Қазақ әдебиеті сынының қоғамдық ой-пікірде алатын орны
Қазақ әдебиеті сынының қоғамдық ой-пікірде алатын орны ерекше. Сыншылар қоғамдық мәселелерді көтеру арқылы аталмыш саланы дамытты. Өз заманының әлеуметтік, көркемдік, эстетикалық ізденістерінің алдында болған сыншы халықтың рухани өмірінде әдеби сынның алатын орны мен атқаратын қызметі туралы бұрын-соңды ойға келмеген, ауызға түспеген озық ойлар, тамаша толғамдар толғады. Сыншы болу оңай емес. Сын – қиын өнер. Сын жазғанның бәрі жұрттың көңілінен шығып, көзіне түсе бермейді. Сыншы таланты – аса сирек талант. Өйткені сыншы жазушыдан гөрі таланттырақ болуы шарт. Ол өмір шындықтарын, елі мен жерінің тарихын, философиясын, тұрмыс-салтын жазушыдан артық білуі қажет. Ол интеллект жағынан да жазушыдан биік тұруы ләзім. Сонда ғана оның сыны жазушыға ой салып, әдебиеттің дамуына, қоғамдық, әдеби-эстетикалық ойдың өсуіне ықпал ете алады. «Сын – уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы»,– деді ол. Әдеби сынды шындықпен, ақиқатпен сабақтас қарады. «Шындыққа – сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік жоқ жерде сын да жоқ», – деп ойланды. «Сынның аты – шындық, заты – сүйіспеншілік», – деп толғанды. «Сынның аты ащы болғанымен, заты тұщы», – дейді белгілі сыншы Сағат Әшімбаев.. Осының бәрі сыншының үлкен азаматтығынан өсіп-өнген биік мәдениеттіліктің, ойлау мен сөйлеудегі, талдау мен жинақтаудағы тереңдіктің үлгісі еді. Сыншының азаматтық позиция, азаматтық пафос туралы қалыптастырған ұғымдары, әдеби-эстетикалық ойлары мен толғаныстары, анықтаулары мен айқындаулары дәлелді де дәйекті болумен бірге эмоциялық мазмұнының байлығы жағынан да аса бағалы. Азаматтық позиция – сыншы пайымдауында, суреткерлік айрықша парасаттылық. Ал суреткерлік айрықша парасаттылық дегеніміз – рухани қасиеттің төресі.
Достарыңызбен бөлісу: |