751-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға іс бойынша iс жүргiзудiң кез келген кезiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Заң көмегiне ақы төлеуге қаражаты жоқтығын уәж етiп қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi.
2. Қорғаушыдан бас тарту өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның бұдан былай қорғаушыны iске қатысуға жiберу туралы өтiнiшхат жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске кiрiсуi сол уақытқа дейiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды.
752-бап. Қорғаушының өкiлеттiктерi
1. Қорғаушы: iстiң барлық материалдарымен танысуға; iстi қарауға қатысуға; дәлелдемелер ұсынуға; өтiнiшхаттарды және қарсылықтарды мәлiмдеуге; судьяның, iстi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) рұқсатымен iстi қарау процесiнде жауап алынатын адамдарға сұрақтар қоюға; іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдануға және iс бойынша қаулыға шағым жасауға; өзiне заңмен берiлген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Қорғаушы: қорғалушының мүдделерiне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесілі құқықтарын жүзеге асыруына кедергi келтiруге; қорғалушының ұстанымына қарамастан, оның әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасауға кiнәлiлiгiн тануға, қорғалушының жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; қорғалушының берген шағымдары мен өтiнiшхаттарын қайтарып алуға; заң көмегiн сұрау мен оның жүзеге асырылуына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жария етуге құқылы емес.
753-бап. Жәбiрленушiнiң өкiлi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iстi жүргiзу кезiнде жәбірленушінің заңды мүдделерін білдіруге заң бойынша құқығы бар адамдар жәбiрленушiнiң өкiлдері бола алады.
2. Жәбiрленушi өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған жеке және заңды тұлғалармен осы Кодексте көзделген шекте процестік құқықтары бiрдей болады.
3. Өкiлдiң өзi өкiлi болып отырған тұлғаның мүдделерiне қарамастан қандай да бiр әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
4. Жәбiрленушiнiң iске жеке қатысуы оны осы iс бойынша өкiл алу құқығынан айырмайды.
754-бап. Куә
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша, егер заңда өзгеше көзделмесе, осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлар өзіне мәлім болуы мүмкiн кез келген адам куә ретiнде шақырылуы мүмкiн.
2. Куә: өзiне, жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден бас тартуға; өз айғақтарының тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығы жөнiнде мәлiмдемелер және ескертулер жасауға; iстi қарау кезiнде ана тiлiнде сөз сөйлеуге; аудармашының көмегiн тегiн пайдалануға құқылы.
3. Куә жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге, өзiне iс бойынша мәлім мән-жайдың бәрiн шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге, өзi берген айғақтардың тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығын өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
4. Куәға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) айғақтар беруден жалтарғаны немесе одан бас тартқаны, көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы және сотта осы іс-әрекеттердi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi.
5. Куә жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органы (полиция) оны күштеп әкелуі мүмкiн.
6. Он төрт жасқа толмаған, кәмелетке толмаған куәға сауал қою кезiнде педагогтiң немесе психологтің қатысуы мiндеттi. Қажет болған жағдайда сауал қою осындай куәның заңды өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
755-бап. Куәгер
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, iстiң қорытындысына мүдделi емес, өзi қатысып тұрған кездегi әрекеттердi толық және дұрыс ұғынуға қабiлеттi кәмелетке толған адам куәгер ретiнде тартылады.
2. Куәгердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысуы жеке басын тексерiп-қарау, көлiк құралын, заттарды тексерiп қарау, жеке тұлғада болған құжаттар мен заттарды алып қою, заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайлар мен мүлiктi қарап-тексеру, заңды тұлғаға тиесiлi құжаттар мен мүлiктi алып қою туралы хаттамаларда көрсетiледi.
3. Куәгер жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан лауазымды адамның шақыруы бойынша келуге, осы iс бойынша іс жүргiзуге қатысуға және өзiнiң қатысуымен жүргізілген әрекеттердi жүзеге асырылу фактiсiн, олардың мазмұны мен нәтижелерiн тиiстi хаттамаға өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
4. Куәгердiң жүргізіліп отырған әрекеттер жөнiнде хаттамаға енгiзiлуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға құқығы бар.
5. Қажет болған жағдайда куәгерден осы Кодекстiң 754-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
756-бап. Маман
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысу үшін маман ретiнде дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға, сондай-ақ техникалық құралдарды қолдануға жәрдем көрсету үшiн қажеттi арнаулы бiлiмi мен дағдысы бар, iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам тағайындалуы мүмкін.
2. Маман: өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге; егер тиiстi арнаулы бiлiмi мен дағдылары болмаса, іс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; өзiнiң қатысуымен жасалатын процестік әрекетке қатысты iс материалдарымен танысуға; жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекетке қатысушыларға сұрақтар қоюға; салыстырма зерттеулердi қоспағанда, хаттамада не процестік әрекет хаттамасының бiр бөлiгi болып табылатын ресми құжатта барысы мен нәтижелерiн көрсете отырып, процестік әрекет шеңберiнде iс материалдарына зерттеу жүргiзуге; өзi қатысқан процестік әрекет хаттамасымен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттердiң барысы мен нәтижелерiнің тіркелуде толық және дұрыс көрсетiлуiне қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиісті мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға құқылы.
3. Маман: әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргізуді жүзеге асыратын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; арнаулы бiлiмiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекетке қатысуға; өзi жасаған әрекеттер бойынша түсiнiк беруге; көрсетілген әрекеттердiң жасалу фактiсiн, олардың мазмұны мен нәтижелерiн өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
757-бап. Сарапшы
1. Арнаулы ғылыми бiлiмi бар, iске мүдделi емес адам сарапшы ретiнде шақырылуы мүмкiн. Сот сараптамасын жүргiзу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiне;
2) лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын жеке тұлғаларға;
3) заң талаптарына сәйкес бiржолғы тәртiппен өзге де тұлғаларға тапсырылуы мүмкiн.
2. Сарапшы: сараптама нысанасына қатысты iс материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшiн қажеттi қосымша материалдарды өзiне беру туралы өтiнiшхаттарды мәлiмдеуге, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекеттердi жүргiзуге қатысуға және оларға қатысатын тұлғаларға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; өзi қатысқан процестік әрекеттiң хаттамасымен танысуға және өзiнiң әрекеттерi мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетiлуiне қатысты хаттамаларға енгiзiлуге тиiстi ескертулер жасауға; сот сараптамасын тағайындаған судьяның, органның (лауазымды адамның) келiсуi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, iс үшiн маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда қамтылған мәселелердiң шегiнен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлiмдеуге; сараптама жүргiзу кезiнде өзiнiң құқықтарына нұқсан келтiретiн соттың және іс бойынша iс жүргiзуге қатысатын өзге де тұлғалардың шешiмдерi мен әрекеттерiне шағым жасауға; сараптама жүргiзу кезiнде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргiзу өзiнiң лауазымдық мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға құқылы.
3. Сарапшы: іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органды хабардар етпей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға; егер сараптама тағайындаған органның бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
4. Сарапшы: жүргiзуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; өзiне ұсынылған объектiлерге жан-жақты, толық және объективтi зерттеу жүргiзуге, өзiнiң алдына қойылған мәселелер бойынша негiзделген жазбаша қорытынды беруге; осы Кодекстiң 772-бабының он үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) жiберуге; жүргiзiлген зерттеуге және берiлген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттелiп жатқан объектiлердiң сақталуын қамтамасыз етуге; iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi және сараптама жүргiзуге байланысты өзiне белгiлi болған өзге де мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
5. Сарапшы көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн заңда көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
6. Сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылатын сарапшы өз қызметiнiң сипатына қарай құқықтарымен және мiндеттерiмен танысты және сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлді деп есептеледi.
758-бап. Аудармашы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу кезiнде аударма үшін қажет болатын тiлдердi бiлетiн (мылқаудың немесе саңыраудың белгiлерiн түсiнетiн), iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам аудармашы ретінде тағайындалады.
2. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) аудармашыны тағайындайды.
3. Аудармашы: егер аударма үшiн қажеттi бiлiмi болмаса, іс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; аударманы жүзеге асыру кезiнде аударманы нақтылау үшiн қатысушы адамдарға сұрақтар қоюға; өзi жүргiзiлуiне қатысқан процестік әрекеттiң хаттамасымен танысуға және аударманың толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиісті ескертулер жасауға құқылы.
4. Аудармашы: жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге және өзiне тапсырылған аударманы толық және дәлме-дәл жасауға; аударманың дұрыстығын тиiстi хаттамада өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
5. Аудармашыға әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде көрiнеу жалған аударма жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы және сотта осы іс-әрекеттi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi.
6. Осы баптың қағидалары мылқаудың немесе саңыраудың белгiлерiн түсiнетiн, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысуға тартылған адамға қолданылады.
759-бап. Прокурор
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргiзу процесiнде заңдардың дәлме-дәл және бiркелкi қолданылуына жоғары қадағалауды мемлекет атынан тiкелей де, өзiне бағынысты прокурорлар арқылы да Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
Прокурор өзiнiң процестік өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
2. Прокурор осы Кодекстiң 760-бабында көзделген өз өкiлеттiктерiн iске асыру мақсатында: әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргiзуге қатысуға; дәлелдемелерді ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп отырған тұлғаның кiнәлiлiгi туралы, сондай-ақ iстi қарау процесiнде туындайтын басқа да мәселелер жөнiнде өз пiкiрiн білдіруге; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) заңның ережелерiн қолдану және әкiмшiлiк жаза қолдану не одан босату туралы ұсыныс айтуға құқылы.
3. Прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық, сондай-ақ әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы міндетті түрде хабардар етiледi. Ол болмаған кезде, мұндай iс тек iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға уақтылы хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспеген жағдайда ғана қаралуы мүмкiн.
Ескерту. 759-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
760-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс
жүргiзуде прокурордың заңдылықты қамтамасыз ету
жөнiндегi өкiлеттiктерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша iс жүргiзудi тексеру нәтижелерi бойынша прокурор:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға сотқа, органға (лауазымды адамға) наразылық келтiруге;
2) уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге;
3) уәкiлеттi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе өздерiне ведомстволық бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзудi талап етуге;
4) заңда белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тоқтатуға;
5) әкiмшiлiк шара туралы қаулының орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкiмшiлiк ұстап алуға заңсыз тартылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылатын жағдайларда, мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң мiндеттерiн орындауға байланысты қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап келтіруге;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
2. Прокурордың осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген актiлерi дереу орындалуға жатады. Прокурордың көрсетілген актiлерiнiң орындалуын кiдiртуге кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
761-бап. Процестік мiндеттердi орындамағаны үшiн
жауаптылық
1. Куәнiң, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстiң 754, 756, 757, 758-баптарында көзделген процестік мiндеттердi орындамауы осы Кодекстiң 658, 659, 661-баптарында белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттер жасалған жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау кезiнде iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау хаттамаларында тиiстi жазба жүргiзiледi.
762-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс
жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болғызбайтын
мән-жайлар
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға бұзылуы осы iстi қозғау үшiн негiз болған қағидалардың сақталуына қадағалауды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi болып табылатын адамдар немесе олар бұрын осы іс бойынша iс жүргізуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, жiберiлмейдi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысуға сарапшы мен аудармашы, егер: олардың бiлiксіз екенi анықталса; олар әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың өкiлдерiмен, қорғаушымен, өкiлмен, жүргiзуінде осы iс жатқан прокурормен, судьямен, лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса не егер олар бұрын осы іс бойынша iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сол сияқты бұл адамдарды осы iске тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiздер болса, жiберiлмейдi.
3. Адамның iске сарапшы ретiнде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргiзiлген сараптамадан кейiн сараптама қайта тағайындалатын жағдайларда, оған сараптама жүргiзудi тапсыруды болғызбайтын мән-жай болып табылады.
763-бап. Iс бойынша іс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн
тұлғаларға қарсылық білдіру
1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болғызбайтын, осы Кодекстiң 762-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған тұлғалар қарсылық білдіруге жатады.
2. Өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арыз жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
3. Өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш тәулік ішінде қаралады.
4. Судья, орган (лауазымды адам) өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
764-бап. Жәбiрленушiге, куәға, сарапшыға, маманға,
аудармашыға немесе куәгерге шығыстарды өтеу
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның, аудармашының және куәгердің жүргiзуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығыстары, оның iшiнде аталған адамдардың тұрғылықты немесе жүрген жерінен іс бойынша іс жүргізіліп жатқан жерге бару және керi қайту жолақысының құны, ал бұл басқа жерде болуына байланысты жағдайларда – тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құны оларға азаматтық процестік заңнамада белгiленген тәртiппен өтеледі.
2. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы және куәгер ретiнде шақырылатын адамның, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олар жұмыс орнында болмаған кезде орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңнамада белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
39-тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ
765-бап. Дәлелдемелер
1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген нақты деректер: әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен; заттай дәлелдемелермен; өзге де құжаттармен; осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және процестік әрекеттердің хаттамаларымен анықталады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы материалдарды дәлелдемелер ретiнде қарау кезiнде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған деректер пайдаланылуы мүмкiн.
3. Егер нақты деректер іс жүргізуге қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де қағидаларын бұза отырып алынып, нақты деректердiң анықтығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, оның iшiнде:
1) зорлық-зомбылық жасап, қорқытып, алдап, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
2) процеске қатысатын адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты оған түсiндiрмеу, толық емес немесе дұрыс емес түсiндiру салдарынан туындаған шатасуын пайдаланып;
3) осы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекеттi жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық бiлдiруге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
5) процестік әрекеттi жүргізу тәртiбiн бұза отырып;
6) белгiсiз көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
4. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтынын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiшхаты бойынша белгілейді.
5. Тиiстi бұзушылықтар мен оларға жол берген тұлғалардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда, заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңдық күшi жоқ деп танылады және оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.
766-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
дәлелдеуге жататын мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша:
1) әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы және осы Кодексте көзделген оның құрамының белгілері;
2) осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, құқыққа қарсы іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) жасаған тұлға;
3) жеке тұлғаның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
4) әкiмшiлiк жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықпен келтірілген залалдың сипаты мен мөлшерi;
6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.
767-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс
бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның
түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң
айғақтары
1. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары аталған тұлғалардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, iске қатысы бар мәлiметтерiн білдіреді.
2. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада көрсетіледі, ал қажет болған кезде – сауал қою хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, куәлардың айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны толық толтырғаннан және аталған тұлғаларға осы Кодексте көзделген олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіргеннен кейін ғана енгізіледі.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды сақтамаған кезде өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға түсiнiктемелерiнің, куә айғақтарының дәлелдемелер ретінде күші жоқ деп есептеледі және дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |