Орыс тарихшылары айтпай келген жайттар
Ресей империясына қазақ даласын жаулап алу оңай болған жоқ. Ата-бабаларымыздың орыс әскерлерінің қазақ даласын жаулап алуын барынша қиындатқаны, жаулап алу мерзімін XVIII ғасырдың басынан ХІХ ғасырдың аяғына дейін екі ғасырға созғаны белгілі. Соның арқасында болса керек, Ресей империясы әуелі бүкіл қазақ даласына орыс переселендерін көшіріп, бірнеше әскери қамалдар мен бекіністер салып алған соң ғана өзбек, тәжік, түрікмен хандықтарын (осы тұрғыдан алғанда олар қазақ бауырларына риза шығар) жаулап алуды қолға алды. Себебі, орыс армиясы қаншама мықты саналса да, қазақтың кең байтақ даласында тек өздері салған қамал мен бекіністердің арасында ғана жолсеріксіз жүре алатын. Басқа жағдайда орыс әскерлері бейшара еді, жол білетін, суы бар құдықтарды адаспай табатын жол жетекші қазақтарсыз, жүктерін көтеретін қазақтың түйелерінсіз жүре алмайтын. Ал екі-үш айлық, жарты жылдық әскери жорықтар мен экспедициялар кезінде орыс әскерлері мыңдаған қазақтың түйесін жалға алып, көбінесе қорқытып тартып алып оған азық-түлік (ішетін тамақ пен су, кептірілген нан мен атқа беретін жем, сұлы, т.с.с.) пен керек-жарақтарды тиеп, керуендерді жетектеген, тек өздері ғана адаспай табатын құдықтар мен жолдар арқылы жүрген қазақтардың көмегімен ғана көздеген жеріне жететін еді.
Ресей тарихшылары орыс генералдары мен әскербасыларының, солдаттарының қазақ жері мен Орта Азия хандықтарын жаулап алу кезіндегі ерліктерін аузынан суы ағып айтып-жазып келді. Олардың ерліктерінің қазақтың қанын төгу арқылы жасалғанын білеміз. Олардың бұл қандықол ерліктері қазақтың жол жетекшілері мен дала кемесі –түйесіз құны бес тиын екендігін орыс тарихшылары ешуақытта аузына алған емес. Қазақты түйемен теңестіріп мазақтап келген орыстардың Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы қазақтың түйелері болмағанда тағы да ондаған жылдарға созылған болар еді. Айта кеткеннің артығы болмас, әлемдік жаулап алушылар тарихында түйенің алатын орны ерекше. Мысалы, ағылшын отаршылары Австралияны жаулап алған кезде (ол кезде темір жол, автокөлік деген жоқ) жүк тасу мақсатына деп арнайы құрлыққа жүздеген түйені алып келіп пайдаланған. Кейін қажет болмаған соң айдалаға бос жіберген. Қазір жабайы болып кеткен ондаған мың түйе сол құрлықтың шөл даласында жайылып жүр...
Жол жетекшілері мен түйелерді орыс генералдарының «жалға алды» деген аты ғана еді. Қазақтар орыс отрядтарына жол жетекші болуға көнбеді, орыстың кейбір отрядтарын шөл далаға апарып бір түнде қашып кетіп шөл далада сусыз өлтірген кездері де болған. Осы орайда И. Н. Захарьиннің «Генерал В. Перовскийдің 1839-1840 жылғы Хиуа жорығы» (1901 жылы С-Петербургте басылған) деген қолжазбасында мынадай оқиға жазылыпты.
«...– Өте қиын жағдай 31 желтоқсан күні орын алды. Арнаулы колонна Ембі бекінісінен Шошқакөлге шығудан бір күн бұрын болды. Сол күні түнде ондаған қырғыз (әрі қарай қазақ – ауд.), олар осы колоннаны бастап жүруі керек болатын, түнде бәрі бірауыз болып ұйымдасып өздері алып келген түйелерін жетектеп ауылдарына қашып кетіпті. Бұл жайлы бас қолбасшыға айтылды, ол барлық түйе жетектеушілерді жинап алып «сендер қашып кете алмайсыңдар, себебі сендерді бүкіл жорық мерзіміне жалдап алдық. Сендер ақ патшаның бағынышты азаматысыңдар, мына қиын жағдайда оған адал қызмет істеуге тиістісіңдер. Өз беттеріңмен отрядты тастап қашып кетсеңдер, онда сендерді қуып жетіп, соғыс мезгілінің заңы бойынша жазалаймыз», – деді.
Генералдың сөзін тілмаштың аударғаны сол-ақ екен, мыңдаған дауыс «бармаймыз, бармаймыз» деп айқайлады. Олар сонымен бірге орыстарға алып келген түйелерінің жартысының өліп қалғанын, енді мына қақаған аязда олардың қалғаны да өлетінін, орыстар сол өлген түйеміздің ақысын төлей ме, жоқ па, оған күмәндіміз дегенді айтты. Оған генерал былай деп жауап берді:
– Сіздермен келісім-шарт бойынша өлген түйелердің ақысы жорық аяқталған соң Орынборда төленеді.
Бұған қазақтар бұрынғыдан да қатты ашумен айқайлап әрі қарай отрядпен жүрмейміз деп шу ете қалды.
– Егер көнбесеңіздер, мен сендерді атуға бұйрық беремін! – деді Перовский.
Қазақтар генералдың бұл сөзіне еш қорықпастан, «Егер жібермесеңдер, онда отрядтан өздеріміз кетеміз», — деді.
– Мен сендермен әзілдесіп тұрғаным жоқ, атуға бұйрық беремін! – деді генерал.
Қазақтар еш саспай: – Атсаң ата бер, біз әрі қарай бармаймыз! – деп айқайлайды.
Ең қиын да ауыр, шешуші кезең орнады. Отряд командирлері, офицерлер, солдаттар үнсіз қарап тұр... Олар жағдайды түсініп отыр. Егер қазақтар кетіп қалса, көктемге дейін яғни Орынбордан жол ашылып мыңдаған түйе мен адам жалдаған көмек келгенше олар айдалада қалады...
Генерал Перовский үлкен бағананы жерге қазып көмдірді, қасынан жер қаздырып, 12 адамнан тұратын ату командасын оқтаулы мылтығымен дайындауға бұйрық берді. 15 минуттан кейін бәрі дайын болды. Генерал Перовский беті қап-қара болып түтіккен, қазақтарға қарап:
– Барасыңдар ма, жоқ па?.. – деді.
Қазақтар бір ауыздан:
– Бармаймыз! – деп жауап берді. Жалданып алынған түйелер саны 12 мың екенін еске алсақ, он түйеге бір түйе жетекші, генералдың алдында 1200-ден артық қазақтар тұрды. Перовский алғашқы қазақты бағанаға апарып байлауды бұйырды. Қазақ еш қарсыласқан жоқ. Қандастарымен қазақша қоштасып қазылған орға жүре берді. Офицер: «Атыңдар!» – деді. Атылған қазақ орға итерілді.
– Келесі! – деп бұйырды Перовский. Бірінші қазақпен болған жағдай қайталанды.
– Келесі! – деп бұйырды генерал. Үшінші қазақ та осылай атылды. Оны да орға құлатып ату командасы мылтықтарын қайта оқтағаны сол екен, мыңдаған қазақ: «Алла! Алла!... Барамыз, барамыз!» — деп шу ете қалды.
Кейін белгілі болды, қазақтар өздерін генерал ата алмайды, оған батылы жетпейді деп ойлапты.
Генерал осыдан кейін атуды тоқтатып, «егер отрядтан қашып кететін болсаңдар, қуып жетіп ұстап алып сол жерде атып тастаймыз, ұстай алмағандарыңды ауылдарыңда ұстап сол жерде атып тастаймын» деп ескертті. Осы жасалған ату жазасы әсер еткен болса керек, қазақтардың ешқайсысы жорық мерзімі біткенше ешкім қашқан жоқ. Әйтсе де, қазақтардың қайсарлығын көрген генерал Орынборға хабар беріп қазақтардан тағы да бірнеше жүз түйе сатып алып, оларды Ембі бекінісіне жеткізіңдер деп бұйрық берді...
...Осы бір кішкентай ғана оқиғаның өзі сол замандағы ата-бабаларымыздың қандай қайсарлықпен елі мен жерін қорғағанының керемет көрінісі емес пе?! Мемлекеті жоқ, жері жоқ халық осындай ерлікке барар ма еді?
Сағат Жүсіп, өлкетанушы
Достарыңызбен бөлісу: |