2.2. Стилистикадағы «стиль» ұғымы
«Стиль» — стилистиканың негізгі орталық ұғымы. Стилистика ғылымында оның көптеген түсінігі бар. Олай болу себебі, біріншіден, стилистика ғылымының тарихи даму жағдайымен түсіндірілсе, екіншіден, «стиль» ұғымының күрделілігінен туындайды.
Дәстүрлі практикалық стилистикада «стиль» термині тілдің нормативті-стилистикалық ережелеріне сәйкес келу дәрежесін білдіреді (мысалы, «жақсы стиль», «жаман стиль»). Стиль терминінің кең мағынасы — сөйлеу мәнерін білдіріп келсе, тар мағынасы — жеке шығарманың немесе жазушы шығармашылығының тілдік ерекшелігі (көркем әдебиет стилистикасы тұрғысынан алғанда) дегенді білдіреді. Соңғы мағынасында «стиль» термині әдебиеттік стилистикада да қолданылады.
Барлық жағдайда да «стиль» термині тілдік қолданымға байланысты айтылады. Стильді тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарының жиынтығы ретінде түсіну тілдік құрылымның стилистикалық белгілеріне арнайы назар аударудан туған түсінік.
Ғылымда «тіл стилі», сөйлеу стилі» ұғымдары да бар. Тіл стильдері мен сөйлеу стильдерінің ерекшеліктері тіл мен сөйлеудің ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Тіл — қатынас құралы, сөйлеу — сол құралдың іске асуы, яғни белгілі бір қызметтегі көрінісі. Сондықтан сөйлеу стильдері дегенді тіл стильдерінің іске асуының нәтижесі, іс жүзіндегі көрінісі деп қарауға болады. Сөйлеу стилъдері әр уақытта жанрлармен байланысты болып келеді.
Тіл стильдері, сөйлеу стильдері, сөйлеу жанрлары арасындағы тәуелділікті мынадан байқауға болады. Тіл стильдері сөйлеу стильдерімен сәйкесті болса, соңғыларының нақты көрінісі сөйлеудің әртүрлі композициялық формаларында немесе жанрларында жүзеге асады. Стиль тілді қолданудың нақты үлгісі болғандықтан, онда ұлттық тілдің ерекшеліктері де көрініс табады.
Көне дәуірлерде-ақ шешендер, жазушылар, ғалымдар мынаны байқаған: тілдік құралдардың қайсы бір түрін таңдау қарым-қатынастың шартына, сипатына, тақырыбына, міндетіне байланысты туындап отырған. Тіл құралдары бұл тұрғыдан грамматика заңдарына ғана сәйкес болмай, қарым-қатынастың жағдайлары мен мақсатына да сәйкес болып келуі керек. Соған байланысты тіл құрамында бірте-бірте қолданыстың мақсаты мен саласына сәйкес туындайтын ерекшеліктер қалыптаса бастайды.
Көне Рим қайраткері Цицерон былай дейді: «Адамның қоғамдағы жағдайына, қызметіне, ықпалына, жас ерекшелігіне қарай бірдей стилъ қолданылмайтыны сияқты, кез келген уақыт пен кез келген орында да бірден стильді қолдануға болмайды. Өмірдің бел-белесіндегі сияқты, сөзінің әр бөлшегінде де оның орынды айтылуына көңіл бөлу керек, бұл сөз болатын істің мән-жайына, сөйлеуші мен тыңдаушыға да байланысты болады» [9, 196].
Көне замандарда сөйлеудің (сөздің, стильдің) үш түрін ажыратып қарады: төмен стиль, бұл — өсиет, ақыл айту, бағыт беру үшін; орта стиль, бұл — сөйлесу, әңгімелесу үшін; жоғары стиль, бұл — тыңдаушыға ерекше әсер ету үшін қолданылды.
Көне тіл, стиль теориясының бұл қағидалары Еуропада риторика мен стилистиканың дамуына өз әсерін тигізді.
Мысалы, 18 ғ. француз академиясы стильдерді былай топтастырады: жоғары стиль — классикалық трагедия, ода, ораториялар; қазіргі стиль — роман, повестер; фольклор стилі (қарапайым стиль) — комедия, мысал, әзіл-сықақтар.
Ресейде орыс әдеби тілі стилистикасын дамытуда М.В.Ломоносовтың еңбектері (үш стиль теориясы) зор рөл атқарды. Орыс сөздерін «қарапайым халықтық, төмен» және оқыған адамдардың ауызша сөйлеуде қолданылатын сөздері деп бөлді. Әр стильдің нормасын белгілеп, қолдану аймақтарын көрсетті.
«Функционалды стиль» ұғымы — қазіргі стилистикадағы негізгі ұғым. Функционалды стильдер тілдің қолданысымен, қызмет етуімен тікелей байланысты, яғни шынайы сөйлеуде, мәтінде көрінеді. Функционалды стильдерде әртүрлі тілдік деңгейлердің тұлға-бірліктері мен олардың стильдік бояуға ие түрлері белгілі бір қатынас саласында қызмет ету міндеттеріне сәйкесті түрде бірігеді. Функционалды стильді В.В.Виноградов былай анықтайды: «Стилъ — бұл жалпыхалықтық, жаллыұлттық тілдің белгілі бір саласында тілдік қарым-қатынас құралдарының сұрыпталып тіркесу, қолдану тәсілдерінің қоғамдық тұрғыдан қабылданған, функционалдық тұрғыдан шартталған, іштей біріккен жиынтығы. Ол басқа мақсатқа қызмет ететін, басқалай қызмет атқаратын өзі сияқты бейнелеу тәсілдерімен бір қатарда тұрады» [10, 73].
Функционалды стильдердің қалыптасуына әсер ететін факторлар тілден тысқары (экстралингвистикалық) және таза тілдік болып екі топқа бөлінеді. Функционалды стильдерді сипаттауда олардың екеуі де ескеріледі.
Тілден тысқары стиль құраушы әсерлерге қоғамдық сана формасы және соған тән ойлау түрі, сөздің ауызша не жазбаша көрінісі, сөздің жанрлық ерекшелігі, қарым-қатынастың түрі (көпшілік не жекелік), баяндау түрі (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы), жағдаяттық-қоғамдық факторлар (сөздің тоны, сөйлеу актісінің түрі, тыңдаушы ерекшелігі) т.б. жатады. Бұлар объективті факторларды құраса, автор ұстанымы, оның даралығы сияқты субъективті факторлар да болады.
Бұл факторлардың барлығы да сөз сипатына тікелей әсер етеді, бірақ олардың стиль құраушылық дәрежелері бірдей емес.
Тілдің негізгі қатысымдық (коммуникативтік) қызметінен өзге де қызметтері бар екені белгілі. В.В.Виноградов функционалды стильдерді топтастыруда осы қызметтерін басшылыққа алады. «При выделений таких важнейших общественных функций языка, как общение, сообщение и воздействые, могли бы бытъ в общем плане структуры языка разграничены такие стили: обиходно-бытовой стилъ (функция общения); обиходно-деловой, официалъно-документалъный и научный (функция сообщения);публицистический и художественно—беллетристический (функциявоздействия)» [11, 6]. Алайда, тіл қызметтерін бұлай бөлу өте жалпылама және стиль түрлері де олардың ауқымына сыя бермейді. Негізгі стиль құраушы факторлар функционалды стильдердің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Стиль жүйелілігінің негізіне оны құрайтын тілдік бірліктердің бір мақсат негізінде өзара тығыз байланысып бірігуі жатады. Мысалы, ғылыми стильде жалпылама, дерексіз мәңге ие бірліктер белсенді рөл атқарса, көркем стильде керісінше, көркем-бейнелі тілдік нақтылыққа ие бірліктер маңызды болады.
Тілдің өзінде, бір жағынан, стильдік тармақтарға жіктеліп дамыған сайын белгілі бір функционалды стильге тән тілдік құралдар тұрақтала түседі. Екінші жағынан, функционалды стильде оны құраушы факторлардың әсерімен тілдік бірліктердің белгілі дәрежедегі өзгерісі, ауысуы жүзеге асады. Соның нәтижесінде бір тілдік бірліктің өзі қай стильде қолданылуына қарай мағынасы жағынан функционалдық сипатқа ие болады.
Мысалы, етістіктің осы шағы барлық стильдерде де қолданылады, бірақ әр қайсысындағы мағынасы бірдей емес. Іс қағаздары стилінде осы шақтың бұйыру, талап ету мәні алдыңғы қатарға шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |