2.Дене тәрбиесінің негізгі ұғымдары
Дене тәрбиесі теориясында әртүрлі ұғымдар (түсініктер): дене дамуы, дене әзірлігі, дене жетілуі, дене тәрбиесі, дене машықтығы, дене тәрбиесі білімі, дене жаттығулары, спорт, дене тәрбиесі мәдениеті және т. б. Қолданылады әртүрлі құбылыстарды көрсете отырып, олар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Қазіргі кезде қолданылып жүрген ұғымдар қоғамның тарихи дамуының әр дәуірінде пайда болған. Олардың мазмұны дене тәрбиесі жөніндегі ғылымның және оның практика жүзінде жүзеге асырылуының дамуына қарай тереңдеп, нақтыланып келеді.
Ұғым-заттар мен құбылыстардың мәнді ерекшеліктерін, байланыстарын және қатынастарын, олардың қарама-қайшылығы мен дамуы процесінде бейнелейтін ой формасы; белгілі бір топқа жататын заттардың жалпы және тек соларға ғана тән ерекшеліктерін жинақтап көрсететін ой немесе ой жүйесі (Түсінік-заттар мен құбылыстардың санада сақталып, сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінсіз қайта жаңғыртылатын көрнекі сезімдік бейнелері. Адамның түсінігі тек қоғамдық практика негізінде ғана қалыптасады). Адамзат тәжерибелерінең нәтижелері тіл формасында бекіп, қоғамдық мәнге ие болады. Ендеше, дене тәрбиесі теориясында жиі қолданылатын ұғымдарға (түсініктерге) тоқталып өтейік.
Дене тәрбиесі - тәрбиенің құрамды бөлігі. Ол денені жетілдіруге, яғни денсаулықтың, дене дамуының және дене әзірлігінің жоғары деңгейіне жетуіне бағытталған. Бұл анықтама дене тәрбиесінің салыстырмалы түрде даралық ерекшелігін көрсетеді. Ол тәрбиенің басқа түрлері – адамгершілік, эстетикалық, ақыл-ой, еңбек т.б. тәрбиелермен байланысты. Сондықтан да біздің елімізде дене тәрбиесінде қоғамдық тәрбие мақсатынан туындайтын педагогикалық міндеттер де шешімін табады. Дене тәрбиесі ұғымын жалпы тәрбие деген кең ұғымның бір саласы деп ұққанымыз дұрыс. «Дене тәрбиесі» атауы педагогикалық процесс. Ол тәрбиелік және білімділік міндеттерді шешуге тиіс. Дене тәрбиесінің басқа тәрбиелерден айырмашылығын айтатын болсақ, біріншіден, бұл процесті дене сапаларын дамытумен бірге тиімді дағды (әдет) козғалыстарын қалыптастыру арқылы дене жұмыскерлігін арттыру деп ұғынамыз. Қорытып айтқанда, «дене тәрбиесі» дегеніміз ол адам бойындағы морфофункционалдық қасиеттерді дамытатын, білімін байытып, шеберлігін, қозғалыс дағдыларын арттыру негізінде еңбек көрсеткіштерін жақсарту мен бірге Отанымызды қорғауда жоғары жетістіктерге жетуге бағытталған педагогикалық процесс. «Дене тәрбиесі» ұғымының екі мағынасы болуы мүмкін. Біріншісі – дене жөніндегі білімділік, екіншісі – дене қасиеттерінің тәрбиесі.
Достарыңызбен бөлісу: |