42. Соғыс жылдарындағы ұлт саясаты. Қазақстандағы депортация.
Ұлы Отан соғысы жылдарының алды-артында қоныс жаңалаған ұлттар көп болды. Негізінде бұл қоныс жаңалау емес, керісінше, зорлықты күшпен жер аудару болатын.
ХХ ғасырдың 30 жылдары мен 50 жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аудару орын алды.
Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын қиды. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар қудаланып, туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде және соғыстан кейінгі жылдары республика халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 ж. олардың елдеріне қайтуына, ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан, олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Тек Кавказ түріктері, немістер мен Қырым татарларына еліне қайтуға жағдай жасалған жоқ. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары.
Бұл туралы ұзын-сонар санды мәлімет Қазақстан Республикасының Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және ақпарат (депортамент) орталығы мұрағатында былай деп көрсетілген.
1946 ж. КСРО-да жалпы жер аударылғандар саны 2 463 940 адамға жетті (ал басқа деректерде 2 826 419 адам). Олардың Қазақстан Республикасына жалпы жер аударылғаны 1 млн. 200 мың адам болды.
Алайда олардың келген кездегі әр ай сайын тіркеліп отырған құжаттарында жаңадан қосылғандар мен басқа жерге ауыстырылғандар, туылғандар мен өлгендер, әскерден және әскери ауруханадан оралғандар, ажырап қалған отбасылардың қайта қосылуы, отбасыларын екіге бөлу сияқты өзгерістерге байланысты нақты санын тура айту да қиын.
1947 ж. 1 қаңтардағы есеп бойынша, қоныстанғандарды ұлтына қарай бөлсек, шешен-ингуш 88 650 отбасы (341 328 адам), болгарлар 5175 отбасы (18 327адам), қарашайлар отбасы 10090 отбасы (37485 адам), немістер 101314 отбасы (325 662), қалмақтар 781 отбасы (2031 адам), Грузиядан келгендер 6696 отбасы (27 546 адам), Қырым татарлары 1 424 отбасы (4 039 адам), жалпы саны 255 170 отбасы (894 687 адам) тіркелген.
1948 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардан жалпы саны 781 170 адам тіркелген. Олар ұлтына қарай былай бөлінді: шешен-ингуштер - 87 860 отбасы (338 238 адам), қарашайлар 10 013 отбасы (37 019 адам), балқарларда - 5 164 отбасы (18 142 адам), немістер 101 479 отбасы (343 998 адам), қалмақтардан - 809 отбасы (2 137 адам), Грузиядан келгендерден құрамында - 6 767 отбасы (27 210 адам), Қырымнан - 1 549 отбасы (4 574 адам) болса, 1949 ж. республикада арнайы жер аударылғандардан - 250 428 отбасы (892 671 адам) тіркелінді. Олардың ішінде шешен-ингуштер – 78 995 отбасы (299 170 адам), немістер- 123 113 отбасы (410 268 адам), гректер 371 108 адам, қарашайлар – 9 067 отбасы (33 754 адам), балқарлар – 4 772 отбасы (17 558 адам), поляктар - 32 652 адам, қалмақтар – 765 отбасы (2 265 адам), Грузиядан келгендер – (29 699 адам), Қырымнан келген 1 937 отбасы (5858 адам) тіркелінген.
Сонда 1949 жылы қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың 36%-ы орналастырылса, бұл Орта Азияның барлық республикаларынан екі есе, ал Батыс және Шығыс Сібірден 6% көп, яғни республикамызда әрбір 10 адамның 4-і күштеп көшірілген 51 ұлттың өкілдері болды. Оның үстінен күштеп көшірілген халықтардың көбі Қазақстанға жөнелтіліп отырған. 1949 жылы Қызылорда, Талдықорған, Алматы облыстарына 45400 адам жер аударылғандар жіберіледі деп хабарланып, жеткізілгендер саны 57 154 адам, яғни 11 714 адам артығымен жіберілген. Осындай себептерден келе жатқан адамдарға ғана дайындаған тұрмыстық (баспана, азық-түлік) керек-жарақтар жетпей жатты.
Жер аударылған халықтардың басым көпшілігі өз Отандарына оралды. Десек те, атамекендерінде орын алған жағдайлардан олардың біраз бөлігі Орта Азия мен Қазақстанда орнығып қалды. Мысалы, соңғы халық санағы (1999) бойынша, олардан Қазақстан Республикасында тұрақтап қалғаны: немістер – 353 441 адам, татарлар – 248 952 адам, кәрістер – 99 657 адам, әзірбайжандар – 78 295 адам, күрдтер – 32 764 адам, шешендер – 31 799 адам, ингуштер – 16 893 адам.
Міне, Қазақстанға жер аударылған халықтардың нақты мәліметтері осылай. Бұл әлі де тереңдете зерттеуді қажет етері даусыз. Дегенмен, жаңа Қазақстанның, тәуелсіз еліміздің тең құқықты азаматтарының қатарында болған осы жер аударылған халықтар еліміздің әр саладағы дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |