Біріккен, кіріккен атаулар. Бұл сөздердің көне түрі-кіріккен заттық атаулар. Кіріккен атаулар деп өзінің құрамындағы сыңарлардың дыбыстық өзгеріске түсіп, бір-бірімен жымдасып, ықшамдалып кірігуінен жасалған түрі аталады. Мысалы, білезік -білек жүзік, қарлығаш - кара ала кұс, белбеу - бел бау, ағайын - аға іні, қолғанат - қол қанат, сәресі - сахар асы. Кейде кіріккен сөздердін құрамын ажырату қиынға түседі. Мысалы, Е.Жанпейісов атан, қоян, құлан, қабан, қыран, торлан, сазан, жылан сөздерінің -ан/-аң сөзіне бітуі кездейсоқ емес деп, олардың құрамында алғаш аң сыңары болған деген жорамал айтады .
Ал бір сыңары ғана дыбыстық өзгеріске түскен кіріккен зат есім сөздердің сыңарларын ажырату онша қиын емес. Мысалы, көгал, қолғап, құлагер, жарғанат, бегзат, жегжат, қайната т.б.
А.Ысқаков кіріккен сөздерге мынадай анықтама берген: "Кіріккен сөз деп компоненттерінің я біреуі, я екеуі де бірдей әуелі өз мағыналарынан айрылып (делексикаланып), тұтасымен тұрып басқа бір жалпы мағына білдіретін және, сонымен бірге, сол компоненттеріне фонетикалық (дыбыстары, екпіндері) жағынан әр килы өзгерістерге ұшырап, бір-бірімен белгілі дәрежеде әрі үндесіп, әрі ықшамдалып құралған күрделі сөзді айтамыз". Осы кіріккен сөзге берілген жалпы анықтама кіріккен зат есім сөздерге тікелей қатысты.
Біріккен атаулар деп сыңарлары дыбыстық жағынан өзгеріссіз қалыпта тұрып, мағына тұтастығына көшкен сөздер аталады. Мысалы, азатжол, айбалта, айнакөз, әнтаспа, балабақша, балқаймақ, бозкөде, жемазық, жолбасшы, қарасөз, мүшелтой, өткел, пікірталас, шұбаршөп т.б.
Мағына жағынан біріккен атаулар әртүрлі:
1) Өсімдік атаулары: абжауқын, адамтамыр, адамшөп, айбалдырған, айгүл, ақбасшөп, бозшалғын, боркөз, даратүйнек т.б. Қасым Балқия Қасымқызының "Күрделі зат есімдер сөздігінде" 1400 біріккен өсімдік атаулары берілген.
2)Жан-жануар, жөндік атаулары: абжылан, ағашжегі, айбалық, айырқұйрық, айырмүйіз, ақалтеке, ақбалық, ақбауыр, ақбөкен, ақкекіре, ақкөз, аққаптал, аққарқара, аққоян, ақкұйрық, ақкұлақ, ақмарал т.б. Мұндай күрделі атаулар аталған сөздікте үш жүздей.
3) Көне атаулар: арайна, алдаспан, алтыбасар, арқармүйіз, асатаяқ, аттеріс, атшабар, ашамай, әбілхаят, безаяқ, бетқағаз, бауыркөппе, бойтұмар т.б. Көне, этнографиялық атаулар сөздікте жүз елу шамалы.
4) туыстық атаулар: ағайын, ақсақал, жамағайын, қайнаға, қайны, қайынбике, қайынене, қайынжұрт, қайынсіңлі, шөпшек т.б.
5) ауру атаулары: айкезбе, айырбақай, ақауыз, ақбайпақ, ақбас, аққаптал, аққатпа, аққұрт, ақтаңдақ, ақтопалаң, ақшелек, ақшешек, алабауыр, алагүлік, ашбаспақ, бақайқұрт т.б.
6) ойын атаулары: айгөлек, ақсүйек, алакүшік, алтыбақан, алтыбасар, алтынсақа, көжекжарыс, қазандоп, қарабие, карақұлақ, қаралақ, қолтұзақ, күжтеке т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |