ЕРТЕ ЖАС ТОБЫ (1 жастағы балалар)
Физикалық қасиеттерді дамыту
Физикалық дамыту дене шынықтыру және дене белсенділігі ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы тәрбиеленушілердің қызығушылықтары, қажеттіліктері, жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күні бойы ойын түрінде түрлі балалар әрекетінде жүзеге асырылады.
Мақсаты денсаулықты сақтау технологиясын қолдана отырып, балалардың денсаулығын нығайтатын, ағзаны шынықтыратын, негізгі қимыл түрлерін дамытатын жағдайлармен қамтамасыз ету.
Міндеттері:
балалардың өмірін қорғауға және денсаулықты нығайтуға, ағзаның үйлесімді психофизикалық дамуы үшін жағдай жасау;
дененің өсуі мен дамуының табиғи процестерін жетілдіру, қимыл-қозғалыстарға деген биологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру, дене белсенділігін дамытуға жағдай жасау;
күн тәртібіне, қоршаған орта жағдайларына бейімдеу;
жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту және оларды үйлестіру;
денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру;
дене шынықтыру мен дене белсенділігіне қатысуға, дербес қимыл әрекетін орындауға қызығушылықты арттыру;
қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау.
Дене шынықтыру (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).
Жүру және тепе-теңдік сақтау жаттығулары. Еденде жатқан жолдың бойымен тура бағытта топпен жүру. Нысанаға дейін тура жолдың бойымен (ені 25-30 см, ұзындығы 2–3 м) жүру, ересектің көмегімен гимнастикалық тақтай бойымен (ені 25-30 см) жүру, ересектің көмегімен модульге (биіктігі 10–15 см) шығуға және одан түсуге үйрету, еденде жатқан лентадан (арқаннан) аттап өту.
Еңбектеу, өрмелеу. Арқанның (биіктігі 50 см), доғаның, орындықтың астынан төрт тағандап еңбектеп өту, 2 м қашықтыққа дейін бөренеден аттап өту, құрсаудан еңбектеп өту. Шағын саты бойымен жоғары өрмелеу (биіктігі 1 метр).
Домалату, лақтыру. Допты бір қолмен және екі қолмен ұстау, көлемдері әртүрлі доптар мен шарларды жинау, оларды өз бетінше себетке (жәшікке) салу, шарларды домалату, допты екі қолмен алға лақтыру, допты алға домалату (отырып, тұрып), допты (диаметрі 6–8 см) төменге, қашықтыққа лақтыру.
Мәдени-гигиеналық дағдыларды және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру
1 жастан 1 жас 6 айға дейін
Баланың дербестікке ұмтылысын қолдау, әрбір баланы күн тәртібіне біртіндеп үйрету.
Тамақтану алдында және лас болған кезде қолын жуу, 1 жас 1ай - 1 жас 3 айда қою тамақты қасықпен өз бетінше жеуге, ал 1 жас 6 айда – сорпа тамақты ішуге үйрету (нанды сорпамен бірге ішу, тек өз тәрелкесіндегі тамақты ішу), ересектің көмегімен майлықты қолдану, тамақтан соң ересектерге ілтипат білдіру.
Балаларды шынықтыруды ауа, су шараларымен, серуен кезінде ультракүлгін сәулелердің әсерлерімен жүзеге асыру, 2-3 минут бойы жылы құмның үстінде жалаң аяқ жүргізу, ауа ванналарын күніне бірнеше рет киіну-шешіну кезінде қолдану (ауа ванналарының ұзақтығын 2-3 минуттан, 6-10 минутқа дейін ұзарту).
Күтілетін нәтижелер:
негізгі қимыл түрлерінің бастапқы дағдыларын, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын меңгерген;
дене жаттығуларын орындауға ықылас танытады, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіреді;
тазалық пен ұқыптылыққа қанағаттанған сезімін білдіреді;
тура жолдың бойымен жүреді;
ересектің көмегімен гимнастикалық тақтай бойымен жүреді;
ересектердің көрсетуімен жалпы дамытушы жаттығуларды орындайды;
шағын саты бойымен жоғары өрмелейді.
Дене шынықтыру (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін).
Жүру және тепе-теңдік сақтау жаттығулары. Еденнен бір шеті 15–20 см жоғары қойылған тақтайдың үстімен (ені 20 сантиметр, ұзындығы 1,5–2 метр), текшелердің, кегльдердің, құрсаулардың, таяқтардың арасымен топпен жүру; құрсаудан құрсауға өтуге үйрету; модульге немесе гимнастикалық скамейкаға көтерілуге және одан түсуге үйрету. Еденнен 12–18 см жоғары көтерілген арқаннан немесе таяқтан аттап жүру.
Еңбектеу, өрмелеу. Бөренеден (диаметрі 15-20 см) аттап өту, 35-40 см жоғары қойылған арқанның астынан еңбектеу, құрсаудан еңбектеп өту (диаметрі 45 см).
Домалату, лақтыру. Допты шағын төбешіктен домалату; допты тәрбиешіге, балаға домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, бала кеудесінің деңгейінде тартылған лентадан допты асыра лақтыру.
Жалпы дамытушы жаттығулар: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру, қолды алға созу, қолды арқаға қою, бүгу және қайта жазу, қолдың білектерін сермеу, айналдыру, қолдың алақандарын жоғары, төмен қарату, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу, отырып және тұрып оңға, солға бұрылу, заттарды бір-біріне беру, алға еңкею және түзу тұру, таяныштан ұстап, жүрелеп отыру, секіру.
1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін
Гигиеналық талаптарды сақтау бойынша жұмысты жалғастыру.
Үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру, орындыққа өзі отырып, одан өзі тұру, тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, тамақтанып болғаннан кейін майлықты қолдану, орындықты жылжыту, алғыс айту.
Жуыну кезінде қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетін алақанымен жуу, ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту.
Киініп-шешіну кезінде: киімдерін белгілі тәртіппен шешу және кию, оларды дұрыс бүктеу.
Түбекке сұрану, өз түбегінің орнын білу, тек өз түбегіне отыру.
Ескерткен кезде қол орамалды қалтасынан өзі алып мұрнын сүрту және қайта салу.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары.
Сауықтыру-шынықтыру шараларын табиғи факторларды (ауа, күн, су) пайдаланып, жүргізу. Топ бөлмелерінде тұрақты ауа температурасын (+21-22°С) сақтау. Балаларға топта жеңіл киімдер кигізу.
Ұйқыдан кейін және күні бойы киініп-шешіну кезінде балаларды шынықтыруды жүзеге асыру. Ауа-райы жағдайын ескере отырып, күн сайын серуендер ұйымдастыру. Жауын-шашынды күндері балалармен жабық қысқы бақта қимылды ойындар ұйымдастыру, жылдың жылы мезгілінде серуенде балалардың күн сәулесінің астында (3-5 минут) болуын қамтамасыз ету. Серуенде жылы құмның үстімен жалаң аяқ 2-3 минут жүргізу (алдын ала оның тазалығы мен қауіпсіздігіне көз жеткізу).
Жаз мезгілінде серуеннен кейін жуыну және аяқты жуу кезінде гигиеналық және шынықтыру шараларын үйлестіру, әр баланың денсаулық жағдайын және оның судың әсеріне бейімделу деңгейін ескеру.
Арнайы шынықтыру шараларын ата-аналардың қалауымен, мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігі мен медициналық қызметкерлері шешімімен жүргізу.
Күтілетін нәтижелер:
негізгі қимыл түрлерін жетілдіруге арналған қимылды ойындарға қызығушылық танытады;
заттардың арасымен жүреді;
модульге немесе гимнастикалық скамейкаға көтеріледі және одан түседі;
допты шағын төбешіктен домалатады;
қимылды үйлестірудің бастапқы дағдыларына ие;
ересектердің көрсетуімен жалпы дамытушы жаттығуларды орындайды;
ересектердің көмегімен өзіне-өзі қызмет көрсетудің қарапайым дағдыларын сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |