«Қазақ» және әдебиет мәселелері
Қазақ газеті — 1913—1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. № 1 номері 1913 жылы 2 ақпанда шыққан.
1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Бастырушысы — «Азамат» серіктігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл — қазақ ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, „Қазақ“ газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.
«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы — Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М. Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, М. Шоқай, М. Тынышбайұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Ғ. Қараш, Р. Мәрсеков, Ж. Тілеулин, Ғ. Мұсағалиев, М. Жұмабаев, Х. Болғанбаев, Х. Ғаббасов, Ж. Ақпаев, Ж. Сейдалин, С. Торайғыров, А. Мәметов, С. Дөнентайұлы, Х. Досмұхамедұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.
XX ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |