Атаулы бағалы қағаздар деген бағалы қағаздардың бетінде, немесе оларды иемденушілердің тізімінде, кәдімгі құжат бетінде, немесе электронды түрде иемденушінің аты-жөнінің көрсетілуі.
Ұсынушы бағалы қағаздары деген оның иесінің аты-жөні бағалы қағаздарда көрсетілмеген, ал оның айналысы еш жерде тіркелмеген бағалы қағаздар.
Әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттерде, мысалы, АҚШ пен Ұлыбританияда атаулы бағалы қағаздар көп тараған болса, ал Германияда - ұсынушы бағалы қағаздары көп тараған.
Қағазсыз (құжатсыз) бағалы қағаздар - олар әрқашан атаулы бағалы қағаздар, себебі электрондық жүйеде олар белгілі бір заңды немесе жеке тұлғаға тіркеледі.
Бағалы қағаздарды биржалық тауар ретінде оның мүліктік құқығы неге қатысты болуына байланысты (тауардың өзіне ме, немесе оның бағасының өзгеруіне ме) шартты түрде екі үлкен класқа бөлуге болады (9.2. Сурет).
9.3. Сурет. Биржаларда саудаға түсетін бағалы қағаз түрлері
Бірінші класқа негізгі бағалы қағаздар немесе алғашқы бағалы қағаздар жатса, екінші класқа туынды бағалы қағаздар жатады. Негізгі бағалы қағаздарға олардың негізіне, әдетте тауарға, ақшаға, капиталға, мүлікке, әртүрлі қорларға және сол сияқты басқаларға мүліктік құқығы бар бағалы қағаздар жатады. Негізгі бағалы қағаздар өз кезегінде алғашқы бағалы қағаздар және екінші реттегі бағалы қағаздар болып екіге бөлінеді. Алғашқыға акциялар, облигациялар, вексельдер жатса, екіншіге алғашқы бағалы қағаздарға негізделіп шығарылғандар, мысалы, варранттар, депозитарлық қолхаттар жатады.
Екінші класқа туынды бағалы қағаздар жатады. Олар:
Біріншіден, биржалық активтің негізі болған бағалы қағаздың бағасының өзгеруіне байланысты туындаған мүліктік құқықты қағазсыз білдіреді; Екіншіден, тауардың бағасына (мысалы, астық, ет, мұнай және т.с.с), негізгі бағалы қағаздардың бағасына (әдетте, акцияның индексіне, облигацияға), несие нарығының бағасына (проценттік ставка), валюта нарығының бағасына (валюта бағамы) шығарылған бағалы қағаздар. Туынды бағалы қағаздарға фьючерстік шарттар (тауарлы фьючерстер, валюталы фьючерстер, проценттік фьючерстер, индекстік фьючерстер) және еркін айналыстағы опциондар жатады.
Қорыта айтқанда, қазіргі биржаларда сатылатын негізгі бағалы қағаздар ол - нарықтық бағалы қағаздар, яғни биржада немесе биржадан тыс еркін сатылатын және сатып алынатын бағалы қағаздар. Әйтседе, кейбір бағалы қағаздардың айналысы шектеулі болуы мүмкін, ондай жағдайда оларды келісілген мерзімнен кейін тек шығарушының (эмитенттің) өзіне ғана сатуға болады. Ондай бағалы қағаздар нарықтық емес, сондықтан олар биржалық тауар болмайды. Сондай-ақ шектеулі көлемде, немесе бір данасы ғана шығарылған бағалы қағаздар да биржаға айналысқа түсірілмейді. Биржалық тауар болу үшін және биржадағы тұрақты сұраныс пен ұсынысты қанағаттандыру үшін соған ие бағалы қағаздар түрлерін ғана қажетті көлемде шығару керек.
Биржалық сауда табысты болуы немесе капиталды жогалту қауіпімен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан биржалық бағалы қағаздарды болатын қауіпті ескере отырып бағалаған жон. Бағалы қағаздар қауіптілік деңгейіне қарай орналасады (9.3. Сурет). Бағалы қағаздардың табыстылығы жоғары болған сайын, қауіптілігі де жоғары болады. Табыстың кепілдігі (немесе бағалы қағаздардың сенімділігі) жоғары болған сайын қауіптілігі де төмен болады.
Сонымен, биржада айналысқа түсетін бағалы қағаздардың басты белгілері:
Біріншіден, бағалы қағаздарды шығарушы органның (эмитенттің) тарапынан шектеусіз еркін сатып алынуы және сатылуы керек.
Екіншіден, эмитенттің сенімділігі, оның шығынсыз қызметі мен өзіне алған міндеттемелерін орындауы керек.
Үшіншіден, эмитент-компанияның мөлшері және еркін айналыстағы акциялардың, облигациялардың және басқа да бағалы қағаздардың саны көрсетілуі тиіс.
9.4. Сурет. Бағалы қағаздарды қауіптілік және табыстылық деңгейі бойынша орналастыру
9.4. Валюта - биржалық тауар
Әр мемлекет ішкі тауар-ақша айналымында өз ұлттық валютасын қолданады. Ал шетелдік несие, инвестициялар, мемлекетаралық төлем бойынша және т.б. сыртқы саудада есеп айырысқанда қолданылатын біртектес халықаралық айырбас құралының болмауынан өз ұлттық валютасын басқа ел валютасына айырбастау қажеттілігі туындайды. Валюта деп әр елдің ақша бірлігін айтады. Валюта бір елдің ақша бірлігінің атауымен аталады, мыс, АҚШ доллары, Жапонияның иені, Ұлыбританияның фунт стерлингі және т.с.с Әдетте онымен бағалы қағаздарды, төлем құралдарын, сондай-ақ асыл металдардың құнын белгілейді.
Валюта - ерекше тауар. Валютаны сатып алу-сату операциясы үшін әр валютаның бағамын білу керек. Валюта бағамы салыстырылатын екі валютаның ара қатынасын білдіретін көрсеткіш. Басқаша айтқанда, валюта бағамы - ол бір елдің валютасын сатқанда немесе сатып алғанда оны басқа елдің валютасымен көрсеткен баға. Валюта бағамын валютаға сұраныс пен ұсыныс негізінде ашық нарық айқындайды немесе мемлекет (әдетте мемлекеттің Орталық банкі) белгілейді. Валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс үнемі өзгеріп тұратындықтан, валюта бағамы - өзгермелі көрсеткіш. Ұсыныс шектеулі болса, валюта бағамы жоғарылайды, ал ұсыныс көп болса, валюта бағамы төмендейді.
Валюта бағамын айқындағанда тікелей және кері баға кесу әдістері қолданылады. Ол үтірден кейін төрт белгіге дейінгі дәлдікпен анықталады. Ең көп тарағаны - тікелей баға кесу әдісі. Әдетте, шетел валютасының 100 бірлігі ұлттық валютаның белгілі бір сомасының өзгермелі көлемін көрсетудің негізі болып табылады. Мыс, Швейцария франкінің бағамы 72,5505 Голландия гульденіне тең деген 100 гульденге 72,5505 Швейцария франкін береді дегенді білдіреді.
Кері баға кесу әдісі сирек қолданылады. Оның негізі болып ұлттық валютаның нақты сомасы алынады. Kepi баға кесу деген тікелей баға кесуге кері келетін мөлшер. Ол негізінен Англияда қолданылады. Себебі 1971 жылға дейін Англияның ақша-несие аясында ондық жүйе болмағандықтан тәжірибеде кері баға кесу әдісін қолдану оңай болды. Осы әдісті кейіннен ондық жүйе енгізілген соң да сақтап қалды. Кері баға кесу мына теңдікпен өрнектеледі: 1 ф. стерлинге .8260 АҚШ доллары.
Валютаны сатып алуда және сатуда валюта бағамы әртүрлі болады. Атап айтқанда:
-
Банк валютаны сатып алушының бағамымен алды делік. Мыс, 72,5505 Швейцария франкінің бағамы 100 Голландия гульденіне тең деген, бұл банк 72,5505 швецария франкіне 100 гульден алуға дайын дегенді білдіреді. Сөйтіп, 1 шетел валютасына ұлттық валютаның белгілі бір сомасын алуға болады.
-
Банк валютаны сатушы бағамымен сатады. Мыс, 72,5505 Швейцария франкін сатушы бағамы 100 гульденге тец деген, бұл банк 100 гульденге 72,5505 Швейцария франкін алуга дайын дегенді білдіреді. Сатушы мен сатып алушы бағамының арасындағы айырма маржа деп аталады, ол банктің пайдасын құрайды. Оны банк өз шығындарын өтеуге жұмсайды. Ол айырма әрбір нақты валюта мәмілесі үшін оның сатылу уақыты мен сатылу орнына байланысты өзгеріп тұрады. Соңғы кездері алдыңғы қатарлы валюталар бойынша сатып алушы мен сатушы бағамының айырмасы едәуір қысқарды. Валюта операцияларын жүргізу үшін жұмсалатын шығындар компьютерлік техниканы енгізу және сауда айналысының өсуі есебінен азаюда.
-
Сатып алушы мен сатушы арасындағы бағамның орташа арифметикалық шамасын анықтау үшін ұзақ уақыт аралығындағы экономикалық салыстыруға арналған орташа бағам қолданылады. Шындығында бұндай бағам іс жүзінде қолданылмайды, дегенмен оның мөлшерін бұқаралық ақпарат құралдары күнбе-күн хабарлап тұрады.
-
Қазіргі кезде валюта операцияларын жүргізгенде екі шетел валютасының бағасын білдіретін кросс-курс бағамы кең қолданылуда. Мұнда мәмілеге қатысушы ұлттық валютаның бірде-біреуі қатыспайды. Мысалы, швейцария банкінің 100 неміс маркасына шаққандағы бағамы 24,0735 фунт стерлинг делік, ол германия банкінің 100 швейцария франкіне бағамы - 37,7324 франция франкіне тең дегенді көрсетеді.
1950 жылдан валюта нарығындаАҚШ доллары артықшылықты жағдайда болғандықтан кез-келген елдің ұлттық валютасының бағамы АҚШ долларының бағамына қатысты есептеліп, ұлттық валютаның бағамы АҚШ долларымен айқындалады. Мыс, егер швейцария банкі швейцария франкінің швед кронына шаққандағы бағамын тапқысы келсе, онда ол екі валютаның бағамының АҚШ долларына, содан соң швейцария франкінің швед кронына шаққандағы кросс-курсын табады:
X швейцария франкі = 100 швед кронына;
3,7946 швед кроны = $1 АҚШ долларына;
1,9872 швейцария франкі = 1$ АҚШ;
Сонда, 100 швед кроны = = 52,3692 швейцария франкі болады.
Валюта еркін (немесе ішінара) айырбасталымды болса, яғни оны халық пен ұйымдардың сатып алу-сатуына мемлекеттік шектеу қойылмаған жағдайда ғана шетел валютасымен биржалық сауданы ұйымдастыруға болады. Әдетте шетел валютасын американдық долларға, ағылшын фунт стерлингіне, еуроға және т.б. кейбір валютаға шаққандағы биржалық класпен (бағамен) айналысқа түсіреді.
Бақылау сұрақтары.
-
Биржалық тауардың негізгі белгілері қандай?
-
Әлемдік практикада биржалық тауардың қандай кластары бар?
-
Заттық биржалық тауардың негізгі сипаттамалары қандай?
-
Тауар биржаларында ақпаратқа қандай талаптар қойылады?
-
Бағалы қағаздардың атқаратын қызметтері қандай?
-
Бағалы қағаздардың мерзімдік, кеңістік және нарықтық сипаттамасы қандай?
-
Бағалы қағаздардың қағазсыз формасының пайда болуының маңызы неде?
-
Туынды бағалы қағаздардың негізгілерден айырмашылығы неде?
-
Неліктен валюта биржалық тауар ретінде жүреді?
-
Валютаны сипаттайтын негізгі белгілер қандай?
-
Валюта бағамын айқындайтын әдістер қандай?
-
Валюта бағамының түрлері қандай?
Х ТАРАУ Базистік нарықтар
10.1. Бағалы қағаздар нарығы
Бағалы қағаздар нарығы деген бағалы қағаздарды шығару және оларды айнал ысқатүсіру бойынша туындайтын экономикалық қатынастар жиынтығы. Бұл нарық басқа нарықтардан тауарының арнаулы сипатымен ерекшеленеді. Дәстүрлі тауарлар (мысалы, көмір, астық және т.б.) нарыққа түспес бұрын өндіріледі, өсіріледі, өңделеді, ал бағалы қағаздар басып шығарылғаннан кейін тікелей айналысқа түсіріледі. Тауар тұтынушыға жеткенше өзіне тән тауар қозғалысынан өтсе, ал бағалы қағаздар қозғалысы тек өзіне ғана тән айналыста болады. Тауар бір немесе бірнеше рет сатылады, ал бағалы қағаз шексіз рет сатылуы және сатып алынуы мүмкін.
Бағалы қағаздар нарығы кез-келген елдің нарығының құрамдас бір бөлігі. Бағалы қағаздар нарығының негізі - тауар нарығы, ақша және ақшалы капитал. Бағалы қағаздар нарығы тауар нарығынан туындайды және оның үстіндегі қондырма тәрізді.
Бағалы қағаздар нарығының түрлері:
-
халықаралық және ұлттық;
-
ұлттық және аймақтық;
-
нақты бағалы қағаз түрінің нарығы (акция, облигация және т.б.);
-
мемлекеттік және корпоративтік (мемлекеттік емес) бағалы қағаздар нарығы;
• алғашқы және туынды бағалы қағаздар нарығы.
Кез-келген нарық капиталды көбейтетін нарық немесе солай болуы тиіс нарық. Осы тұрғыдан алғанда кез-келген нарық капитал жұмсау нарығы.
Бағалы қағаздар нарығының алатын орнын екі тұрғыдан: бірінші жағынан әртүрлі көздерден тартылған ақша қаражаттарының мөлшері бойынша, екінші жағынан кез-келген нарыққа жұмсаған бос ақша қаражаттары бойынша қарауға болады.
Ақша қаражаттары ішкі және сыртқы көздер есебінен тартылуы мүмкін. Ішкі көздерге әдетте амортизациялық аударым және пайда жатады. Сыртқы көздерге - банктік ссуда және бағалы қағаздар сатудан түскен қаржы жатады. Жалпы алғанда қоғамда ішкі көздер басым болады, себебі сыртқы қаржы көздері ішкі көздерді қайта бөлудің нәтижесі. Айта кететін жәйт, қайта бөлінген қаржы өз елінікі ме, әлде басқа елдікі ме, ол маңызды емес. Дамыған елдерде тартылған қаражаттардың орташа есеппен 75%-ке жуығы ішкі қаражат көздерінен құралса, ал банктік ссуда мен бағалы қағаздарды сатудан түскен қаржының әрқайсысы 5 және 20% болады.
Бос ақша қаражаттарын пайда табу үшін көптеген салаға: өндіріске және басқа шаруашылық істерге (өнеркәсіп, құрылыс, сауда, байланыс жәнет.б.), қозғалмайтын мүлікке, антиквариатқа (сирек бұйымдар), құндылықтар мен асыл тас және құнды металдарға, өнер туындыларына инвестициялауға болады. Егер отандық валюта құнсызданса ақша қаражаттарын шетел валютасына, зейнетақы мен сақтандыру қорларына, әр түрлі бағалы қағаздарға салуға, ссудаға беруге немесе проценттік өсім төленетін банктік депозитке салуға және т.б. жұмсауға болады. Сонымен бағалы қағаздар нарығы - бос капиталды жұмсайтын көптеген салалардың бірі. Сондықтан уақытша бос қаражаттарды тарту үшін нарықта бәсекелесу керек. Осы айтылған капитал жұмсау нарықтарының арасында қаражат қозғалысы көптеген факторларға байланысты болады. Олардың негізгілері:
-
нарықтың табыстылық деңгейі;
-
нарыққа салық салу жағдайы;
-
капиталды жойылту немесе болжалған табысты ала алмау тәуекелдерінің деңгейі;
-
нарықты ұйымдастыру мен оның инвестор үшін қолайлығы, нарыққа тез кіру мен одан тез шығу мүмкіндігі, нарықтың ақпараттану деңгейі және т.б.
Бағалы қағаздар нарығы қызметін шамамен екі үлкен топқа белуге болады: басқа нарықтарга тән жалпы нарықтық қызметтер және тек өзіне тән ерекше қызметі.
Жалпы нарықтық қызметтерге мыналар жатады:
-
коммерциялық, яғни нарықта жүргізген операциялардан табыс табу;
-
баға белгілеу, яғни нарықтық бағаларды қалыптастыру; ақпарат тарату, яғни сауда объектілері және оған қатысушылар туралы ақпарат шығарып, оларды өзіне қатысушыларга жеткізу;
-
реттеу қызметі, яғни нарықтық сауда жүргізу және оған қатысу ережелерін, қатысушылар арасындағы таластарды шешу ережесін шығару, бірінші кезекте істелетін қызметтерді белгілеу, бақылау органдарын немесе басқару органдарын бекіту.
Бағалы қағаздар нарығының ерекше екі қызметін атап айтуға болады:
• қайта бөлу қызметі. Оны өз кезегінде шартты түрде үшке белуге болады:
а) нарық ісімен шұғылданушы салалар арасында ақша қаражатын қайта бөлу;
ә) ақша жинақтарын, әсіресе халықтың жинақтарын өндірістік емес салалардан өндіріс саласына аудару;
б) мемлекеттік бюджеттің кемшілігін инфляциядан тыс негізде, яғни айналысқа қосымша ақша массасын шығармай-ақ қаржыландыру.
• баға тәуекелін сақтандыру немесе хеджирлеу қызметі туынды бағалы қағаздардың кластары: фьючерстік және опциондық шарттардың пайда болуымен байланысты туындайды.
Биржалық және биржадан тыс бағалы қағаздар нарығы деп бөлудің негізі белгілі бір бағалы қағазға қатысты бағалы қағаздар нарығының қызметі емес, ол - кең мағанада сауданы ұйымдастыру тәсіліне байланысты болады. Осы тұрғыдан қарастырғанда бағалы қағаздар нарығы:
-
ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған;
-
биржалық және биржадан тыс;
-
дәстүрлі және компьютерленген болып үшке бөлінеді.
Ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы деген лицензиясы бар нарықтың кәсіби қатысушылары - делдалдардың нарыққа басқа қатысушылардың
тапсырысы бойынша бекітілген ереже негізінде бағалы қағаздардың айналысын ұйымдастыруы.
Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығы - ол нарыққа барлық қатысушылардың ережені орындауын қажет етпейтін бағалы қағаздар айналысы.
Биржалық нарық - ол бағалы қағаздармен сауда жүргізілетін қор нарығы, ал биржадан тыс нарық - ол қор нарығынан тыс бағалы қағаздармен сауда жүргізу. Биржалық нарық - ол әрқашан ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы, себебі сауда биржаның қатаң тәртібі бойынша және нарыққа баска қатысушылар арасынан мұқият таңдап алынған биржалық делдалдар арасында жүргізіледі. Биржадан тыс нарық - ол ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған болуы мүмкін. Ұйымдастырылған биржадан тыс нарықта бағалы қағаздармен сауда, қатысушылармен байланыс және оларға қызмет көрсету компьютерлік жүйеге негізделген.
Бағалы қағаздармен сауда әдеттегідей дәстүрлі және компьютерленген нарықта жүргізілуі мүмкін. Компьютерленген нарықтың дәстүрлі нарықтан ерекше екі белгілері бар: сатушы мен сатып алушылардың кездесетін белгілі бір орнының болмауы және екі жақтың өзара тікелей кездеспеуі, сауда процесі, оған қызмет көрсету толық автоматтандырылған. Нарыққа қатысушылардың ролі бағалы қағазды сатып алу-сатуға берген өздерінің арыздарын тек сауда жүйесіне енгізумен шектеледі.
Бағалы қағаздар нарығына қатысушылар - ол бағалы қағаздарды сатып алатын және сататын немесе олардың айналымын қамтамасыз етіп және олар бойынша есеп айырысатын жеке тұлға немесе ұйым. Олар - бағалы қағаздың айналысы бойынша өзара белгілі бір экономикалық қатынастарға түсушілер. Бағалы қағаздар нарығына қатысушылар:
-
эмитенттер;
-
инвесторлар;
-
қор делдалдары;
-
бағалы қағаздар нарығы қызметін қамтамасыз етуші ұйымдар;
• реттеуші және бақылаушы мемлекеттік органдар.
Эмитенттер - ол бағалы қағазды айналысқа шығарушылар. Олар, әдетте мемлекеттік және коммерциялық кәсіпорындар мен ұйымдар.
Инвесторлар - айналысқа шығарылған бағалы қағаздарды сатып алушылар. Олар, әдетте, бос ақша қаражаттарын ұлғайтуды (өсіруді) көздеген халық, сондай-ақ коммерциялық ұйымдар жатады.
Қор делдалдары - бағалы қағаздар нарығының эмитенттері мен инвесторлары арасын байланыстыратын сатушылар мен сатып алушылар.
Бағалы қағаздар нарығы қызметін қамтамасыз етуші ұйымдарға бағалы қағаздарды сатып алу-сатудан басқа қызметпен айналысатын ұйымдар, яғни қор биржасы, есеп айырысу орталықтары, тіркеушілер, депозитарийлер және т.б. ұйымдар жатады.
Бағалы қағаздар нарығын дамытудың қазіргі тенденциялары мыналар:
-
Нарықтың интернацоналдануы мен жаһандануы. Ол - әр елдің ұлттық капиталының өз шекарасынан шығуы, әлемдік бағалы қағаздар нарығының қалыптасуы, ал ұлттық нарықтың екінші деңгейге ығыстырылуы. Бұнда кез-келген елдің инвесторлары бос қаражаттарын басқа елдің айналыстағы бағалы қағаздарына салуға мүмкіндік алады. Бағалы қағаздар нарығы жаһандық сипатқа ие болады, басқаша айтқанда, бүкіл әлемді қамтиды. Ұлттық нарық - ол бүкіл әлемдік бағалы қағаздар нарығының құрамдас бір бөлігі ретінде қалады. Бұндай жаһандық нарықта сауда үзіліссіз, әрі жер-жерде жүргізіледі. Оның негізін трансұлттық компаниялардың бағалы қағаздары құрайды.
-
Нарықты ұйымдастырудың деңгейін көтеру және оны мемлекеттік бақылауды қатаңдату. Оның мақсаты - бағалы қағаздар нарығына сенімділікті арттыру, сонымен қатар көпшілік инвесторлардың нарыққа деген сенімін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бағалы қағаздар нарығының масштабы мен маңызы ұдайы өсуде. Егер бағалы қағаздар нарығы күйзеліске ұшыраса, ол экономикалық процестің және жалпы ұдайы өндірістің бұзылуына соқтырады. Сондықтан, ешбір мемлекет өз елінің немесе басқа елдің бағалы қағаздарын сатып алған өз халқының жинақ ақшаларының әлде қалай болған астан-кестен өзгерістердің (катаклизмы) немесе алаяқтықтың кесірінен жоғалып кету қаупі тууына жол бермейді.
Бұл процестің басқа себебі - фискальдық саясат. Нарықты ұйымдастыруды және оны бақылауды күшейту әрбір мемлекетке өзінің салық салу базасын және нарыққа қатысушылардан түсетін салықтың мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
3. Бағалы қағаздар нарығын компьютерлендіру. Ол - нарыққа қызмет көрсетуге - ең алдымен нарыққа қатысушылар үшін және олардың өзара есеп айырысуы үшін тез, әрі жан-жақты нарық процесін тегіс қамтитын қазіргі жүйесі арқылы түбегейлі өзгерістер енгізуге мүмкіндік тудырды. Оған қоса сауда тәсіліне де көптеген өзгерістер енгізді. Жалпы алғанда компьютерлендіру бағалы қағаздар нарығына енгізілген жаңалықтардың негізі болып саналады.
4. Нарыққа енгізілген жаңалықтар:
а) нарықта жаңа қаржы құралдарының, яғни көптеген туынды бағалы қағаздардың жаңа түрлерінің пайда болуы;
ә) бағалы қағаздармен сауданың жаңа жүйесінің пайда болуы - ол компьютерлерді және қазіргі байланыс құралдарын қолдану негізінде делдалдарсыз және де сатып алушымен сатушының бір-бірімен тікелей кездесуінсіз сауданы толығымен автоматты режимде жүргізуге мүмкіндік беретін сауда жүйесі;
б) нарықтың жаңа инфрақұрылымының қалыптасуы – ол қазіргі ақпараттық жүйе, клиринг және есеп айырысу, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына депозитарлық қызмет ету жүйесі.
5. Секьюритизациялау. Ол - ақша қаражаттарының өзінің дәстүрлі формасынан (жинақтау, қолма-қол ақша алу, депозитке салу және т.б.) бағалы қағаздар формасына ауысу тенденциясы; көптеген капиталы массасының бағалы қағаздар формасына өту тенденциясы; бағалы қағаздардың бір формасынан басқа көпшілік инвесторлардың қолына тиетін формасына ауысу тенденциясы.
10.2. Тауар нарығы
Базистік нарықтың келесі түрі - ол тауар нарығы. Тауар нарығы - аса күрделі әлеуметтік-экономикалық категория. Оның мәні нарықты жан-жақты қарастырғанда ғана толық көрінеді. Біріншіден, нарық тауар айырбасы ретінде көрінсе, екіншіден, тауардың өндірушілерден тұтынушыларға дейін қозғалысын атқаратын шаруашылық іс-шаралар және ұйымдастыру-экономикалық әрекет жүйесі ретінде көрінеді. Мұндай шаруашылық әрекеттер, мысалы, тауарларды өндіру мен сату механизмінің, сату формалары мен әдістерінің, тауарларды жарнамалаудың, халыктың сұранысын зерттеудің дамуымен баланысты туындайды. Сөйтіп, тауар нарығы деген тауар айырбасы, яғни тауарларды сатып алу, сату барысында туындайтын шаруашылық іс-шаралардың жиынтығы.
Тауар нарығының құрамдас элементтері - тауар ұсынысы, халықтың сұранысы және тауар бағасы. Осы элементтерді таратып айтсақ, тауар ұсынысы деген сату арналған тауар массасы. Оның негізгі көзіне тауар өндірісі, елдегі тауар қоры және шетелдерден сатып алған тауарлар жатады.
Тауарға сұраныс деген халықтың төлем қабілеттілік мұқтаждығы. Сұраныс - ол тұтынушының тауар ақысын төлей алатын мүмкіндігі. Сұраныстың тілектен айырмашылығы осы.
Тауар бағасы - ол тауар құнының ақшалай көрінісі. Баға көптеген факторлардың әсерінен тауар құнынан ауытқиды. Ең алдымен ол ақша құнының көрінісі. Ол, біріншіден, алтынның ерекше тауар ретіндегі құнына байланысты болады. Себебі алтынның құны арқылы басқа бүкіл тауарлардың құны көрінеді. Екіншіден, тауар бағасы айналыстағы ақша санына байланысты өзгереді. Бірақ ол өзі алмастыратын алтынның санына сәйкес келмеуі мүмкін. Бұлардан басқа тауарлар тұтыну құнымен сатылады және сапасында да өзгешелігі бар. Міне осылардың бәрі тауар бағасына әсер етеді. Тауарлардың тұтыну қасиетін салыстыру кейбір тауарлардың бағасы мен түрлерінің арақатынасына әсер етеді. Сондай-ақ сұраныс пен ұсыныстың өзгеруінен туындаған сату жағдайлары да бағаның конъюнктуралық ауытқуына әсер етеді. Тауар нарығында бағаның қалыптасуына әсер ететін факторларды бірінші және екінші кезеңдегі факторлар деп жіктеуге болады.
Тауар нарығындағы баға белгілеуге әсер етуші негізгі факторлар екіге бөлінеді. Олар:
І кезектегі факторларға келесілер жатады:
-
Тауарды өндіру бағасы: өндіріс шығындары және пайда;
-
Сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы: сұраныс пен ұсыныс;
-
Бағаны реттеу: мемлекеттік реттеу және монополиялық реттеу;
-
Ақша аясындағы жағдай: ақшаның сатып алу мүмкіндігі мен валюта бағамы.
ІІ кезектегі факторларға келесілер жатады:
-
Тауар сапасы;
-
Жабдықтау көлемі;
-
Төлем жағдайы;
-
Тауар бағасын алдын-ала төлеу;
-
Жөнелтуші мен тұтынушы арасындағы өзара қатынастар.
Кез-келген тауар нарығының қызметі мынандай негізгі көрсеткіштермен сипатталады:
-
тауар нарығының сыйымдылығы - ол дәл осы кездегі төлем қабілеттілік деңгейдегі сұранысқа, ұсынысқа және дара бағаға тауарларды сатудың ең көп мөлшері;
-
кейбір салалық тауар нарығының даму динамикасы - ол елдің біркелкі тауар нарығының құрамдас бөлігі;
-
тауар нарығының диверсификациялық деңгейі - ол халықтың географиялық, этникалық және төлем қабілеттілік ерекшеліктерін есептеп, әр түрлі тауармен (ассортименті және бағасы бойынша) қамту деңгейі;
-
нарықта сатылатын тауарлардың сапасы - ол тауарларға тән оның қасиеттері. Тұтынушылар тарабынан оның қауіпсіздігіне, экологиялық нормалардың сақталуына, буып-түйілуіне және таңбалауына (марка) жоғары талаптар қойылуы;
-
нарықта тауарлардың бәсекелестік қабілеттілігі - ол өнімнің дәл қаралып жатқан кезде осы нарықтың талаптарына сай келуі.
Тауар нарығын әртүрлі сипатына қарай жіктеуге болады. Солардың бірі географиялық нышанына қарай әртүрлі аймақтардың, мысалы, Африка нарығы, Латын Америкасы, Азия, Шығыс Еуропа, Австралия және Океания, Ресей нарығы және т.с.с. нарықтар, сондай-ақ олар әр елдің дайын өнім нарығы (өз кезегінде олар машиналар мен құрал жабдықтар, тұрмыстық заттар нарығы), шикізаттар мен жартылай фабрикаттар нарығы (өз кезегінде олар отын, өнеркәсіп шикізаты, ауыл шаруашылық және орман тауарлары нарығы және т.б.) және қызмет көрсету нарығы деп те жіктеледі. Одан әрі тауар нарығының әрбір тобы жеке тауар нарығы деңгейіне дейін бөлінеді. Мысалы, өнеркәсіп шикізаты өз кезегінде темір, болат, мыс, құнды металдар, алмас, химикаттар, медикаменттер және с.с. нарықтар болып бөлінеді.
Жеке-жеке тауар нарығында оған қатысушылар әртүрлі қызмет атқарады. Мысалы, халықаралық мұнай нарығына қатысушылар:
-
мұнай шығаруды барлау, өндіру, қайта өңдеумен және сатумен шүғылданатын мұнай компаниялары. Мүнан басқа көптеген мұнай компаниялары мұнай мен мұнай өнімдерін сату құқықтарын, яғни фьючерс, опциондарды сатуды, сондай-ақ фьючерсті нақты тауарға айырбастауды жақсы меңгеруде;
-
мұнайды қайта өңдеу заводтары - олар шикі мұнайды сатып алушы және өндірілген өнімді нарықта сатушы ролін орындаушылар;
-
тәуелсіз сауда компаниялары, мысалы, көпке белгілі Марк Рич, Витол, Аркадия компаниялары. Олар нақты нарықта, сондай-ақ жаңа нарықтарда жұмыс істейді;
-
қаржы инвестициялық компаниялар, банктер, сауда үйлері - олар нарықтың жаңа түрлеріне қызмет көрсетеді;
-
жеке және ұжымдық инвесторлар - олар мұнай және мұнай өнімдеріне жасалған фьючерстік және опциондық шарттарға өз қаржыларын салады.
Қазіргі кездегі мұнай нарығындағы баға баға белгілеудің нарықтық механизмінің қызметі барысында қалыптасады. Оған тұтынушылардың және ОПЕК-елдерінің жеке мүдделері әсер ете алмайды. Себебі олардың өздері нарыққа бағынышты.
Мұнай өнеркәсібі бұрынғыдай интернационалды сипатта дамыса да, мұнайдың көп бөлігі ұзақ мерзімді келісім негізінде сатылады. Ал оның бағасы қолма-қол «СПОТ» мәмілесі механизмі негізінде алдын ала қалыптасып, әрбір жөнелтуге бөлек-бөлек анықталады. Мұнай компаниялары мерзімді мәмілелерді (форвард) пайдалану арқылы баға тұрақсыздығынан туындайтын қаржылық тәуекелді азайту тәсілін жиі қолдануда.
Ауыл шаруашылығы мен орман тауарлары нарығының өзіне тән құрылымдық бөлімдері бар. Оның ішінде астық нарығы ерекше орын алады. Тауар нарығын зерттегенде нарықтың құрылымдық типі мен оның әрбір элементтерінің жіктелуіне көңіл бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |