Қазақстандағы аз ұлттардың қатынастары және әлеуметтік-саяси тарихы


Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы



бет2/4
Дата26.02.2016
өлшемі281 Kb.
#27008
түріДиссертация
1   2   3   4

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында Қазақстанған қоныс аударған аз ұлттар мен этностардың әлеуметтік жағдай мен халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы мәдени дамуының ерекшеліктерін нақты деректер негізінде зерттеліп, тың мұрағат құжаттары арқылы зерттелді. Осыған байланысты зерттеу жұмысының мынадай маңызы мен жаңалықтарын атап көрсетеміз:

- ХХ ғ. 30-40 жылдарындағы республикаға аз ұлттар мен этностардың қоныстану барысын жаңа методологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жүйелі түрде тарихнамалық талдау жасалына қарастырылды;

- ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы КСРО-дағы саяси жағдай және шекара маңындағы ұлттарға қатысты ұстанған партия мен үкімет шешімдерінің мәнісі айқындалып, аз ұлттарға қатысты ұстанған кеңестік идеология барысы тарихи тұрғыда саралана баға берілді;

- Қазақстан облыстарына аз ұлттар мен этностарды орналастыру барысындағы кездескен қиыншылықтар, билік тарапынан қолданылған күштеу барысы мен олардың олардың материалдық-тұрмыстық жағдайы мұрағат құжаттары және ғылыми зерттеулермен салыстырыла отырылып зерделенді;

- алғаш рет Қазақстанға қоныстандырылған ұлттар мен этностардың Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі және тәуелсіздік жылдарындағы елдің экономикасын дамытуға қосқан үлесі республика және аз ұлттан шыққан қайраткердердің пайымдаулары мен тұжырымдары негізінде жүйелілікпен саралана, бағаланды;

- Қазақстан территориясындағы аз ұлттар мен этностардың кеңес дәуірі мен тәуелсіз жылдардағы әлеуметтік-мәдени дамуы мен құқықтық ерекшеліктері мен еркіндік принциптері тұңғыш рет жан-жақты талдауға алына дәйектелді;

- Қазақстан территориясына қоныстанған корей халқының республиканың экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесі жаңа деректер негізінде ашылып, салт-дәстүрлері ұстанымдары қазақ ұлтымен салыстырылмалы түрде зерделене көрсетілді;

- республикадағы аз ұлттар мен этностардың өзара үлесімділігі, бірлігі, татулығы мен ұлт диаспораларының қызмет барысы, ұлттық мәдениеттегі орнын айқындауда осы күнге дейін қолданылмаған көптеген материалдар ғылыми айналымға қосылды.



Диссертацияның хронологиялық шеңбері. Қазақстанға қоныс аударылған ұлттар мен этностардың 1935-2009 жылдар аралығындағы тарихы алынды.

Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі. Диссертациялық жұмысының теориялық және методологиялық негізін айқындауда бірнеше әдіс-тәсілдері қолданылды. Тарих ғылымында қалыптасқан мәселені, болған оқиғаны зерттеуде нақты фактілер мен дәлелдерді мұрағат және ғылыми зерттеулер арқылы салыстыра көрсету басшылыққа алынды. Сонымен бірге зерттеу барысында саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Тарихи оқиғаларды немесе саяси жағдайларды баяндауда естеліктер, баспасөз материалдары мен мұрағат құжаттары және ғылыми зерттеу материалдарын салыстыра зерттеу әдісі кең қолданылды.

Аз ұлттар мен этностарға қатысты қалыптасқан ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарға, сонымен қатар қоғамтанушы ғалымдардың еңбектеріндегі көзқарастарға сүйенілді. Сондай-ақ, зерттеу барысында кеңестік қуғын-сүргін саясаты тәуелсіздік тұрғысынан талданып, бүгінгі Қазақстанды мекендеуші ұлттардың жарасымдық пен бірлік тұрғысында өмір сүріп отырғандығы баяндалады. Тарихи құндылықтар мен жалпы адамзаттық қоғамдық қатынастар негізінде, қоныс аударған аз ұлттардың Қазақстанға келу себептері мен орналасып, елге үйренісіп кету кезеңдеріне, еңбекке араласу негіздеріне құрылған.



Қорғауға ұсынылған тұжырымдар. 1935-2009 жылдар аралығында Қазақстанға қоныстанған аз ұлттар мен этностардың қатынастары және әлеуметтік-саяси тағдыры жөнінде мынадай тұжырымдар жасалды:

- Қазақстан территориясындағы аз ұлттар мен этностардың қоныстануының зерттелу барысы тарихнамалық тұрғыда жан-жақты талданып, зерттеудің теориялық негіздемесі мен әдістемелік негізі арнайы қарастырылды;

- ХХ ғ. 30-40 жж. Кеңестер Одағындағы саяси жағдай мен аз ұлттарға қатысты партия мен үкімет қаулылары, шешімдері басты ерекшеліктері, алғышарттары және мақсаты мен міндеттері айқындалып, оларға өзіндік баға берілді;

- Осы кезге дейін белгісіз зерттеулерге қолданылмай келген деректік материалдар негізінде Қазақстан облыстарына аз ұлттар мен этностардың көшірілу барысы мен оларды орналастырудағы іс-шаралар, қиыншылықтар және олардың материалдық-тұрмыстық жағдайлары нақтыланды;

- 1935-2009 жж. Қазақстандағы аз ұлттар мен этностардың республика экономикасын дамытуға қосқан мерзімді баспасөз материалдары мен мұрағат және ғылыми зерттеулер негізінде дәйектелінді;

- Кеңестік кезеңдегі аз ұлттардың әлеуметтік-мәдени дамуы мен ерекшеліктері тәуелсіздік жылдармен салыстырмалы түрде сараланып, республика ұлттарының құқықтық және еркіндік принциптері дәйектеліне көрсетілді;

- Қазақстанға қоныстанған корей ұлт әлеуметтік-мәдени дамуындағы жетістіктер нақылана жаңа мұрағаттық негізде ашыла отырып, алғаш рет олардың салт-дәстүрлері қазақ ұлтымен салыстырмалы түрде қарастырылды.

- Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі аз ұлттардың ұлттық мәдени жетістіктері және өзге ұлттармен өзара байланысы, Қазақстан мен Корей республикасы арасындағы ынтымақтастық барысы сараланып, тарихи тұрғыда бағаланды.



Диссертацияның практикалық құндылығы. ХХ ғасырдың 30-жж. Қазақстанға қоныстанған аз ұлттар мен этностардың жағдайы мен тарихына байланысты мерзімді басылымдардағы материалдар мен мұрағат және өзге деректік материалдар негізінде жасалған негізі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ұлтаралық қатынастарға байланысты ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ доктор, магистр, бакалавр мамандары үшін Отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда қолдануға болады.

Сонымен бірге диссертация материалдарын, отаншылдық рух жолындағы сұқпаттарда қолданудың да маңызы бар. «Халықтар достығы», «бірлік», «ынтымақтастық» тақырыптарындағы сөзжарыс, БАҚ-та пайдалануға болады.



Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалып, осы бөлімнің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды .

Зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары жалпы 20 ғылыми еңбектерде, оның ішінде Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне сәйкес 3 ғылыми басылымдарда жарияланып, халықаралық және республикалық конференцияларда 6 баяндама көпшілік назарына ұсынылып, материалдар жинақтарында басылды.



Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, методологиялық негіздері, хронологиялық ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар көрсетілген.

«1930-1980 жж. Қазақстан территориясындағы аз ұлттар» деп аталатын бірінші тарауда Кеңес үкіметінің аз ұлттар мәселесіне байланысты саясаты, Қазақстанға қоныстанған аз ұлттардың әлеуметтік, мәдени жағдайы және халық шаруашылығына қосқан үлесі жан-жақты қарастырылады.

1917 жылға дейін және одан кейінгі жылдары Қазақстан саяси жер аударылғандардың мекені болды. ХХ ғасырдың басында патша үкіметі қазақ жерін толықтай өз меншігіне айналдыру үшін славян ұлттары көбірек қоныстандыруға тырысты. Үкімет біріншіден, қазақ жеріндегі пайдалы қазба көздерін уысында ұстауда республика көп ұлтты мекенге айналдырудың үлкен мәні барын есепке алса, екіншіден бұл өлке түрлі сынақ жүргізуге аса қолайлы еді. Қазақстан саяси жағынан алғанда кеңес жүйесіне қауіп тигізетіндерді жер аударуға аса қолайлы мекен болды. Сондықтан кеңес үкіметі шекара маңындағы халықтарды ішке, яғни қазақ жеріне әкеліп орналастыра бастады. 1926 жылғы санақ нәтижесіне сүйенсек, Қазақстандағы халықтың жалпы саны 6. 229, 9 адам болып, оның ішінде 3. 627,6-сы жергілікті қазақтарды құрады.

30-жылдың соңына қарай Қазақстанға қуғынға ұшыраған ұлттарды жаппай зорлап қоныс аудару кең өріс алды. Қазақстан территориясына ең алғаш болып қоныс аударылған ұлттың бірі поляктар болды. Олар Украина территориясында шекараға жақын жердегі аудандарда қоныстанған еді. Сталиндік қуғын-сүргін салдарынан осы поляк ұлты көбірек тұратын аудандар жойылды. Негізінен қоныс аударуға үкіметтің 1936 жылғы 23 қаңтардағы «Украин КСР-нен Қазақ АКСР-на қоныс аудару» жөніндегі және 1936 жылғы 26 сәуірдегі «УКСР-нан Қазақ АКСР-нің Қарағанды облысына экономикалық қамтамасыз ету» жөніндегі қаулысы негіз болды.

Жоғарыда аталған қаулылар бойынша 1936 жылдан бастап Украина шекаралық аймақтарынан қоныс аударылатын 35,820 поляк ұлт өкілдерінің 35,739-ы, яғни 99,8%-і Қазақстанға жіберіліп, Солтүстік өңірлерге орналастырылды. Бұғанға дейін де Қазақстанда 1926 жылғы санақ есебіне сүйенсек, 5000 поляк ұлты мекен еткен. Олар ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының Сібір өңіріне қоныс аударған поляк революционерлері мен ХХ ғасырдың басында Польша корольдігіндегі экономикалық дағдарыстарға байланысты қоныс аударған поляктар еді. КСРО территориясына поляктардың екінші толқыны 1939 жылы басталды. Тұтастай алғанда, КСРО-ның батыс аймағынан қазақ даласына жер аударылғандардың саны 190 000 адам болған [24, 44-б.]. Соғыс қарсаңына қарай Қазақстанда 102 мың қоныс аударылған поляктар болған.

1937 жылдың шілде-қазан айлары аралығында БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросы Армения, Әзірбайжан, Орта Азия республикалары мен Қиыр Шығыс шекаралара маңына тазарту жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Бір уақытта сол ауадандардағы «сенімсіз» адамдарды жою мәселесі көтерілді. 1937 жылдың 5 шілдесінде БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросының шешімімен Армения шекарасы маңайындағы 500 шаруашылықты 3-5 айды ішінде көшірілу тиіс болды. Ал 14 шілдедегі Саяси бюроның «Шығыс аудандардағы шекара мәселесі» турасындағы шешімі тазарту жүргізеті аймақтардың қатарын көбейтті. ІІХК-на Армян, Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбек және Тәжік КСР-індегі шекаралық өңірдегі сенімсіз элементтерді көшіруді басқару жүктелінді. 1937 жылғы 27 қыркүйектегі БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросының қаулысы бойынша Армениядағы сенімсіз элементтердің қатарына күрд отбасылары да жатқызылды.

Күштеп қоныс аударылған халықтардың бірі корей ұлты. Корейлер негізінде Қиыр Шығысқа ХІХ ғасырдың 60-жылдары қоныстана бастаған. 1917 жылғы санақ бойынша Приморье губерниясындағы корей шаруа отбасының саны 9308 болса, бұл 1922 жылы 18407-ге, ал 1925 жылы 21555-ке жетіп, қоныстанушылар саны шамамен 120-130 мың адамды құрады.

1937 жылдың шілдесінде Жапонияның Қытайға басып кіруіне орай кеңес өкіметі елдің Қиыр Шығысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейбір іс-шараларға баруға туралы келді. 1937 жылдың 21 тамызында КСРО Халық Комисарлар Кеңесі мен БК(б)П Орталық Комитетінің «Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» біріккен қаулысы шықты [ 25, с. 64-65.].

Корейлердің Қиыр Шығыстан КСРО-ның ішкі аймақтарын көшірудің себебін кеңестік үкімет Жапония тарапынан төніп тұрған соғыс қаупінен деп түсіндірмекке тырысты. Бұл негізінде корейлердің Жапон үкіметіне жасырын қызмет атқарулары мүмкін деген күдікпен туындаған еді. Қиыр Шығыстың 23 ауданынан көшірілген корейліктер Қазақстанның Оңтүстік өңіріне, Арал теңізі мен Балқаш көлі маңына орналастырыла бастады.

Соғыс қарсаңында Кеңестік үкімет Түркия мен Иран шекараларына жақын орналасқан аз ұлттарға деген сенімсіздігін күшейте түсті. Шекара аймақтарында тұратын күрд, ирандық, ассириялықтар мен түріктерді ішкі аймақтарға көшіру барысы 1937-1938 жылдар аралығында жүрігізілді. Түркіменстан, Әзірбайжан, Грузия мен Армян КСР-нен күрд, армян және түріктерді көшіру мәселесі олардың шетелдерде туыстарының барлығы және олармен байланыс ұстауынан туындады. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Кеңес өкіметі бұл ұлт өкілдеріне үлкен сенімсіздікпен қарады. Қазақстанның Алматы мен Оңтүстік өңірлеріне көшірілген күрдтерді орналастыруға 1938 жылы 400 мың сом ақша бөлінген [26]

30-жылдардың ортасына дейін Қазақстанда тұрып жатқан 51 102 неміс ұлт өкілдері кеңестік қоғамның толық құқылы мүшесі болып келген. Қазақ жеріндегі немістердің саны 1936 жылы 28 сәуірде поляк ұлт өкілдерін Украинадан көшіру жөніндегі КСРО ХКК-нің қаулысынан кейін көбейді. 1936 жылдың соңына дейін, атап айтқанда шілде мен қыркүйекте поляктармен бірге 23  немістер жер аударылды. Екінші дүние жүзілік соғыс басталған кезде, гитлерлік әскерге көмектесуі мүмкін деген желеумен Еділ бойынан немістер қудаланды. 1939 жылғы санақ бойынша КСРО-да 1 427222 немістер мекендеген [27, 36-б.].

1941 жылдың 6 қыркүйегінде Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулысы бойынша немістер Қазақстанның Қарағанды облысына, Жамбыл облысына, Қызылорда облысына, Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастыру шешілді.

Соғыс жылдары Қазақстан жеріне қоныстандырылған ұлттардың бірі – қарашайлар болды. 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың қаңтарына дейін қарашайлықтардың жері неміс басқыншылардың қолында болып, бұл территория жаудан тазартылғаннан кейін кеңес үкіметі 1943 жылдың 12-қазанында «Қарашай автономиялық облысын жою және оның территориясын әкімшілік төңірегін қайта құру» туралы қаулы қабылдады. Бұдан кейін кеңестік үкімет «неміс басқыншылары Қарашай Республикасына басып кірген кезде қарашайлықтар опасыздық көрсетіп, сатқындық жасап, көптеген адамдарды немістерге ұстап берген, неміс-фашистерінің құрған ұйымына кіріп, Кеңес Үкіметіне қарсы соғысты» деген желеумен осы жылдың 14 қазанында қарашайларды жер аудару жөнінде құпия қаулы қабылдады. Көптеген қарашайлықтарға «немістерге Закавказье асуынан өтер кезде, оларға жол көрсетті» деген желеумен айып тағылып, тұтқынға алынып, түрмелерге жабылды. Аз уақыттың ішінде ұлтты қатаң жазалау мақсатымен, 70 мыңға жуық тұрғыны бар Қарашай Автономиялық облысын жойып жіберді [28].

Қарашай автономиялық облысынан 45 529 адамнан тұратын 11 711 отбасы Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылған. Негізінде жер аударылып көшірілгендердің басым көпшілігі жас балалар, әйелдер және қариялар болды. Қалмақтар 1943 жылдың 28 қазанында елдің шығыс, солтүстік аудандарына және Оралға жер аударылған. Қысқа мерзім ішінде 99 252 адам көшіріліп, оның 2268-і Қызылорда облысына қоныстандырылған. Көшіру операциясы барысында неміс оккупантарына көмек көрсетті, бандалық топта болды деген желеумен 750 қалмақты тұтқынға алған [10, с.269].

Жалпы 1936-1951 жылға дейінгі аралықта Сталиндік қуғын-сүргінге ұлттық нышанына байланысты 3 600000 адам іліккен екен. Солардың ішіндегі 17 күштеп жер аударылған халықтардың арасында Солтүстік Кавказдағы шешендер мен ингуштар да болды. Шешен-ингуштарды Қазақстан облыстарына орналастыру мәселесі 1943 жылдың желтоқсанында анықталды. Оларды көшіру барысы жайында Л. Берия күнделікті И. Сталинге жеделхаттар жөнеліп отырған. Республикаға қырым татарларын көшіру мәселесі 1944 жылғы 13 сәуірдегі «Қырым АКСР-і аумағын антикеңестік элементтерден тазалау шаралары туралы» бұйрықпен жүзеге асырыла бастады. Екі тәуілік ішінде барлығы 191 044 татардың 4501-і Қазақстанға көшіріліп әкелінген. Олармен бірге Қазақстанға 7000 балғар мен гректер көшірілген [29, 36-б.].

Месхеттік түріктерді көшіру мәселесі 1944 жылғы 31 шілдедегі Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешімімен 1944 жылдың 14 қарашасынан басталып, 1945 жылы аяқталды. Жалпы Грузияның территориясындағы барлық мұсылмандарды ішкі аймаққа қарай қоныс аудару көзделінді. Бұл өңірден 86 000 мұсылмандар көшірілуге тиіс еді, бірақ 96 367 адам күштеп қоныс аударылды. Бұлардың ішінде 66 823 түрік ұлты, 8843 күрдтер, 13 997 хемлшиндер бар еді. Алайда олардың 15 432 адамы қоныс аудару барысында аурудан қайтыс болды, түрлі себептермен қаза тапты [30, с.170]. Грузиядан көшіріліп әкелінген 115, 5 мың адамның 27 883-і Қазақстанға, ал 53127-і Өзбекстанға орналастырылды.

Ұлттарды өз жерінен көшіруде мемлекеттік шығындар да көбейді. Қоныстанушыларды шығарып салу және қабылдау үшін қомақты қаржы бөлінді. Қоныс аударылғандарды қабылдау сол қоныстанатын жердегі халықтардың есебінен жүргізілді. Колхоз, совхоздарға көшіріп әкелу үшін жергілікті тұрғындар ұйымдастыру шараларын қарастырып, көшіретін көлік, тұратын баспана даярлады. Мұрағат құжатында көрсетілгендей, қазақ жеріне 40 мың қарашайлықтар, 420 мың шешендер мен ингуштер және 25 мыңнан астам балқарлықтар, барлығы 111 593 жанұядан тұратын 470 мың адамдар қоныстанған. Бұлар республиканың 14 облысының 145 ауданына орналастырылды. Атап айтқанда олардың 68 969 жанұясы колхоздарға, 11 377 жанұясы совхоздарға, ал 31 247 жанұя өндіріс орындарына барып қоныстанған [31].

Қоныстанушылар үлкен қиыншылыққа тап болды. Орналасатын бос үйлердің жоқтығы мен азық-түліктің бітуі, медициналық көмектің болмауынан олардың арасында түрлі эпидемиялық аурулар тарады. Жұмысқа орналасу барысында қоныстанушылар жұмыс таба алмай, бір шаруашылықтан екіншісіне көшу барысы жиіледі. Грузиядан көшіріліп әкелінген түріктер Қазақ КСР ІІХК-ның мәліметі бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылған.

Соғыстан кейінгі жылдары да Қазақстанға өзге ұлттарды қоныстандыру толастамады. 1948 жылдың басында республикамызға шешен-ингуш, қарашай, балқар, неміс, қалмақ және т.б. ұлттардың 781 170 адамдық 216 802 отбасы қоныстанған. Ал 50-жылдары Кеңестік өкімет қоныс аударылғандарды республикаға көшіру жұмыстарын жалғастырып, оларды орналастыру жайындағы жоғарғы өкіметтің нұсқауларын бұлжытпай орындады. 1952 жылы сәуір айында Жамбыл облысына Солтүстік Кавказдан шешен, ингуш, карашай, балқарды, Грузиядан келген әзірбайжандарды, немістерді, гректерді, ал Қырымнан татарлар көшіріп әкеліп жайғастыра бастады. Тың және тыңайған жерлерді игеруде Украина, Белоруссия және Молдавиядан арнайы келгендер қоныстандырылды. Негізінде ХХ ғасырдың 30-50 жылдары аралығында Қазақстанға 1 560 мың адам қоныстандырылса, ал тың игеруді желеу етіп 1,5 миллион басқа ұлт өкілдері әкелінді.

Қазақстанға қоныс ауып, еріксіз келгендерді тізгіндеп ұстау үшін белгілі бір ереже қажет еді. Міне, ол Кеңестік Халық Комиссариатының КСРО Халық Комиссарлар төрағасының орынбасары В. Молотов пен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің ісін басқарушы Я. Чадаевтың қол қоюымен 1945-жылы 8 қаңтарда қабылданған құжатынан белгілі болды. Бұл құжатта арнайы қоныс аударылғандардың құқықтық жағдайы белгіленді.

Елдің ауыр әлеуметтік тұрмыс жағдайларына қарамастан әртүрлі ұлттар республиканың мәдениетіне, экономикасына елеулі үлестерін қоса білді. Олар ірі өнеркәсіп, пайдалы қазба орындарында, зауыт, фабрика, ірі құрылыс, өндіріс орындарында және ауылшаруашылығында жұмыс істей жүріп, өзінің ұлттық қасиеттерін ұмытпауға тырысты. Қоныс аударылған халықтар әртүрлі әлеуметтік топтарға жатты. Бұлардың арасында зиялы қауым өкілдері, жұмысшы табы да, шаруалар да болды. Дегенмен олар өзінің мамандығы бойынша қызмет етпеді. Олардың білімі, мамандықтары ескерілмеді. Білікті инженер немесе экономист колхоз, совхоздарға малшы, күзетші, тракторшы т.б. қара жұмыстарды істеді. Мәселен, өз жерлерінде мұнай саласында қызмет еткен шешен-ингуштар мен зауыт-фабрикаларында жұмыс істеген поляк, немістер колхоз-совхозды жерлерге қоныс аударылғаннан кейін өз мамандықтары бойынша емес, ең ауыр қара жұмыстарға жегілді [32].

Жер ауып келгендердің бастапқы кездерде жалақылары да өте төмен болды. Дегенмен жақсы жұмыс істеп, көзге түскендерге, күнделікті еңбек мөлшерлерін орындап жүргендерге жалақы мөлшерін көбейтіп отырған. Оларға еңбекақы тамақ түрінде де берілді. Соғыс басталған жылдары төмен жалақыға қарамастан майдан есебіне, әскери техника жасауға Ақмола облысының неміс ұлт өкілдері 70 миллиондай ақша жинап берген.

Неміс ұлттары кен өндіру орындарында, оның ішінде алтын өндіру кеніштерінде жұмыс істеген. Олардың арасында ауылшаруашылығында еңбегімен көзге түсіп, үкімет тарапынан Еңбек Қызыл Ту орденімен 8 адам марапатталды. Шешен ұлт өкілдерінен 1946 жылы ірі өнеркәсіп орындарында 826 адам жұмыс істеп, оның көпшілігі қажірлі еңбектерімен көзге түскен. Ірі өнеркәсіп, кәсіпорын, фабрика, зауыттарда жұмыс істейтіндердің арасында социалистік жарыстар өткізіліп, өзге ұлт өкілдерінің арасында суырылып алға шыққандар да болды. Ауылшаруашылығында жер аударылғандар арасында үздік еңбектерімен көзге түсіп, Кеңестер Одағының түрлі марапаттауларына ие болғандардың қатары көбейді. Павлодар облысында мемлекет тарапынан 131 адам марапатқа ие болған.

1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге қоныс аударғандар тың белсене атсалысып, олардың араларынан да үкімет марапатына ие болғандар болды. 1955 жылы 29 маусымда КОКП ОК-нің «Қоныстанушылар арасында саяси жұмысты жаппай күшейту туралы» қаулысының қабылдануы ұлттар арасында үгіт-насихат жұмысын өрістетті. Алайда олардың ана тілінде дәрістер оқу, радиодан түрлі бағдарламалар мәселелері қолға алынбады.

Шешен-ингуш ұлт өкілінің арасында білім және ғылым саласында қызметімен көзге түскендердің арасынан А.Д. Яндаровты атауға болады. Ол шешен-ингуштердің философиясы мен қоғамдық ойларына қатысты тарих саласынан кандидаттық диссертация, ал 1984 жылы осы тақырыпты кеңйте отырып, докторлық диссертация қорғады. Алматы жоғары оқу орындарында оқытушы, кафедра меңгерушісі болып, ғылыми еңбектер жазды. Кейін өз туған жеріне оралып Білім министріне дейін көтерілді.

Геология ғылымы саласында С.М. Оздрев те Қазақстанға қоныс аударылып келгеннен кейін орта мектепте білім алып, еңбек жолын жұмысшыдан бастап, кейінірек Қазақ политтехникалық институтының геолог-барлау факультетін бітірді. Осы жолда ұзақ жылдар іздене жүріп, 1975 жылы кандидаттық диссертация, ал 1986 жылы докторлық диссертация қорғады [15, 178-179-бб.].

«Қазақстан корейлері: әлеуметтік-тарихи таным» деп аталатын екінші тарауда Қазақстан территориясына корейлердің орналасуы мен жергілікті жағдайға қалыптасуы, олардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі жарық көрген материалдар мұрағат, ғылыми еңбектермен салыстырмалы түрде талданды.

1938 жылдың өзінде корейлердің қоныс аударылуына байланысты Қазақ КСР-і ХКК-нің 48 қаулысы қабылданды. Корейлерді Қазақстан мен Орта Азияға күштеп жер аудару оның ұлттық мәдениетінің дамуына үлкен кедергі келтірді. Қиыр Шығыстан 1937 жылы жер аударылған корейлердің басқаларға қарағанда әлеуметтік тәжірибесі мол еді. Республикаға келген корейлердің 1616 отбасы Алматы облысына, 8867-і Оңтүстік Қазақстанға, 1744-і Ақтөбе облысына, 2299-ы Солтүстік Қазақстанға, 3073-і Қарағанды облысына, 720-і Қостанайға, 1950-і Батыс Қазақстан өлкесіне орналастырылды [17, 68-б.].

1938 жылы 19 наурызда Солтүстік Казақстан облыстық комитеті Бюросы корей халқының проблемаларын шешуге арналып, соған лайықты қаулы қабылданды. Корейлерге қатысты «Корей қоныс аударушылардың шаруашылығының жайғасуы туралы», «Қазақ КСР-ның К(б)П ОК-нің және Қазақ КСР ХКК-ің, жаңа оқу жылына корей балаларына арналған ғимараттардың дайындығы, мектептерді жабдықтау, Павлодар, Көкшетау, Петропавлда және аудандарда оқу құралдарымен және мұғалімдермен қамтамасыз ету туралы қаулылардың орындалуы» сияқты біраз шешімдер қабылданды [33].

Корей ұлтын оңтүстік және солтүстік өңірлерге қоныстандырудың өзіндік мақсаты болды. Әрбір ауданда көшіру мен қайта қоныстандыру жұмысында негізінен экономикалық-географиялық жағдайлар қарастырылды. Көшіру мен қайта қоныстандыруда екі көзқарас болды. Оның бірі, экономикалық тиімділік (колхоздарда жұмысшылар жетпеді, жетекші сала ауыл шаруашылығы болды, азық даярлау орындалмай қалатын кездер болды), ал корейлерге келсек, олар еңбекқор, шыдамды халық, жаңа орында да аз ғана уақыт ішінде өздеріне берілген жаңа жерді өңдеп алады, себебі олардың этникалық мінездемесіне үңілсек, бұл халықтың қол кусырып отырып алмайтыны белгілі, олар іске кірісіп кетеді. Екінші көзқарас, корейлер жаңа орынды игеруге мәжбүр болды, олар қолға алған істерін соңына дейін дұрыстап жасауға машықтанған халық, демек жерді жыртып, егінді де егеді, жерді қазып, көкөністі отырғызады, өмір сүру үшін қажетті қор мен күшті де табады. Корейлердің осындай еңбекқорлығын барынша пайдалану қажет еді.

1930-1940 жылдары Республикаға күштеп қоныс аударылған корейлер жан басының азаюы, рухани құндылықтарының жоғалуы сияқты көп зардап шекті. Дегенмен олар партия, кеңестік және қоғамдық ұйымдардың өмірінде белсенді қызмет атқарып, Қазақстанның халық шаруашылығының барлық саласына айтарлықтай үлес қосты, ерен еңбегінің арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткізіп, ұлттық мәдениеті мен тілі дамыды, зиялы қауым қалыптасты. Көшіп келіп, қоныстанған алғашқы жылдары адам төзгісіз ауыр жағдайда өмір сүріп, көптеген қиыншылықты бастан кешірсе де, шыдамдылығы мен қайсарлығының, еңбеккерлігінің арқасында тұрғылықты халық арасында құрметке ие болып, қоғамда өз орындарын таба білді. Қазақстандағы корейлер саны 1989 жылы 100,739-ке жетсе, ал 1999 жылы 99,662-ға кеміді. Оған себеп көпшілігінің басқа мемлекеттерге кетуі немесе байырғы Отандарына оралуы болды.

Корей ұлтының ер-азаматтары металл өндіру ісінде: механик, қорытушы, слесарь, токарь, құрылыста: аға шебері, қорытушы, әртүрлі жұмысшы міндетін атқару т.б. жұмыс істегенді қалады. Ал әйелдерінің көпшілігі тігінші және трикотаж өнімдерін шығару өндіріс орындарында еңбек етті. 40-50 жылдары корейлердің басым көпшілігі механика заводында, тері өңдеу, кірпіш заводы, Қызылордадағы аяқ киім фабрикасында еңбек етті. Жалпы корейліктер қандай жұмыс болмасын адал атқарып, өз еңбектерінің шебері бола білді. Мысалы, қоныс аударылған корейлер негізгі кәсіптері – күріш өсіруді келген жерлерінде іске асырып, жергілікті халықпен өз тәжірибелерін бөлісе білсе, мал бағу ісінде жергілікті халықтан тәжірибе жинақтады. Олардың арасынан еңбек озаттары шығып, үкімет тарапынан марапаттарға ие болды. 1948 жылы тек Қаратал ауданының өзінде 21 корей азаматтарына егін мен қызылша өсіруден жоғары өнім алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағының берілді. 1948-1949 жылдары Қазақстанның екі облысында – Қызылорда мен Талдықорған облыстарында корей ұлтынан 57 адам Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Мақта өсіруден жоғары өнім алғаны үшін корей ұлтының төрт азаматына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Іле өзенінің бойында Бақбақты күріш совхозын құру туралы шешім қабылданып, оған Социалистік Еңбек Ері С.Г. Хван басшылық етті. Корей әйелдері де өмірге, еңбекке белсене араласа бастады. Медицина, өнер, педагогикалық қызметтерде олар қол жеткізген табыстар аз емес. Бұл кезеңде корей интеллигенциясы қалыптасты және нығайды десек, алдымен мұғалімдерді атап айтқан жөн. Әсіресе орыс тілін жетік меңгерумен өзіндік жауапкершілікті арттыра жүріп, жас буын педагогтар даярлау ісіне шешіле кірісіп, кешегі жауынгерлерді оқыту, олардың жеті жылдық білімдерінің аяқтауына ықпал ету арқылы, жалпы көпшілікке, білімге жол ашу басты міндетін іске асыруға, нақтылық қимылымен, корей мұғалімдері өзіндік үлестерін қосты.

Корей халқының рухани өмірінде салт-дәстүр, ырым-жоралғы, наным-сенім аса маңызды орын алады. Корейлердің салт-дәстүрлерін күнтізбелік (календардық), мемлекеттік, еңбек (шаруашылық) және отбасылық деп бөліп қарастыруға болады. Ауылшаруашылығындағы еңбекшілер «туреноры» деп аталған салт-дәстүрді ұстанды. Бұл негізінде еңбек үрдісімен тығыз байланысты. Қазақстан территориясына қоныстанған корейлер ежелден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұмытпаған. Орта Азия мен Қазақстандағы корейлердің этникалық жағынан дамуының үш негізгі беталысын көрсетуге болады. Оның біріншісі, дәстүрлі элементтердің сақталуы мен дамуы, екіншісі, оның мәдени келбетіне жалпыкеңестік белгілердің енуі, ал үшіншісіне аймақтағы жергілікті халықтардың мәдениетінен алып пайдалану болып табылады. Корей халқының өмірінде аса маңызды төрт үлкен кезең бар. Көпшілік зерттеу еңбектерінде бұл «төрт үстел» деп те жазылып жүр. Бұл төрт үлкен кезеңге баланың бір жасқа толуы, үйленуі, 60 жасқа толуы және адамды соңғы сапарға шығарып салу [19]. Осы аталған дәстүрлер Қазақстанда тұратын корейлер арасында да сақталып, осы күндері де ұстанып келеді. Туған Отандарынан жырақта жүрген корейлер тілі мен жазуын ұмытса да, әдет-ғұрып, ырымдарына ерекше мән беріп келді. Қазақстандық корейлер де жергілікті дәстүрлерді сыйлай отырып, өзінің мәдениетін, әдет-ғұрыпын, дінін балаларының бойына сіңіруге тырысты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет