2. Кіріспе
Ескерту. 2-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1492 қаулысымен.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлығымен бекітілген Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының 2020 жылға дейінгі болжамды схемасын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» және 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты!» атты жолдауларын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленген.
Елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасының маңызды бөлігі жаңа өңірлік саясат болып табылады, оның мақсаты экономикалық әлеуеттің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын құру және халықтың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жаңа аумақтық ұйым қалыптастырылып жатқанын атап өткен жөн. Бұл, ең алдымен, ірі қалалар - агломерациялардың үдемелі өсуінен айқын көрінеді.
Қазіргі заманғы Қазақстанда қалалық агломерацияларды қалыптастырудың негізгі үрдістерін қарастыра отырып, аумақтардың анық көрінетін табиғи аймақтарына және жоспарлы экономикадан қалған қоныстандыру ерекшеліктеріне байланысты олардың әркелкі екендігін атап өткен жөн.
Қазіргі уақытта қалыптасып жатқан қалалық агломерациялар елдің барлық халқының үштен бір бөлігін шоғырландырады. Олардың ішінде барынша ауқымдысы (халық санын және маңындағы қалалармен бірге өзек-қаланы қамтитын агломерациялар құрылымының күрделілігін есепке ала отырып) Алматы мен Шымкент маңында дамып келеді. Қарқынды өсуі қоныстандыру жүйесіндегі жаңа елорданың рөлін арттыруға бағытталған мемлекеттің заманауи саясатына негізделген Астана әлі дамыған қала маңы аймағын қалыптастырып үлгерген жоқ. Республиканың батысында Ақтөбе және Ақтау қалаларында орталықтары бар агломерациялар перспективалы болып табылады.
Бұл ретте Астана агломерациясының құрамына бірыңғай агломерациялық құрылым жасауға қабілетті Қарағанды қаласы және оның маңындағы елді мекендер (серіктес қалалар, кенттер) тартылады.
Басқа жағынан алғанда, жоспарлы экономикадағы қалыптасқан орталықтардың (мысалы, моноқалалар, ауылдық елді мекендер (бұдан әрі - АЕМ) ыдырауы депрессивті аумақтардың пайда болуына алып келді және қоғамда қиын әлеуметтік үдерістерді (көші-қон, инфрақұрылымның құлдырауы, жұмыссыздық, әлеуметтік маргиналдану) туғызды.
Алайда, елдің аумақтық ұйымдастырылуындағы жүргізіліп жатқан үдерістерге қарамастан, өңірлік саясатта, әсіресе өңірлерді қаржыландыру мәселелерінде (бюджет саясаты) бұрынғы тәсілдер сақталуда. Мәселен, бюджет қаражатын экономикалық өсу перспективалары мен тиісті демографиялық әлеуеті жоқ жекелеген елді мекендерді дамытуға жұмсау практикасы жалғасуда.
Мемлекет ресурстарын өңірлердегі іс жүзінде қажетті және перспективалы жобаларға шоғырландыру қажет. Бұл түпкі нәтижесінде бюджет шығыстарының жоғары тиімділігіне әкеледі.
Бағдарламаның бағыттары қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламаларда белгіленген негізгі басымдықтарға тікелей байланысты. Бағдарламаның іс-шаралары мен жобалары жаңа жұмыс орындарын құру арқылы жұмыспен қамтамасыз етуді арттыруға, экономиканың барлық салаларына қазіргі заманғы инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған. Сондай-ақ Бағдарлама шеңберінде өңірлерде әлеуметтік-рекреациялық сала объектілерін, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, саябақ аймақтарын және басқаларды салу және қайта жаңғырту бойынша жобалар («Жұмыспен қамту 2020», «Өнімділік 2020», 2011 - 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» салалық бағдарламалары, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 - 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы) қарастырылады.
1) Өңірлік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - ВАК) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган;
2) уәкілетті орган - Бағдарламаны іске асыруға жауапты Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі (бұдан әрі - уәкілетті орган);
3) жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі (бұдан әрі - жұмыс органы);
4) республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі - Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі;
5) Бағдарламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісі - жергілікті жерлерде Бағдарламаны іске асыруға жауапты облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары (бұдан әрі – Бағдарламаның үйлестірушілері).
Бағдарламада қолданылатын терминдер:
1) тірек ауылдық елді мекен (бұдан әрі – ТАЕМ) – абаттандырылған елді мекен, онда сол жерде тұратын халыққа және іргелес орналасқан аумақтардың тұрғындарына қажетті әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдар жасалатын болады;
2) «зәкірлік» инвестициялық жоба – ауыл халқының өмір сүру сапасына әсер ететін, тірек ауылдық елді мекендердің экономикасын әртараптандыруға бағытталған орта немесе ірі инвестициялық жоба.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1492 қаулысымен.
Елдегі үдемелі индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру бағытына бет алу «экономикалық әлеуеттің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын құру және халықтың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру жоспарларымен» тікелей байланысты. Республиканың өңірлік дамуына жаңа серпін беру қажеттігі туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында да ерекше айтылған, онда «индустрияландыру өңірлік саясаттың жаңа парадигмасын құрайды» делінген.
Қазіргі кезеңде Қазақстанның өңірлік саясаты өңірлердің ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту, еңбек пен капитал ресурстарының экономикалық өсу орталықтарында (аумақтық) шоғырлануы, республика тұрғындарының өңірлік жұмыспен қамтылуын және өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы жағдай мен факторлар қалыптастыруды қамтамасыз етуге арналған.
Өңірдің бәсекеге қабілеттілігі өңірлерде халыққа тұрақты және тиімді жұмыс орындарын құратын өнеркәсіптерді құру және іске қосу үшін өңірдің (табиғи, шикізат, еңбек, инфрақұрылым) әлеуетін қолдану дәрежесімен және тиімділігімен анықталады. Өңірлер бір-бірінен өз әлеуеті арқылы әртүрлі болатындықтан, әр өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру саясаты да әртүрлі болады.
Өңір жұмыс істеп тұрған немесе жаңа кәсіпорындарда олардың бәсекеге қабілеттілігін іске асыруға және арттыруға жағдай жасай алғанда ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Оның үстіне, өңір тек кәсіпорындар үшін ғана емес, сонымен қатар ең маңызды ресурстарының бірі болып табылатын жергілікті халыққа да тартымды болуы тиіс.
Жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі іскерлік және инвестициялық ахуалға әсер ететін ең шешуші міндеттерінің бірі инфрақұрылымды дамыту мен қолдау және соның негізінде жекелеген кәсіпорындар мен өндірістердегі орын алған шектеулерді алып тастау болып табылады. Сонымен қатар, аумақтың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторларға қоршаған ортаның тартымдылығы мен қолайлы экологиялық жағдайы да жатады.
Жаңа өңірлік саясаттың тағы бір маңызды бағыты өңірлік аумақтық ұйымдастыруды қалыптастыру болып табылады, ол ұлттық экономиканың экономнкалық өсуінін ең маңызды орталықтары болып табылатын урбанизациялану үдерістері мен агломерациялардың дамуын ынталандыруды және реттеуді, экономикалық және демографиялық әлеуеті бар перспективалы елді мекендерді дамытуды және қолдауды қамтиды.
Агломерация - тұрақты өндірістік, мәдениетті-тұрмыстық және өзге байланыстармен бір-бірімен біріккен, сондай-ақ аумақтық араласып кетуге бейім бір (моноорталықты) немесе бірнеше (көп орталықты) өзек-қалалардың айналасында орналасқан елді мекендердің урбанизациялық жинақталуы.
Апаттық қалыптасқан агломерацияларды перспективалы дамыту экономикалық, инфрақұрылымдық және өзге процестерді үйлестіретін қала құрылыс шешімдерінің негізінде оларды аумақтық дамытуды басқару жүйесін жасау негізінде реттелуі тиіс.
Қала агломерацияларын бөлудің (сәйкестендіру) жалпыға танымал атрибуттарына (белгілеріне) жанамалас қалалар және өзінің аумақтық ортасы бар жеке ірі қалалар арасындағы функционалдық байланыстар жатады, оның ішінде:
1) агломерация шегінде шаруашылық жүргізуші субъектілер мен экономикалық қызмет түрлері арасындағы экономикалық байланыспен білдірілген бірыңғай экономикалық нарықтың болуы және экономикалық маманданудың тұтастығы;
2) агломерациялардың жеке бөліктерінің арасындағы халықтың тұрақты еңбек, оқу, тұрмыстық, мәдени және көші-қонның жаппай ағымының (маятниктік көші қонның) болуы;
3) жоғары көліктік қолжетімдік (автомобиль және темір жолдар арқылы 1,5 сағатта жету мүмкіндігі), көлік желілерінің байланыстылығы және тұрақты қала маңы қатынасының болуы;
4) үлкен орталық қаланың және онымен экономикалық тығыз байланыстағы қоныстардың болуы;
5) инфрақұрылымның ортақтығы;
6) халықтың тығыз қоныстануы.
Ірі қала құрылысы жүйесін құруда агломерацияның барлық тұрғындары пайдалана алатын өзара байланысты оң әсерлерге мыналар жатады:
1) сараланған және саны неғұрлым көбірек еңбек нарығын қалыптастыру әсері - бұл аумақты автоматты түрде әртүрлі инвестициялық салымдар үшін неғұрлым тартымды етеді, өйткені инвестор қажетті біліктілігі бар мамандарды іздеуге аз шығынданады. Барлық өркениетті әлемдегі сияқты, Қазақстанда да адами ресурстар бағалылығы жағынан бірінші орынға шықты, бұл жалпы экономикалық өсуге оң септігін тигізеді;
2) аумақ тартымдылығының тауарларды өткізу және қызметтер көрсету нарығы ретінде күрт арту әсері. Мұндай қызметтер көрсететін компаниялар өз жұмысын жергілікті тұтыну нарығының сыйымдылығына бағдарлана отырып жүзеге асырады: экономикалық өсудің жеделдеуімен қоса қызмет көрсетуді тұтынушылардың әлеуетті класының едәуір ұлғаюы қалаларды халық саны жағынан қаламен - агломерацияның өзегімен салыстырылатын өңірлік орталықтарға қарағанда неғұрлым тартымды етеді;
3) «инфрақұрылымдық әсер» туындату - жаңа энергия қуаттарын, қуатты көлік кешендерін, мультимодальды тораптарды, ақпараттық коммуникацияларды, мәдениет, білім беру және инновациялық инфрақұрылым құрылысы саласындағы аса ірі жобаларды іске асыруға болады;
4) ірі орталықпен көрші болу әсері - агломерацияның барлық тұрғындары үшін еңбек, білім, сауда, мәдени және агломерацияның әртүрлі аймақтарындағы басқа да мүмкіндіктерге толық ауқымды қол жетімділігі;
5) экономикалық өсу, халық әл-ауқатының өсуі, шағын және орта қалалық кеңістікте тұру артықшылықтарын сақтай отырып, білім алу және кәсіби жағынан өзін-өзі таныту мүмкіндіктерінің жоғарылауы дәстүрлі ірі индустриялық қаламен салыстырғанда, агломерацияда тұрудың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, бұл тиісінше халықтың көші-қон ағынын азайтады.
Жалпы урбанизация процестері сияқты, қалалық агломерацияларды дамытуға сатылылық тән, яғни олардың дамуы бірқатар дәйекті ауысулардан тұрады. Агломерациялардың пайда болуының өзі агломерациялық орналастыру әсері рөлінің артуы есебінен қалалық агломерацияларға негізгі экономикалық функциялар келе бастаған кезде, классикалық (немесе ірі қалалық) урбанизация сатысында белсенді индустрияландыру нәтижесінде қалалардың тез өсуінен кейін мүмкін болды. Урбанизацияның осы классикалық сатысында агломерациялардың өзінде орталық қала неғұрлым белсенді дамиды және орталыққа бағытталған көші-қон ағындары басым болады.
Индустрияланудан кейінгі экономикаға ауысудың басталуымен сәйкес келетін кеш урбанизацияның келесі сатысы немесе қосалқы урбанизация, агломерация орталықтарымен салыстырғанда қала маңындағы кенттердің ілгерілеп өсуімен байланыстырылады, ол кейін ірі қалалардағы халық санының азаюына және тұрғындардың бір бөлігінің қала маңындағы кенттерге көшуіне ауысады.
Контр- немесе дезурбанизация сатысы барлық агломерацияның және оның құрылымдық аймақтарындағы халық санының азаюымен байланыстырылады. Өсу, егер ол болған жағдайда, шеткі, яғни агломерациядан тыс аумақтарда болады. Бұл жерде (ауылдық жерлерде, шағын және орташа қалаларда) экономикалық белсенділіктің ілгерілеп өсуі орын алады, халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымы, олардың жұмыспен қамтылуы мен өмір сүру салты өзгереді, яғни ауылдық-қалалық континуумның (шағын кеңістіктің) қалыптасу процесі орын алады.
Заманауи Қазақстанға қала агломерацияларын қалыптастырудың негізгі тенденцияларын жобалау қазақстандық агломерациялар урбанизация эволюциясының бастапқы ірі қалалық сатысында екендігін көрсетеді. Аса ірі агломерацияларға орталық және қала маңы аймақтарының анық даму теңгерімсіздігі тән. Көп жағдайларда соңғы аталғандар басым түрде ауылдық аумақтар ретінде дамиды.
Қалыптасып келе жатқан агломерациялар үшін олардың шекараларын және агломерациялардың әсер ету аймағына кіретін елді мекендерді (серіктес қалаларды, көршілес қалаларды, кенттерді, ауылдарды қоса алғанда) айқындау өзекті мәселе болып табылады.
Осыған байланысты мемлекет инфрақұрылымдық жобаларға ресурстар бөлумен, іргелес орналасқан қалалардың экономикасына және еңбек нарықтарына кіріктіруді ынталандыра отырып, агломерацияларды қалыптастыру процестеріне қолдау көрсетуде. Алайда, ірі өңіраралық инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың күрделілігіне және бірыңғай экономикалық кеңістікті ұстау проблемаларына байланысты жаңа өңірлер шекараларының конфигурациясы және оларды біріктіру перспективалары, өкілеттіктердің ара-жігін ажырату және бірнеше елді мекендер аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру тетіктері секілді әкімшілік сипаттағы мәселелер кешенін бір мезгілде шешу қажет.
Қазақстан Республикасындағы агломерациялық даму проблемасына қатысты қолайлы орта құруға және орталық және қала маңы аймақтарын теңгерімді дамытуды қамтамасыз етуге назар аудара отырып, дамудың жаңа қағидаттарына көшу кезінде халық санының бақылаусыз өсуін шектеу өзекті мәселе болып табылады.
Осыған байланысты өзара байланыстағы ерекше аумақтық құрылулар ретінде әлеуметтік-экономикалық даму мен қалалық агломерацияның қала құрылысын жоспарлаудың кешенділігі мен үйлесімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін агломерацияларды дамытуды жоспарлаудың жаңа тәсілін әзірлеу қажет.
Қазақстандағы агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері:
өңір халқының тығыз орналасуын, көші-қоны ағынын, ресурстық базаны (жер, су, азық-түлік ресурстарын) қамтитын демографиялық сыйымдылық;
ыңғайлы географиялық орналасуын, халықаралық көлік дәліздерінен өтуін, көлік торабы мен инфрақұрылымның болуын білдіретін логистикалық әлеует;
экономикалық әлеует, яғни өзек-қаланың дамуы (өнеркәсіптік, сервистік, еңбек, қаржы, ғылыми әлеует);
4) Қазақстан жағдайларында маңызды болатын өзек-қаланың (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімшілік мәртебесі болып табылады, себебі бюджеттік қорлардың бақылануын болжайды.
Осылайша, Қазақстан Республикасындағы агломерациялық даму проблемасын ескере отырып, жоғарыда көрсетілген өлшемдерді есепке ала отырып, сондай-ақ олардың даму коэффициенттерін және халық санын есептеу негізінде бірінші және екінші деңгейдегі агломерациялар (перспективалы агломерациялар) айқындалған.
Бірінші деңгейдегі агломерацияларға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орталықтары бар агломерациялар (даму коэффициенттері тиісінше 0,69, 13,03 және 7,4-ке тең), ал екінші деңгейдегі агломерацияларға — Ақтөбе және Ақтау қалаларында орталықтары бар агломерациялар (тиісінше 0,97 және 0,18) (1-қосымша) жатады. Агломерациялардың даму шегі 1,0-ге тең даму коэффициентімен айқындалады. Елорда мәртебесі және Қарағанды қаласының жақындығы (2-сағаттық көлік жетімділік) Астана қаласының даму коэффициентін әлеуетті түрде едәуір арттырады (1,8-2,0-ге дейін). Екінші деңгейдегі агломерациялардың агломерациялық әсерлерін толыққанды іске асыру (Ақтөбе, Ақтау) тек ұзақ мерзімді перспективада болжанады, шамамен алғанда 2017 жылдан ерте емес.
Бұл ретте Астана, Алматы және Шымкент қалаларының халық саны Қазақстан жағдайларында агломерациялық әсер іске асырылатын деңгейден асады (500 мың адам), ал Ақтөбе және Ақтау қалаларының халық саны бұл деңгейге әлі жеткен жоқ.
Бұдан басқа, елдің солтүстігінде (Қостанай-Рудный, Павлодар-Ақсу) және шығысында (Семей, Өскемен, өзге қалалар) желілік үлгідегі қалыптасып келе жатқан және әлеуетті агломерациялардың агломерациялық әлеуетін анықтау бойынша жұмысты, сондай-ақ перспективалы өңіраралық құрылымдарды анықтау жұмысын өткізу жеке көзделеді.
Агломерациялардың болжамды шекараларын және халықтың оңтайлы санын анықтау агломерация аумағының демографиялық сыйымдылығын есептеу негізінде жүзеге асырылады.
Агломерация аумағының демографиялық сыйымдылығы күнделікті қызмет үшін анағұрлым маңызды табиғи құрамдауыштарды: өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа; қала маңында ауыл шаруашылығы базасын ұйымдастыруға қажетті ауыл шаруашылығы жерлеріне; халықтың жаппай демалысын ұйымдастыру үшін қолайлы аумақтарға; су ресурстарына жарамды аумақтарды талдау жолымен белгіленген.
Агломерациялық ареалды делимитациялау үшін (шекараларды белгілеу) изохрон әдісі пайдаланылған, ол агломерация орталығына (өзек) баруға қажетті уақыт шығындарын ескере отырып, агломерацияның шекарасын айқындауды білдіреді. Агломерацияның шекарасы ретінде бірінші деңгейдегі агломерациялар үшін 1,5-сағаттық изохрон және екінші деңгейдегі агломерациялар үшін 1,0-сағаттық изохрон қабылданды. Аталған әдістің көмегімен агломерация аумағының шегінде елді мекендер сәйкестендірілді (2, 3-қосымшалар).
Астана - республиканың елордасы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының көшбасшыларының бірі болып табылады. Қаланың, жақын орналасқан облыстардың және жалпы елдің кеңістіктік құрылымының серпінді дамуына жалпы астананы көшіру туралы шешім айқындаушы ықпал етті. Тиімді экономикалық-географиялық орналасудың көп көлемді материалдық, қаржылық және еңбек ресурстарымен қосылғанда агломерациялық даму әлеуеті әлі іске асырылмаған Астана қаласын агломерация орталығы ретінде қалыптастыру үшін зор маңызы бар.
Республика көлемдегі қаланың ЖӨӨ үлесі 8,4%-ды құрайды (2011 жылғы деректер бойынша). Қала экономикасының негізін мыналар құрайды: өзге қызметтер (43,7%), көтерме және бөлшек сауда (27%), көлік және байланыс (14,4%), құрылыс (11,1%), өнеркәсіп (3,7%), ауыл шаруашылығы (0,1%).
Астана қаласы халқының саны 2012 жылғы 1 қаңтарда 742,9 мың адамды құрайды.
Қала халқының өмір сүру деңгейінің талдауы барлық қарастырылатын көрсеткіштер бойынша оң серпінді анықтады. Астана қаласының экономикалық тұрғыдан белсенді халқының саны 2011 жылы 398,6 мың адамды құрады және 2006-2011 жылдар аралығында 31,6%-ға өсті.
2011 жылы жұмыссыздар саны 23,2 мың адамды құрады. 2000 жылдан бастап жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеп, 2011 жылдың қорытындылары бойынша 5,8%-ды құрады.
Астана агломерациясының көлік жетімділігінің 1,5-сағаттық изохронасына Ақмола облысының Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандары кіреді (3-қосымша). Перспективалы Астана агломерациясының аумағында 2012 жылғы 1 қаңтарда 859,2 мың адам сүрді, оның республика халқының санындағы үлесі 5,2%-ды құрайды. Астана агломерациясының демографиялық сыйымдылығы (өзектегі адам санының шегі) есептеулерге сәйкес 2 460 мың адамды құрайды (3-қосымша).
Алматы - агломерациялық орталық ретінде белсенді қалыптасып келе жатқан елдің ең ірі мегаполисі. Алматы қаласының тартылыс аймағына Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары және тығыз экономикалық, еңбек және әлеуметтік байланыстары бар жанында орналасқан кенттер мен ауылдар жатады. Алматы қаласы ұлттық және әлемдік нарықтармен байланысты қамтамасыз ететін адами, қаржылық ресурстардың, білім беру және ғылыми әлеуеттің, дамыған инфрақұрылымның жоғары шоғырлануымен ерекшеленеді. Қаланың ЖҰҰ үлесі республикалық көлемде 17,8%-ды құрайды (2011 жылғы деректер).
Алматы қаласы ЖҰҰ салалық құрылымын талдау ол қаланың экономикалық базасын қызметтер секторының құрайтынын көрсетеді (жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларды, қаржыны, білімді, денсаулық сақтауды және өзге қызметтерді қоса алғанда, сауда мен жөндеуді қоспағанда - 43,15%). Үлестік салмақ бойынша екінші ұстаным бөлшек/көтерме саудаға тиесілі - 31,72%, одан кейін көлік пен байланыс -15,6%, өнеркәсіп - 5,6%, құрылыс - 3,9%, ауыл шаруашылығы - 0,03%.
Алматы қаласының халқының саны 2012 жылдың басында 1450,3 мың адамды құрайды. Қаланың экономикалық тұрғыдан белсенді халқының саны 2011 жылы 740,9 мың адамды құрады және 2006-2011 жылдар аралығында 15,2%-ға өсті.
Изохрон әдісін пайдалана отырып (1,5-сағаттық көлік қолжетімділігі) перспективалы Алматы агломерациясының құрылымы айқындалған (3-қосымша). Алматы агломерациясының ықпал ету аймағына мыналар: орталық (өзек) - Алматы қаласы, қала маңының елді мекендері, оларға Алматы облысының бес әкімшілік ауданы жатады: Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, сондай-ақ Қапшағай қалалық әкімшілігінің аумағы жатады. Ықпал ету аймағы қала мен қала маңы мекендерінің барынша тығыз байланыстарын негізге ала отырып, айқындалған (күнделікті еңбек маятниктік көші-қоны шамамен 250 мың адамды құрайды) және Қапшағай, Қаскелең, Талғар, Есік қалаларының, Ұзынағаш ауылының және төрт жаңа серік-қалалардың қалыптасқан қоныстандырылуын ескереді: Gate City (қаржы орталығы), Golden City (мәдени орталық), Growing City (өнеркәсіптік орталық), Green City (туристік орталық).
Алматы агломерациясының халық саны (шекаралас аудандар мен серіктес-қалаларымен) 2,5 млн. адамды құрайды. Алматы агломерациясы халқының республика халқының санындағы үлесі 15%-ды құрайды. Алматы агломерациясының демографиялық сыйымдылығы (өзектегі адам санының шегі) есептеулерге сәйкес 10 087 мың адамды құрайды (2-қосымша).
Қазіргі уақытта Алматы қаласының қала маңы аймағын дамыту қабылданған Алматы қаласының қала маңы аймағының аумақтарын дамытуды қала құрылыстық жоспарлаудың кешенді жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Шымкент - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, білім беру және мәдени орталығы. Бұл ретте, экономикалық әлеуеті бар қала елдің оңтүстігінің агломерация орталығы бола алады. Сонымен қатар, оның «жасалған урбанизация» үлгісінде дамуына жол бермеу мақсатында аталған процессті реттеу қажет.
2000-2011 жылдар аралығында Шымкент қаласы халқының саны орта есеппен 3,5%-ға артып отырғаны байқалған. 2000 жылмен салыстырғанда 2011 халық саны 44,5%-ға артып, 629,1 мың адамды құрады (2000 жылы -435,3 мың адам).
2005 - 2010 жылдар ішінде Шымкент қаласының экономикалық тұрғыдан белсенді халқының саны 15,1%-ға өсті және 2011 жылы 277,1 мың адамды құрады. Бұл ретте, қаланың өз бетінше жұмыспен қамтылған халқының үлесі 26,9%-ды құрады.
Изохрон әдісі (1,5-сағаттық көлік қол жетімділігі) пайдалана отырып Шымкент агломерациясының құрылымы айқындалды (3-қосымша). Аталған агломерацияның ықпал аймағына мыналар кіреді: орталық (өзек) - Шымкент қаласы, Арыс қаласы, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Ордабасы және Сайрам аудандары.
Қазақстан Республикасы халқының санындағы Шымкент агломерациясының саны 2012 жылға қарай 8,5%-ды (1,4 млн. адам) құрады. Есептеулерге сәйкес Шымкент агломерациясының демографиялық сыйымдылығы 4 074 мың адамды құрады (2-қосымша).
Ақтөбе қаласы Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы болып табылады. Ақтөбе қаласының аумағы, әкімшілік тұрғыдан бағынысты бес ауылдық округті қоса алғанда (Благодарный, Қарғалы, Құрайлы, Новый, Сазды) 2,3 мың шаршы км.-гe тең. 2011 жылдың басында қала халқының саны 415,8 мың адамды немесе облыс халқының жалпы санының 53%-ын құрады.
Изохрон әдісі (1,0-сағаттық көлік қол жетімділігі) бойынша перспективалы Ақтөбе агломерациясының мынадай құрылымы бөлінді: орталық (өзек) - Ақтөбе қаласы, Хромтау, Қандыағаш қалалары, Алға, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарының бірқатар ауылдық елді мекендері (3-қосымша). Ақтөбе агломерациясының саны 525,8 мың адам (Қазақстан Республикасы халқының жалпы санындағы үлесі - 3,5%).
Есептеулерге сәйкес Ақтөбе агломерациясының демографиялық сыйымдылығы 1331 мың адамды құрайды (2-қосымша).
Ақтау қаласында Қазақстанның (Каспий теңізінде) жалғыз теңіз порты орналасқан. Қазіргі уақытта қала 2007 жылы құрылған Мұнайлы ауданымен бірге тұрақты экономикалық, еңбек және мәдени байланыстары бар заманауи агломерацияның кейпін құрайды.
2001 - 2011 жылдар кезеңінде Ақтау қаласы халқы санының орта есеппен жыл сайын 0,9%-ға артқаны байқалды. 2001 жылмен салыстырғанда 2011 жылы халық саны 7,4%-ға артып, 174,9 мың адамды (2001 жылы - 162,9 мың адам) құрады. Жұмыссыздық деңгейі 2005 - 2011 жылдар кезеңінде 8,8%-дан 5,1%-ға дейін төмендеді, ол өңдеу өнеркәсібіндегі бірқатар жаңа өндірістердің, сонымен қатар көлік пен құрылыс саласының дамуымен байланысты.
Изохрон әдісі (1,0-сағаттық көлік қол жетімділігі) бойынша Ақтау агломерациясының мынадай құрылымы бөлінген: орталық (өзек) - Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы (3-қосымша). Ақтау агломерациясы халқының саны 269,5 мың адамды құрайды (Қазақстан Республикасы халқының санындағы үлесі- 1,6%).
Есептеулерге сәйкес Ақтау агломерациясының демографиялық сыйымдылығы 415,4 мың адамды құрайды (2-қосымша).
«Екінші деңгейдегі» қалаларда да халықтың шоғырлануының өсуі (ауыл тұрғындары мен қалалар тұрғындарының ағыны есебінен, бірақ агломерацияларға қарағанда аз қарқынмен) және қала маңы аймағын дамыту жоспарлануда. Перспективалы индустриялық дамыту есебінен келешекте оларды бәсекелестік басымдығы бар бейінді қызмет түрлеріне мамандандыру күшейеді. Қалалардың осы топтарының дамуын мемлекеттік қолдау экономикалық өсу орталықтары рөліне үміткерлердің екінші құрамын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа өңірлік саясат міндеттерінің бірі даму әлеуеті жоғары қалаларды және ірі АЕМ-ді дамыту және қолдау болып табылады. Осыған байланысты келешекте барлық деңгейдегі қоныстар олардың даму перспективасының мәніне кешенді зерттеу жүргізуді қажет етеді.
Жаңа өңірлік саясатты іске асыру бара-бар және пәрменді, оның ішінде қаржы құралдарын талап ететінін атап өту қажет.
Қазіргі уақытта республикада өңірлерді қаржыландыру қалыптасқан бюджетаралық қатынастар жүйесі шеңберінде іске асырылады, ол донор өңірлерден реципиент өңірлерге (экономикалық тұрғыдан артта қалушы облыстарға бюджеттік субвенциялар беру) бюджет қаражатын қайта бөлуге негізделген. Республикадағы осындай бюджетаралық қатынастар жүйесі өздерінің аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуының өсу қарқынын ұлғайтуға жергілікті атқарушы органдарды (донор өңірлерді де, сондай-ақ реципиенттерді де) қажетті жағдайда ынталандырмайды. Осы жағдай көбінесе трансферттерді (жалпы сипаттағы трансферттерді қоспағанда) есептеудің бірыңғай жүйесінің және нысаналы трансферттерді қалыптастырудағы айқын басымдықтардың болмауынан қалыптасты.
Әлемдік тәжірибеде өңірлік саясатты іске асырудың маңызды қаржы құралдары: құрылымдық қорлар (Еуропалық Қоғамдастықта белсенді қолданылады), инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары (Канада), өңірлік/муниципалдық дамыту қорлары (Ресей Федерациясын, Бразилияны, Үндістанды, Латвияны қоса алғанда 50-ден астам ел) болып табылады. Бұл қорлар, атап айтқанда ЕО құрылымдық қорлары, ұзақ мерзімді перспективада олардың табыстылығын ұлғайту үшін бәсекеге қабілеттілік пен өңірлік экономикалардың өнімділігін арттырудың негізгі құралдары болып табылады.
Шет елдерде мемлекеттің қамқорлығымен құрылған жоғарыда көрсетілген қорлар мен бағдарламалар инфрақұрылымға, адами капиталға инвестицияларды, инновациялық мүмкіндіктерді іске асыру мен өңірлердегі қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуды қолдайды. Бұл ретте, қаржыландырудың: мемлекет пен өңірлік билік арасындағы бірнеше жылға арналған келісімшарттар (Франция, Германия); Еуропалық Одақтың гранттары мен қоса қаржыландыруы; мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (Ресей) сияқты түрлі схемалары қолданылуда.
Осындай қорлардың қызметі негізінде қол жеткізілген оң нәтижелер Қазақстан Республикасының жаңа өңірлік саясатын іске асыру үшін осыған ұқсас құралдарды әзірлеу мен қолдануды өзекті етеді.
Әлеуметтік-экономикалық даму мониторингінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында 6936 ауылдық елді мекен (бұдан әрі – АЕМ) бар, оларда 7,6 млн. адам тұрады. АЕМ жалпы санының ішінде 1310-ы жоғары даму әлеуетіне, 5192-сі орташа даму әлеуетіне сәйкес келеді, 119-ы – аудан орталықтары, ал 2382-сі ауылдық және кенттік округтердің орталықтары болып табылады. Бұл ретте АЕМ-нің жартысынан астамының тұрғындарының саны аз болып табылады және оларда ауыл халқының небәрі 9,7 %-ы тұрады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2012 жылы 2,0 трлн. теңгені немесе елдің ЖІӨ-нің 4,1 %-ын құрады. Бұл ретте көптеген АЕМ-де теміржолдың, тау-кен өнеркәсібінің, энергетиканың және экономиканың басқа да салаларының, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерінің құрылымдық бөлімшелері орналасқан, олар ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.
Бүгінде қолданыстағы нормативтерге сәйкес АЕМ-дер, тұтастай алғанда, білім беру және денсаулық сақтау объектілерімен қамтамасыз етілген, іс жүзінде барлық елді мекендер электр энергиясымен қамтамасыз етілген және телефондандырылған.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, мәдениет және спорт объектілерінің тапшылығы байқалады, денсаулық сақтау объектілерінің 71 %-ы бейімделген үй-жайларда орналасқан, 87 мектепте оқыту 3-4 ауысыммен жүргізіледі, ал республиканың 24 ауылдық ауданында ТжКБ оқу орындары жоқ. Орталық сумен жабдықтаумен ауыл халқының 68 %-ы қамтылған, ал жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының 20 %-ы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Қазіргі уақытта ауылдық аумақтарды дамыту бойынша іс-шаралар қолданыстағы мемлекеттік, салалық бағдарламалардың және облыстардың аумақтарын дамыту бағдарламаларының шеңберінде іске асырылуда. Атап айтқанда, ауылдарды инфрақұрылымдық дамыту жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасы, Жұмыспен қамту 2020 жол картасы, 2011 – 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы, Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы және басқа да бағдарламалар шеңберінде іске асырылуда.
Бұдан басқа, 2013 жылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес 2020» бағдарламасы қабылданды және бекітілді, онда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 1,5 есеге ұлғайту, саланы дамыту үшін 10 трлн. теңгеден астам жеке меншік ақша қаражатын тарту көзделген.
Сонымен қатар, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін әртүрлі бағдарламалық құжаттардың шеңберінде шешу, осы бағытта кешенді тәсілдің болмауы межеленген нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасының 2-бөлімінің 5.3-тармағынасәйкес ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту тірек ауылдық елді мекендерді айқындау және дамыту арқылы көзделген.
Осыған байланысты, ауылдық аумақтарды дамытудың жалпы проблемаларын шешумен қатар, ауыл халқының өмір сүруінің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ете отырып, ТАЕМ-ді кешенді дамытудың жаңа кезеңіне кірісу қажет.
Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен 2011 жылғы 17 сәуірдегі № 01-7.4 Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөнінде іс-шаралар кешенін әзірлеу бойынша тапсырма берілді.
Қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару органдарының толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық құқықтық, ұйымдық және экономикалық база жасалғанын атап көрсету қажет. Алайда, жергілікті өзін-өзі басқару тиімділігі көп жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қажетті заңдардың барлық кешенінің бар болуына ғана емес, сондай-ақ халықтың өзінің жергілікті өзін-өзі басқаруға іс жүзінде және тікелей қатысуына да, яғни халықтың жергілікті өзін-өзі басқару құқығын іс жүзіндегі (нақты) іске асыру қабілетіне де байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, Бағдарламада ауылдық елді мекендерді дамытуға және ауыл халқының тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жобаларды (іс-шараларды) айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеуге халықтың өзін тарту көзделеді.
Бұл ретте қаржылай қолдау әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа және демографиялық үрдісі оң (өңірлік даму саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендерді айқындауға арналған критерийлерге сәйкес) АЕМ-ге ғана көрсетілетінін атап өту керек.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты Қазақстан Республикасының бюджеттік практикасына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы сияқты арнайы қаржылық құралды енгізу ұсынылады, ол өсу әлеуеті мен жоғары экономикалық белсенділігі бар аумақтарды қолдауға бағытталатын болады. Бұл «тар жерлерді» айқындауға және даму әлеуеті бар өңірлерді одан әрі дамытуға қарқын беруге мүмкіндік береді. Осындай өңірлер өз ерекшелігіне байланысты осы құралды пайдаланудан ең үлкен жиынтық мультипликативті әсер бере алады. Түпкі нәтижесінде өңірлердің перспективада әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуді, өңірлік даму мен өсу әлеуетін жандандыру бойынша жергілікті бастамаларды қаржылық қолдауды көздейтін бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары өңірлер арасындағы дамуда теңсіздіктің азаюына әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |