Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007



бет11/19
Дата12.06.2016
өлшемі1.63 Mb.
#128928
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

Бақылау сұрақтары:

  1. Ұйымдастырылған нарық ұғымы.

  2. Ұйымдастырылған нарықтың негізгі белгілері.

  3. Ұйымдасқан нарық:

а) сатылатын актив туріне;

ә) ұйымдастыру деңгейіне;

б) пайда болуына;

в) сауда формасына байланысты қандай нарықтар болып бөлінеді.



  1. Биржалық сауданың негізгі ерекшеліктері.

  2. Биржалық сауданың негізгі белгілері қандай?

  3. Биржалық сауданың негізгі даму кезеңдері.

  4. Қазақстанда 1990-91 ж.ж. биржалардың пайда болу себептері қандай?

  5. Алғашқы құрылған биржалардың түрлері.


VIII ТАРАУ Биржаның қызметтері және түрлері.

Биржалық инфрақұрылым
8.1. Биржа және оның пайда болуы
Қазақстан Заңында «Биржа - қызметтер көрсетуден алған табыстары оның шығындарын өтеуге, биржа мен биржалық инфрақұрылымды аппараттық-техникалық және әлеуметтік дамытуға пайдаланатын субъект» деп жазылған [33;1].

Әлемде алғашқы тауар биржалары XVI ғасырда Еуропаның сауда орталықтарында: 1531 жылы - Антверпен (Нидерландыда), 1549 жылы - Лион, Тулуза (Францияда), 1556 жылы - Лондон (Ұлыбританияда) пайда болды. Ресейде алғашқы биржа І-Петрдің басшылығымен Санкт-Петербургте 1703-1705 жылдарда құрылды. АҚШ-та (Чикагода) 1848 жылы пайда болды.

Әдетте көп мөлшердегі тауарларды сату арнайы орындарда, мыс, базар да, жәрмеңкеде, дүкенде өткізіледі. Тарихи осындай жерлердің бірі биржа деп аталды. Осыдан биржа ұғымының негізіне сауда жүргізілетін және тауарды сатушы мен сатып алушы кездесетін орын жатады. Міне осы белгілер биржа деген ұғымды басқа да сауда жүргізетін ұйымдармен біріктіреді. Әйтсе де, әшейін саудадан биржалық сауданың ерекшеліктері бар:


  • биржада тауардың өзі сатылмайды, тауардың үлгілері немесе арнайы сипаттамасы бойынша тауарды сатып алу-сатуға шарт жасалады;

  • биржалық саудаға ұсақ тауар өндірушілер немесе жеке сатып алушылар қатыспайды, әдетте оған тауарлардың үлкен партияларын сататын және сатып алатын сатушы-делдалдар қатысады.

Биржа ұғымы оның мәнін, яғни сауда жүргізетін алаң екенін білдіреді. Бірақ кез-келген сауда жүргізетін орын биржа деп аталмайды. Биржа – заң жүзінде ұйымдастырылған көтерме сауда нарығы. Биржа ұғымының элементтерін 8.1. Суретпен өрнектеуге болады.



8.1.Сурет. Биржа ұғымының құрамдас элементтері

Алғашқыда тауар биржасы саудаға нақты тауар түсетін орын ретінде, яғни

онда тауарлар сатылатын және сатып алынатын биржа ретінде пайда болды. Алайда экономиканың қарқынды дамуы және сауда көлемінің жедел өсуіне байланысты бүкіл тауарлар қозғалысын биржа арқылы ұйымдастыру мүмкін емес еді. Нәтижесінде ХХ-ғасырда нақты тауарлар саудасы биржадан тыс айналымға ауысты. Дегенмен тауар биржасы біржола жойылған жоқ. Әрі қарай ол екі түрлі жолмен дами бастады. Еуропаның көптеген тауар биржалары тауар нарықтарының конъюнктурасын айқындайтын, кеңес беретін және т.б. іс-шаралар жүргізетін орталықтарға айналды. Бірсыпырасы фьючерстік тауар нарығын меңгеріп, яғни фьючерстік шарт жасасу негізінде тауарларды сатып алу-сатуды ұйымдастырды. Фьючерстік биржалық сауданың механизмі әмбебап болғандықтан оны қор биржалары да, валюта биржалары да меңгерді. Нәтижесінде бір жағынан әртүрлі биржаның арасындағы көптеген өзгешіліктер жойылса, екінші жағынан барлық биржалар әмбебап биржалар ретінде қызмет етуде. Тауар биржасы қазіргі биржалардың алғашқы нұсқасы. Оларда сатылған активтер түріне (тауар, бағалы қағаз, валюта) байланысты кейін қор биржасы және валюта биржасы бөлініп шықты.

Биржа дамуының болашағын айтатын болсақ, қазіргі кезде ғылыми-техникалық прогресті пайдалану электрондық биржаны тарихи аренаға шығарды, яғни биржалық сауданың бүкіл процесі компьютерленген. Осы бағытта биржалық және биржадан тыс нарықтардың айырмашылығы жойылып, нарықтық активтердің барлық түрін сататын, басқаратын және ұйымдастыратын бірегей электрондық нарық пайда болады. Сөйтіп, XVI ғасырда пайда болған ежелгі «биржа» атауы жаңа типтегі бірегей электрондық нарық компаниясына өтуі мүмкін. Сонда биржа ұғымының мәні қазіргіден мүлдем басқаша түсіндірілетін болады. Осы айтылғандарды 8.2. Суретпен өрнектелік.

Тарихи мәліметтер биржа ұғымы үнемі өзгеріп отыратын түсінік екенін аңғартады. Егер 8.1. Суретте сауда өтетін орынға және көтерме сауда нарығына көңіл бөлінсе, ал келесі 8.2. Суретте электрондық сауда формасын падалануға байланысты сауданы кызмет орнында да өткізуге болатыны аңғарылады. Сондықтан қазіргі кезде саудаға арнаулы орын - сауда залын дайындаудың қажеттілігі жойылды. Ал биржаның көтерме сауда нарығы сияқты міндетті белгісі де өзгерді. Себебі, электрондық жүйе арқылы бұрынғыдай активтердің үлкен партиясы емес, кез-келген мөлшерін сатуға мүмкіндік туды. Айта кететін жәйт, биржаның клиенттерін, яғни сатып алушы мен сатушыны бір-бірімен өзара кездестіретін биржалық делдалдар қазіргі уақытта да нарықтық қатынастардың негізі ретінде өз маңызын жойған жоқ. Алайда автоматтық жүйе арқылы сатушы мен сатып алушыны іздестіру болашақта биржалық сауданың бұл негізін де керек қылмайтын сыңайы бар.





8.2.Сурет. Биржаның эволюциясы

Келешекте жойылатынын болжауға болмайтын тек бір нәрсе ғана бар, ол биржаның мәні. Себебі биржа сауданы ұйымдастырушы, басқарушы және бақылаушы ұйым. Сайып келгенде, биржаның тарихи даму кезеңдерін төмендегідей қорытындылауға болады:



  • XVI ғасырда - биржа - импортталатын көтерме сауда орны.

  • XVII-XIX ғасырларда - биржа - тауарлармен, бағалы қағаздармен, валютамен көпшілік ірі сауда ұйымдастыратын ұйым;

  • XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың I жартысында - биржа - бағалы қағаздармен және тауарларға фьючерстік шарттармен ашық, көпшілік сауда жүргізетін ұйым;

  • XX ғасырдың 70-80 жылдарында - биржа - бағалы қағаздармен және фьючерстік шарттармен ашық, көпшілік және электрондық сауда жүргізетін ұйым;

  • ХХІ ғасырдың бас жағына болжам – бағалы қағаздармен және фьючерстік шарттармен электрондық сауда жүргізетін ұйым;

  • ХХІ ғасырдың орта шеніне болжам – биржа компьютерлік жүйемен сауданы басқаратын ұйым.


8.2. Қазіргі биржалардың қызметі
Биржаның қызметіне тек биржаның өзі ғана айналысатын, басқа бірде-бір

ұйымдарды жүргізбейтін істер жатады. Оны 8.3. Суретпен өрнектеуге болады.








8.3. Сурет. Қазіргі биржа қызметтері

Суретте көрсетілген қазіргі биржалардың негізгі қызметтерін таратып айтатын болсақ, ол:



Біріншіден, ашық көпшілік сауда жүргізу үшін биржа жиналысын ұйымдастыру керек. Ол үшін:

  • биржалық сауданы ұйымдастыру;

  • биржалық сауданың ережесін дайындау және бекіту;

  • сауданы материалдық, техникалық жабдықтау;

  • биржа қызметкерлерін оқыту және білімін жетілдіру;

  • саудаға қатысушыларға мамандық талаптарын дайындап,оны түсіндіру керек.

Сауданы ұйымдастыру үшін биржа ашық сауда жүргізетін көптеген сатушы мен сатып алушы сиятын жақсы жабдықталған нарық орнын (биржалық зал) дайындауы керек. Қазіргі электрондық байланыс құралдарын пайдалану сатушылардың бір жерде болуын қажет етпей-ақ, сауданы электрондық компьютерлік терминалмен жүргізуге мүмкіндік тудырады. Сондықтан биржалық сауда залы жоғары нәтижелі электрондық сауда жүйесімен жабдықталуы керек.

Сауданы ұйымдастыру биржадан сауда ережесін, яғни залдағы саудаға қатысушылардың жүріс-тұрыс ережелерін және нормасын дайындап, оның қатаң орындалуын қадағалауды қажет етеді.

Сауданы материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бир­жа залын, саудаға қатысушылардың жұмыс орнын жабдықтау, биржадағы бүкіл процестерді компьютермен қамтамасыз ету жатады.

Биржалық сауданы жүргізу үшін биржада жоғары маманданған, білім деңгейін қайта жетілдірген қызметкерлер штаты болуы қажет.

Биржалық саудаға қатысатын биржа мүшелерінің биржадағы жұмыс тәртібін білуі, биржалық саудаға байланысты қажетті білімі мен іс-тәжірибесі болуы керек.

Екіншіден, биржалық шарттарды дайындау қызметі:


  • биржалық тауардың сапалық сипаттамасына қойылатын талаптарды стандарттауды (бір үлгіге салуды);

  • шартқа енгізілген активтер партиясының мөлшерін стандарттауды;

• биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысуға біріңғай талаптарды жасауды (шарт бойынша жүк жеткізу, өзара есептесу және биржамен есеп айырысу мерзімі мен жағдайларын қоса алғанда) біріктіреді.

Үшіншіден, биржаның арбитраж қызметі, немесе биржалық сауда барысында жасалған биржалық мәміле бойынша туындаған дауды шешу. Биржаның бұл қызметінің маңызы аса зор. Бір жағынан алдау-арбаумен іс-әрекет жасағысы келген сатушыларды анықтау шарасы болса, екінші жағынан мәміледе жіберілген қате жазулардың, компьютер жүйесінің ақауларының және техникалық қателердің әсерінен кеткен кемшіліктерді түзету тәсілі.

Төртіншіден, биржалық мәміленің орындалуына кепілдік беру қызметі биржалық клиринг және есеп айырысу жүйесін қолдану арқылы орындалады. Ол үшін биржа қолма-қол ақшасыз есеп айырысу және саудаға қатысушылардың өзара тараптары мен міндеттерін есептеу жүйелерін қолданады. Сонымен бірге олардың орындалуын ұйымдастырады.

Бесіншіден, биржаның баға құру қызметі - ол екі жақты жағдайды көрсетеді:

Біріншісі, биржаның мақсаты - нарықтық дәл бағаны анықтау болса, сонымен қатар бағаны заңсыз өзгертудің болмауын реттеу міндетін орындауы. Бұл қызметін таратып айтсақ, биржа биржалық тауарлардың барлық түрлеріне баға қалыптастыруға және оны реттеуге қатысатын бірден-бір ұйым. Биржада сұраныс пен ұсыныстың шоғырландырылуы, сондай-ақ көптеген мәмілелердің жасалуы бағаға нарықтан тыс факторлардың әсерін жойып, нақты бағаның сұраныс пен ұсынысқа сай белгіленуіне әсер етеді. Биржалық баға биржаның ең маңызды қызметі ретінде баға кесу (белгілеу) процесінде белгіленеді. Баға кесу деп биржаның күнбе-күнгі қызметінде валюта немесе бағалы қағаздардың, биржалық тауарлардың бағасын белгілеуді айтады.

Баға құру қызметінің екінші жағы - бағаны болжау. Биржада тауар сатушылар мен сатып алушылардың шоғырландырылуы, биржалық мәміленің көптігі және олардың көлемділігі, саудаға тауарлардың ірі партияларының түсірілуі биржалық тауарлар бағасын өкілетті нарықтық бағаға айналдырып, ол көптеген басқа тауарларға баға кесудің негізі ретінде алынады. Нәтижесінде биржа баға құру қызметін атқарып, ол еңбек акы ставкасы, амортизациялық аударым нормасы және тағы басқалармен қатар баға құрудың базасы болады. Биржада мәмілеге келген датадан соңғы бірнеше айдан кейін жөнелтілетін тауарлар шарттарымен сауда жасалынатындықтан тауар жөнелтілетін датаға (күнге) дейін күнбе-күн баға болжалып отырады.

Алтыншыдан, биржаның хеджирлеу немесе биржалық саудаға қатысушыларды бағаның қолайсыз ауытқуынан сақтандыру қызметін орындау үшін мәміленің арнаулы түрлерін және олардың жасалу механизмін қолданады. Биржа сатып алушы мен сатушыға нақты тауарды өздері таңдауға және бір уақытта тиісті биржалық саудаға не клиент, не қатысушы ретінде қатынасуға жағдай жасайды. Бұндай шаралар биржаға деген сенімді арттырады. Биржаның хеджирлеу қызметі фьючерстік шарт механизмін қолдануға негізделген. Бұл қызметтің мәні хеджир-сатушы (яғни, сақтанушы) бір мезгілде әрі тауар сатушы, әрі сатып алушы болуы тиіс. Бұл жағдайда тауар бағасының өзгеруі бейтараптанады. Себебі бір мезгілдегі сатушының ұтысы сол мезгілдегі сатып алушының ұтылысын көрсетеді, керісінше де бола­ды. Мұндай жағдайға хеджир, мысалы, жай нарықта сатып алушы болып, ал фьючерстік шартпен биржалық нарықта қарама-қарсы жақта болып қол жеткізеді. Әдетте тауар өндірушілер өз өнімдеріне бағаның төмендеуінен сақтанса, ал сатып алушылар сатып алатын өніміне бағаның өсуінен сақтанады.

Жетіншіден, биржаның саудагерлік қызметі - ол биржадағы коммерциялық әрекет. Оның мақсаты - биржалық тауардың сату және сатып алу бағасының айырмасынан пайда табу. Биржаның алыпсатарлық (саудагерлік) қызметі оның хеджирлеу қызметімен тығыз байланысты. Биржадағы хеджирдің құтылған қауіпін алыпсатар өзіне қабылдайды. Алыпсатушы - ол биржадағы кәсіби қызметкер болуы шарт емес. Ол «арзан алып, қымбатқа сату» принципімен пайда табуды көздеген кез-келген компания болуы мүмкін.

Сегізіншіден, биржа ақпараттық қызметін орындау барысында биржадағы баға, биржада сауда жасайтын компаниялар, нарықтық конъюнктура, әртүрлі нарықтар бойынша болжам және тағы басқа іс-әрекеттері туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жариялайды. Қазіргі биржалардың ақпараттық қызметінің айтарлықтай жаңалықтары соншалықты мол, мысалы, дамыған мемлекеттерде биржалар өзінің 30%-ке дейінгі табысын биржалық ақпараттарды сатудан табады.

8.3. Биржаның түрлері
Әрбір биржаның жұмыс істеу ерекшеліктерін, құрылымын, басқару органдарының құрамын білу үшін оның жіктелу нышандарын білу қажет.

Әлемде биржалар бірсыпыра белгілерге байланысты жіктеледі:

Біріншіден, биржалық тауар түріне байланысты әлемдік практикада:


  • тауар (тауарлы-шикізат) биржасы;

  • қор биржасы;

  • валюта биржасы болып үшке бөлінеді.

Қазақстанда 1995 жылы қабылданған «Тауар биржасы туралы» заңда тауар биржасы көтерме сауда орны деп айтылған. Ол кезде елімізде акционерлік қоғамдардың құрылып, олардың акциясын ұзақ мерзімді инвестициялауға және мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруға жүмсау бағалы қағаздар нарығын қалыптастыруға себепші болды. Бағалы қағаздар нарығының дамуын, бағалы қағаздардың айналысын, тауарлар қозғалысын реттеу және қадағалау мақсатында арнайы орган - Қазақстан қор биржасы құрылды. Айта кететін жәйт, Қазақстан қор биржасына тек бағалы қағаздар ғана саудаға түседі. Ал Ресейде, басқа елдерден ерекшелігі, бағалы қағаздармен сауданы тауар биржасы да, валюта биржасы да жүргізеді [8;27].

Екіншіден, биржаны ұйымдастыру негізіне, яғни биржаны құрудағы мемлекеттің роліне қарай әлемде биржа үш түрге бөлінеді:

а) ашық-құқықтық, яғни мемлекеттік биржа. Ондай биржалар биржа туралы заң негізінде құрылып, мемлекет бақылауында болады. Ол биржалардың мүшелігіне белгілі бір мөлшерде айналымы бар және сауда тізіміне енгізілген сол аймақтағы кез-келген кәсіпкер кіре алады. Биржаға мүше емес жақтар да кезекті кіру билетін сатып алып бір рет мәмілеге қатыса алады. Мұндай биржалар Францияда, Белгияда, Голландияда кеңінен тараған.

ә) жеке-құқықтық, яғни жеке биржалар Англияға, АҚШ-қа тән. Бұл биржаларға мүше болып тек биржалық қорпорацияларға енген жақтар ғана кіре алады. Ол биржалардың мүшелері аз, шектеулі ғана болады. Биржаның бұл түрі, әдетте, мүшелік жарна төлейтін қоғам. Оның жарғылық қоры жарнаның (сертификаттың) мөлшеріне қарай бөлінеді. Биржаның әрбір мүшесі ең құрығанда біржарнаның (сертификаттың) иесі болуы керек, ол иесіне биржаға кіріп, мәміле жасау құқығын береді.

б) аралас биржалар - олар континентальды Еуропаға тән. Олар қор биржасында кең өріс алған. Мыс, Веналық қор биржасы. Егер биржа акционерлік қоғам формасында құрылса, онда мемлекеттің қарауында акцияларының біразы болады. Ол жағдай атқарушы үкімет өкілдерінің биржаның басқару органдарына енуіне және оның ісін бақылауға құқық береді.

Үшіншіден, биржаның құқықтық жағдайы, яғни биржаның статусы бойынша биржалар негізінен акционерлік қоғамдар немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ретінде тіркеледі. Мыс, Ресейдің шет аймақтарында биржалар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер түрінде құрылған (мыс, Воркута тауар биржасы, Алтай тауар биржасы, Кузбасстың тауар-шикізат биржасы және т.с.с). Ондай жағдай іскерлік және экономикалық мәдениеттің төмен деңгейімен, оған қоса олардың құрылуын және қызмет етуін қатаң қадағалайтын құқықтық негіздің жоқтығымен түсіндіріледі. Биржа құрылтайшылары қажетті құжаттарды дайындағанда еркіндікті пайдаланып, өздерінің мүддесін қорғайтын басқару және пайданы болу механизмін көздейді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер формасындағы биржаның жергілікті үкімет орындарында тіркелуі де құрылтайшыларды қызықтырады. Ал кейбір биржалар, мыс, Ресейдегі «Алиса» биржасы жеке кәсіпорын ретінде тіркелген.

Төртіншіден, биржалық саудаға қатысушылар тұрғысынан ашық және жабық биржалар болып құрылуы мүмкін. Жабық биржа саудасына делдалдар ретінде биржа мүшелері ғана қатысады. Сатып алушылар мен сатушыларға биржа залы жабық болады. Шетелдердегі қазіргі биржалар негізінен жабық биржа түрінде ұйымдасқан, себебі биржалық сауда жоғары қауіпті және де олар жоғары мамандықты талап етеді.

Ал ашық биржа саудасына биржа мүшелерінен және делдалдардан басқа қатысқысы келгендер де кіруіне болады. Ашық биржа екі типке бөлінеді:

а) таза ашық биржа, оған делдалдың қызметінсіз екі жақ қатысады. Онда сатып алушы және сатушы, яғни өндіруші мен тұтынушы тікелей байланысқа шығады;

ә) аралас типті ашық биржа, онда тікелей сатушы және сатып алушылармен мәмілені делдалдардың екі тобы жасайды:



  • клиент атынан және оның есебінен брокерлер;

  • өз атынан және өз есебінен операция жүргізетін дилерлер;

Биржаның ашықтық дәрежесі оның сауда стратегиясына тікелей байланысты. Биржа өз ашықтығын жарнама мақсатында немесе сауданы қыздырып жіберу үшін қолданады. Сондай-ақ биржаның ашықтығын биржа механизмінің дамымағандығымен де түсіндіруге болады. Сондықтан саудаға биржа маманы еместер де қатысады.

Биржалық сауданы мейлінше жетілдіру жабық тұрғыда қызмет етуге,

мамандануының өсуіне, саудаға қатысушылардың өзара сенімі негізінде іскерлік байланыстың қалыптасуына келтіреді. Одан басқа, жабық биржа сауданы ұтымды ұйымдастыру және екі жақтың мүддесін қанағаттандыру үшін құрылған делдалдар ұйымы ретінде өз концепциясына сай келеді. Сондықтан сауда-саттықтың мүддесін қорғаушы ретінде жабық биржалардың артықшылығы мол.

Бесіншіден, тауардың құрамы, яғни номенклатурасы бойынша биржалар әмбебап және маманданған болып та жіктеледі. Биржаларды мұндай жіктеу тауар биржаларына тән.

Әмбебап биржаларда әртүрлі тауардың мол тобы саудаға түседі, ал маманданған биржалар не бір тауар түрін сатуға, не болмаса әртүрлі тауарлар тобын сатуға маманданады.

Маманданудың мәні мынада - биржаға немесе оның маманданған бөліміне тауарлар тобын өндірушілер мен тұтынушылар шақырылады. Нәтижесінде биржада жоғары деңгейдегі тиісті тауарлар шоғырланып, биржалық тауар айналымы ұлғаяды.

Әлемдік тәжірибе маманданған биржалардың бірсыпыра артықшылықтары бар екенін дәлелдеуде. Оларда:

а) сауда шығындары азаяды;

ә) монополиялық өндірушілердің өктемдігі шектеледі;

б) сатушы мен сатып алушыға (өндіруші мен тұтынушыға) өзара тиімді баға кесіледі;

в) биржалық үлгіні (стандартты) меңгеруі жоғары дәрежеде болады.

Алтыншыдан, әлемдік саудадағы биржаның орны және роліне байланысты халықаралық және ұлттық биржалар деп те бөлінеді.

Халықаралық биржа - сатып алу-сату мәмілелерімен тұрақты сауда жүргізумен бірсыпыра мемлекеттерді қамтитын көтерме нарықтың ерекше түрі. Халықаралық биржалар әлемдік нақты тауар және қор нарықтарына қызмет етеді. Мұндай биржалардың жұмысына әр түрлі мемлекеттердің іскер адамдары қатыса алады. Халықаралық биржалар орналасқан мемлекеттер биржалардың қызметін қамтамасыз ететін валюта, сауда және салық режимдерін орындауы тиіс. Халықаралық биржалар өз кезегінде тауар, қор және валюта биржалары болып та бөлінеді.

Халықаралық тауар биржалары негізінен әлемнің үш елінде -Англияда, АҚШ-та және Жапонияда орналасқан. XX ғасырдың 90-шы жылдарында бүкіл халықаралық биржалық айналымның 98% осы елдердің үлесіне тиесілі болды. Оларға: Англияда - Лондон Фокс биржасы (Фьючерс энд Опшнс эксчейндж), Лондон металл биржасы және басқалар; АҚШ-та - Нью-Йоркте және Чикагода орналасқан биржалар; Жапонияда - әлемдік нарықта айналыста бо­латын тауарлар мәмілелерімен қызмет істейтін биржалар жатады.

Халықаралық қор биржаларына Нью-Йорк, Лондон, Токио қор биржаларын жатқызады.

Ұлттық биржалар бір мемлекеттің аймағында қызмет етеді. Олар осы елдегі тауар өндіру, оларды айналысқа түсіру және тұтыну ерекшеліктерін

ескереді. Бұл мемлекеттердің валюта, сауда және салық режимдері арбитраждық мәміле жүргізуге және биржа орналасқан мемлекеттің резидент емес фирмалары мен тұлғаларына биржалық саудаға қатысуына кедергі жасайды.

Жетіншіден, қызмет аясы бойынша биржалар: орталық, аймақаралық және аймақтық болып та жіктеледі. Мыс, Ресейде тауар және қор нарықтары аймақтық және экономикалық ерекшеліктерді ескермейді.

Сегізіншіден, жасалған биржалық мәмілелердің сипатына қарай әлемдік тәжірибеде биржалардың түрлері төмендегідей болады:

а) нақты тауар биржасы;

ә) фьючерстік;

б) опциондық;

в) аралас.

Нақты тауар биржасы биржалық сауданың алғашқы кезеңіне тән болды. Оның айырықша белгілері - сауданың жиі-жиі қайталанып тұруы, оның белгілі бір жерде өтуі, бекітілген ережеге бағынуы және біркелкі, сапа жағынан бір-бірімен салыстырылатын көпшілік сауда деп есептелінуі. Атап кететін жәйт, нақты тауар биржасының ең айырықша белгісі - сауда жасалғаннан соң, міндетті түрде, тауарды сатып алушыға жеткізіп беру және оны сатып алушының қабылдап алуы, яғни тауар иесін нақты өзгерту және сатылған тауарды сатушыдан сатып алушыға ауыстыру.

Қазіргі кезде шетелдерде нақты тауар биржалары тек кейбір елдерде ғана сақталған және олардың айналымы болар-болмас. Экономикасы дамыған елдерде нақты тауар биржалары қалмады деп есептелгенімен, алайда барлық Батыс Еуропа мемлекеттерінде қазіргі кезге дейін тауар биржалары бар. Олар сауда жасаушыларды, делдалдарды, сондай-ақ, транспорт мекемелерін және өнімді өндеуші фирмаларды біріктіріп, негізінен типтік шарттар дайындаумен және нақты тауар нарықтары туралы ақпарат жинақтаумен шұғылданады.

Биржалық сауданың дамуы жаңа типтегі биржалардың, яғни фьючерстік биржалардың пайда болуына әкеп соқтырды. Фьючерстік сауданың негізгі белгілері мыналар:


  • мәміленің жалған сипатта болуы, яғни олар саудаға қызмет көрсететін өзгеше қаржы институттары. Бұндай биржалар ақша қоры шоғырланған жерлерде, яғни қаржы орталықтарында ашылады. Жеткілікті бос ақша массасынсыз және банктік несиесіз фьючерстік сауда болуы мүмкін емес. Биржаның тауар нарығынан тауарға құқық нарығына, сондай-ақ нақты тауар нарығынан жалған капитал нарығына айналуы - ол қаржы капиталының ұлғаюы процесінің ажырамас бөлігі;

  • фьючерстік биржа өзгеше қаржы институты ретінде қор, валюта және тауар нарықтарының қажетін қамтамасыз ететін осы активтердің баға нарығы қызметін атқарып, хеджирлеу арқылы нақты тауарлармен жасалған мәміле бағасына және фирмалардың бәсекелестік қабілетіне әсер етеді.

Осы айтылғандарды қорытындылай келіп, биржа түрлерін 8.4.

Суретпен өрнектеуге болады.



Жіктелу белгілері

Биржаның түрлері

Биржаның басқа түрі

1.Биржалық тауар түрлері

Қор

Тауар


Валюта

Тауарлы-шикізатты

Тауарлы-қор



2.Биржаны құрудағы мемлекеттің ролі

Ашық-құқықтық

(мемлекеттік)

Жеке-құқықтық (жеке)

Аралас





3.Биржаның құқықтық негізі бойынша

АҚ

ЖШС


Жеке кәсіпорын




4.Биржалық саудаға қатысушылар

Жабық

Ашық


Таза ашық

Ашық аралас типті



5.Биржа саудасының объектісі болған тауарлардың құрамы

Әмбебап

маманданған



Тар түрде маманданған,

Кең маманданған



6.Халықаралық саудадағы орны және ролі

Халықаралық

Ұлттық





7.Қызмет ету аясы бойынша

Орталық (астаналық)

Аймақаралық

Аймақтық (жергілікті)





8Биржалық мәміленің сипаты қарай

Нақты тауарлар биржасы

Фьючерстік

Опциондық

Аралас






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет