Бағдарламасы Түсіндірме жазба


Коммуникативтік дағдыларды дамыту



бет8/188
Дата30.05.2023
өлшемі0.84 Mb.
#474520
түріБағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   188
үлгілік ОҚУ бағдарламасы 2022 қосымша

Коммуникативтік дағдыларды дамыту
Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, сөйлеуді дамыту және көркем әдебиет ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде күн сайын жүзеге асырылады.
Мақсаты сөйлеу дағдыларын, сөздік қорын, әдеби шығармалар мен халық ауыз әдебиеті шығармаларына қызығушылықты қалыптастыру.
Міндеттері:
көрнекілікке сүйенбей айналасындағылардың сөзін түсіну қабілетін дамыту;
дыбыстарды дұрыс айтуды дамыту;
қолжетімді халық ауыз әдебиеті, көркем әдебиет шығармаларына, театр әлеміне баулу;
кітаптарға қызығушылықты дамыту;
пассивті және белсенді сөздік қорды байыту;
түрлі балалар әрекетінде қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы балалардың ауызша және байланыстырып сөйлеуін дамыту.
Сөйлеуді дамыту
Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті.
Жеке дауысты және дауыссыз дыбыстарды, еліктеу сөздерін, сөздерді және қарапайым сөз тіркестерін (2-4 сөз) дұрыс қайталап айтуға үйрету. Артикуляциялық және дауыс аппаратының, сөйлеу кезінде тыныс алу, есту қабілетінің дамуына ықпал ету.
Сөйлеу қарқынын, дауыстың жоғарылығы мен күшін ескеріп, дыбыстардың, сөздер мен сөз тіркестерінің анық айтылуына назар аудара отырып, дауыс аппаратын дамыту, артикуляциялық гимнастика жасау.
Сөздік қорды қалыптастыру
Балалардың сөздік қорын:
ойыншық, киім, аяқкиім, ыдыс, жиһаз, көгөніс пен жеміс, үй жануарлары мен олардың төлдерінің атауларын, көлік құралдарын және жеке бас гигиенасы заттарын білдіретін зат есімдермен;
еңбек әрекетін (жуу, суару, құю), қарама-қарсы мәндес әрекеттерді (ашу-жабу, кию-шешу, алу-салу), адамдардың қарым-қатынасын (құшақтау, көмектесу), көңіл-күйін (қуану, күлу, ренжу) білдіретін етістіктермен;
заттардың түсін, көлемін, пішінін, дәмін білдіретін сын есімдермен байыту.
Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне баулу, балаларды бесікпен таныстыру, қуыршақты бесікке бөлеп, бесік жырын айтып отырып ойнату арқылы балаларды қамқорлыққа баулу, балаларға бесік жырын күнделікті ұйықтар алдында тыңдатуды әдетке айналдыру, топтағы барлық баланы ересектердің жақсы көретінін сездіру.
Меңгерілген сөздерді ауызша сөйлеуде өзбетінше қолдануға ықпал ету.
Тілдің грамматикалық құрылымы
Балаларды зат есімнің көпше түрін қолдануға, сын есімді зат есіммен, етістіктің өткен шағымен байланыстыру, сөз тіркестерін құра білуге (сын есім + зат есім, зат есім + етістік), сөздердің дұрыс айтылуын, зат есімдердің көпше түрде дұрыс қолданылуын ескеріп, сын есімдерді зат есімнің көпше түрімен сәйкестендіру.
Байланыстырып сөйлеу.
Ересектердің сөзін түсінуге, шағын әңгімелерді көрнекі сүйемелдеусіз тыңдауға, қарапайым сұрақтарға (Кім? Не? Не істейді? және тағы басқа) және неғұрым күрделі (Не әкелді? Кімге әкелді? Неге әкелді? Қашан әкелді?) сұрақтарға жауап беруге үйрету.
Кітаптардағы суреттерді қарау, ондағы таныс заттарды атау, педагогтің өтініші бойынша суреттен заттарды тауып, сұрақ қою: «Бұл кім (не)?», «Не істеді?». Қарапайым сюжеттік суреттердің мазмұнын айтып беру. Кейіпкерлердің әрекеттерін (қимылдарын) қайталатып ойнату.
Күтілетін нәтижелер
ересектердің сөзін тыңдайды және түсінеді;
жеке дауысты және дауыссыз дыбыстарды, еліктеу сөздерін айта алады;
сөздерді және қарапайым сөз тіркестерін (2-4 сөз) қайталап айтады;
ойыншық, киім, аяқкиім, ыдыс, жиһаз, көгөніс пен жеміс, үй жануарлары мен олардың төлдерінің атауларын, көлік құралдарын және жеке бас гигиенасы заттарын білдіретін сөздерді атайды;
еңбек әрекетін (жуу, суару, құю), қарама-қарсы мәндес әрекеттерді (ашу-жабу, кию-шешу, алу-салу), адамдардың қарым-қатынасын (құшақтау, көмектесу), көңіл-күйін (қуану, күлу, ренжу) білдіретін сөздерді біледі;
сөйлегенде заттарды сипаттау үшін зат есімдер мен етістіктерді, сын есімдерді қолданады;
меңгерілген сөздерді ауызша сөйлеуде өзбетінше қолданады;
ересектермен және құрдастарымен ауызша қарым-қатынас жасайды;
шағын әңгімелерді көрнекі сүйемелдеусіз тыңдап, қарапайым сұрақтарға жауап береді;
кітаптағы суреттерді қарайды, олардың мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді;
кейіпкерлердің әрекеттерін (қимылдарын) қайталап ойнайды;
артикуляциялық гимнастикаларды орындайды.
Көркем әдебиет
Балалардың жастарына сәйкес көркем шығармалар оқу.
Балаларды бесік жырларын, халық әндерін, ертегілерін, авторлық шығармаларды тыңдауға үйрету.
Оқып беруді ойыншықтарды, суреттерді, үстел үсті театрының кейіпкерлерін және басқа да көрнекі құралдарды көрсетумен сүйемелдеу, сонымен қатар көрнекіліксіз көркем шығарманы тыңдау.
Балаларды педагогтің көмегімен өлеңді толық қайталауға ынталандыру.
Таныс өлеңдерді оқыған кезде балаларға сөздерді, сөз тіркестерін қосылып айтуға мүмкіндік беру.
Балалардың назарын кітапты қарап отырған балаға аудару. Балалармен бірге балалар әдебиетінің шығармаларына арналған иллюстрацияларды қарау.
Суреттердің мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруді дамыту.
Күтілетін нәтижелер:
көркем шығармаларды эмоционалды қабылдайды;
бесік жырларын, халық әндерін, ертегілерді, авторлық шығармаларды тыңдайды;
оқылған шығармадағы жекелеген сөздерді қосылып қайталап айтады;
таныс шығармаларды көрнекіліксіз тыңдайды;
ойындарда кейіпкерлердің бейнелерін қарапайым түрде бере алады;
кітаптардағы иллюстрацияларды қарайды, суреттердің мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап береді,
шағын тақпақтарды асықпай, анық айтады.
Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту сенсорика ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы күн сайын ойын түрінде балалардың түрлі әрекеттерінде іске асырылады.


Мақсаты танымдық қызығушылықтарын, білуге ​​құштарлығын, қиялын, зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын дамыту.
Міндеттері:
қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;
түрлі сенсорлық әсерлермен байыту;
қоршаған ортада бірлесіп әрекет етуді дамыту;
түрлі балалар әрекеттерінде көз бен қол үйлесімділігін, қолдардың ұсақ моторикасын дамыту;
заттарды түсі, көлемі, пішіні бойынша өзбетінше зерттеу.
Сенсорика
Заттар мен құралдарды қолдану дағдыларын қалыптастыру, ауызша нұсқау мен үлгіге сүйене отырып, тапсырмаларды орындауды, қимылдардың үйлесімділігін, қолдың ұсақ бұлшық еттерін, «көз бен қолдың» сенсомоторлық кеңістіктік үйлесімділігін дамыту.
Өлшемдері әртүрлі геометриялық фигураларды, өлшемі, пішіні, түсі бойынша ерекшеленетін біркелкі заттарды топтастыруды, түрлі көлемдегі геометриялық фигураларды негізгі түсі, неғұрлым ұқсас қасиеттері бойынша салыстыру және іріктеуді жетілдіру.
Берілген заттардың 3-4 сенсорлық қасиеттеріне байланысты таңдауды жүзеге асыра отырып, түсі, көлемі, өлшемі бойынша әртекті заттарды салыстыру, заттардың санын ажырату (біреу-көп), әртүрлі көлемдегі заттарды атау.
Заттарды түсі, көлемі, пішіні бойынша өзбетінше зерттеу және салыстыруға мүмкіндік беру.
Күтілетін нәтижелер:
үлгі мен ауызша нұсқауға сүйеніп, тапсырмаларды орындайды;
қимылдарды, қолдың ұсақ моторикасын үйлестіру дағдыларын меңгерген;
түстердің атауларын дұрыс қолданады;
ересектердің нұсқауымен түсі, өлшемі бойынша заттарды табады;
түрлі көлемдегі геометриялық фигураларды негізгі қасиеттері бойынша салыстырады;
қарапайым көру-қимыл үйлесімділігін меңгерген;
көлемі, пішіні, түсі бойынша ұқсас біртекті заттарды топтастырады;
заттардың көлемін, түсін және пішінін білдіретін сөздерді түсінеді;
заттардың санын ажыратады (біреу-көп);
әр түрлі көлемдегі заттарды біледі;
заттарды өзбетінше зерттейді.

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту


Тәрбиеленушілердің шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, музыка ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, күн сайын ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде іске асырылады.


Мақсаты балалардың эстетикалық қабылдауын қалыптастыру, дербес тәжірибелік және шығармашылық әрекетті дамыту болып табылады.
Міндеттері:
бейнелеу өнеріне, музыкаға, ән айтуға, қарапайым аспаптарда ойнауға шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру;
материалға ұқыпты қарауға, оны дұрыс қолдана білуге үйрету;
балаларды музыкалық шығармашылыққа, әсемдікті сезінуге тәрбиелеу;
көркемдік қабылдауды дамыту, балаларды бейнелеу өнерінің шығармаларын түсінуге, музыка мен әнді қабылдауға баулу;
заттар туралы түсініктерді, бейнелеу және құрастыру әрекеттерін нақтылау үшін көру және сипап-сезу (тактилді) зерттеу әдістерін қалыптастыру;
құрылыс материалдарынан құрастыруға баулу;
желімсіз жапсыру техникасын игеру;
өз өмірінің қауіпсіздігі туралы алғашқы ұғымдарды қалыптастыру, заттармен қауіпсіз әрекет ету ережелерімен таныстыру.
Сурет салу
Балалардың бейнелеу әрекетіне деген қызығушылығын ояту, көркемдік қабылдауларын дамыту.
Бейнелерді парақ бетінде орналастыра отырып, түрлі-түсті дақтарды қарама-қарсы үйлестіру арқылы бере білу, дөңгелек және толқын тәрізді сызықтарды бейнелеу, дәстүрлі емес әдістермен суреттер салу.
Ересектермен бірлескен әрекеттерге қызығушылықты ояту. Қағазға, құмға саусақпен сурет салу, ересектер салған суретті толықтыру.
Белгілі бір ережелерді орындау: дұрыс отыру, қағазды умаждамау, қаламды тарсылдатпау, жұмысты ұқыпты жасау.
Қаламды үш саусақпен, қатты қыспай ұстау, суреттің қарапайым элементтері ретінде тік және тұйықталған дөңгелек сызықтарды қағаз бетінде жеңіл жүргізу.
Күтілетін нәтижелер:
дөңгелек, ұзын пішіндерге ұқсас заттарды бейнелейді;
қағаздың қасиеттерін біледі;
қаламды дұрыс ұстайды;
түстерді ажыратады және оларды дұрыс атайды;
өзінің салған суретіне қуанады, онда не бейнеленгенін айтады;
қағазға және құмға сурет салудың бастапқы техникасын меңгерген;
қағаз бетіне бояулармен сызықтар, жақпалар салады;
қағаз бетін бағдарлайды.
Мүсіндеу
Балалардың сазбалшық, ермексаз және оның қасиеттері туралы білімдерін қалыптастыру, сазбалшықты дұрыс қолдануды жетілдіру.
Мүсіндеудің қарапайым тәсілдерін (кесектерді үлкен бөліктерден бөліп алу, оларды біртұтас етіп біріктіру, сазбалшықты өздігінен илеу) үйрету.
Қарапайым және күрделі пішінді заттарды мүсіндеудің техникалық дағдыларын қалыптастыру: кесені, тостағанды, табақты мүсіндеуде пішіннің жоғары бөлігін саусақпен басып, тереңдету, кесектерді біріктіру, қуыршаққа арналған әшекейлерді (білезік, жүзік, қол сағат және т.б.) мүсіндеу, заттардың ұқсастықтарын табу.
Мүсіндеуге арналған материалдарды қолдану, қолды дымқыл шүберекпен сүрту, дайын болған бұйымды тұғырға орналастыру, жұмыстан кейін материалдарды жинауға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
сазбалшықтың, ермексаздың қасиеттерін біледі;
сазбалшықпен, ермексазбен жұмыстың бастапқы дағдыларына ие;
мүсіндеудің қарапайым тәсілдерін меңгерген (кесектерді үлкен бөліктерден бөліп алады, оларды біртұтас етіп біріктіреді, сазбалшықты өздігінен илей алады);
мүсіндейтін заттарды зерттейді;
кесе, тостаған, табақты мүсіндеуде пішіннің жоғары бөлігін саусақпен басып, тереңдетеді;
дайын болған бұйымды тұғырға орналастырады, жұмыстан кейін материалдарды жинастырады;
мүсінделген заттардың пішіндерін таныс заттармен салыстырады.
Жапсыру
Жапсыруға қызығушылықты ояту. Материалдардың (қағаз) қасиеттері туралы түсінік қалыптастыру және оларды қолданудың қарапайым әдістерін (ұсақтау, жырту, бүктеу), жапсыру жұмыстарын жасау тәсілдерін (желімсіз) үйрету.
Балаларды бейнелерді фланелеграфта (сызықтарда, шаршыда), қағаз бетіне қойып, құрастыруға, кескінді конструктивті тәсілмен жасауға (жекелеген бөліктерден), ересектермен бірге түстерді таңдауға (қарама-қарсы түстер) үйрету.
Фланелеграфте геометриялық фигураларды, машиналарды, үйлерді, доптарды, шарларды, гүлдерді, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін және т.б. орналастыру.
Күтілетін нәтижелер:
қағазды қолданудың қарапайым әдістерін (ұсақтау, жырту, бүктеу) біледі;
бейнелерді фланелеграфта (сызықтарда, шаршыда), қағаз бетіне қояды және құрастырады;
фланелеграфта қарапайым композицияларды орналастырады және құрастырады;
симметриялық пішіндерді, ою-өрнектерді орналастырады.
Құрастыру
Балаларды ойын барысында үстел үсті және еден үсті құрылыс материалдарымен (текшелер, кірпіштер, үш қырлы призма, пластина, цилиндр және т.б.), жазықтықтағы құрылыстың орналасу нұсқаларымен таныстыру.
Қарапайым құрылысты үлгі бойынша, ересектің көмегімен, өзбетінше құрастыру, кеңістік қатынастарды түсіну, құрылыс масштабына сәйкес сюжеттік ойыншықтарды, табиғи материалдарды (құм, су, тас және т.б.) қолданып, ойнауға мүмкіндік беру.
Тұрғызылған қарапайым құрылыстарды атау, қорапқа құрылыс бөлшектерін ұқыптылықпен жинау.
Құрдастарымен бірге құрастыруға баулу, олармен ойнау, қарапайым құрастыру дағдыларын бекіту: үстіне, жанына қою.
Күтілетін нәтижелер:
құрылыс материалдарынан және конструкторлардың ірі бөлшектерінен құрастыра алады;
қарапайым құрылысты үлгі бойынша құрастырады;
құрылыс материалдарын (текшелер, кірпіштер) ажырата алады;
тұрғызылған қарапайым құрылыстарды атайды және ойыншықтарды қолдана отырып, олармен ойнайды;
өзбетінше құрастыруға тырысады;
қорапқа құрылыс бөлшектерін жинастырады;
табиғи материалдармен (құм, су, тас және т.б.) ойнайды;
тұрғызылған қарапайым құрылыстарды атайды.
Музыка
Музыкаға деген қызығушылықты ояту, музыка тыңдауға, ән айтуға, қарапайым би қимылдарын орындауға баулу.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   188




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет