Алыптылық әсіресе жас кезде сүйектің ұзынынан қарқынды өсуі
кезінде байқалады. Аяқ-қол сүйектері ұзарып, маңдайы мен бет
сүйектері алға шығыңқы болып, тілі аузына сыймайтын ауруға
ұшырайды. Мұндай ауруды акромегалия (грекше «akros» – аяқ-қол
сүйектері, «mega» – үлкен) деп атайды (10-сурет). Дыбыс сіңірлері
жуандап, даусы «гүжілдеп» жағымсыз шығады. Бұл ауруды тек
рентген сәулесімен емдейді.
Гипофиздің гормондары аз бөлінсе, адамның бойы өспей қалады. Ер
адамның бойының биіктігі 130 см, әйелдерде 100–120 см-ден аспайды.
Терінің дәнекер ұлпасының нәруыз синтезі бұзылып, тері құрғап, бетке
көп әжім түседі.
Ергежейлілік (грекше «nanos» – тым аласа бойлылық) – гипофиз,
бүйрекүсті бездері, қалқанша бездердің зақымдануынан пайда болады.
Себебі бұл бездердің жұмысын орталық жүйке жүйесі реттейді.
Ергежейліліктің 2 түрі бар: біріншісі – дене бітімінің сәйкестілігі
(пропорционалды), екіншісінің дене бітімінің сәйкессіздігі (мүшелерінің
пропорциясының сақталмауы).
Дене бітімінің сәйкестілігіне қарамай ергежейлі болуын – гипофизді
ергежейлілік дейді. Гипофиздің алдыңғы бөлігінің қызметінің
бұзылуынан – алдыңғы бөлігі зақымданады. Мұндай адамдардың дене
бітімі, мінез-құлығы дұрыс дамығанымен денесі бала сияқты өспей
қалады. Жыныс бездері толық жетіліп-дамымайды. Семіріп, беттерін
әжім басады.
Дене бітімінің сәйкессіздігі қалқанша бездің зақымдануынан болады.
Бұдан басқа қаңқасының сүйектенуі, терісінің тым құрғақ болуы, зат
алмасуының бәсеңдеуі, психикасының толық дамымауына да себеп
болады.
Гипофиздің жұмысын реттеу үшін (бойы нашар өсетін балалар) өсу
гормонын жасанды түрде ағзаға жіберсе, 6 айда 5–6 см өседі. Аласа
бойлы адамдардың бойлары 38 см-ден 1 метрге дейін өскені
анықталған.
Гипофиздің артқы бөлігі зақымданса, бүйректің жұмысы бұзылады.
Денеден тәулігіне өте көп мөлшерде зәр бөлінеді.
Ескерту: спортпен шұғылданып, денесі әбден шыныққан, бойлары 2 м
жететін адамдар бар. Бұларда гипофиз гормоны қалыпты мөлшерде
бөлінген. Тек шынығудың арқасында сүйектері жақсы дамыған.
Аралас бездер. Ұйқы безі. Жыныс бездері.
Гуморальдық және жүйкелік-гуморальдық реттелу
Аралас бездер сөл де, гормон да бөледі. Сөлді арнайы өзектері
арқылы басқа жерде орналасқан мүшелерге, ал гормондарды тікелей
қанға бөледі. Сондықтан бұл бездер әрі сыртқы, әрі ішкі секреция
бездеріне жатады. Аралас бездерге ұйқы безі мен жыныс бездері кіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |