Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007


Бағалы қағаздар нарығының



бет10/19
Дата12.06.2016
өлшемі1.63 Mb.
#128928
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

6.5. Бағалы қағаздар нарығының даму болашағы
Қазіргі кезде Республикада бағалы қағаздар нарығы қалыптасу шағында. Оның даму жолында алғашқы іс-шаралар жүргізілуде. Бюджеттің кемшілігін толтыру мақсатында мемлекет бұрынғыдай ақша белгілерін шығармай, оның орнына мемлекеттік бағалы қағаздарды, мысалы, мемлекеттік органдардың және жергілікті әкімшіліктердің бағалы қағаздарын шығаруда. Алайда, бағалы қағаздар нарығын дамыту жолында шешуін талап ететін экономикалық және әлеуметтік-психологиялық мәселелер баршылық.

Экономикалық мәселелерге:

  • нарықты реттейтін механизмнің жоқтығы;

  • нарықты дамытатын бірыңғай көзкарас жүйесінің жоқтығы;

  • заңдардың мүлтіксіз орындалмауы;

  • салымдарды тіркеу жүйесінің жоқтығы;

  • бағалы қағаздар нарығының материалдық-техникалық негізінің аздығы;

  • нарықтық инфрақұрылымның өсу деңгейінің төмендігі жатады.

Ал, әлеуметтік-психологиялық мәселелерге бағалы қағаздар нарығында маман кадрлардың аздығы мен халықтың инвестициялық белсенділігінің төмен деңгейлігі жатады. Бұл мәселелер халықтың басым көпшілігінің бағалы қағаздар нарығының мәнін түсінбеушілігінен және өздерінің уакытша бос ақшаларына бағалы қағаздарды сатып алуға психологиялық дайындығының жоқтығынан туындайды.

Бағалы қағаздар нарығына мамандарды Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссияның осы іспен шұғылдануға рұқсат берген Оқу орталықтары дайындаған болатын. Олардың жұмысын Ұлттық комиссия төрағасының жарлығына сәйкес құрылған Аттестациялық комиссия үйлестіріп отырды. Оның құрамына Ұлттық комиссияның бір мүшесі басқарушысы болып, ал мүшелері және хатшысы болып бағалы қағаздар нарығын реттейтін Бас басқарманың мамандары кірген. Оқуды ойдағыдай бітіріп, мамандық туралы бірінші санатты куәлік алған 1500-дай адам брокерлік, дилерлік іспен айналысуға құқық алып, кызмет атқаруда [41;13].

Әлемдік нарық тарихында бағалы қағаздар нарығының негізгі үш үлгісі (моделі) бар. Олар:


  1. Банктік үлгі - онда бағалы қағаздар нарығының механизмі арқылы банктер қаржы қорларын бөледі (ол Германияда, Австрияда, Белгияда көп тараған). Бұл үлгі бойынша экономиканы инвестициялау мен мемлекеттік бюджет кемшілігін жоюды банктер өз міндетіне алады.

  2. Банктік емес үлгі немесе нарықтыц үлгі - онда бағалы қағаздар нарығының механизмі арқылы елдің қаржы қорын бөлумен банк емес мекемелер шұғылданады (мысалы, АҚІІІ-та, Ұлыбританияда, Малайзияда, Пәкістанда, Сингапурда). Бұл үлгі бойынша бағалы қағаздар нарығы демократиялық жолмен өркендейді. Қаржыньщ негізгі бөлігі жеке тұлғалардың ақшасы. Ол - банктен алған ақшаға қарағанда - «арзан» ақша.

  3. Аралас үлгі онда бағалы қағаздар нарығының механизмі арқылы қаржы қорын бөлумен банктер де, банк емес мекемелер де шұғылданады (мысалы, Жапонияда).

Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығының ерекшелігі-мүлікті кіші және жалпы жекеменшіктендіру механизмі арқылы меншік қатынастарын өзгертуге жеке инвесторлар ретінде өз мемлекетіміздің әрбір азаматын қатыстыру. Соның нәтижесінде жекеменшіктендіруге банк жүйесі қатынасқан жоқ. Дүниежүзілік тәжірибе дәлелдегендей банктер бағалы қағаздар нарығында жеке үстемдік (монополизация) роль атқарады. Дәл осы жағдай көпшілік мемлекеттердің бағалы қағаздар нарығының банктік үлгісінен бас тартуына әкеп соқтырды. Сондықтан біздің елдегі экономикалық өзгеріс әлеуметтік бейімделген бағалы қағаздар нарығын құруға негізделгені дұрыс. Отандық бағалы қағаздар нарығының құрылуына әрбір азаматтың қатысуына мүмкіндік берген жөн. Дәл осы мүмкіндіктерді бағалы қағаздар нарығының банктік емес үлгісі, яғни нарықтық үлгісі асыра алады деген пікірлер молшылық.

Бағалы қағаздар нарығының нарықтық үлгісінің банктік үлгіден айырмашылықтары мыналар:



  1. Нарықта акционерлік капитал үлесінің көптігі;

  2. Үлестік бағалы қағаздардың қарыз қағаздарынан көптігі;

  3. Өндірісті қаржыландырудағы тура банктік несиенің аздығы;

  4. Нарықтағы банк емес мекемелердің көптігі.

Бұлардан басқа Қазақстан бағалы қағаздар нарығының нарықтық үлгісін таңдап алуға себепші болған үш фактор бар. Олар:

  1. Өндірісті өркендету үшін шығарылып сатылатын акциядан түсетін ақша- «арзан» ақша. Өнеркәсіп өндірісін акционерлікқоғам етіп қайта құру - өндірісті ұйымдастырудың ең тиімді формасы. Себебі акционерлердің де, онда қызмет істеп жүргендердің де мүддесі шешіледі.

  2. Әлі көп уақытқа дейін Қазақстан нарығында өндіріс саласын өз активтерімен (қаржысымен) инвестициялайтын отандық ұйымдар болмайды деген болжамдар көп. Сондықтан мемлекеттік меншікті жалпы жекеменшіктендіру арқылы халықты кәсіпорын басқаруға тарту жақын арада бұл механизмді пайдалануға мүмкіндік туғызады.

  3. Саясат факторы - дүниежүзіндегі сияқты Қазақстанда да бос ақша көздерінің негізгі иесі - халық. Мемлекеттік мүлікті жекеменшіктендіру купондары арқылы әрбір адамды акционерлік қоғамның меншік иесі болу құқығын жүзеге асыру (халықтың социалистік менталитетін есептегенде) - бүгінгі кездегі ең өзекті саясат.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасында қалыптасып келе жатқан бағалы қағаздар нарығының үлгісіне нақты бірыңғай көзқарас жоқ. Сондықтан бағалы қағаздар нарығына уақыт талабына сай әлі де біраз өзгерістер енгізілуі кажет.

Қазақстан өз қаржы жүйесін дамытпай, экономиканың нақты секторында табысқа жетуі мүмкін емес. Бұл ретте 2003 жылғы 4 шілдедегі «Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасынның Заңына сәйкес құрылған Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау Агенттігі қаржы жүйесін жетілдіру жөнінде бірсыпыра жұмыстар атқарғанын айтқан жөн. Солардың кейбіреуіне тоқталар болсақ, банк секторында банк топтарын қадағалауды және реттеуді одан әрі дамыту мақсатында Агенттіктің Шоғырландырылған қадағалау тұжырымдамасы бекітілді. Операциялық және несиелік тәуекелдерді ескере отырып, төлем қабілеттілігін және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары капиталының жеткілікті нормативі қайта қаралды.

Қазақстанда ұжымдық инвестициялау нышандарының дамуын жетілдіру және ынталандыру, жеке инвесторлардың қаражатын жұмылдыратын инвестициялық қорлардың пайда болуы үшін «Инвестициялық қорлар туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы қызметінің стандарттарын белгілеу, қорпоративтік басқаруды жақсартуға арналған ынталандыру шараларын пайдалану және тәуекелге барынша бейім қаржы нарығының сегменттерінде қадағалау ресурстарын шоғырландыру үшін өзгертілген және толықтырылған «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы қабылданып, оның негізінде Агенттік Бағалы қағаздар нарығын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті.

Қазақстанның жинақтаушы зейнетакы жүйесін одан әрі дамыту, салымшылар мен алушылардың құқықтарын қорғау, ұзақ мерзімді ішкі инвестициялар көзі ретінде зейнетақы активтерін тиімді басқаруды жетілдіру мақсатында Жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Несие нарығын дамыту және займшылардың шарт тәртібін жоғарылатуға елеулі әсері бар 2004 жылғы 6 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» қабылданған заңды іске асыру займшылардың барынша айқындығына, олардың несиелік қабілеттілігі мониторингін жетілдіруге мүмкіндік жасай отырып, банктердің тәуекелін азайтуға және тәуекелді басқарудың сапасын жақсартуға ықпал етеді. Кредиттік бюроның тиімділігі және оның нарыққа ықпалы бірсыпыра уақыттан кейін сезіле бастайды.

Егер қазіргі қалыптасқан Қазақстан бағалы қағаздар нарығын сандық көрсеткіштер тұрғысынан қарайтын болсақ, 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «А» және «В» категориясы бойынша сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми тізіміне енгізілген мемлекеттік емес бағалы қағаздар нарығының жалпы капиталдануы 1198146 млн. теңге болған, бұл көрсеткіш 2004 жылғы 1 қаңтардағымен салыстырғанда 68,64%-ке ұлғайған. Бұл ретте облигациялар бойынша нарықтың капиталдануы 47,42%-ке артқан. Мемлекеттік емес бағалы қағаздар бойынша Қазақстан қор биржасында жасалатын мәмілелер көлемінің жалпы ішкі өнімге қатынасы 7,14 % болған [14;4].

Ал 2007 ж. 1 каңтарында 2160 акционерлік қоғамдардың номинал кұнының жалпы сомасы 876,6 млрд. теңге құрайтын 2304 акция және 217 облигация шығарылымдары бағалы қағаздар нарығында айналыста жүруде [29;5]. Бірақ табысты отандық компаниялардың акциясын Қазақстан азаматтарына сатып алып дивидендке қол жеткізуіне құқықтық негіз болмауда. Керісінше, осындай табысты компаниялардың акциясын (мыс, «Қазақмыс») Лондан қор биржасында батыс елдердің инвесторлары сатып алуда. Сондықтан «көпшілік отандық инвесторлардың» қор нарығы, бағалы қағаздар туралы сауатын ашатын үкімет тұрғысынан білімін жетілдіру бағдарламасын тарату қажет.

Сөйтіп нарық жағдайларының шапшаң өзгерістерге ұшырауын ескере отырып, оның құқықтық негіздерін тез арада одан әрі жетілдіру қажет. Себебі кейбір заңнамалық актілерде көптеген шектеу нормаларының болуы қор нарығын жандандыруға мүмкіндік туғызбауда. Бұл біріншіден. Екіншіден, мемлекеттік емес бағалы қағаздар бойынша табысты есептеу мен оны төлеу тәртібі заң жүзінде анықтауды талап етеді.

Бақылау сұрақтары:


  1. Қазақстанда бағалы қағаздар нарығының құқықтық негіздері қай уақытта құрыла бастады?

  2. Бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру мен дамытуда заңдарға қандай өзгерістер енгізілді және қандай жаңа заңдар қабылданды?

  3. Бағалы қағаздар нарығының пайда болу себептері қандай?

  4. Бағалы қағаздар нарығын реттеу деген ұғым. Оның түрлері.

  5. Бағалы қағаздар нарығының үлгілері қандай? Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?


ІІ БӨЛІМ
Биржа ісінің теориялық негіздері
7 тарау. Биржалық сауданың мәні және даму кезеңдері.................140

8 тарау. Биржаның қызметтері және түрлері.

Биржалық инфрақұрылым...................................................................149



9 тарау. Биржалық тауарлар...............................................................170

10 тарау. Базистік нарықтар...............................................................185

11 тарау. Биржаны және биржалық сауданы ұйымдастыру............199

12 тарау. Биржалық мәмілелер...........................................................221

13 тарау. Биржалық мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу.................................................................................................236

14 тарау. Биржалық бағаны айқындау...............................................244

15 тарау. Фъючерстік шартпен және опциондармен сауда.............252

16 тарау. Биржалық индекстер және биржалық сауданы талдау...268

17 тарау. Биржа ісін компьютерлеу..................................................273

VII ТАРАУ Биржалық сауданың мәні және даму кезеңдері


    1. Биржалық сауда – ұйымдастырылған нарық.

Оның ерекшеліктері
Биржалық сауда - ол әрқашан ұйымдастырылған нарықтың бір формасы, яғни ол нормативтік акттерде көрсетілген ережеге сай қызмет ететін нарық.

Жалпы нарық деген түсінік капиталға жеке меншік негізінде құрылған өндірістік қатынастардан туындайтын көптеген процестерді қамтиды. Алайда, биржалық іс-әрекет тұрғысынан қарағанда нарық деген ұғым сату, сатып алуға байланысты процестерден тұрады. Осы мағынада ұйымдастырылған нарық - ол белгілі бір тәртіппен кез-келген активтерді, яғни тауарларды, қызмет түрлерін, бағалы қағаздарды және т.б.активтерді сатып алу, сату қатынастарының жиынтығы.

Нарықта активтердің қай түрі айналысқа түсуіне байланысты оны ұйымдастыру ерекшеліктері де өзгеріп отырады. Дегенмен ұйымдасқан нарыққа тән бірсыпыра ерекшеліктер бар. Олар:


  • сауда жүргізу, есеп айырысу және активтерді нарыққа түсірудің бекітілген ережелері болуы;

  • нарықтың жұмысын басқаратын ұйымның болуы шарт;

  • уақыт және кеңістік бойынша сұраныс пен ұсынысты шоғырландыру;

  • мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар тарапынан нарықтың жұмысын реттеу керек.

Ұйымдастырылған нарық - ол, басқаша айтқанда, реттелген нарық, бірақ бұл реттеу деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы: тауарлардың немесе басқа да активтердің сатып алу-сату процестері әртүрлі деңгейде реттеліп отырылуы мүмкін. Сауданы ұйымдастыратын ұйым болуы қажет. Ол ұйым сауда ережесін жазып, оны бекітіп, нарыққа қатысушыларға жеткізіп, оның орындалуын қадағалап отырады. Сауда ережесі көп жылғы жұмыс тәжірибесінен қалыптасады. Егер белгілі-бір нарықтың конъюнктурасының өзгерістерін қадағалап отыратын қатысушылар болмаса (сатып алушылар, сатушылар) жаңа ұйымдасқан нарық болсын, я бұрыннан қалыптасқан нарық болсын сауда жүрмей қалуы мүмкін.

Мемлекет нарықты реттейтін екі түрлі - бір жағынан фискальдық іс тұрғысынан, яғни нарық жұмысынан салық алу, екінші жағынан кейбір активтер нарығын дамытуды ынталандыру мақсатымен саясат жүргізеді.

Ұйымдастырылған нарық бірсыпыра белгілерге байланысты жіктеледі:

1. Сатылатын активтің түріне: Өз кезегінде ол –


  • ұйымдастырылған тауар нарығы;

  • бағалы қағаздар нарығы (ол әрқашан ұйымдастырылған нарық);

  • банктік ссуда нарығы;

  • валюта нарығы болып бөлінеді.

2. Ұйымдастыру деңгейіне қарай шартты түрде үшке бөлінеді:

  • шағын ұйымдасқан, онда сауданың барлық процестері ережемен реттелмейді;

  • ұйымдасқан, онда сауда ережемен реттеледі;

  • жоғары деңгейде ұйымдасқан, онда сауданың негізгі элементтері ережемен жан-жақты реттеледі.

3. Нарықтың пайда болуына қарай:

  • өзара ұйымдасқан, яғни саудаға қатысушылар өздері ұйымдастырған;

  • орталықтанган, яғни нарықты мемлекет ұйымдастырған болып бөлінуі мүмкін.

4. Сауданың жүргізілу формасына қарай:

  • ұйымдасқан көтерме нарық;

  • ұйымдасқан дара сауда;

  • биржалық нарық деп бөлінеді.

Айта кететін жәйт, тарихи-ғылыми тұрғыдан алғанда нарықты ұйымдасқан және ұйымдаспаған деп екіге бөлу өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін маңызды болды. Ал дамыған елдерде соңғы 50 жылда нарық әрқашан ұйымдастырылған, басқарылатын және бақыланатын нарық. Дегенмен ұйымдаспаған, бақыланбайтын нарық жоқ деуге болмайды. Себебі, қазіргі кезде белгілі бір дәрежеде ұйымдастырылған нарық барлық нарықтық процесте маңызы айқындаушы роль атқарады.

Биржалық сауданың басқа сауда формаларынан ерекшеліктерін айтатын болсақ, ең алдымен, бұл атау осы сауданы іс-жүзіне асыратын ұйымның атауынан «биржа» сөзінен шыққан. Шын мәнінде биржалық сауда ұйымдастырылған сауда, себебі оны ұйымдастырған арнайы ұйым - биржа. Нарықтық қатынастар жүйесінде биржалық сауданың алатын ерекше орнын 7.1. Суретпен өрнектеп көрсетелік.

Биржалық сауда я капитал тобына (мыс, бағалы қағаздар, валюта), я тауарлар тобына (мыс, түсті металдар, ауыл шаруашылық тауарлары және т.б.) жататын активтермен жүргізіледі. Барлық саудадағы негізгі операция - ол аталған активтерді сатып алу-сату. Биржалық саудаға қатысушылар биржа активтерін сатып алу-сатуда өзара кез-келген операцияларды жүргізеді, мыс, ссудаға ақша қаражатын, бағалы қағаздарды алады, сондай-ақ кепілге тауар және т.б. алады. Алайда, биржалық сауда - ол сәйкес активтерді тек сатып алу-сату процесі.

Биржалық саудаға кез-келген нарыққа қатысушылар, биржадағы активтерді сатып алу-сатуға қатыса алады, бірақ сатып алу-сату тек биржалық делдалдар арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұл биржалық сауданың басқа сауда түрлері мен формаларынан өзгешелігін білдіреді.

Биржалық сауда басқа сауда формаларынан өзінің атауынан басқа да бірсыпыра белгілермен ерекшеленеді:


  • биржалық сауда арнайы дайындалған орында және биржа белгілеген уақытта жүргізіледі;











7.1. Сурет. Биржалық сауданың нарықтық сипаттамасы


  • биржалық сауда биржаның өзі бекіткен ережеге сай жүргізіледі. Оған барлық қатысушылар ереже талаптарын орындауы міндетті. Олай болмаған кезде айыппұл төлейді, немесе биржа мүшелігінен шығарылады;

  • биржалық сауданың жариялылығы, яғни биржалық сауда барлық биржа мүшелері қатысқанда ғана, я болмаса олардың келісімімен жүргізіледі;

  • ашықтығы, яғни биржалық сауданың нәтижесі көпшілікке ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі;

  • мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың сауданы реттеуі, яғни биржа мемлекеттік заңдар мен нормативтік актілер негізінде өзі бекіткен ережеге сай іс-әрекетін жүргізеді;

  • биржада сатылатын тауарларға сұраныс пен ұсыныс жинақталып, шоғырланады. Себебі биржа сатып алушы мен сатушы кездесетін орын.

Қорыта айтқанда, биржалық сауда сауданың басқа формаларымен ұқсастығы да және айырмашылығы да бар ұйымдастырылған нарық.
7.2. Биржалық сауданың даму кезеңдері
«Биржа» деген сөздің екі түрлі этимологиясы (шығу тарихы) бар. Біріншіден, кейінгі латынның "bursa" сөзі әмиян деген ұғымды білдірсе, французша да, грекше де әмиян және студенттік шәкірт ақы деген мағынаны білдіреді екен. Екіншіден, қазіргі Бельгияның Брюгге қаласындағы Вандер Бурзе деген дворяниннің үйінде үш әмиян салынған белгі ілінген. Сол үйдің алдындағы алаңда Еуропа қалаларынан келген саудагерлер сауда-саттық жүргізген, әсіресе ақша айырбастаумен шұғылданган (ол үшін үйдің қожасы ақы алған). Сөйтіп алғашқы биржа 1406 ж. пайда болып, онда Еуропаның әртүрлі қалалары мен елдерінен тауарлар айырбасталған. Ал қазіргі биржа - сауданың ұйымдасқан түрі, сұраныс пен ұсыныстың негізінде белгілі-бір тәртіппен және еркін баға белгілеу принципіне сай стандартты биржалық активтерді сатып алу-сатуға биржалық саудагерлер кездесетін орын.

Алғашында биржалық сауда өзіне сатуға түскен тауарға байланысты «дәстүрлі» қалыптасқан саудадан айырмашылығы болған жоқ. Биржалық сауданың тек сауда жүргізу әдісі басқа болады, яғни ол - ұйымдастырылған нарық.

Қазіргі ұғымдағы биржалық тауар саудасының пайда болуының басты себебі:

Біріншіден, ірі өнеркәсіптің дамуы және оның шығарған ірі партиялы үнемі, қайталанып отыратын тауарларын сататын нарықтың қажеттігі;

Екіншіден, тауардың бағасы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына байланысты қалыптасуынан.

Биржалық сауда тауар саудасы түрінде пайда болып, кейін басқа активтерді сататын, ең алдымен бағалы қағаздарды сататын сауда ұйымы болып дамыды. Қазіргі кезде биржалық сауда негізінен бағалы қағаздарды сататын орын (нарық).

Тауар саудасы формаларының бэсекелестігі XX ғасырда нақты тауар саудасын биржалық айналымнан ығыстырды. Себебі, сатып алушыға әркезде нақты бір тауар қажет. Сонымен қатар, биржалық сауда биржалық тауарды үйлестіру және бір үлгіге салу бағытында дамыды. Онысыз сауда көлемін ұлгайту, биржалық мәміле санын арттыру мүмкін емес.

Биржалық сауданы бір үлгіге салу, яғни стандарттау биржалық жаңа активтің - биржалық фьючерстік шарттың, яғни белгілі бір мерзімнен кейін келешекте биржалық тауармен қамтамасыз ету шартының пайда болуына әкеп соқтырды. Осы активке сай биржалық сауданың жаңа механизмі - фьючерстік сауда пайда болды. Фьючерстік сауданың механизмі биржалық сауданың әмбебап құралы болып шықты. Себебі, фьючерстік шарттың негізіне кез-келген актив алынады, бірақ шартта оның нақты зат сипаты, не болмаса сапалық сипаты көрсетілмейді. Оның тек белгілі-бір сандық көрсеткіші, мыс, активтің проценті немесе оның индексі алынады.

Биржалық сауданың өрістеуі барысында бұл сауданың механизмінде де, объектісінде де үлкен өзгерістер пайда болды. Биржалық тауар саудасы XVI ғасырда пайда болып, XX ғасырдың екінші жартысында толығынан жойылды. XVI ғасырда пайда болған бағалы қағаздармен биржалық сауда қазіргі бағалы қағаздар нарығының шамамен алғанда тек жартысын қамтыды.

Ғылыми-техникалық революция биржа ісіне де енді. Оның негізі - электронды-есептегіш техника (ЭЕТ) және қазіргі байланыс құралдарының дамуы. Осыларды пайдалану нәтижесі әлемдегі елдердің биржалық нарығын біртұтас әлемдік биржалық нарыққа ұштастыру мүмкіндігін тудырды және оның тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Енді биржалық сауда сатушының биржалық залда көпшіліктің саудаға қатысуымен өтпейді. Сауда биржалық залда емес компьютерлік желі арқылы жүреді. Сатушы офистен шықпай-ақ, немесе өз үйінде отырып-ақ сауданың барысын біліп отырады. Биржа ісін компьютерлендіру биржалық сауда мен биржадан тыс сауданың, сондай-ақ биржалық сатушы мен кез-келген сатуға ұмтылушының арасындағы айырмашьшықтарды жоюда.

Осыларға байланысты келешекке мынандай болжау жасауға болады. Нарықты одан әрі дамыту нәтижесінде XXI ғасырда бағалы қағаздармен сауда тауар саудасы сияқты биржадан тыс саудаға айналады. Ал биржалық сауда фьючерстік шартпен компьютерлік саудаға алмастырылады. Биржалық сауданың дамуын 7.2. Суреттегідей өрнектеуге болады.
7.3. Қазақстанда биржалық сауданың пайда болуы
XX ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанда қор биржасының құрылуы нарықтық қатынастарды дамытуға қажетті шарттардың бірі болды. Нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін өндіріс аясымен қатар айналыс аясын да түбегейлі қайта құру міндеті тұрды. Алайда, шаруашылықты жүргізудің нарықтық формаларына бірден өтудің мүмкіншілігі болған жоқ. Сондықтан ТМД елдерінің барлығындағы сияқты Қазақстанда да жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтудің жаңа экономикалық жүйесін құру қажет болды. Жұмыс істеп тұрған ұйымдық құрылымдарды жаңа жағдайға икемдеумен қатар олардың жаңалары да құрыла бастады. 90-шы жылдары құрылған тауар биржасы, Қазақстан қор биржасы солардың айғағы.

Атап кететін жәйт, биржалық сауданың Қазақстанда теориялық және практикалық негізі болған жоқ. Дегенмен патшалық Ресейдің биржа ісі бойынша 1917 жылға дейінгі, оған қоса КСРО-ның 20-шы жылдардағы биржаларының сондай-ақ биржалардың әлемдік тәжірибесі болған.

1991 жылы Қазақстанда үш, атап айтқанда Алматы, Қостанай және Қазақ қор биржалары құрылды. 1994 жылы желтоқсанда Алматы және Қазақ қор биржалары бірігіп, Орталық Азия қор биржасы деп аталды. Ол 1995 жылдың 19 сәуірінде бірінші рет сауда ұйымдастырды. 1995 жылдың орта шенінде Қарағандыда, Ақмолада, Павлодарда және Шымкентте оның аймақтық бөлімшелері ашылып, жұмыс істей бастады. Кейіннен оның филиалдары барлық облыс орталықтарында ашылды.

Орталық Азия қор биржасынан басқа мемлекеттік бағалы қағаздармен операцияларды Қазақстандық банкаралық валюта биржасы валюта мәмілелерімен қатар жүргізді. Алайда, көптеген мамандардың пікірінше бағалы қағаздар нарығының ақша-несие аясымен араласуының қажеті жоқ. Қор нарығының қалыптасуы кезінде көптеген биржалардың болуы нарықтың бөлшектенуіне, сұраныстың азаюына, бағаның төмендеуіне және т.б. келеңсіз жағдайға соқтыруы мүмкін.

Қор биржасы көбіне акционерлік меншік формасында ұйымдастырылады. Оның жарғылық қоры құрылтайшылар арасында акцияларды орналастыру есебінен құрылады.



7.2. Сурет. Биржалық сауданың негізгі даму кезеңдері
Қазақстан заңдарында қор биржасының жарғылық қорының ең аз шегі көрсетіледі. Қор биржасы коммерциялық емес ұйым, яғни оның мақсаты пайда табу емес, ол басқа да жұмыс түрлерімен айналыспайды. Оның мақсаты - бағалы қағаздармен сауда жасауға қолайлы және тиімді жағдай тудыру, бағалы қағаздарга ұзақ мерзімге ақша қаражатын салатын жеке және институционалдық инвесторларды тарту, инвесторлардың, клиенттердің және биржа мүшелерінің мүддесін қорғау.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет