Аяз би Жаманұлы – қазақ халқының ежелден елге аты мәшһүр болған, аты аңызға айналып кеткен ақылгөй абыз, шешен, биі. Оның есімі бүгінгі ұрпаққа «Аяз би» ертегісі мен «Аяз биі әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» дейтін қанатты нақыл сөз арқылы сақталып жеткен. Аяз бидің ғұмырнамасы жөнінде әр түрлі деректер бар. Майқы би Мән баласының шежіресін жазған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (Жалын 1993ж.) дейтін кітабында Аяз биді және оның серігі Құмырсқа батырды Майқы би дәуірінде өмір сүрген Майқы Мәнұлының оң жағында отыратын сенімді ақылгөй билері еді деп жазады. Сонда бұл дерек бойынша Аяз би хижра жыл санауынан 711 жылы бұрын туып 800 жылы дүниеден өткен, Майқы Мәнұлының замандасы тұстас болып шығады. Ал, зерттеуші Балтабай Адамбайұлының «Алтын Сандық» атты кітабындағы шағын мәліметте Аяз би Хиуа хандығындағы дәуіріндегі өмір сүрген тарихи адам деп оны ХІ-ХІІ ғасырға жатқызады. Бұл әлі тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе.
Аяз бидің қандай би болғаны, адамгершілік қадір қасиеті жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында былай жазылған: «Бұрынғы қойшы, кедей Аяз өзінің ақылдылығы, даналығы арқасында уәзір болады. Бұл үшін Мадан ханның бірнеше сынынан өтеді. Оған шөп жаманы-қоға, құс жаманы-сауысқан екенін дәлелдеп береді. Ханның тұлпарының сиырға, өзінің қара халыққа шатыстығын айырады. Шартты жұмбағын шешіп, бай қызы Меңді сұлуға үйленеді, ханның күншіл, ақылсыз қырық уәзірін өлімнен құтқарады. Аяздың даналығын, достыққа адалдығын, сертке беріктігін, қайырымдылығын, әділдігін Мадан мойындап халық қалап, оны хан етіп көтереді».
Майқы би өзінің төңірегінде ақылды, дана, би, шешендерді, батыр, балгер, көріпкел әулелерді көп жинап, олармен ақылдасып отырады. Майқының Әндір, Мәді деген аспан әлемін, жұлдыздар сырын болжайтын білімпаздары болған. Олар аспанға, жұлдыздарға қарап мал-шаруа жайын, егіншілікке қолайлы мерзімді күні бұрын болжап, халыққа пайдасын тигізеді. Ал, Аяз би сияқты дана билеріне өзінің оң жағынан орын береді екен. Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би әрі батыр жан серігі болыпты. Қайда барсада екеуі жұбын жазбай жүреді. Ол екеуі Майқы бидің сілтеуімен қазылық құрып, көбінесе елмен ел арасында тіршілік, бітімгершілікпен айналысады. Сондықтан да Майқы би Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт беріп жібереді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:
Билер бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс.
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ.
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.
Ел арасында «Аяз би әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» деген нақыл сөз содан қалса керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Дәдебаев Ж. Шешендік сөздер. Алматы: 1993
2. Кәкішов Т., «Билер сөзі». Алматы 1992
3. Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
4. Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж
№ Тәжірибеліқ сабақ
Сабақтың тақырыбы: Сырым Датұлы (1712-1802)
Сабақтың мақсаты:Студенттерді Сырым шешеннің өмірімен таныстыру, халық алдында өтеген қызметін білгізу. Шешендік өнерін үлгі етіп, практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
Тапсырма
-
Төмендегі Сырым батыр туралы әңгімеге талдау жасаңыз
-
Сырымның сөздерін жатқа айтыңыз
Сырым Датұлы 1712-1802 жылдары өмір сүрген қазақтың батыры әрі шешен биі. Шыққан тегі Кіші жүздің Байбақты руынан. Байбақты ішінде Әйтімбет, одан Шолан, Шоланнан Түкім, Дат, Есенбай, Балторы, Даттан: Адамбай, Сырым, Амантай, Жомарт, Базарбай, Барлыбай, Жандыбай, Дүнімбай, Қорлыбай, Қалдыбай, Шыбынтай деген он бір ұл тарайды. Туған ауылы Сарыой, Орал облысы, Жымпиты ауданы. Дат шаруа, есті кісі екен. Ал, анасы ауданда бір ауылды сөзімен де, ісімен де билеген ақылды бәйбіше болыпты. Сырым 7-8 жасынан ақ естілігі, сөз тапқыштығымен ел аузына ілігеді. Өсе келе сол өңірдегі билер, шешендер, сұлтандар, хандарды жанай жүріп, олардан шешендік тапқырлықты ел билеу ісін үйренеді. Сол билердің кейбіреуіне іздеп барып, бата, жөн-жосық алады.
Бірде Сырым бала сол өңірге батырлық билік атағы жайылған Малайсарыға сәлем бере барады.
- Уа, қай баласың?
- Даттың баласымын.
- Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол боларсың?
- Болсақ болармыз. Бірақ бір құшақ отыннан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен десем, қазымыр қарт па едің?
- Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды ренжітпей атқарушы еді, шешеңе тартқан боларсың.
- Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да би түсетін үй болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ренжітпей аттандырса- қырық адам екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шал үш түрлі деуші еді. Қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыңыз?
- Балам, сынайын деп айтқан бір-екі ауыз сөзімді көңіліңе алма? Жаманнан жақсы туады - адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады –-бір елтіріге алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып қырсығып қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра, қыдырымпаз десең – көршімнен сұра, қызымыр десең - кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айт. Сырымның көңілі сонда жадырап былай депті:
- Ауылымның алдында төбе болса, ертулі тұрған атқа тең, ауылыңда ақылды қарт болса, жазылып қалған хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп бата алғалы келдім.
- Жарайды балам! «Кісі болар баланың кісі менен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар», «Ақыл қуып сөз бастайын деген екенсің, атқа мініп ел бастайын деген екенсің», «Ақыл жастан, асыл тастан» шығады деген, алдыңнан жарылқасын. Шиеленген түйінді, шиыршықталған қиынды шешіп, елдің ісін тындыратын, жаудың белін сындыратын әділ би айтушы кісі бол, әумин! – депті Малайсары қария.
Тапсырма'>Сары би мен Сырым
Тапсырма
-
Сары бидің Сырымға айтқан сөздеріне талдау жасаңыз
-
Сары бидің сөзін жатқа айтыңыз
Тама елінің Сары би деген ақылгөй ақсақалы Даттың үйінде түнеп отырған-ды, Сырым баланың әр сөзіне риза боп, оған мынадай өсиет айтыпты:
-
Балам бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ел алдында беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады.
Сырым:
-
Ол қандай сөз еді, ата, айтыңызшы?
Сары би:
-
Арлы ожданды бол!
-
Елге деген парызыңды ұмытпа!
-
Намысыңды жастан сақта!
-
Халқыңды қаралама!
-
Жақыныңды жаралама!
-
Қалысыңды қаралама!
Сары би айтқан осы алты өсиетті Сырым шешен қартайғанша есіңде сақтап келген.
Тапсырма
1. Төмендегі әңгімені оқып мазмұның айтыңыз
Мөңке би мен Сырым
Мөңке бидің үйіне арық құнанын мініп Сырым бала келеді. Баланы көзге ілмеген би бәйбішесіне: «Балаға айран әкел» депті.
Таңертең аулада семіз қызыл тұсақтың үйелеп өліп қалғанына налыған Мөңке:
-
«Құтты қонақ қонса, қой егіз табады, құтсыз қонақ қонсе, малыңды қырсық шалады» деген, қызыл тұсақ үйелеп өліпті, бала құтсыз қонақ болдың. Енді үйімнен кет! –деп ызғар шашады. Сонда Сырым бала:
-
Олай болса, биеке, - депті. Құтты қонақ қонса, малы өліп, басы аман қалады, құтсыз қонақ қонса, өзі өліп малы иесіз қалады дейді. Мөңке би баланың бұл сөзіне аң-таң болыпты да:
-
Рас, айтасың балам, сен шынында құтты қонақ екенсің,- деп оған сый-сияпат көрсетті.
Тапсырма
1. Төмендегі әңгімені мәнерлеп оқыңыз
Алдар би мен Сырым
Сырым үлгі алып, ұстаз тұтқан батырлар мен шешендер үлгілі сөз үйретіп қана қоймай Сырымның тапқырлық сөздерін, өжеттік ерлік істерін, құптап, көтермелеп отырған. Алдар би Сырымның алдынан шығып:
-Қарадан хан болдың,
Айырдан нар болдың,
Жоқтан бар болдың.
Көнеден дәурен озды,
Көндей боп қамқа тозды,
Атадан ұл озды.
Анадан қыз озды – деп тақпақтап қарсы алады. Сонда Сырым:
Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған болар.
Айырдан нар болсам,
Атым жараған болар.
Көнеден дәурен озса,
Жасы жеткен болар.
Көндей боп қамқа тозса,
Дәурені өткен болар.
Атадан ұл озса,
Еркіндігі болар.
Анадан қыз озса,
Еркелігі болар- деп жауап береді.
Әрине, Алдардың сөзі – мақтау, оны Сырым жақсы түсінеді. Батыр масайрап бас шұлғымай, шешендік жұмбақтың шешімін тауып өзіне айтылған мадақтауды ел-жұртының атына аударады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Т.Садықов. «Қазақтың шешендік сөздері». Алматы 1997ж
2.А.Нұрпейісова. «Тіл мәдениеті курсы». Талдықорған
3.М.Әлімбаев. «Өрнекті сөз ортақ қазына». Алматы 1977ж
4. Шынбатыров Ә., Жарқынбаев Т. Шешендік сөздер, ақындық толғаулар. Алматы: 1985
№ 4 № Тәжірибеліқ сабақ
Сырымның әңгімелері
Сабақтың мақсаты:Студенттерді Сырым шешеннің өмірімен таныстыру, халық алдында өтеген қызметін білгізу. Шешендік өнерін үлгі етіп практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
Тапсырма
1. Балтабай Адамбаевтың Сырым батырдың шешендік өнерін зерттеуі туралы айтыңыз
2. Малайсарының және Сырымның сөздерін зерделеп, талдаңыз
Сырымның шешендік өнері
Сырым Датұлының батырлығы жөнінде орыс зерттеушісі М.Вяткин монография жазды. Балтабай Адамбаев Сырым атына байланысты шешендік сөздерді жинастырып жариялады және кандидаттық диссертация қорғап көп еңбек сіңірді. Қазақ батыры, шешен, билері ішінде Сырым шешен мұрасын жинастыру зерттеу ісі біршама дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады.
Осы кітапқа еніп отырған Сырымның шешендік сөздері негізінен Б.Адамбаевтың жинақтарынан алынады.
Олар мына төмендегілер:
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман ана Малайсары мен сөйлесіп отыр екен.
-
Балалар аман ба? –депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
-
Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді. Малайсары жалт қарап:
-
Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без
Сырнайдан сайраған мына бала кім еді?-дейді.
-
Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
-
Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар – дейді Сырым.
-
Сен толған екенсің, мен болған екенмін, - деп Малайсары Сырымды қасына шақырған екен.
Сырым Малайсары ауылында
Малайсарының ауылы төменгі Топайлы қаласының аузында екен. Сырым ауылына келгенде қарт азғантай қойының алдында жүр екен.
-
Аға кім болдыңыз? – деп сұрапты Малайсары:
-
Шырағым, кім болайық, осы жердегі аз үй Танамыз-дағы, - депті.
Сонда Сырым:
-
Тананың қайсысысың? Жеті үй Жиенбекпісің? Бес үй Бессарымысың? Тышқан құлақ Асанбысың? Төлеуден алған Құнанбысың? - дегенде, Малайсары:
-
Шырағым, Тананың пәленімін деп неғылайын. Танысаң танырсың. Мен де сені танып тұрмын. Даттың аузына шайтан түкірген, бір қу аяқ баласы атқа мінді деп естіп едім. Сен сол бала боларсың?-депті.
Сонда Сырым:
-
Бәлі, аға, сол балаңыз мен боламын. Ауылдан шыққанда сізді сөзден ұтсам ат мінгізіп, шапан жауып батаңызды алайын деп аттанып ем, ұтылдым, батаңызды беріңіз, атыңыз мына астымдағы атым, шапаным мынау! – деп үстіндегі шапанын шешіп беріпті.
Сырымның Нұралымен кездесуі
Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың» - деп өкпелепті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре беріпті . Сонда Нұралы:
-Батыр! Қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! – депті. Сонда Сырым:
- Хан, тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай сасып жүрмін, - депті.
Тапсырма
Сұрақтар
1. Сырым Бөкен биге не себептен келеді ?
2. Бөкен би Сырымға не деп бата береді ?
3. Сырым Бөкен бидің берген батасының мағынасын қалай айырды ?
4. Бөкен би неліктен Сырымға «жасың алпысқа жетпесін» - деп бата береді ?
5. Қоштасарда Бөкен би басын шертіп, Сырымның оған аузын ашып, тілін шығаруының мағынасы неде ?
Басқа пәле тілден
Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан келген жұмысын сұрайды.Сонда Сырым:
- Менің сізге келген жұмысым – біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім, - дейді.
Сонда Бөкен: «Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің», - деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ – бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін, - дейді.
Батасын бергеннен кейін: «Мен не десем де бәрінің мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер», - дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым:
- Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің – халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл-дегенің. Мінезің қара жердей ауыр болсын дегенің-беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ бауыр болсын дегенің - не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма - дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің – ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ - қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл – дегенің. Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым, - депті.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен:
- Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді, - міне, алты бәле деген осы. Бұған қалай түсіндің ? – дейді.
Сонда Сырым батыр:
- Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үй таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз өзіңнен туған кей бала,есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешең дегеніңіз сол баланың әйелі, келінің. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей», - дейтін шығар. Ауру мен кәрілік түсінікті ғой, ата, - депті. Сонда Бөкен қарт: «Бақытты бол, балам, жақсы шештің», - дейді.Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен.
Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын щертті, оған аузыңды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз ? » - дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді», - деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа пәле тілден келеді дегенім», - депті.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы
Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2005 – 296 б.
2. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш//Шығармалары. Алматы,
1989 ж, 137-304 б.
3. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002. – 360 б.
4. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. 2- басылуы. – Алматы, «Санат», 1994. 272 б.
5. Негимов Ш. Шешендік өнер. Алматы: Мектеп-1997
№ 5 № Тәжірибеліқ сабақ
Сырымның әңгімелері
Сабақтың мақсаты: Студенттерді Сырым шешеннің өмірімен таныстыру, халық алдында өтеген қызметін білгізу. Шешендік өнерін үлгі етіп практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
Тапсырма
-
Сырымның сөздеріне талдау жасаңыз
-
Сырмның сөздерін жатқа айтыңыз
-
Төмендегі мәтіндердің мазмұның айтыңыз
Ханның Сырымды сынауы
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық : «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі» деп естиді екен. Хан Үргеніш шешен мен Сырымды айтыстырыпты.
Үргеніш шешені:
- Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не ? – деп сұрайды.
Сырым батыр:
-
Сөз анасы – құлақ
-
Су анасы – бұлақ
-
Жол анасы –тұяқ! - деп жауап беріпті.
Үргеніш шешені:
-
Дау мұраты не?
-
Сауда мұраты не?
-
Қыз мұраты не?
-
Жол мұраты не?
Сырым батыр:
-
Дау мұраты –біту!
-
Сауда мұраты –ұту!
-
Қыз мұраты - кету
-
Жол мұраты – жету!- дейді.
Үргеніш шешені:
-Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оның не ? – деп сұрайды.
- Жан-жағыңызға қарамасаңыз, менің қарағанымды, қарамағанымды қалай көрдіңіз? – депті Сырым.
Үргеніш шешені:
-Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? – дейді.
Сырым батыр:
-Сырымның айтқанын тыңдамай өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді депті.
Сырымның тапқырлығы
Сырым әрі батыр, әрі шешен, әрі тапқыр ақылды адам болған. Ол халық қамқоры, батыл да адал бейнесінде көрінеді. Бір мәжілісте Нұралы хан Сырымнан:
-
Ханның құны не болады? – деп сұрапты? Сонда Сырым:
-
Ханның құны бір арба жібектің күлі- дейді.
-
Жібектің күлі болушы ма еді? – дейді хан. Сонда Сырым:
-
Тақсыр сіздей ханда құн болушы ма еді? – деген екен.
* * *
Бір күні біреу Сырымға:
-Қатты адамға, мал тұрады деген не? Соны айтшы – дейді.
Сонда Сырым:
-Қатты адамға мал тұрса, шөп шықпайтын тақыр-дағы – депті.
Өлмек хақ, тумақ хақ
Ерденнің жалғыз баласы қайтыс болғанда аяқ жетер жердегі ел түгел келіп, ақ жауып арулап қойған соң да, әр тараптан келген жайсаңдар мен жақсылар көңіл айтуға келгенде, басын көтермей, жалғыз баласының қайғысы қабырғасын қайыстырып, сартөсек боп сарғайып жатып алыпты.
Бұл хабар Сыр бойындағы Досбол, Шоқайларға да жеткен. Ел арасы шалғайлықтан мүрде жерленгеннен кейін жетінші күні жетіпті. Үйге кіре аят оқытып, өлгенге - иман, тіріге - береке тілеп, бет сипасқанда да Ерден жатқан орнынан қозғалмапты.
-Уа, Ерден! –депті Досбол. - Қайғырғанда көңіліңді демейтін ағайын- туыс болмаса бір сәрі! Құдайға шүкір, ойдан-қырдан жапырылып - ағылып келіп жатса, бұл өліктің сәні, әрі көңілге дәрі емес пе?
Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі? Әлемді жалмап - жұтса да, өмірінде тоймаған қара жердің толысы! Ерден-ау, өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген- ұзақ жолдың алысы. Өлмек хақ, тумақ хақ, барлық жанның қабір емес пе барысы? Құдайға мұнша наз қылатындай ашынасы ма ең, әлде көз көрген танысы ма ең?!-дейді. Бұған да мызғымаған.
Шоқай молдас құрып отырған қалпынан ауысып, жүгіне қос тізерлеп, қамшысын мықынына таяна ұстап, аңға түсер мұзбалақтай шаңқ етіп:
-Ей, батыр Ерден! Басыңды көтер жерден! Құдайдан да құдіреттімін деп, мейманасың тасып кеткен екенсің керден?! Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген! Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да алып қалуға әлің қане келген?!
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді.
Өлімді ер көтереді,
Ауырды нар көтереді!
Ер емес пе едің, талайды көрген?! Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді құдайда берген?!- дейді ашына.
Ерден төсегінен шүйіле көтеріліп, сарғайған жүзін орамалымен сипап:
-Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ. Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, саңлақтарым едің санаулы! Көңілде қайғы шемен-шер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді!- деп құшақтаса көрісіп, көңілдегі нала-құсасын тарқатысып, үш-төрт күн болып көңілін демеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Н.Төреқұлов. «Қазақтың қанатты сөздері».Алматы 1988ж
2.А.Бисенғалиева. «Сөз тапқанға қолқа жоқ».Алматы 1988ж
3. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері. Алматы: 1995
4. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы. Алматы: 1996
№ 6 № Тәжірибеліқ сабақ
Сабақтың тақырыбы: Билердің сөз шеберлігі
Сабақтың мақсаты: Студенттерге шешендік сөз үлгілерін меңгерту, сөздің мағынасын түсінуге, сөзге мән беруге, шебер сөйлеуге баулу.
Тапсырма
Сұрақтар:
-
Әңгіме не туралы?
-
Әйтекенің шешендігін қай жерден байқадыңыз?
Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін
Жер дауына байланысты Орта жүзде Ормамбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген.
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Тамыры суда тұрса да,
Уақтысы жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен қиын сол екен,
Артында жанған шырақ жоқ...» -
деп Әйтеке атынан айтылған нақыл сөз де оның ойы терең, өмірден білген түйгені мол өз заманының ақылгөй екенін аңғартады.
Қысқасы, би – шешендер мұрасы – ұлт, замана, мемлекет тағдырын, өмір, тіршілік, тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, әділ таразылайтын, ғаламат тұжырымды, тұрлаулы пікірлер қорытатын, нәзік талдаулар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дәрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы болып табылады.
* * *
Ұлы жүздің жігітіне атастырып қойған Орта жүздің бір қызы өз елінің бір жігітімен қашып кетеді. Соған байланысты Ұлы жүз жағының жігіттері Орта жүз ауылдарынан жылқы айдап алады. Ақыры Ұлы жүздің биі Төле мен Орта жүздің биі Қазыбек айтысады:
Аға болып алдымен туасың,
Алдымнан жылқымды неге қуасың?- дейді Қаз дауысты Қазыбек би.
Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? – дейді Төле би ашуланып. Сонда екі жағының да сөзін тыңдап отырған Әйтеке би былай депті:
-
Сабыр етіңдер билер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқыны қайыр,
Қазыбек сен жесірін қайыр!
Әйтекенің төрелігін екі жағы да қабыл алып, ауысқан адамын, малдарын бір-біріне қайтарып, ел арасы тыныш болыпты-мыс.
Тапсырма
-
Шешендік дау туралы түсінігіңізді айтыңыз
-
Ер дауы дегенді қалай түсінесіз?
-
Бала би мен қарттың сөздеріне талдау жасаңыз
«Мен жастың жайсаңы едім»
Кіші жүз Жарасбай елі Қыпшақ Хангелді батырды өлтіріп, артынан құн даулап неше рет барса да теңдік бермепті. Ол кезде Бала бидің шын аты Ыбырай екен. Қыпшақ елі баршамыз деп тағы да жиналғанда Ыбырай тілек қылып бірге кетеді. Жарасбай елінің Ысмайыл деген егде тартқан қарт биі жұртты сөзден тосып, теңдік бермей жүреді. Ел тағы да сол Ысмайылды алдырыпты. Бас қосқан кезде екі жағынан да үш адамнан шығыпты. Қыпшақ жағынан үштің бірі болып бала Ыбырай шығады. Баланы көріп қарт би былай дейді:
«Баланы мұнда неге әкелдіңдер? Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын үлгілі би, үнемі жүйрік түсетін, ердің арысы, елдің намысы сөз болатын жер емес пе! Түйенің тайлағы, баланың ойнағы ма бұл?! - дейді.
Сонда Бала би былай деп жауап қайырған екен:
-
Үш жүздің баласы бас қосқанда Орманбет би: «Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды, кәрінің сайтаны даулайды», - деген екен. Сен кәрінің сайтаны едің мен жастың жайсаңы едім. Қартайғанша дауға араласатын нең бар? – депті.
-
Қарт сөзден тосылып, құн берген екен. Ыбырай содан былай Бала би атанып кетіпті.
Достарыңызбен бөлісу: |