3 тарау. Мұнайдың төгілуін жою әдістері
4 параграф. Бақылау және бағалау
38. Бақылау және бағалау келесі жағдайларда белгіленеді:
1) табиғи-климаттық жағдайларға байланысты мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың басқа әдістерін қолдану мүмкіндігі болмаған кезде;
2) табиғи тазарту мен қалпына келтіруге қарағанда басқа әдістермен көп зиян келтірілген жағдайларда;
3) МАТЖ-тың басқа әдістерін қолдану кезінде олардың тиімділігін бағалап, түзету мақсатында.
39. Бақылау мен бағалау арқылы жүзеге асырылады:
1) жағалау аймағынан, су бетінен, ауадан жүзеге асырылатын көзбен шолып бақылау;
2) телеметриялық аспаптардың, ғарыштық спутниктердің көмегімен жүзеге асырылатын қашықтықтан бақылау.
40. Осы бақылаулар мен бағалаулар аспаптық мониторингпен сүйемелденеді.
41. Бақылау мен бағалау нәтижелері, сондай-ақ мониторинг барысында алынған ақпарат жазбаша, электрондық, дыбыс-бейне немесе өзге де нысанда расталады.
5 параграф. Механикалық тежеу және су бетінен мұнай жинау,
сондай-ақ, мұнай дағының бақыланатын жағылуы
42. Механикалық тежеу және су бетінен мұнай жинау мұнайдың төгілуін жоюдың бірінші кезектегі әдісі болып табылады. Егер механикалық жинау және тазалау тиімсіз болса немесе оларды қолдану мүмкін болмаса, жағалау сызығы бойынша мұнаймен ластанған өсімдіктер немесе мұз жағдайларының болуы орын алса, химиялық құралдарды қолдану және мұнай дағының бақыланатын жағылуы қарастырылады.
43. Қолайсыз ауа райы жағдайлары, газ қауіптілігі және күкіртсутегі болған кезде механикалық тежеу және су бетінен мұнай жинау жүргізілмейді немесе персоналдың өмірі мен денсаулығы және жану мен жарылыс қаупі үшін қауіпсіз деңгейге жеткен кезде жүргізіледі.
44. Мұнайдың авариялық төгілуін жою кезінде жиналған мұнайды сақтау үшін барынша мүмкін болатын орындарды қамтамасыз ету қажет. Мұнайды механикалық жинау нәтижесінде пайда болған кемелерден жиналған суды ағызу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісіледі.
45. Мұнай дағын бақылап жағу келесі жағдайларда жүзеге асырылады:
1) суда;
2) қорғау аймағындағы құрғақ жерде;
3) қарда немесе мұз жағдайында.
46. Мұнай дағының бақыланатын жағылуы МАТЖ әдісі болып, бақылаумен және отқа төзімді бондық бөгеттермен жүзеге асырылады. Мұнай дағының бақыланатын жағылуы мұнайдың үлкен көлемін және мұзды жағдайларда мұнайды жою кезінде МАТЖ-ның тиімді әдісі болып табылады.
47. Мұнай дағын бақыланатын жағу елді мекеннен кемінде 5 километр қашықтықта жүзеге асырылады. Қауіпсіз арақашықтық түтін түтігінің пайда болуына байланысты мұнай тайқырын бақылаумен жағу жұмыстары кезінде халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында белгіленеді.
48. Мұнай дағын бақылап жағудың тиімділігіне мұнай дағының қалыңдығы кемінде 3 миллиметр болғанда қол жеткізіледі. Мұнай дағының жеткілікті қалыңдығы отқа төзімді бондық бөгеттердің көмегімен қамтамасыз етіледі, олар жағу, сондай-ақ хердерлерді қолдану кезінде мұнайдың таралуын шектеу функциясын орындайды.
49. Мұнай дағын бақылап жағуды жүргізуді бастар алдында келесі ақпаратты қамтитын мұнай дағын бақылап жағуды жүргізу жоспары әзірленеді:
1) мұнай дағын жағу процесінің бақылаудан шығу қаупі шамалы болған кезде жануды дереу тоқтату үшін жеке қорғану құралдарымен және ресурстармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, тәуекелдерді бағалау және басқару, ден қою жөніндегі персонал бойынша қабылданатын шараларды жан-жақты сипаттай отырып, мұнай дағын бақыланатын жағуды жүргізу орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары;
2) халықтың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай дағын бақыланатын жағу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің қауіпсіз қашықтығы туралы ұсыныстары;
3) мұнайдың төгілуі туралы жан-жақты ақпарат, оның ішінде мұнай дағын жоспарланған бақыланатын жағудың орналасқан жері, мұнай түрі (оның ішінде эмульсиялаудың болжамды дәрежесі көрсетіледі) және мұнай көлемі бойынша бағалау деректері: мұнай дағын бақыланатын жағу арқылы жойылған төгілген мөлшері;
4) жауын-шашынды, желдің жылдамдығын, ауа температурасын, теңіздің және ішкі су айдындарының жай-күйін қоса алғанда, мұнай дағын жоспарлы бақыланатын жағу кезіндегі ауа райы жағдайларының болжамы;
5) мұз қабатының пайызы, теңіздің және ішкі су айдындарының жай-күйі;
6) ұсынылып отырған өртеу жүйесі;
7) пайдалануға ұсынылып отырған мамандандырылған жабдықтар;
8) кемелер мен көлік құралдарын қоса алғанда, мұнай дағының бақыланатын жағылуын қамтамасыз етуге арналған ұсынылатын қосымша материалдар мен құралдар;
9) 16 километр қашықтықта елді мекендердің немесе 32 километр қашықтықта әуежайлардың бар-жоғы туралы ақпарат;
10) жанбаған қалдықты жинаудың, сақтаудың және кәдеге жаратудың ұсынылатын тәсілі;
11) 5 километр радиуста жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің мекендеу орындарының болуы туралы ақпарат;
12) ауада түтін шлейфінің қозғалыс бағытын тексеру, растау және мұнай дағын бақыланатын жағу жүргізілгенге дейін оның шашырауы үшін сынамалы жағу жүргізу нұсқалары, сынамалы жағу жүргізу мүмкіндігі болған жағдайда.
50. Мұнай дағын бақылап жағуды жүргізу жоспарын кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу қаупі бар объект, кемелерден мұнайдың төгілуі кезінде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдар әзірлейді және оны тиісті деңгейдегі жедел штаб басшысы бекітеді. Мұнай дағын бақылап жағуды жүргізу жөніндегі жоспарды тиісті деңгейдегі жедел штаб басшысы толықтыруы немесе өзгертуі мүмкін.
51. Төгілген мұнайды жағу үшін дақтың тұтану сәтіне дейін бастапқы қызуын қамтамасыз ету үшін тұтандырғышты пайдалану қажет.
52. Мұнай дағын оқшаулау және өртеу тәсіліне байланысты тиісті жабдық таңдалады.
53. Мұнай дақтарын бақыланатын жағу кезінде қолданылады:
екі кемемен ашық суда немесе жұқа мұз жағдайында мұнайдың төгілуін оқшаулау, мұнай қабатын кейіннен өртеу және жағу мақсатында қалыңдату үшін сүйретуге болатын отқа төзімді бондық бөгеттер;
тұндырғыштардағы, мұнай ұстағыштардағы немесе ашық су айдындарындағы су бетінен мұнай өнімдерін алуға арналған мұнай жинаушылар (скиммерлер), мұнай жинаушыларының саны мұнайдың төгілу көлеміне байланысты.
54. Скиммерлер мен бондық бөгеттерден басқа, мұнайдың төгілуін жою кезінде қосымша құралдар қажет болуы мүмкін, олар:
кеңейтуге, басқаруға және шығаруға арналған жұмыс платформалары скиммерлер мен бондар;
жиналған сұйықтықтар мен қатты заттарды сақтауға арналған ыдыстар;
жиналған сұйықтықты қоймаға айдауға арналған сорғылар;
тасымалдауға және (немесе) жоюға арналған құрылғылар;
мониторингті орындау үшін әуе кемесі;
қауіпсіздікті қамтамасыз ету кемелері;
жағалауды қорғауға және тазартуға арналған жабдық;
қосымша жабдықтар (шлангілер, төсемдер, қосқыштар, адаптерлер және т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |