердiң барлық түрлерi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына, енгiзу және ақша аудару үшiн қабылдауға мiндеттi, олар Қазақстан Республикасының барлық банктерiнде шектеусiз ұсатылады және айырбасталады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнен басқа ешкiм Қазақстан Ұлттық Банкi шығарған банкноттар мен тиындарды жарамсыз деп жариялай алмайды.
43-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен
монеталарды сатуы және сатып алуы
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен айналыстағы монеталарды сатуы, сатып алуы олардың белгіленген құны бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуы және сатып алуы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
44-бап. Ақша бiрлiгiн айырбастау құқығы
Ақша бiрлiгiн айырбастауға Қазақстан Республикасы Президентiнiң құқығы бар. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы ақша бiрлiгiнiң қолданылу тәртiбiн, мерзiмiн және шарттарын белгiлейдi.
45-бап. Банкноттар мен тиындарды ауыстыру
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың бұрын қолданыста болғандардың төлемдiлiгiн анықтау және оларды айырбастау тәртiбiн белгiлейдi әрi бұл жөнiнде баспасөзде жарияланады.
46-бап. Тозған және бүлiнген банкноттар
Тозған және бүлiнген, өзiнiң толық көлемiнiң кемiнде жетпiс процентi сақталған банкноттарды Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының банктерi шектеусiз айырбастайды.
Тозған және бүлiнген, елу процентiнен астамы сақталған банкноттарды Қазақстан Ұлттық Банкi қабылдайды және өзi белгiлеген ережелерге сәйкес айырбастайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi жоғалған немесе жойылған банкноттар мен монеталарды өтеуге мiндеттi емес.
47-бап. Банкноттар мен тиындарды құқыққа қайшы жасағаны үшiн жауапкершiлiк
Банкноттар мен тиындарды құқыққа қайшы жасап шығаруға, сондай-ақ қолдағы ақшаны санкциясыз эмиссиясын iске асыруға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес қылмыстық және мүлiктiк жауаптылыққа тартылады.
47-1-бап. Кассалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру
Қазақстанның Ұлттық Банкі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар мен олардың клиенттеріне кассалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қолма-қол ақшаны сақтауы, тасымалдауы және есепке алуы жөніндегі негізгі талаптарды белгілейді.
8 тарау. Ақша төлемі мен аударымын
ұйымдастыру
48-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ақша төлемдерi мен
аударымдарын және төлем жүйелерiн ұйымдастырудағы
және реттеудегi өкілеттiктерi
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша төлемдерi мен аударымдарын ұйымдастырады, үйлестiредi, реттейдi және:
1) ақша төлемдерiн және (немесе) аударымдарын жүзеге асыру ережелерiн және тәсiлдерi қолданылуының ерекшелiктерiн, төлем нұсқауларының мазмұнына қойылатын негiзгi талаптарды;
2) қолма-қол ақшаны пайдалана отырып, төлемдердi жүзеге асыру тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс iстеуiнiң тиiмдiлігі мен сенiмділiгiн қамтамасыз етуге бағытталған нормативтiк құқықтық актілердi қабылдайды.
Төлем жүйелерiнің жұмыс iстеуiн қадағалауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi:
төлем жүйелерiн ұйымдастыру және олардың жұмыс iстеу шарттары мен тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға;
төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiнiң мониторингiн жүзеге асыруға және оны жүргізу тәртiбiн белгілеуге;
төлем жүйелерiн ұйымдастыруды және олардың жұмыс iстеуiн тексеруге;
төлем жүйелерiнiң қатысушыларынан және операторларынан ақпарат алуға;
Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес төлем жүйелерiне қатысушылардың қызметiн тексерудi жүзеге асыруға құқылы.
Қазақстан Ұлттық Банкi өзiнiң құзыретi шегiнде халықаралық (мемлекетаралық) төлемдер жүйесiн ұйымдастыруға қатысуға құқылы.
48-1-бап. 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен алып тасталды
49-бап. Шоттар
Қазақстан Ұлттық Банкi шоттардың түрлерiн және құқықтық тәртiбiн, банктiк шоттарды ашу, пайдалану және жабу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.
50-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және соларға сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленедi.
51-бап. 11.07.97 ж. № 154-1 ҚР Заңымен алып тасталды
9 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң операциялары
52-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiндегi банк шоттарының иелерi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген тәртiппен Қазақстан Ұлттық Банкiнде банк шоттарын ашқан заңды тұлғалар және банктер ондағы банк шоттарының иелерi болып есептеледi.
52-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұлттық валютамен операциялары және мәмiлелерi
Қазақстанның Ұлттық Банкi ұлттық валютамен мынадай операциялар жүргiзедi:
1) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкiнде ашылған банк шоттарының иелерiне бiр жылдан аспайтын мерзімге өтімділігі жоғары, тәуекелсіз бағалы қағаздармен және басқа да активтермен қамтамасыз етiлген кредиттер бередi;
2) өтеу мерзімі бір жылдан аспайтын вексельдердің бірінші сыныпты эмитенттерінің коммерциялық вексельдерін қайта есепке алады;
3) мемлекеттiк бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
4) Қазақстанның Ұлттық Банкi кредиттердi қамтамасыз ету үшiн жарамды деп есептейтiн депозиттiк сертификаттарды, борыштық бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
5) депозиттердi қабылдайды, ақша төлемi мен аударымдарын жүзеге асырады, бағалы қағаздар мен өзге де құндылықтарды сақтауға және басқаруға қабылдайды;
6) туынды қаржы құралдарымен операцияны жүзеге асырады;
7) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi банктер мен қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
8) чек жазып бередi және вексельдер бередi;
9) егер осы Заңда тікелей тыйым салынбаған болса, басқа банк операцияларын, сондай-ақ өз міндеттеріне сәйкес өз атынан мәмілелерді жүзеге асырады.
53-бап. 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
54-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң операциялары бойынша шектеулер
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң:
- осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдарға қызмет көрсету, сондай-ақ заңды тұлғалардың акцияларын сатып алуға;
- қолданылып жүрген заңдарда рұқсат етiлгендердi қоспағанда саудамен және басқа да қызметпен шұғылдануға;
- Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етiлмеген кредиттер беруге;
- берiлген кредиттердi ұзарту немесе мерзiмi өткен вексельдердi жаңартуға рұқсат беру.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлардан ерекшелiк тек қана Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының арнайы шешiмi бойынша жасалуы мүмкiн.
10 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң сыртқы экономикалық
қатынастар саласындағы қызметi. Валюталық
құндылықтармен жүргiзiлетiн операциялар
55-бап. 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
56-бап. Валюталық реттеу және валюталық бақылау
Қазақстан Ұлттық Банкi:
а) Қазақстан Республикасында шет ел валютасының және шет ел валютасындағы бағалы қағаздар айналысының аясы мен тәртiбiн белгiлейдi, шет ел валютасында операциялар жүргiзуге қажеттi шектеулер енгiзедi, соның iшiнде осындай операциялар мен сыйақы ставкаларының көлемiне де енгiзiледi;
б) резиденттердiң және резидент еместердiң Қазақстан Республикасында валюталық операциялар жүргiзу ережелерiн белгiлейдi;
в) валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету және жiберу тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы резиденттерінің шетел банктерiнде шоттар ашу тәртiбiн айқындайды;
г) Қазақстан Республикасының валюталық заңдарына сәйкес валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті лицензиялау, валюталық операцияларды тiркеу және олар туралы хабарлау, айырбастау пункттерiн тiркеу тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ айырбастау пунктiнiң тiркеу куәлiктерiн бередi және олардың қолданылуын тоқтата тұрады;
д) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң басқармасы айқындайтын тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгiлейдi;
е) алтын-валюта активтерiн құрайды және солармен операциялар жасайды;
ж) мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша олардың құзыретiне сәйкес Қазақстан Республикасындағы резиденттер мен резидент еместер орындауға мiндеттi валюталық операциялар бойынша есепке алудың және есептiлiктiң тәртiбi мен нысандарын белгілейдi;
з) 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен алып тасталды
и) банктер мен өзге тұлғалардың Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңдарын бұзу фактiлерi анықталған жағдайда, банктiк және валюталық заңдарда көзделген санкцияларды қолдануға құқылы;
к) халықаралық есеп айырысуды ұйымдастырады, шет елдермен қаржы - валюталық және кредиттiк-есеп айырысу қатынастарын жетiлдiредi;
л) жасасылған мемлекеттiк шарттарға сәйкес шетелдiк және халықаралық ұйымдармен шет ел валютасын тартады;
м) 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен алып тасталды
н) 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен алып тасталды
о) 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды
Қазақстан Ұлттық Банкi валюталық реттеу және валюталық бақылау жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да функцияларды орындауға құқылы.
57-бап. Валюталық құндылықтармен және бағалы металдармен жасалатын операциялар
Қазақстан Ұлттық Банкi валюта құндылықтарымен және бағалы металдарымен мынадай операцияларды жүзеге асыруға:
- шет ел валютасын сатып алуға және сатуға;
- шет мемлекеттердiң үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және Қазақстан Республикасының Үкiметi шетел валютасымен кепiлдiк берген бағалы қағаздарды сатып алуға, сатуға немесе олармен операциялар жүргiзуге;
- өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңдары бойынша тиiстi құқығы бар банктерде, шет елдердiң орталық банктерi мен банктерiнде, қаржы институттарында, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарында шот ашуға;
- өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңдары бойынша тиiстi құқығы бар шетелдiк орталық банк, банктер мен басқа да қаржы институттары, шет елдер үкiметi мен олардың агенттерi, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары үшiн шот ашып, оны жүргiзуге, өкiл немесе корреспондент ретiнде iс-әрекет жасауға;
- аффинирленген алтынды, бағалы металдарды, асыл тастарды және одан жасалған бұйымдарды қабылдау мен сақтауды жүзеге асыруға;
- Қазақстан Республикасының аумағында және сыртқы рынокта аффинирленген алтын мен басқа да бағалы металдарды сатып алу мен сату жөнiнде операциялар жүргiзуге;
- қолданылып жүрген заңдарына белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасына валюталық құндылықтар мен бағалы металдарды әкелуге, сондай-ақ оларды шет ел банктерiндегi және мамандандырылған қаржы ұйымдарындағы өз шоттарына орналастыру үшiн шет елдерге шығаруға құқылы;
- ең төменгі деңгейін Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын кредиттік рейтинг бар эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды сатып алуға, сатуға немесе олармен операциялар жүргізуге;
- ақша рыногының банкаралық депозиттер, репо және кері репо, депозиттік сертификаттар, коммерциялық қағаздар және ең төменгі деңгейін Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын кредиттік рейтингі бар эмитенттер шығарған басқа да борыштық міндеттемелер сияқты құралдарымен операцияларды жүзеге асыруға;
- форвард операциялары, своп операциялары және кредиттік рейтингін Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын деңгейден төмен емес қарсы әріптестермен опцион операциялары сияқты туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыруға;
- Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша басқа да операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
58-бап. Алтын-валюта активтерi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта активтерi Қазақстан теңгесiнiң сыртқы және iшкi тұрлаулылығын қамтамасыз ету үшiн жасалады, және пайдаланылады әрi олар:
- аффинирленген алтыннан;
- Қазақстан Ұлттық Банкiнде сақтаулы валюталық құндылықтардан;
- шет ел валютасындағы жай және аударым вексельдерiнен;
- шет елдер үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарып, кепiлдiк берген бағалы қағаздардан;
- мұндай активтердiң өтiмдiлiгi мен сақталуы қамтамасыз етiлген жағдайда, шет ел валютасында деноминирленген басқа да сыртқы активтерден құралады.
Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiнiң құрылымын және олардың орналастырылуын анықтайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмiмен көзделген жағдайларды қоспағанда алтын-валюта активтерiн кредиттер (заемдар, несиелер) беру нысанында пайдалануға және Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидентi еместерге кепiлдiктер немесе басқадай мiндеттемелер ұсынуға жол берiлмейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта активтерiнiң құрылымын ұлғайту және өзгерту:
бағалы металдар мен асыл тастарға қатысты қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес қазақстандық және басқа осындай металл өндiрушiлерден (сатушылардан) тазартылған алтын сатып алу;
Қазақстан теңгесiне (естелiк және кәдесый тиындарын қоса) шет ел валютасын және Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резиденттерi мен резидентi еместерге шет ел валютасын сатып алу жолымен;
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң шет ел валютасымен жүзеге асыратын депозит, салым, дилинг операцияларынан және шет ел валютасында деноминирленген бағалы қағаздар операцияларынан, сондай-ақ шет ел валютасымен беретiн кредиттерiнен түсетiн комиссиялық және басқа сыйақылар;
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тазартылған алтын, күмiс, платина және платина тобындағы басқа металдарды сату, салу және басқа операциялар жүргiзуiнен алынған шет ел валютасындағы түсiмдер;
Қазақстан Ұлттық Банкi халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердiң орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан алған кредиттер;
осы Заңға және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ережеге сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкi көрсеткен консультациялық, баспа-ақпараттық және басқа да қызметтен алынған шет ел валютасындағы түсiмдер есебiнен жүргiзiледi.
Алтын-валюта активтерiн азайтуды Қазақстан Ұлттық Банкi мынадай жолмен жүргiзедi:
айырбас бағамы саясатын қоса ақша-кредит саясатын жүргiзу мақсатында iшкi валюта нарығында валюта сату әрi iшкi валюта нарығында шет ел валютасына деген сұраным мен ұсынымның арасындағы алалықты бәсеңдетуге;
шет елдегi дипломатиялық және басқа да өкiлдiктердi ұстау мен iссапар шығындарын, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк сыртқы қарызына қызмет көрсетудi қоса өнiм (жұмыс, көрсетiлетiн қызмет) импортын төлеу үшiн мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты мен Қазақстан Ұлттық Банкi сметасы (бюджетi) есебiнен теңгенi шет ел валютасына айырбастауды жүзеге асыру;
басқа шет ел валютасын сатып алу үшiн шет ел валютасын сату;
Қазақстан Ұлттық банкiнiң алған кредитi бойынша негiзгi соманы, және сыйақыны , сондай-ақ комиссиялық және басқа iлеспе шығындарын қайтару;
шығынды алтын-валюта активтерiн қалыптастырылған провизиялар (резервтер) есебiнен есептеп шығару.
59-бап. Алтын-валюта активтерiнiң өтiмдiлiгi және
олардың сақталуы
Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта активтерінің өтімділігін және сақталуын, сондай-ақ тәуекел қалыпты деңгейде болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілігін қамтамасыз ете отырып, олармен операциялар жасайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiн ұлттық валютаның тұрақтылығын және айырбасталуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының мiндеттемелерi бойынша төлемдердi жүзеге асыру үшiн қажеттi деңгейде ұстап тұруға тиiс.
60-бап. Алтын-валюта активтерiн қайта бағалау шоты
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң активтерiн немесе мiндеттемелерiн бағалау өзгерiстерінің салдары болып табылатын алтын-валюта активтерi бойынша бағамдық айырмалар олар пайда болған есептi кезеңнiң iске асырылмаған кiрiстерi немесе шығыстарының шоттарына жатқызылады. Қаржы жылы iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес есептелген, iске асырылған кiрiс/шығыс сомасы есептi кезеңінің кiрiстерi мен шығыстарының тиiстi шоттарына жiберiледi. Қаржы жылының аяқталу нәтижелерi бойынша iске асырылмаған кiрiстер мен шығыстар тиiстi қайта бағалау шоттарына жатқызылады. Қайта бағалау шоттарында алтын валюта активтерінің түрлерi бойынша қалдық қалмаған жағдайда туындайтын терiс бағамдық айырма есептi кезеңнiң шығыстарына жатқызылады.
Алтын-валюта активтерiн қайта бағалаудан iске асырылған кiрiстер толық көлемiнде резервтiк капиталды ұлғайтуға жiберiледi.
11 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бақылау
және қадағалау функциялары
61-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң (реттеу мен қадағалауды
жүзеге асыру принциптерi
Қазақстан Ұлттық Банкi қаржылық ұйымдардың қызметiн реттеу мен қадағалауға қатысады, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ықпал ету шараларын және санкциялар қолданады. Қазақстан Ұлттық Банкi банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға өз құзыретi шегiнде санкция қолданған кезде бұл туралы уәкілеттi органға хабарлайды.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң реттеушi функциялары Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған.
Қазақстан Ұлттық Банкi қаржылық ұйымдардың жедел қызметiне араласпайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi өз функцияларын орындау үшiн мемлекеттiк органдардан, қаржылық және өзге де ұйымдардан, сондай-ақ олардың қауымдастықтарынан (одақтарынан) қажеттi статистикалық есептілiктi және қажет болған жағдайда өзге де қосымша ақпаратты сұратуға әрi алуға құқылы.
62-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржылық ұйымдардың
қызметiн реттеу мен қадағалау жөнiндегi негiзгi
өкiлеттiктерi
Қазақстан Ұлттық Банкi осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес қаржылық ұйымдарға лицензия берудi, оларды бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
Осы мақсаттарда Қазақстан Ұлттық Банкi:
1) қаржылық ұйымдар мен олардың клиенттерi орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға;
2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдардың банк операцияларын жүргiзуiне лицензиялар берудiң шарттары мен тәртiбiн айқындауға;
2-1) банк операцияларын жүргізу тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда уәкілетті органға қорытынды беру шарттары мен тәртібін айқындауға;
3) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша қаржылық ұйымдар мен өзге де тұлғалардың қызметiн тексерудi жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және азаматтардан өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтер алуға өкiлеттi.
Қазақстан Ұлттық Банкi уәкiлеттi органмен, басқа мемлекеттердiң орталық банктерiмен және қадағалау органдарымен ынтымақтастық жасайды және өздерiнiң бақылау функцияларын жүзеге асыруға қажеттi ақпарат алмасуға құқылы.
62-1-бап. 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
62-2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің бақылау функцияларын
жүзеге асыру
Қазақстан Ұлттық Банкі осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес реттелуі өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша:
1) Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар үй-жайларының техникалық жарақтануын және жабдықтарын алдын ала қарап шығу;
2) біліктілік талаптарына сәйкестікті белгілеу;
3) тексерілетін орынға барып немесе құжаттық нысанда:
қаржы ұйымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауы тұрғысынан; Қазақстан Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін тұтастай немесе жекелеген мәселелер бойынша, сондай-ақ олардың Қазақстан Ұлттық Банкіне табыс ететін есептері мен мәліметтерінің дұрыстығын зерделеу үшін тексеру жүргізу арқылы бақылау функцияларын жүзеге асырады.
62-3-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің тексерулер ұйымдастыру мен
жүргізу тәртібінің ерекшеліктерi
1. Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы ұйымдарының (олардың филиалдарының), сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін тексеруді осы бапта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік пен лицензиялау мәселелерін реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес дербес не басқа мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың мамандарын тарта отырып жүргізеді.
2. Қазақстан Ұлттық Банкі жүргізетін тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспарлы - қаржы ұйымдарын (олардың филиалдарын), сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын басқа да тұлғаларды Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеру жоспарларына сәйкес жылына бір реттен асырмай тексеру;
2) жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде жазылған фактілер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар бойынша, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан сауалдар түскен кезде, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылғаны туралы айғақтайтын ақпарат пен материалдар алған кезде, Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде тағайындалатын, сондай-ақ бұдан бұрын анықталған Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтардың жойылуын бақылау мақсатындағы тексеру.
3. Тексеру жоспарлары тоқсан сайын жасалады және оны Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы бекітеді.
4. Қазақстан Ұлттық Банкі тексеру жүргізу басталарда тексеруші топқа тексерілетін тұлға ұсынуға міндетті құжаттардың (мәліметтердің) тізбесін көрсете отырып, алдағы тексеру туралы тексерілетін тұлғаны жазбаша хабардар етуге құқылы.
Тексеру тағайындау туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары не Қазақстан Ұлттық Банкі аумақтық филиалының басшысы бекіткен актіні тексерілетін тұлғаға тапсырған кез тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
5. Тексеру Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеру тағайындау туралы актісінің негізінде жүргізіледі.
Тексеру тағайындау туралы актіде:
1) актінің нөмірі және жылы, айы, күні;
2) тексеру тағайындаған органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
4) өзіне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған, тексерілетін тұлғаның атауы, оның орналасқан жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, сондай-ақ өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тексерулерді тіркеу үшін талап етілетін басқа да мәліметтер;
5) тексеру түрі (жоспарлы, жоспардан тыс);
6) тексерілуге жататын мәселелер;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексерілуге жататын нормативтік құқықтық актілер;
9) жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтініштері бойынша және бұрын анықталған Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтардың жойылуын бақылау мақсатындағы тексерулерді қоспағанда, тексеру кезеңі;
10) лауазымын, тегін, аты-жөнін көрсете отырып, актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолы және мөр көрсетіледі.
6. Тексеру тағайындау туралы акт өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті түрде тіркеледі.
7. Объектіге тексеру үшін келген Қазақстан Ұлттық Банкінің лауазымды адамдары өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркелгені туралы белгісі бар тексеру тағайындау туралы актіні және қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті.
8. Тексеру тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе тексеруді жүзеге асыратын Қазақстан Ұлттық Банкінің лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарды пайдалануына кедергі келтірілген жағдайда тиісті акт жасалады. Актіге тексеруді жүзеге асыратын Қазақстан Ұлттық Банкінің лауазымды адамы және тексерілетін тұлғаның уәкілетті қызметкері қол қояды.
9. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
10. Тексерілетін тұлға Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеру тағайындау туралы актісін алғаннан кейін келесі күннен кешіктірмей тексеруші топ басшысының атына:
1) тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшы және оны алмастыратын адам туралы;
2) тексерілетін тұлғаның қажетті құжаттар (мәліметтер) дайындауға, оларды тексеруші топқа (адамға) уақтылы беруге жауапты мамандары туралы ақпаратты көрсете отырып, хат табыс етеді.
11. Тексеру жүргізілетін кезеңде тексерілетін тұлға тексеруші топқа (адамға):
1) алғашқы талап етуі бойынша тексеруге қатысты кез келген қажетті құжаттарды (мәліметтерді) қағаз және электрондық жеткізгіштерде не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін алуын, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін қажетті кез келген ақпарат көздеріне қол жеткізуін;
2) автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) тексеру мәніне сәйкес қол жеткізуін;
3) қажет болған кезде кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлердің жүргізілетін тексеруге, олардың қызметтік міндеттеріне және (немесе) тексерілетін тұлғаның қызметіне қатысты мәселелер бойынша түсіндірме (ауызша немесе жазбаша) беруін;
4) тексерілетін тұлғаның ғимаратынан жеке үй-жай берілуін (болған жағдайда), оған еркін кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
12. Тексерілетін тұлғаның осы баптың 11-тармағында көрсетілген талаптардың бірін бұзуы тексерілетін тұлғаға не оның басшысына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдануға негіз болып табылады.
13. Тексеру жүргізу мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс, жекелеген мәселелерді қосымша зерделеу қажет болған не тексерудің едәуір көлеміне байланысты ерекше жағдайларда Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары не Қазақстан Ұлттық Банкі аумақтық филиалының басшысы тексеру жүргізу мерзімін ұзартуы мүмкін, бірақ бұл күнтізбелік отыз күннен аспауы керек.
Тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркей отырып, тексеруді ұзарту туралы қосымша акт ресімделеді, онда тексеру тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркеу нөмірі мен жылы, айы, күні және ұзарту себебі көрсетіледі.
14. Тексеру нәтижелері бойынша тексеруші топ (адам) тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған жылы, айы, күні мен орны;
2) тексеру жүргізген органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеру тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
5) тексерілетін тұлғаның атауы, оның орналасқан жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, ал тексеру жүргізген кезде тексерілетін тұлғаның өкілі қатысқан жағдайда оның тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
6) тексеру жүргізілген орын және кезең;
7) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;
8) тексерілетін тұлға өкілінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан жағдайда басқа да тұлғалардың актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы;
9) тексеру жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты қажетті құжаттар (мәліметтер) немесе олардың көшірмелері қоса берілуі мүмкін.
Тексеру жүргізу мерзімі аяқталуынан кешіктірмей тексеруші топ (адам) тексерілетін тұлға басшысының атына, тексерілетін тұлғада түпнұсқасы болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, танысу және қол қою үшін тексерудің нәтижелері туралы актінің екі данасын қосымшаларының көшірмелерімен қоса жібереді.
Тексерілетін тұлғаның басшысы (оның орынбасары) не тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшы тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасын қабылдайды, актінің екінші данасының әрбір парағына қол қояды, оның соңғы парағына лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, алған күні туралы белгі қояды және тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен кейінгі келесі күнінен кешіктірмей, тексеру нәтижелері бойынша ескертулері және (немесе) қарсылықтары болса көрсете отырып, Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеруші тобына (адамына) екінші дананы табыс етеді.
15. Тексерілетін тұлғаның басшысына (оның орынбасарына) тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы актінің жіберілген күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
16. Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолданған жағдайда тексерілетін тұлға анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы жазбаша есепті (ақпаратты) Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген мерзімде оған табыс етуге міндетті.
17. Тексеру жүргізген кезде Қазақстан Ұлттық Банкінің лауазымды адамдары тексерілетін тұлға құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге және алынған ақпараттың құпиялығын сақтауға, тексерілетін тұлғаның және оның клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге тікелей не жанама әкеп соғатын іс-әрекеттерден тартынуға тиіс.
63-бап. 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
64-бап. 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
12 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң есеп беруi
65-бап. Қаржы жылы
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылы күнтiзбелiк есептеу бойынша 1 қаңтардан басталып, 31 желтоқсанда аяқталады.
66-бап. Есеп беру
Қазақстан Ұлттық Банкi жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне жылдық есеп берiп отырады.
Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебiн қарап, оны бекiту туралы шешiм қабылдайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi келiсiлген мерзiмде Қазақстан Республикасының жиынтық қаржы балансын жасау үшiн бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық бухгалтерлiк балансын және кiрiстерi мен шығыстары туралы есебiн берiп отырады.
67-бап. Жылдық есеп
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебi:
- ақша-кредит саясаты және қаржы рыногының жай-күйi туралы баяндаманы;
- Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өткен жылғы қызметi туралы есептi;
- Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiн қамтиды.
68-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметiн тексеру
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi негiзiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметiн тексерудi, оның iшiнде қаржылық есептiлiк аудитiн құрылтайшыларының құрамына мемлекеттiң орталық банкiне аудит жүргiзу тәжiрибесi бар аудиторлық ұйым - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мүшесi кiретiн аудиторлық ұйым жыл сайын жүзеге асырады.
Тексерiс кезiнде алынған әрбiр ақпарат құпия деп саналады және аудиторлық ұйым оны үшiншi жаққа жеткiзгенi үшiн жауап бередi.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң және оның ұйымдарының қызметiне жасалған кез келген мемлекеттiк органның тексерiсi Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен не болмаса тапсыруы бойынша ғана жүзеге асырылады.
13 Тарау. Қорытынды ережелер
69-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң таратылуы
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының тиiстi Заңын қабылдау жолымен таратылуы мүмкiн, Қазақстан Ұлттық Банкi таратылған жағдайда оның мүлкi тиiстi Заңда көрсетiлген банк құқығын иеленушiге бередi.
70-бап. Ақпарат алу жөнiндегi өкiлеттiк
Қадағалау мен бақылау жөнiнде Қазақстан Ұлттық Банкiне жүктелген функциялардың сапалы уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, осы Заңның талаптарын iске асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi банкте, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда шоты бар Қазақстан Республикасы аумағындағы кез келген жеке және заңды тұлғадан қажеттi ақпарат алуға құқылы, бұл ретте алынған мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.
70-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететiн қызметтердiң өтемдiлiгi
Қазақстан Ұлттық Банкi банк операцияларын және басқа да қызметтердi ақылы негiзде атқаруға құқылы. Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететiн қызметтері үшiн ақының түрлерi мен мөлшерлерiн өз бетiнше белгiлейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын, өзге де қорлар мен ұйымдарды басқару жөнiндегi қызметтердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Yкiметi мен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға көрсетiлетiн банктiк және өзге де қызметтер үшiн ақы алмайды.
71-бап. Наразылық пен қуынымның ескiру мерзiмi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң кредит шарттарының тиiсiнше орындалмауы жөнiнде заемшыларға қоятын талаптарына наразылық пен қуынымның ескеру мерзiмi қолданылмайды.
72-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жауапкершiлiгi және дауларды шешу тәртiбi
Қазақстан Ұлттық Банкi өзiнiң мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
Қазақстан Ұлттық Банкi, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және олардың құрылтайшылары (қатысушысы), заңды және жеке тұлғалар арасында осы Заңды орындау үшiн туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес сот тәртiбiмен шешiледi.
Заңды және жеке тұлғаларға өзінің бақылау және қадағалау қызметіне байланысты заңсыз іс-әрекетімен немесе әрекетсіздігімен зиян келтірілгені үшін Ұлттық Банк және оның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актілерімен көзделген жауаптылықта болады.
73-бап. 10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен алып тасталды
74-бап. Осы Заңның күшiне енуi
Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
|
Н. Назарбаев
|
Достарыңызбен бөлісу: |