Бағдарламасының титулдық пму ұс н 18. 4/19 парағы (syllabus) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



бет4/8
Дата13.06.2016
өлшемі0.69 Mb.
#133920
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Төреқұлов Н., Қазыбеков М. Қазақтың би - шешендері. 1,2 - кітап-Алматы: Жалын 1993. – 400 бет.

2.Үш жүздің билері. (Қазақтың атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерінің шешендік өнері мен нақыл сөздері жайында) Қызылорда қаласы, 1998 жыл.
13 Дәріс сабағы

Бұқар жырау шығапмаларының зерттелуі

Жоспар:


  1. Бұқар жыраудың өмірі

  2. Бұқар шығармаларының зерттелуі

  3. Бұқар жыраудың тіл шеберлігі

Бұқар жырау-әдебиетімізде аты әйгілі ірі тұлға.Оның өмірі мен шығармалары туралы деректер тым шағын. Ең ақыры туған, өлген жылдары да әр зерттеушіде әр қилы түсіндіріліп келеді.Тек жыраудың жыр толғаулары, ақын әрі жинаушы М.Ж.Көпеевтің жазып қалдыруымен бізге жетуінің өзі аса елеулі жайт. Соңғы жылдары Пекин қаласының кітапханасынан табылған отыз алты толғау да үлкен үлес болып қосылды. Бұдан тыс әйгілі жазушымыз С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (Алматы, 1942) атты кітабындағы мән-мағынасы зор бір топ жырлары да жыраудың жаңа бір қырларын ашуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ Бұқар жыраудың туған, өлген жылдары жөнінде де тың талпыныс, ізденістер бар.

Бұқар жырау шығармашылығы ертеден бері үздіксіз зерттеліп келеді. Бұған М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмаилов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйінішалиев, М.Мағауин, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Мұханбетжанов, М.Жармұхаммедов секілді зерттеушілер айтарлықтай үлес қосты.Аталған зерттеушілердің бір тобы жырауды өзі айтқан тоқсан үште қайтыс болды деп көрсетсе, енді бір тобы жүзден асып өлді деп жазады. Алайда бұлардан өзгешелеу тұрған бір дерек Е.Ысмаилов кітабында келтірілген. Бұл бойынша жыраудың туған жылы 1685 деп, ал қайтыс болған мерзімі 1777 деп көрсетілген. Дәл осы деректердің дұрыстығын әдебиетші Қ.Мұхамбетжановтың «Семей таңы» газетінде (13 май 1977жыл) жарияланған мақаласы да дәлелдеп берді. Бұқар жырау ұрпағын Қабыкен Қазиевтен жазып алған А.Сейдімбеков деректері де толық растайды.Сол себепті жыраудың туған, өлген жылдары туралы, айтқан да осы мәліметтерді негізге алған жөн.

Бұқар жырау өмірінің ел тарихында «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» аталған қатерлі заманда халық көсемі Абылайдың қасында жүріп, оны қиын сәттерде ақыл - кеңес беретін қабырғалы биі аталған. Ел тағдыры шешілер ауыр күндерде жырау ханға дұрыс бағыт беріп, азаттық пен тәуелсіздіктің қорғаны болып отырған. Бұқар жырау 18 ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі. Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы, қазақ хандығының бас идеологы болады. Ісімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Өз шығармаларында Абылайды сырт жауларға қарсы күресте айрықша қайрат көрсеткен қайтпас батыр, ел қамын жеген көреген көсем ретінде бейнелейді.Алайда ханға орынсыз бас ұрудан ада жырау қажетті жерінде ащы шындықты айтудан тайынбайды,оны сынау, шенеуге дейін барады. Сонымен қатар, жырау өз шығармаларында Россиямен жауласпау, онымен тату көршілік сақтау керектігін насихаттаумен айналысады. Алайда, Бұқар патша өкіметінің түпкілікті мұратында, нақты пайымдаған еді.

Бұқар шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Хан-сұлтандардың, ірі феодалдардың әр жүзде, тіпті кейде жекелеген руларда өз билігін жүргізбек болған, ұлттық мүддеге қайшы, баққұмар саясаты, руаралық тартыстың күшеюі, заманның өзгеруіне байланысты адамдардың санасындағы құбылыстар міне, осының бәрі белгілі мөлшерде жырау өнер намысынан көрініс тапты. Бұқар қазақ қауымының ежелгі тұйықтықтан арылуға бет алғанын, көне патриархалдық қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар түбегейлі өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күманданып писсимизмге берілетін тұстары да бар.

Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батыр сірә, ел билеуші шонжар емес, жеке басының ерлігімен ғана аты шыққан адам болса керек. Жыраудың қайда оқығаны, қандай өмір мектебінен өткені туралы нақты деректер жоқ. Біз тек оның ерте көтеріліп, Тәуке тұсында-ақ хан төңірегіндегі ықпалды билердің бірі болғанын білеміз.

Алайда Бұқардың Тәукеден соңғы әміршілермен тіл табыса алмағандығы аңғарылады.

Жырау кедейшілікке ұрынады. Тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда және өз шығармаларынан да көрінетіндей. Бұқардың, тіпті сауып ішер малы, мініп түсер аты болмайды. Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған, қабырғалы биге өз заманының ұраншысына айналады.Жырау бір ғасырдан астам жасап,1781 жыл шамасында қайтыс болады. Сүйегі Баянауылда Далба тауының етегіне жерленген.

Қазыбек пен Бұқар

Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаз дауысты Қазыбек би келеді.

Төсекте жатқан Бұқар жырау:


  • Бірден онға дейінгі санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады. Қазыбек, сен айтып берші,- деген екен. Сонда Қазыбектің берген жауабы:

  • Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман. Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман. Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман. Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман. Бес дегеніңіз – берекесіз ел жаман. Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман. Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман. Сегіз дегеніңіз – серкесіз бастаған қой жаман. Тоғыз дегеніңіз – толғанғаның. Он дегеніңіз - өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз, - болған екен.

Қарт жырау бас бидің жауабына риза болыпты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты 2 томдық.

2.Бес ғасыр жырлайды, Алматы. «Жазушы»1980

3.Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары,Алматы 1992.


14 Дәріс сабағы

Тақырыбы: Жарапазан кезінде айтылатын тапқыр сөздер мен шешендік нақыштар

Жоспары:

1) Жарапазан өлеңдері дегеніміз не?

2) Жарапазан өлеңдерінің қазақтың әдет-ғұрпына байланысы

3) Жарапазан өлеңдеріндегі діни ұғымдар

Қазақтың өткен кезде дін салтына байланысты туған шығармаларының бір түрі – жарапазан өлеңдері деп аталады. Жарапазан айту салты қазақ арасында ислам діні енгеннен кейін туған.

Ислам діні бойынша оны қабылдағандар үшін жылына отыз күн ораза ұстау, күніне бес рет намаз оқу, қайыр-садақа беру міндет саналған. Олай етпеген жағдайда адам өлгенде жұмаққа бармай, тамұқтың отына күйіп жанады деп уағыздаған. Осының бәрін үгіт-насихат түрінде айту үшін дін иелері поэзияны пайдаланған.

Өйткені дін сөзі деп қожа-молдалар айтатын араб тілін қазақтар түсінбеген. Біріншіден, өз сөздерін халыққа ұғындыру үшін өлеңді қолайлы көрген. Екіншіден,қазақ халқының сауықшыл, өлеңшіл, үгіт сөзге құлақ түргіш келетінін ескерген. Жарапазан өлеңдерді ораза кезінде, құрбан айт кезінде садақа сұраушылар айтатын болған.

Айтамын байлар сізге жарапазан,

Молдалар ертең ерте айтар азан.

Айтқа жарапазан қайыр берсең,

Барғанда ақыретке болмас жазаң - деген сияқты сөздермен жарапазан айтушылар әндетіп, құдайды мақтап үгіт-насихат айтатын болған.

Жарапазан айтушылар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, ауыр халін айтып садақа сұрап бір елден екінші елге жағалап жүріп айтқан.

Ассалаумағалайкүм, ақтан келдік,

Ауылы Арғын-Найман жақтан келдік.

Жарапазан айтумен үміт қылып,

Балалардың азығы жоқтан келдік.

Жарапазан өлеңдеріндегі көркемсөз, мұңлы зар, әртүрлі ақындық шеберлікпен айтылған өлеңдер адамдарға өте әсер еткен. Кей кезде жарапазан өлеңін айтушылар үй иелерін құттықтап, тілек айтып, сыйлық алатын болған.
Айтамыз жарапазан еліңізге,

Байлаңыз бір орамал белімізге.

Байласаң бір орамал белімізге,

Барамыз мақтап-мақтап елімізге.

Жарапазан өлеңдерінен халықтың көне дәуірдегі ҮІІ-ҮІІІ ғасырдағы әдет-ғұрыптарының айшықтарын көруге болады. Жарапазан әндерінде отбастарына денсаулық, мал-жанының көбеюі туралы, сәттіліктер мен жақсылықтар тілеп, адамдарға ізгі ниет білдіреді. Жасы үлкен кісілер жарапазан-бата береді.

Жарапазан батасы,

Сөзімнің жоқ қатасы.

Ораза тілеп айтамын,

Көрші үйдің атасы, - деп көрші-көлемге айтатын болған.

Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Санат, 1996-68-69 б.

  2. Байқадамова Қ., Темірбекова А. Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері. Оқу құралы, Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім Академиясының республикалық баспа кабинеті. 2001-298 б.

Шешендік өнердегі отбасы сипаты

Бала өмірдің жалғасы деп қараған халқымыз ұрпағына өнеге үйретіп үлкен азамат етіп өсіруге үнемі көңіл бөлген. Ертедегі қоғамнан бастап баланы еңбек сүйгіш, шынайы қасиеттерге баулыған. Отбасының жеміс берер гүлі, алтын діңгегі – бала. Сондықтан бесіксіз үйде береке жоқ деп түйіндеген.

Отбасының түтіні сөнбеуі үшін өмірдің мәні де, сәні де, жалғасы да бала деп есептелінген. Баланың көп болуын қалаған.

Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,

Көп баласы бардың үйінде шамы бар.

Бала адам болса, мұратыңа жеткенің,

Бала өліп атасы қалса, арманда кеткенің,

Артында қызы бардың көзі бар,

Артында ұлы бардың өзі бар - деп бала дүниеге келмей жатып қамқорлық жасаған. Аяғы ауыр әйелге жүк көтертпеген. Әйелдің жерік асын тауып берген. Жас босанған әйелге мал сойып, қалжа тартып, сорпа ішкізіп, жас еттен қуатты тамақ берген. Атам қазақ:

Балалы үй – базар,

Баласыз үй – қу мазар, - деген.

Нақыл сөз

Нақыл сөз дегеніміз - өнеге-өсиет ретінде айтылатыын аталы сөз. Ерте заманнан келе жатқан нақыл сөздің сыйқырлы күші бар. Нақыл сөзде аурудан айықтыратын, төніп келген бәледен сақтандыратын, қауіп-қатерден құтқаратын қасиет бар. Қазақта батыр көп болған. Шешен аз болған. Ертедегі адамдар билер саусақпен санардай деп деп айтатыны да сондықтан.

Төле бидің: «Батыр деген – Барақ ит: екі долы қатынның бірі табады. Би деген – бір бұлақ:қатынның ілуде біреуі ғана табады, - деген қанатты сөзі бар. Билер шешендік өнердің болмыс-бітімін, дара табиғатын терең таныған. Шешендік өнердің басқа өнер түрлерінен, ғылым салаларынан айырмашылығы – оның пәнінде де, әдісі мен тәсілінде де ешқандай шекара болмайды, қысқа да нұсқа айтылады. Шешендік өнерге қойылатын шекара – ол ақыл-ой, ар-ождан, абырой шекарасы.

Ақыл ойдан тыятын, ар-ожданнан аттайтын, абыройдан ажырататын межеден арғы жерде шешендік өнер де болмайды.

Таза сөйлеу - ой айқындылығының белгісі. Шешендікті қадірлеген халық «Адам аласынан сөз анасы жаман, от шаласынан, сөз шаласы жаман» дегенде, ана тілінің байлығын бағаламай, туған тілінде таза сөйлей алмаған адамдардың қойыртпақ тіліне қарап, қынжылып айтса керек. Тіл тазалығы дейтініміз, - дейді А.Байтұрсынұлы, - ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, ескірген сөздерге жоламау, жергілікті сөздерден қашу».

Шешендік өнерде тіл тазалығы жоғарыдағы айтылғандардан өзгешерек. Әрине, шешендік сөйлеу мәдениетінің талаптарын ескереді, өйткені ол – тіл мәдениетінің жоғарғы формасы. Шешен болып қалыптасу жолында сөйлеуші тіл мәдениеті талаптарын меңгермейінше, оның шешен сөйлеуге төселуі пайым нормаларын сақтай алмаған адам көпшіліктің алдына шығып сөйлеп, береке таппайды.

Тіл мәдениетінде тіл тазалығы оның өзге тілдік элементтерден арылуы деп түсіндірілсе, шешендік сөздердегі тіл тазалығын ойдағы екіұштылыққа жол бермеушілік, сөздерді уәжсіз қолданбаушылық, ойды дәл білдірмейтін «жылтыр» сөздерді қуаламаушылық деп түсінуіміз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Т.Садықов. «Қазақтың шешендік сөздері». Алматы 1997ж

2.А.Нұрпейісова. «Тіл мәдениеті курсы». Талдықорған

3.М.Әлімбаев. «Өрнекті сөз ортақ қазына». Алматы 1977ж

4.Н.Төреқұлов. «Қазақтың қанатты сөздері». Алматы 1988ж.
15 Дәріс сабағы

Шешендік өнердің тұлғаны рухани адамгершілікке тәрбиелеудегі ролі

Жоспар:


  1. Шешендік өнердің маңызы

  2. Ш.Ахметовтың пікірлері

  3. А.Құнанбаевтың шешендіктің тәрбиелік мәні туралы пікірлері

Бастауыш мектептің ана тілі сабақтарында ақын, жазушылардың адамгершілік тақырыбындағы шығармаларды оқыту арқылы, олардың бойында ішкі күштерді дамыта отырып, жақсы істі оятуға өзгенің қайғысын өз жүрегімен сезінуге тәрбиеленеді.Оқушылардың бірі-біріне жолдастық, достық сезімдерінің және барша адамдарға, жалпы адамзатқа сүйіспеншілік сезімін дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары көшпелі заманда болмаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр, әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Кәсіби тіршілігі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан бала 5-6 жасынан бастап ат құлағында ойнаған.

Ғалым Ш.Ахметов өзінің қазақ отбасындағы тәрбие ісі зерттеулерінде негізінен басты сегіз түрлі мәселені қамтыған.

Біріншіден, тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуді көздеген. Әке-шеше баласына «Әдепті бол»дегенді басты міндет етіп алған.

Екіншіден, олар баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген.

Үшіншіден, тіл алғыш,елгезек болуға баулыған.

Төртінші, адал, шыншыл болуға үйреткен.Өтірік өрге баспайды деген сөздің мәнін түсіндіре білген.

Бесіншіден, өнегелі ұстазбен көпті көрген қариялардың сөзін тыңдап, зерделеп есте сақтауға дағдыландырған, ақпа құлақ болмай, құйма құлақ бол деп үйреткен, біздерге жүрегінің есігі бар, құлағының тесігі бар, зерделі құйма құлақ бала керек деген.

Алтыншыдан, үлкендерді, ата-анасын сыйлап, құрметтеп, оларды риза қылып, бата алуға тәрбиелеген.

Жетіншіден, кісі айыбын әшкерелемей, біреуге тіл тигізбей, адамның табиғи кемдігін бетіне баспауға тәрбиелеген.

Сегізіншіден, ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса, адам баласына қайырымдылық, жақсылық, қамқорлық жасауға үйреткен.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев өзінің шығармаларында адамгершілікке байланысты көп үгіт-насихаттар айтады. Егер санатты білікті адамдардың қатарына қосылғың келсе, күн сайын күннің аясында өзіңе-өзің есеп бер, күн сайын есеп бере алмасаң 3 күн есеп бер. 3 күнде есеп бере алмасаң 1 апта есеп бер.Егер есеп бере алмасаң, онда сен санатты адам емессің, сонымен бірге бес нәрсе асық бол. Бес нәрседен қашық бол деген.

5 қашық 5 асық

өтірік, өсек, мақтаншақ, талап , еңбек, терең-ой,

еріншек, мал шашпақ қанағат, рақым

Мектеп түлегі қоғамда өмір сүреді. Абайдың айтуынша, адам бір-бірінен тек білім, ақыл, мінезбен озады. Шешендер осының бәрін жастарға үлгі етіп отырған.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж

2.М.Тілеужанов. «Ел әдебиеті»

3.Ә.Табылдиев. «Халық тағылымы»



7 Тәжірибеліқ сабақтың мазмұны

Тәжірибеліқ сабақ



Сабақтың тақырыбы: Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті

Жоспары:

1) Шешендік тілдің логикамен байланысы

2) Шешендіктегі сөз бен ұғым.

3) Шешендік сөздердегі ой қорытындысы

4) Сөздің дәлдігі, ойдың айқындылығы.

5) Тіл тазалығы, көрнектілігі

6) Қазіргі шешендіктегі сөйлеудің түрлері.

Сабақтың мақсаты:

Қазақтың би-шешендерінің сөз саптау, көп алдында сөз сөйлеу шеберлігін үлгі ете отырып, студенттерді болашақ маман ретінде аз сөзбен көп мағына беруге, өз ойын дұрыс жеткізуге үйрету.



Тапсырма

  1. Төмендегі мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз

  2. Сұрақтарға жауап беріңіз

Сұрақтар

1. Шешендік тілдің логикамен байланыстылығы неде ?

2. Шешендік сөздердегі ой қорытындысы дегеніміз не ?

3.Шешендік сөз несімен мазмұнды ?

4. Таза сөйлеу дегеніміз не? А.Байтұрсынұлы тіл тазалығына не деп анықтама береді?

5. Шешендік сөздің қандай сапалық белгілері бар ?

6. Қазіргі шешендіктегі сөйлеудің түрлері қандай ?
Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті

Тіл мен ойлаудың өзара байланысы ұғымдар арқылы жүзеге асады. Ал ұғымның пайда болуы санада өтетін пайымдау әрекетінің нәтижесі. Пайымдау арқылы логика ғылымы ой қорытындыларын жасап, қорытпа білім алуда қолданылатын ойлау заңдарын зерттейді. Логика таным теориясының бірлігі ретінде ежелгі Қытай, Үнді және Греция елдерінде біздің жыл санауымыздан бұрын V-VI ғасырларда зерттеле бастаған. Дегенмен, логиканың ғылым ретінде қалыптасқан отаны Ежелгі Греция деп саналады. Ал оның негізін салушы ұлы ғалым Аристотель болды. Сондықтан ол логиканың атасы деп саналады.

Дұрыс ойлау, дұрыс пайымдау шешендердің ойлау, сөйлеу, дағдыларында қалыптасып, іске асып отырған. Шешен адам дұрыс пікірлесу, пайымдау дәлелдеу сияқты ақыл-ой әрекеттерін іске асыруға қабілетті. Мұндай ақыл-ой қызметтерін іске асыра білу қызметтерінің, қабілеттерінің жиынтығы шешеннің логикалық мәдениет-пайымдау процесіндегі бірнеше ұғым, пікір, ой қорытынды сияқты ойлау формаларына тән, қажетті, ішкі, мәнді байланыстар.

Шешендік сөздердегі тұспалдап атайтын сөздер алынып отырған атаулардың ұғымдық белгісіне сүйенеді. Бейнелі атауларда ұғым заттардың қасиеттерін салыстыру тәрізді логикалық тәсілге сүйеніп, анықталады.

Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» деген толғауында «сен бұзау терісі шөншіксің, мен өгіз терісі талыспын» дегенінде ыдыс-аяқ атаулары болып табылатын шөншік, талыс сөздерінің қолданылуында мынадай ұғымдық белгілер таңдалынып алынады:

1) шөншіктің бұзау терісінен жасалатындығы;

2) сондықтан көлемінің кішкентайлығы, әлсіздігі;

3) талыстың өгіз терісінен жасалатындығы;

4) сондықтан көлемінің үлкендігі, мықтылығы.

Шешендік сөзде логикалық ой қорытындысы сезім мүшелерінің көмегімен шығарылады. Бұған мысал Төле би мен Әнет бабаның сұрақтары.

Шешендік сөздерде кейде ой қорытындысы берілмейді. Ой қорытындысын шығаруды шешен тыңдаушы көпшіліктің өзіне қалдырады.

Шешендік сөздерде ой қорытындының индукциялық және аналогиялық түрлері кеңінен қолданылады.Билер сөзінде көбінесе жекеден жалпыға қарай жасалатын индукциялық ой қорытындыларының жиі кездесуі билердің таным процесінің эмпирикалық танымнан, яғни жеке нәрселер мен құбылыстардың сапалары мен қасиеттерін танып білуден басталатындығы себеп болады.

Шешендік сөздің сапалық белгілері.

Шешендік сөз ақыл-парасатқа негізделсе, мазмұнды болады. Шешендік сөздің мазмұндылығы сөйлеушінің ақыл-ой дәрежесіне, жан-жақты білімділігіне байланысты. Шешендік ғылымның теориясын жасағандардың бірі – Цицерон да жақсы шешен болу үшін, жан-жақты білім керектігін айтқан еді. Сөз мағыналарын жақсы білген адам сөзді орнымен жұмсай алады. Сөйлеуші әрбір қолданыста әр түрлі мағынаға ие болатын көп мағыналы сөздерді өз орынында ұтымды қолдана алса, ой мен ұғым дәлдігіне жетеді. Мысалы, дүние деген сөздің қанша мағынасы бар болса, сонша рет қолданысқа түседі: мал, мүлік, көңіл-күй одағайы т.б.

Шешендік сөздерде синоним сөздер қабат қолданғанда,тілдің жеткізу мүмкіншілігі молайып, тіпті ғылыми түсініктердің өзі сыр ашып, шешіліп сөйлегендей болады.

Сонымен бірге шешендік өнерде антонимдік қолданыстар көркемдік үшін де, ой айқындылығы үшін де қолданылады. Ал омоним сөздерді орнымен қолдану сөйлеуде логикалық қате жіберуден сақтандырады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер дәлдікпен қолданғанда, ойдың айқындылығымен қоса, сөйлеу тілінің көркемділік деңгейін көтереді.

Таза сөйлеу - ой айқындылығының белгісі. Шешендікті қадірлеген халық «Адам аласынан сөз аласы жаман, от шаласынан, сөз шаласы жаман» дегенде, ана тілінің байлығын бағаламай,туған тілінде таза сөйлей алмаған адамдардың қойыртпақ тіліне қарап, қынжылып айтса керек.Тіл тазалығы дейтініміз, - дейді А.Байтұрсынұлы, ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, ескірген сөздерге жоламау, жергілікті сөздерден қашу» [2; 151]

Шешендік өнерде тіл тазалығы жоғарыдағы айтылғандардан өзгешерек. Әрине, шешендік сөйлеу мәдениетінің талаптарын ескереді, өйткені ол – тіл мәдениетінің жоғарғы формасы. Шешен болып қалыптасу жолында сөйлеуші тіл мәдениеті талаптарын меңгермейінше, оның шешен сөйлеуге төселуі пайым нормаларын сақтай алмаған адам көпшіліктің алдына шығып сөйлеп, береке таппайды.

Осы жағынан алғанда тіл мәдениетімен тығыз байланысты.

Шешендікте сөздің логикалық дәлдігі тіл тазалығын құрайды.

Тіл мәдениетінде тіл тазалығы оның өзге тілдік элементтерден арылуы деп түсін, дірілсе, шешендік сөздердегі тіл тазалығын ойдағы екіұштылыққа жол бермеушілік, сөздерді уәжсіз қолданбаушылық, ойды дәл білдірмейтін «жылтыр» сөздерді қуаламаушылық деп түсінуіміз керек.

Қазіргі шешендікте сөйлеу монолог және диалог түрінде болады. Монологтық сөйлеу - қазақ шешендерінің толғау, ақыл, өсиет, бата тілек, үндеу түрінде ертеден қолданып келе жатқан сөйлеу түрлері. Монолог - бір кісінің сөйлеуі немесе ойы. Монологта белгілі бір тақырыпты баяндап, сипаттап, әңгімелеп айтып беру мақсаты көзделетіндіктен, көпшілік алдында сөйленген сөз, жасалған баяндамалар, оқылған лекциялар, айтылған пікірлер, монологқа жатады. Монологта автордың түйінді ой-тұжырымдары айтылып, көпшілікке талқыға ұсынылады. Сондықтан көп жпғдайда монолог диалогқа айналады.

Шешендіктану ғылымы қазіргі шешендіктегі сөйлеу түрлерін былайша жіктейді: монолог және пікір алмасу, ой-талқы, пікірсайыс, ойбөліс, сөзталас, айтыс тәрізді пікірталастың түрлері.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы

Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2005 – 296 б.

2. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш//Шығармалары. Алматы,

1989 ж, 137-304 б.

3. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002. – 360 б.

4. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. 2- басылуы. – Алматы, «Санат», 1994. 272 б.

5. Негимов Ш. Шешендік өнер. Алматы: Мектеп-1997


Тәжірибеліқ сабақ

Тақырыбы: Майқы би мен Аяз бидің тіл шеберлігі

Мақсаты: Халық даналығы мен билер сөздерінің сырын ұқтыру.

Тасырма

  1. Мәтіннің мазмұнын айтыныз

  2. Сұрақтарға жауап беріңіз

Сұрақтар

  1. Майқы бидің өмірбаяны және шығармашылығы

  2. Майқы бидің шығармаларынан үзінді келтіріңіз

  3. Аяз бидің сөз шеберлігі туралы айтыңыз

  4. Аяз бидің нақыл сөздерінің мағынасын түсіндіріңіз

Майқы би Мәнұлы біздің дәуірімізге дейінгі 178 жылы туып, 89 жылы дүниеден қайтқан.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін қанатты сөздер арқылы атадан балаға атағы таралып келе жатқан Майқы би бабамыз түйінді аталы, баталы, даналы шешен сөздердің де басы болса керек. Қазақ шежіресінде екі Майқы би болғанға ұқсайды. Оның алғашқысы Ғайса пайғамбардан он екі жыл бұрын билік құрған Мәнұлы Майқы би. Соңғысы Шыңғыс хан заманында ғұмыр кешкен Майқы би Төбейұлы (1105 – 1225 жылдар шамасы). Біздің әңгіме етпегіміз әуелгі Майқы би Мәнұлы қақында. Бұл Майқы би жөніндегі дерек бізге ертедегі шежіреші ғалым, әрі батыр Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (1993) деген шежіре кітабы арқылы жетіп отыр.

Осы айтылмыш шежіреде Майқы би Мәнұлының ата тегі былай таралған: Ежелгі Елсау биден Нулы, Абыл. Абылдан – Қайыр, Қарғын, Тарғын. Қайырдан – Бақ, Шақ, Асық. Бақтан – Таң, Таңат, Шарт. Таңнан – Пәр, Өрт. Пәрден – Мән, Кен, Кеме, Тоқ. Мәннен – Майқы, Мойыл тараған.

«Майқы Мәнұлы өз заманында бүткіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде әділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты. Жұрт оны сөйлетіп қойып, аузына қарап отырады екен. Майқының заманында «Қарқуардай Майқы» дейді екен. Өйткені ол да шешендігіне байланысты болса керек. Қарқуар деген құс ертеден сайрағаннан талмай түннің бір шамасында сайрауын қояды екен. Содан екі бие сауым ғана дем алып, таң құлан иектене қайта сайрайды деседі. Міне, Майқы атамыз сондай шешен болыпты». Ол кездегі Майқы бидің қол астына шығысы – Тарбағатай, терістік жағы – Көкше теңіздеріне шейін, батысы – Шу алқабы, оңтүстігі – Үйсін тауларына дейінгі кең байтақ дала қараса керек. Бұл елдің орталығы Үш Қараш тауының түбіне орналасқан Шығу шаһары екен.

Майқы би елді бейбітшілік жолымен әділ де адал басқарған. Өзінен бұрын әр тарапқа бытырап кеткен елдердің басын біріктіріп, ұйымшылдыққа, ел бірлігіне үндеген. Майқы өз төңірегіне ақылды, дана кісілерді, батырларды, би, шешендерді, ақын-жазуларды, әнші күйші, өнерпаздарды, балгер, құмалақшы, жауырыншы, зергер ұсталарды көп жинаған. Олармен үнемі бас қосып ақылдасып отырған.

Әлгіде аталған Қазыбек бектің кітабында Майқы би бабамыздың бір топ нақыл, терме, толғауы келтірілген екен. Енді соған назар салайық:

Хас батырда ұйқы жоқ,

Хас сұлуда күлкі жоқ.

Күлкі қайдан болады,

Үйінде тұлдыр мүлкі жоқ.

Тамағынан жақын жоқ,

Өзі қатты сараңдардың,

Ешкімге айтар назы болмас.

Келіні жаман кемпір-шалдың,

Көрер күні жаз болмас.

Жекжат берер бекер пұлдың,

Көбі менен азы болмас.

Құлақ жарар шәңкіл әуен,

Тыңдағандай сазы болмас.

Ұрыс көрген ұл мен қыздың,

Мінезінің мәні болмас.

Еттің бәрі жал болмайды,

Бар сөз білген саз болмайды.

Күйгелектің тез күні өтер,

Ол қартайып шал болмайды.

Жапырақ жайған қызыл мая,

Саялайтын тал болмайды.

Қара көже күбідегі,

Ас болады, бал болмайды.

Түйе түлік шыдамы мол,

Бір шөккен соң мал болмайды.

Науқас билеп кеткен соң,

Шал-шауқанда әл болмайды.

Тұрған іркіт тамақ қырнар,

Тамақ болар, мән болмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет