Дәрістердің тезисі:
Аллергия анықтамасы және жалпы сипаттамасы.
Аллергия (грек. аllos-басқаша, ergon-іс, жұмыс)- деп сезімталдығы көтерілген организмнің кейбір бөтен текті заттардың қайталап енуіне өзгерген, бұрмаланған жауап қайтаруын айтады.
Ол организмде әртүрлі бұзылыстарға - қабынуға, тегі еттердің (бронхиолалардың, ішектердің, ж. б. ) жиырылуына, некрозға, шокқа және басқа өзгерістерге екеледі. Былайша айтқанда, аллергия организмде гуморалдық және жасушалық иммундық серпілістерден пайда болатын бұзылыстардың жиынтығы.
Аллергендер, олардың түрлері. Аллергияға тұқым қуалайтын бейімділіктің болуының маңызы.
Аллергияның себебі болып, организмде гуморалдық немесе жасушалық иммундық жауап шақыратын антигендік қасиеттері бар көптеген заттар есептеледі. Олар аллергендер (аллергия туындатқыштар) деп аталады. Аллергендер болып толық антигендер (бөгде нәруыздар, полиқанттар, липолиқанттар, полипептидтер т. б. Нәруыз емес заттар) және толық емес антигендер есептеледі. Толық антигендер деп тектік бөтен ақпараты бар және организмге енгенде арнайы иммундық реакциялар дамуына әкелетін заттарды айтады. Меншік тін нәруыздарына қарапайым химиялық топтар ыстық немесе байланысқанда олар антигендік қасиет қабылдайды. Бұндай нәруыз молекуласына жаңа иммундық арнайылық беретін химиялық топтарды байланыстырып алынған антигендер толық емес антигендер деп аталынады. Иммундық арнайылық беретін химиялық топтарды гаптендер дейді. Бұларға дәрі-дәрмектер, бейорганикалық химиялық заттар және басқалар жатады. Олар организмнің нәруыздарымен байланысу арқылы арнайы антиденелер өндірілуіне әкеледі. Бұл кезде өндірілген антиденелердің арнайылығы организмнің өзінің нәруызына бағытталмай, тек антигеннің сыртындағы арнайылылықты анықтақтын топтарға немесе тұтас кешенге бағытталған болуы мүмкін.
А. Д. Адоның жіктеуі бойынша, аллергендер экзогендік және эндогендік болуы мүмкін. Экзогендік аллергендерге өсімдік тектес (олардың тозаңдары, жемістері, сабақтары), жануарлар тектес (қан сары суы, жүн, түбіт, қайызғақ, шаш, ж.б.), тұрмыстық (үй тозаңы, сәндік бұйымдар, кір жуатын заттар ж.б.), тағамдық, өндірістік заттар, дәрі-дәрмектер, бактериялар, вирустар ж.б. жатады. Бұлар организмге тыныс алу, ас қорыту жолдарымен, тері, шырықты қабықтар арқылы екпелердің нәтижесінде түседі. Эндогендік аллергендер (аутоаллергендер деп аталады) табиғи (бірінші) және жүре пайда болған (екінші) болып бөлінеді. Табиғи (бірінші) аллергендерге организмнің өзінің кейбір қалыпты тіндері (көз бұршағы, нервтік тін, қалқанша бездің коллоиды, тестикула тіні ж. б. ) жатады. Жүре пайда болған (екінші) аллергендер организмнің өзінің өзгерген тіндерінен пайда болады. Олар инфекциялардан немесе бейинфекциялық әсерлерден болуы мүмкін. Бейинфекциялық әсерлерге суық температура, радийбелсенді сәулелер, улы химиялық заттар, кейбір дәрі-дәрмектер ж. б. жатады. Инфекциялық эндоаллергендер микробтардың немесе олардың уыттарының тіндермен кешендер құруынан болатын және вирустармен шақырылатын (аралық) антигендер аурулар дамуына әкелуі мүмкін. Қазір аллергия даму негізінде адамның тұқым қуалаушылық қабілеті болатыны күмән шақырмайды болады.
Аллергендер жоғарыда көрсетілген әсерлерден организмнің өз тіндерінің нәруыздарынан құрылады. Олар нәруыздардың денатурациясы (лат. denature - табиғи қасиеттеғрінен айрылуы) немесе детерминанттық (лат. determinare – анықтау) топтармен байланысулары нәтижесінде пайда болады. Организмде пайда болған аутоантигендер көптеген аутоаллергиялық. Ол ұрпақтан ұрпаққа бірнеше гендермен берілуі мүмкін. Адамда иммундық реактивтіліктің гені (jr-ген) 6-жұп аутосомда орналасқан HLA (Human leucocyte Antigens) және басқа тін үйлесімділігі генінің локусында орналасқан. Ол доминанттық түрде беріледі және жиі аллергия дамуына әкеледі. Неге соңғы жылдары аллергия жиілеп барады?- деген сұраққа адамды қоршаған сыртқы ортаның әртүрлі химиялық заттармен ластануымен жауап қайтаруға сыртқы ортада гаптендердің мөлшері көбейген, олар организмге тері, ас қорыту және тыныс алу ағзаларының шырышты қабықтары арқылы түседі. Қалыпты жағдайда бұл тіндер бөгде заттардың организмге өтуіне тосқауыл болады. Осы тосқаувылдық қызметтің бұзылуы аллергияның дамуында үлкен маңызды орын алады. Қазір терінің және шырышты қабықтардың тосқауылдық қызметтері секрециялық иммундық глобулин А-мен қамтамасыз етілетіні белгілі. Осы иммундық глобулин А-мен тұқым қуатын және жүре пайда болатын тапшылықтары бронхиалық демікпенің кейбір түрлерінің дамуында өте маңызды екені белгілі. Сонымен бірге автокөліктердің сыртқа шығаратын газдары тыныс жолдарында шырықты қабықтардың жергілікті төзімділігін қамтамасыз ететін сурфактанттың түзілуі азаюына әкелетіні байқалды (Жұмашева Р. Т., 1992 ж. ). Осылардың нәтижесінде тыныс ағзаларының шырышты қабықтарының өткізгіштігі жоғарылап, сыртқы ортадан организмге көптеген гаптендер түсуі мүмкін. Олар организмнің жасушаларымен және нәруыздарымен байланысқаннан кейін оның сезімталдығын көтеретін қасиет қабылдайды.
Аллергияның жиілеуінде адамдардың қалай болса солай бақылаусыз дәрі-дәрмектерді (антибиотиктерді ж. б.) қабылдауында маңызы бар. Сонымен бірге, кәзіргі кездегі аллергияның жиілеуінде жұқпалы дерттерді алдын ала ескерту үшін қолданылытын екпелердің маңызы зор. Мәселен, көкжөтелге қарсы пайдаланылатын вакцина тіндердің гистаминге сезімталдығын көтереді, бронхылардың бетаадренергиялық, рецепторларын тежейді, аллергиялық антиденелердің түзілуін арттырады.
Сайып келгенде, кәзіргі адамдардың арасында әртүрлі аллергиялармен ауыру жиілеп бара жатқаны байқалады және ол қоғамның өркениеттену белгілерімен тығыз байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |