Сауалнама сұрақтары диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі түйінді мәселелері тұрғысынан жасалынды. Мақсат: Қазақстанның оңтүстік, батыс, шығыс, солүстік өңірлеріңдегі атамекеніне оралған қандастарға байланысты әлеуметтік-саяси ахуалды анықтау. Сонымен қатар зерттеудің негізгі ұғымдарына сарапшылар пікірін білу. Сауалнама қорытындылары келесі жекелей тарауларда тұжырымдалып, сарапталады. «Қазақ ұлтың мемелекет құрушы ұлт деп айшықтағанымыз дұрыс па?» деген сауалға сарапшылар бірауыздан «қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт» деп санайды.
Сарапшылар пікірінше: «Ұлт болып саналуы үшін нақты атап көрсетілген жері, тілі, экономикасы болуы керек. Басқа ұлттар ҚР территориясында, қазақтың заңды тарихи атамекенінде тұрып жатыр, олар сондықтан көпұлтты Қазақстан емес бірұлтты Қазақстан территориясындағы этникалық аз ұлт өкілдері саналады».
Сондықтан, біз зерттеуіміздің барысында өз тарихи атамекеніне оралған қандастар көмегімен жоғары басымдылыққа қол жеткізіп отырған қазақ ұлтына қатысты БАҚ беттерінде және отандық, шетелдік ғалымдар арасында өзіндік ғылыми ұғымы қалыптасқан «мемлекет құршы ұлт ұғымын» ұстанамыз. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 16009,6 мың адамды құрады. Ел халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесі 63,9 пайыз [106].
М.Баррестік тұжырымдама бойынша ұлттық мемлекеттің іргесі шайқалмай, айрандай ұйып тұруы үшін екі шарт болуы керек. Біріншіден, ұлттық азшылық пен этникалық топтар мемлекет құрушы ұлтқа лояльды болуы, яғни ыңғайына көнуі міндет. Ал, екіншіден, мемлекет құрушы ұлт өз ішіндегі аз ұлттарды қолдап, қорғаштап отыруы қажет. Демек, бұл жерде титулды ұлттың мәселесі бірінші кезекте тұрады. Тіпті Еуропаның кейбір елдерінде мемлекет құрушы ұлт туралы арнайы заңдар қабылданған. Қырғызстанда да аталмыш ұлт туралы заң қабылдау ұсынылған, ал осы орайда Қазақстан Республикасында мемлекет құрушы ұлт ұғымы заңнамалық тұрғыдада айшықталу деңгейің талдау өзекті. Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30-шы тамызында қабылданған Ата заңында «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып....» деп, Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы [107] «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы», 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік суверенитеті» декларациясында «Біз ежелгі қазақ жерінде мемлекеттік құрған, жалпы тарихи тағдырмен біріккен Қазақстан халқымыз…» деп, Қазақстан мемлекеті қазіргі қазақтардың ата-бабаларының жерінде құрылғанын және барлық қазақстандық халықтың ішкі біртұтастығының заңдылыққа айналғанын нақтылай келе, осы ұлттық идеологияның өзегі–мемлекет құрушы ұлтпен байланысты екенін заңнамалық негізде бекітті.
«Қазақстан-2030» Ел Президентінің Қазақстан Халқына жолдауында «Еліміздің қолында сегіз артықшылық бар деп, жетіншісі бекем тұсы қоғамымыздың саяси тұрақтылығы мен бірлігінде жатыр деп, ұзақ мерзімді басымдылықтарды жіктей келе, жетінші басымдылық кәсіби мемлекет мәселесінде, ұлттық мүдделердің сақшысы болатын мемлекетті қалыптастыруды» атап көрсетеді [108]. Мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлты Қазақстанның көп этносты әлеуметі арасындағы ынтымақ пен тұрақтылықты сақтаушы, оны дамытушы әрі ұйыстырушысы болып табылады.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік белестері» еңбегінде: «Біз жаңа жүзжылдықтың табалдырығын қилы-қилы мұраны арқалап жеттік, сонымен бірге ұлттық тарихта бізге дейін ешқандай ұрпақтың қолына тимеген мүмкіндікті ала білдік. Қияметті де қияпатты соңғы онжылдықта бұған дейінгі жүздеген ұрпақтардың қолы жетпегенге қол жеткіздік, Тәуелсіз мемлекетті құра алдық. Бізді енді ешқандай тарих желі жер бетінен жойып жібермейтіндігінің басты кепілі, міне осы» [109]. Міне осы бір тебіреністі және тағлымды тұжырым әрбір қазақстандықтың санасы мен жүрегінен орын тебуге тиісті.
Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекетінің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекетінің сақталуы тұрғанына куә. Жаһанданушы әлем және жаһанданудың басты алыпбарушы күштері әлемдік алпауыттар болып отырған тарихи жағдайда мемлекеттілікті, оның егемендігін, стратегиялық негіздерін, жерін, ресурстарын қорғау - қазіргі және келер ұрпақтың әлеуметтік және саяси парызы.
Мемлекет құрушы ұлт мәселесіне тікелей қатысты тағы бір заңамалық құжат Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы», «Қазақ КСР-нің мемлекеттік суверенитеті» декларациясы негізінде, Елбасының тапсырмасына орай даярланған “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы”–тарих тағылымын бойына сіңіріп, бүгініміз бен ертеңіміздің стратегиялық жүгін арқалаған салиқалы құжат.
Доктринаның Қазақстанды «қазақтардың тарихи мекені» деп анық та қанық атауы өте орынды әрі бұлтартпас шындық. Алғашқы нұсқасы қоғамда пікірталас тудырған аталмыш құжат, қайтара талдау барысында өзгерістерге ұшырап қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі мәребесін нақтылай түсті. «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» құжатындағы Жалпы ережеде мемлекет құрушы ұлттың, яғни қазақтардың түрлі этностар мен конфессиялардың Қазақстанда бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етудегі шешуші рөлі ескеріліп, аталып кетеді. «Бір ел, бір тағдыр» атты бірінші бөлімінде «қазақ халқынының маңайына республиканың барлық азаматтарының топтасуы мемлекеттің тәуелсіздігің бекітуге бағытталған» [110] деп Тәуелсіз Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт төңірегіне топтастырудың маңыздылығы аталған.
Қазақстан полимәдениетті, полиэтникалы, поликонфессионалды мемлекет пен көпқұрамды қоғамның әдеттегі түріне айналған. Қазақстан бүгінгі күні саны 130-дан астам әртүрлі этнос өкілдерінің өмір сүретін ортақ Отаны, мекені. Қазақстан этноәлеуметтік жоспарда - этностардың тең құқылы саяси қоғамы. Этносаралық интеграция, этностың біреуінің біреуіне немесе саны басым этностарды бағындыруы арқылы емес, Республиканы мекендейтін барлық этностардың диалогы мен консенсусы арқылы тікелей жүзеге асырылады.
Қазақстанның қазіргі тұрғындар құрылымы күрделі, ол мемлекет құрушы ұлт пен басқа елдерден әртүрлі тарихи кезеңде көшіп келген этностар арасындағы қарым-қатынас мазмұнында құрылған. Жергілікті халықтың тарихи атамекенінде Кеңес Одағының әкімшілік-әміршілдік, тоталитарлы – ұлы держава режімінің күшімен әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени тәжірибелер құрбаны болып, және этностық ар-ожданы, этностық рух пен сезіміне, этностық болмысына балта шабылып, кемсітіліп, келеңсіз жағдайларға жеткізген көптеген этностық топтар мен ұлыстар қоныстанды. Біз кеңес кезеңі толығымен келеңсіздіктерден тұрды деген ойдан алшақпыз. Республикамыздың экономикасы мен мәдениетінің, инфрақұрылымы мен білім беру, ғылым және барлық дерлік салалары негізінен дәл осы кезеңде қаланып, дамыды. Бұл шындықты ешкім жоққа шығара алмайды.
Мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік-саяси мәртебесінің эволюциясының әдістемелік мәселелерін зерттеудің өзектілігі жалпы теориялық пен тәжірибелік сипаттағы себептер қатарына жатады.
Көптеген этностардың тарихы мен қайта жаңғыру болашағын зерттеу жеткілікті теориялық және саяси пікірталаста өтуде. Бұл өз кезегінде олардың даму тарихында этногенездің барлық кезеңінде ұқсас этникалық белгілердің қалыптасуына, өзара әрекет ерекшелігіне, төл этнос ретінде мәртебесінің қалыптасу үрдісіне тыңғылықты талдау жасауды талап етеді.
Мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жағдайы мен көңіл-күйін жақсарту мәселелері мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, тұтастай алғанда төл этностың әлеуметтік-экономикалық көңіл-күйімен тығыз байланысты.
Қазақстан бүкіл әлемге бұрынғы кеңес республикалары ішіндегі ең тұрақты дамушы республика ретінде танымал. Сонымен қоса, тәуелсіздіктен кейінгі өзгерістер республика өміріндегі біраз мәселелерді шиеленістіруде. Олар өз шешімінің дер кезінде табылуын талап етеді. Демек, мұның өзі сайып келгенде ғылыми әрі саяси өзектілігі бар, бүкіл полиэтникалық мемлекеттерді қобалжытып отыратын мәселе. Сонымен, этносаралық қатынастарды үш бағытта зерттеу қажеттігі туындайды: біріншіден, қоғамдық қатынастардың бір бөлігі ретінде, екіншіден, саяси, әлеуметтік т.с.с., факторлармен тығыз байланысты әрі өзгеріп отыратын құбылыс ретінде, үшіншіден, республикадағы саяси үрдістердің мазмұны мен ауқымына әсер ететін құбылыс ретінде.
Біз этносаралық қатынастардың өзекті мәселелерін алға қойып, олардың шешілу жолдарын қарастырамыз. Таңдап алынған тақырып төңірегіндегі барлық мәселелерге, әрине, бір диссертациялық жұмыс көлемінде толығымен тоқталып тоқ етер жөн-жоба көрсету мүмкін емес екендігі түсінікті. Сондықтан, мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік-саяси мәртебесінің дамуын біз тұңғыш рет ғылыми деңгейде көтере отырып, бір ғана ғылымның немесе бір ғана ғалымның күшімен емес, бірнеше қоғамдық ғылымдар салаларының алдыңғы қатарлы мамандарының зерттеуіне айналған жағдайда оны жан-жақты талдауға болады деген пікірдеміз.
Мемлекет құрушы ұлтың әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында оның алдында пайда болатын мәселелерін іс жүзінде дұрыс шешуге болатынын бірлескен ғалымдар ұжымы анықтап отыру керек деп санаймыз.
Этностың көңіл-күйі мен сұранысын, республикадағы саяси, экономикалық жағдайларға көзқарасын анықтау біз үшін өте маңызды. Осыған байланысты әлеуметтанулық зерттеулерге ерекше көңіл бөлген дұрыс.
Мемлекет құрушы ұлтқа қазіргі қоғамының тарихи-әлеуметтік шындығы тұрғысынан қарай отырып, өз тарапымыздан төменде баяндалған айқындаушы тұжырымдарды ұсынамыз. Мемлекет құрушы ұлт, біздің түсінігімізде:
- Тарихи ата жұртындағы ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеріп, қорғап, оның қоғамдық тіршілігін негізінен қамтамасыз етіп отырған қандастар әлеуметі.
- Био-антропологиялық пішіні, генеологиялық шығу тегі, тілі, біртұтас жағырафиялық территориясы, өмір сүру кеңістігі қандастар тобын құрайды, сол ұлтты елдегі көп этностар арасынан анықтап, жекелей ажырататын тұстары антропологиялық кескін келбеті мен қатар, шығу тегі және өзінің ана сүтімен берілген тілі. Осы ортақ белгілер негізінде қандас бауырластар ретінде топтасады.
- Тәуелсіз мемлекеттегі моноұлт деңгейіне көтерілген қандастар тобы, мысалы бүгінгі Қазақстан жағдайында қазақ ұлты соңғы халық санағы қорытындысы көрсеткендей моноұлттық деңгейге қайта көтеріліп отыр. Мысалы, әлемдегі 330 жуық этностың 1 млн. және одан көп өкілдері бар. Ал қалған 1700-ден астамы 1 миллионға жетпейтін адамы бар аз санды этностар қатарына жатады.
- Мемлекет құрушы ұлт, әлеуметтік құндылықтары, өмірлік мән-мағынасы үндескен қандастар әлеуметі, өз мемлекетінің өркениетті, инновациялық-индустриялық дамыған азаматтық және әлеуметтік қоғам ретінде дамуына мүдделі, әлеуметтік іс әрекеттері ортақ бауырластар және келешек ұрпақтың өзіндік ұлттық болмысты бойына сіңіріп әлеуметтенуіне мүдделі азаматтар тобы деп атап көрсетеміз, Қазақстан жағдайында шетелдегі диаспора өкілдерін атамекенге оралуына, олардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына сәйкестенуіне мүмкіндік беретін қандастардың әлеуметтік ортасы.
- Мемлекет құрушы ұлт сол қоғамдағы барлық этностардың әлеуметтік әлеуетінің дамуына жауапты, елдің барлық азаматтарының өмірлік қажеттіліктерін қорғайды, барлық этностар тағдыры үшін әлеуметтік-саяси жауапты ұлт.
Халықаралық тәжірибеде мемлекет құрушы ұлттың саны жалпы халық санының үштен екi бөлiгiнен асса, ол моноұлтты мемлекет деп қабылданады. Қазақ ұлтының саны осы межеден соңғы халық санағы нәтижесі бойынша (қазіргі таңда қазақтың үлесі - 63,9) асып отыр. Демек, Қазақ елi моноұлтты мемлекет деп қабылдануы тиiс. Барлық диаспоралардың өкілдері қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси әрі мәдениетінің жетестіктермен дамуы, этностық сұрақтарды шешудің негізін салушы және басты біріктіруші ядросы ел тұрғындарының үлкен бөлігін қазақ этносы құрайтынына, толық түсіністікпен қарағандары дұрыс.
Қазақстанда өмір сүретін басқа да ұлттық азшылықтар тарапынан қазақ ұлтының қайта өрлеуіне деген табиғи ұмтылысына түсіністікпен қарау республикадағы татулық пен достықтың іргетасы. Себебі, мемлекет құрушы ұлттың сапасы оның ішкі тұтастығы мен бәсекеге қабілеттігінде. Мемлекет құрушы төл этнос – Қазақ ұлтының нығаюы – елдің нығаюы, көпэтносты Қазақстан халқының ынтымақтастырушы әлеуетінің артуы.
1.2 Жаһандану жағдайындағы әлеуметтік сәйкестену ілімінің эволюциясы
Қазақстан қоғамы бүгінде нақты стратегиялық бағдарларын анықтап бәсекеге қабілетті елдер қатарында көрініп, дамыған елдер сапында нық тұруға нақты қадамдар жасауда. Осындай мақсат аясында біліммен және ғылымға сұраныс жоғарғы болып кәсіби қабілеттілікті шыңдау негізінде әлемдік деңгейге көтерілу талпыныстары жүзеге асуда.
Отандық әлеуметтану саласының бүгінде жаһандану заманында қарастырып жатқан тақырыптары ауқымды, әртүрлі. Қазіргі Қазақстан жағдайында осындай өзекті тақырыптар қатарында әлеуметтік сәйкестену мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр.
Көп этностар мекендеген Қазақстан қоғамы жағдайында ұлттық, жалпыұлттық идея және одан туындайтын ұлттық сәйкестік мәселесі әлеуметтік-саяси деңгейде қоғамның ең бір өзекті тақырыптары ретінде қызу талқылануы, ең алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ұлттық саясатының негізгі мақсат-міндеттеріне сәйкес келуімен байланысты болса, екіншіден, әлемдік деңгейде кеңінен орын алып отырған жаһандану жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қазақстандық қоғамды біртұтас мақсат төңірегінде шоғырландыру және интеграциялау үрдісі мен ел азаматтарының ұлттық бірегейлігіне сәйкес деңгейін қалыптастыру арқылы жүзеге асырумен тығыз байланысты.
Жаһандану әкелген өзгерістер кезеңінде қазіргі адам сәйкестенудің дағдарыс жағдайына ұшырады: өзіне деген сенімсіздік, күйзеліс, қатігездік, әр деңгейдегі тәуелділік, шынайы өмірден алшақтау, шектен тыс басымдылық тағы басқа өмірдегі құбылыстар.
Сәйкестену мәселесі қазіргі қоғамның өміріндегі маңызды құбылыс және қазіргі әлеуметану ғылымындағы басты тақырыптардың бірі.
Сәйкестену (англ. Identity) латын сөзі idem ұқсастық, сабақтастық - адам тарапынан оның белгілі бір топқа жататындығын сезінуі, сол арқылы ол өзін әлуметтік кеңістікте анықтай алады - саяси партия, халыққа, діни конфессияға, нәсілге және т.б. Сәйкестену - тұлғаның құбылмалы әлеуметтік жағдайларда өзіндік тұлғалық қасиетің сақтау және индивидтің өзің өзгелерден ерекшеленетін тұлға ретінде сезінуі [111].
Сәйкестену-бұл, биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және мәдени факторлармен нақтыланған жеке тұлғалық қасиеттерді жинақтаған кең тұжырым. Қазіргі әлемде сәйкестену ұғымы психологияда (эго-психология), психоталдауда, әлеуметтануда (әлеуметтік антропология, рәміздік интеракционизмде), философияда (феноменологияда), этнология және саясаттануда кең қолданылады.
Сәйкестенуді кең зерттеген тұңғыш ғалым ретінде Э.Эриксон мойындалады, ол сәйкестенуді алғаш психоаналитикалық және әлеуметтанулық тұрғыда зерттеп, талдап, 1940-шы жылдары Э.Эриксон өз тұжырымдарында «сәйкестену», «сәйкестену дағдарысы» ұғымдарын ұсынады. «Сәйкестену» ұғымы Э.Эрикоснның психологиялық талдаудағы негізгі еңбектері Childhood and Society (1950), Young Man Luther, A Study in Psychoanalysis and History) (1958), жарық көруімен [112] «сәйкестену» ұғымы философия, әлеуметтік, психологиялық сөздікке тұрақты тіркелді. Э. Эриксонның еңбегі, ол сәйкестенуді алғаш жан-жақты зерттей отырып: әлеуметтік және психологиялық талдау сынды әртүрлі әдістер қолданып, аталмыш ұғымға өзіндік контекст пен мазмұн қалыптастырды.
Сәйкестену түсінігі ілімге енуімен ғылыми ортада кең танымалдыққа ие болды. Эриксон пікірінше сәйкестену - жеке тұлғалық тепе-теңдік пен тарихи сабақтастық, ол өзің тепе-теңдік ретінде қабылдау және уақыт және кеңістікте өз өмір сүру сабақтастығың сезіну. Танымал амеркиандық футуролог А.Тоффлер 1980 жылдары жазды: «Миллиондаған индивидтер өзіндік сәйкестікті іздейді өң бойында тәртіп орнату үшін өз болмысын тауып бей-берекетсіздікті жеңіп» [113].
Э.Эриксон сәйкестенуді кең зерттеген алғашқы ғалым танылса, оның ізбасары ретінде 3. Фрейд, Ж. Лакан, К. Поппер, Ю. Хабермас, В. Хесле, А. Гидденс, М. Серто, К.Юнг, Ж.Пиаже, А. Тоффлер, М. М. Бахтин, Л. С. Выготский т.б. ғалымдар сәйкестену ұғымын өз зерттеулерінде байланыстыра қарайды.
Қазіргі ғылымда сәйкестенуді сұрыптау барысында екі дәстүрлі бағытты ажыратуға болады: психодинамикалық және әлеуметтік. Психодинамикалық дәстүрлі бағыт тамыры З.Фрейдтің ілімдерімен ұштасып жатыр. Адамның психикалық дамуындағы сәйкестенудің механизм ролі және сәйкестену ұғымын алғашқылардың бірі ретінде З.Фрейд тарапынан ұсынылды [114]. Келесі еңбектеріңде Фрейд сәйкестенуді этникалық ұғымда қолданады. З.Фрейд пікірі бойынша сәйкестену үдерісі әлеуметтендіру және бейімделу қызметтерің атқарады және оның тұжырымдары ғылыми еңбектеріңде тиянақты жазылған болатын. Адамның сәйкестену қабатынан сырт қалу құбылысы, оның әлеуметтік әлемде оның іс әрекетің өзгеріске ұшыратады, нәтижесінде ол бөтен, бөгделік халге ұшырайды, осы аталған жағдайды З.Фрейд «көпшіліктің психологиялық жұтаңдануы» деп түсіндіреді. Сәйкестенудің дамуында Фрейд екі маңызды үдерісті атап көрсетеді: биологиялық және әлеуметтік [115].
Сәйкестену мәселесін зерттеуде бірнеше әдістерді жекелеп бөлуге болады, яғни нақтыласақ: функционализм және құрылымдық функциялық (Э. Дюркгейм [116], Т.Парсонс [117]), символдық интеракционизм (Ч. Кули [118], Э. Гоффман [119]), феноменологиялық әлеуметтік білім (П. Бергер және Т. Лукман [120]), интегративті әдіс (П. Бурдье [121], Э. Гидденс [122]).
Функционализм және құрылымдық функционализмде сәйкестік индивидтің әлеуметтік ғадеттері мен құндылықтары үдерісінде қалыптасқан, әлеуметтенуі арқылы келесі ұрпаққа берілетін құрылымдық мінезі ретінде қарастырылады.
Интеракционистерге сәйкестікке индивидтің мінез-құлқының қоршаған «басқалармен» қарым-қатынасындағы рефлексия үрдісі негіз болған күрделі білім ретінде қарау тән.
Феноменологиялық әдіс жақтастары нақты бір әлеуметтік ортаның өкілдері ретінде интерпретациялық өзгешеліктер мен индивидттер мәні ретінде қарайды. Интегративті әдіс өзара байланыста болатын жеке, әлеуметтік аспектілері бар өзіндік сананың көпқырлығының бастау ұстанымы санайды.
Осындай ұлт теориясы негізінде әлеуметтік сәйкестік мәселесің негіздеушілердің қатарына батыс еуропалық және американдық ғалым-авторлар: М.Вебер, Х.Кон, К.Дойч, Э.Кедури, Э.Смит, Д.Брейли және Э.Геллнер «Нации и национализм», Б.Андерсон «Воображаемые сообщества», Э.Хосбаум «Нация и национализм после 1970г.» еңбектерің атап өтуге болады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында ХХ мыңжылдық басында ұлттық мәселеде марксистік-лениндік бағыт басым болды. К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин бұл мәселені таптық күрес және әлеуметтік әділеттілік тұрғысында қарастырды. Орталық тарапынан барлық ұлттық аймақтардың интернационалдық ұран астарында «кеңестік сәйкестікті» қалыптастырудың негізгі тұжырымдамасына айналды.
Кеңестік кезеңдегі ғалымдар: М.С.Жүнісов, Н.Ф.Шитов, А.Б.Тұрсұнбаев, Э.А.Баграмов, Г.Ф.Дахшлейгер т.б. ұлт және ұлтаралық мәселелерді социалистік қоғам жүйесінде әлеуметтік-экономикалық, тарихи-саяси, мәдени-техникалық даму тұрғысында зерттеп елеулі ғылыми із қалдырды, дегенмен кейбір тұжырымдары қазіргі заман тұрғысында сыни көзқарасты қажет етеді.
Сәйкестік теориясы Ресейлік әлеуметтану ғылымы саласында белсенді дамуда, зерттеушілер неғұрлым нәтижелі саналатын кешенді әдіс ұстанады. Бұл әдіс И.С.Кон, К.А.Абульханова-Славская, М.М.Бахтин, Л.М.Дробижева, Э.В.Ильенков, А.Н.Леонтьев, Ю.М.Лотман, B.C.Мерлин, Б.Ф.Поршнева, А.Г.Спиркина, Л.Б.Шнейдер, В.А.Ядов сондай ақ зерттеушілер В.А.Луков, М.К.Горшкова, Н.Л.Смакотина посткеңестік ғылымда сәйкестікті зерттеуде жаңа зерттеу үлгілерін ұсынады. Мысалы И.С. Кон, алғашқы ресейлік ғалым ретінде сәйкестікті талдауда тұлғадағы ішкі және сыртқы қарама-қайшылықты тепе-теңдікке түсіретін шартты конструкт ретінде қарайды. В.А.Луков әлеуметтік сәйкестіктің мәдениет контекстінде тұлғаның әлеуметтенуі арасындағы байланысты ашады. М.К.Горшков еңбегі реформаланып жатқан қоғамдағы әлеуметтік сәйкестіктің динамикасын (қарқынын) талдауға арналған, Н.Л.Смакотина сәйкестікті тұрақсыздық жағдайында адамды тұрақтандыру түрі ретінде қарастырады.
Ұлттық сәйкестік мәнін анықтауда үш негізгі базалық әдісті ғылыми әдебиетте жіктеу тән: примордиализм, А. Рэдклифф-Браун, Э. Смит, Л.Н.Гумилев, Б. Малиновский және инструментализм Дж. Нейгел, С. Олзак, Ф.Барт тарапынан ұсынылады және конструктивизм, Б.Андерсон, В.С.Малахов, В.А.Тишковтың және т.б.ғылыми ізденістерінде дамытылған
Бүгінде философиялық-әлеуметтік, тарихи-этнологиялық және психологиялық-педагогикалық ғылыми зерттеулерде әлеуметтік сәйкестену мәселесіде қазақстандық ғалымдардың зерттеу еңбектерінде назардан тыс қалмаған. Бұған дәлел ЮВ.Бромлей, Т.Сарсенбаев, М.Тәтімов, Б.Аяған, А.Н.Нысанбаев, К.Л.Сыроежкин, В.А.Тишкова, Н.Ә.Назарбаев, К.Е.Көшербаев, Г.В.Малинин, Н.Масанов, Ж.М.Әбділдин, Л.А.Байдельдинов, С.Т.Сейдуманов, Г.Малинин, Г.К.Ахметжанова, Н.М.Садыкова, Г.Н.Иренов, А.Г.Галиев, З.К.Шаукенова, А.Т.Забирова, Р.С.Арын, С.М.Борбасов және т.б. еңбектерінде бар.
2007 жылы ф.ғ.д., профессор Р.К.Қадыржановтың жетекшілігімен жүргізілген «Қазіргі Қазақстандағы ұлттық сәйкестенуді қалыптастыру мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобада [123] ұлттық сәйкестену тақырыбындағы іргелі зерттеу еңбегі деп атауға болады. Ғылыми зерттеу барысында жаһандану жағдайында ұлттық сәйкестікті қазақстандықтарды саяси және мәдени бірегейлендіру бірлігі ретінде қарастырады. Егеменді Қазақстан мемлекеті азаматтары зорлық пен ресми бірлестігінен біртіндеп жалпы құндылықтар негізінде тұтастай Қазақстан халқының демократиялық бірлестігіне айналды. Сонымен, бірінші деңгейдегі сәйкестену әлеуметтік-саяси құндылықтарға негізделген елдің барлық алуан түрлі тұрғындарының азаматтық, саяси бірлігі болады. Басқаша айтқанда, бұл жерде сөз барлық қазақстандықтардың мүддесін бірдей дәрежеде қорғайтын, жаңа тәуелсіз мемлекет-Қазақстанмен өзінің азаматтық, әлеуметтік-саяси тағдырын байлаған, Қазақстандық-сәйкестік туралы болып отыр.
2009 жылы ф.ғ.д., А.И.Артемьев жетекшілігімен жүзеге асқан «Қазақстан этностарының азаматтық сәйкестенуінің қалыптасу аспектілерің зерттеу» тақырыбындағы мемлекеттік жобасыда [124] сәйкестену тақырыбындағы отандық ғалымдар тарапынан жүргізілген ауқымды еңбек. Зерттеу жұмысында жаһандану жағдайындағы ұлттық-мәдени шабуылды
Кешегі Кеңестік мемлекеттің ыдырауымен байланысты Қазақстандағы ұлттық қатынастардағы түбірлі өзгерістер, Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлттық, әлеуметтік-саяси сәйкестік сана-сезімдерінде дағдарыс нышандарын тереңдете түскені белгілі. Бұл қалыптасқан жағдайда объективті және субъективті себептерге байланысты туындаған ұлттық қатынастағы қайшылықтардың алдын алу, сол мақсатта мемлекет өз шеңберінде өмір сүретін әр түрлі этникалық және әр тілде сөйлейтін қауымдастықтардың өзара этносаралық келісім негізінде еркін дамуына алғышарттар жасауды, интеграциялану үрдісі арқылы сәйкестік сана-сезімін қалыптастыруды, біртұтас шоғырланған Қазақстан Республикасы халқын, азаматын қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне қойды.
Қазақстандағы сәйкестену тақырыбы батыстық ағылшын тілді ғылыми ортадада әр кезеңде назар аударған. Кеңес қоғамы тұсында орта-азия аймағы бойынша: Э.Бэкон, А.Бенигсен, Н.Лубин, М. Брилл Олкотт т.б. Ал Ширин Акинер, Марк Бессинжер, Пол Колсто, Ричард Уолфл, Микаэл Пол, Синтия Бакли, Синтия Вернер тікелей Қазақстанды қоғам және мемлекет ретінде талдауға әрекет жасады.
Элизабет Бэконның еңбектерінде қазақ халқының тайпалық шежірелік мәліметтері алғаш рет ағылшын тілінде жарық көрді (Bacon E.,1958).
Александр Бенигсен, Эллен Карер КСРО-ның мұсылман халықтарының өмірің талдауда тек діни ғана емес этникалық, ұлттық тұрғыда да пікірің білдірді (Bennigsen A., Ch. Lemercier-Quelguejay, 1967). Эллен Карер 1986 жылға Алматыдағы желтоқсан оқиғасынада түсінік береді (H.Carrere d’Encausse, 1993)
Қазақ диаспораларының танымал зерттеушісі Ингвар Сванберг қазақтардың сәйкестенуінде қазақ ұлтының кеңестік шығу тегін атап көрсетеді (Ingvar Svanberg, 1999).
АҚШ-тағы Индиана штаты университетінде ішкі Азияны зерттеу орталығының директоры Уильям Фирман Қазақстанға қатысты бірнеше еңбектің авторы. КСРО ыдырағанда «Кеңестік Орта Азия. Сәтсіз трансформация» атты Қазақстанның аймақтық ерекшеліктер жайлы алғашқы еңбек жарық көрді. Орта Азияға Қазақстанның оңтүстік бөлігін қосады, сәйкестену мәселесіндегі бір обьект Түркістан деп санайды (Fierman W., 1991).
«Қазақтар» атты қазақ этносына байланысты шетелдік алғашқы монографиялық зерттеуді американдық зерттеуші Март Брил Олкотт (M.B.Olcott, 1987) жарыққа шығарды. 1990 жылдары орыс тіліне аударылған еңбек қазақ зиялы қауымы арасында кең танымал болды. Зерттеуде кеңестік кезеңге дейінгі қазақ тарихы және кеңестік ұлт саясатының қазақтардың қазіргі дамуына ықпалы сипатталады.
Ағылшындық зерттеуші Ширин Акинер «Қазақ сәйкестенуінің қалыптасуы: трайбадан ұлтқа» (Shirin Akiner, 1995) еңбегінде қазақ тарихын бірізділікпен қарайды, әр ғасырлар ерекшелігіне тоқтала, қазақ этногенезі бастауы ХҮ ғасыр ортасы деп есептейді, бірақ қазақ ұлтына тән ерекшеліктері кеңестік кезеңде қалыптасты деген ойды ұстанады.
Біздің диссертациялық зерттеуіміз үшін этностық сипаттама мен әлемнің этностық бейнесінің, этникалық бірлік, этностық сәйкестік үлгісін іздеу, ауыспалы кезеңдегі Қазақстан тұрғындарының тоталитарлық пен этностық, әлеуметтік пен этностық бірегейлік деңгейінің мәселелері талданған Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқыны» еңбегі құнды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өткен негізгі өзгерістерді талдай келе, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев қазақ этносының этностық өзіндік санасының өскендігін, ел тұрғындарының қазақстандық этностық сәйкестік үлгісін іздеп табу қажеттігін атап өтті. Ол сәйкестікті екі деңгейге бөледі.
Бірінші деңгейі, Қазақстан халықтарының тұтас азаматтық және саяси қауымының қалыптасуымен байланысты. Бұл жағдайда Н.Ә. Назарбаев бәрінен де бұрын суперэтникалық қауым ретінде қазақстандық этносын емес, тұтас этникалық қауым мен азаматтық қауымның қалыптасуына бағытталған Қазақстан халқының топтасуы қажеттігін ерекше атайды.
Сәйкестіктің екінші деңгейі, Н.Ә.Назарбаевтың пікірі бойынша, қазақстандық этностық сәйкестік пен шетелдерден келген қазақтармен байланысты. Қазақ этносының сәйкестігін, яғни ішкі этностық мәселелерді шеше отырып, қазақ халқының саяси сәйкестігі мен азаматтық сәйкестігінің бірінші деңгейі туралы қалай да ұмытуға болмайды. Олар өзара байланысты, өзара негізделген. «Егеменді мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінде Президент Н.Ә. Назарбаев тәуелсіз Қазақстан қазақтардың этностық егемендігінің негізі (жетекші буын ретінде), оларды өздерінің бастауына, көпғасырлық дәстүріне қайтаратын, егемендігі тұтастай қазақстандық халықтарының этносаяси қауымы ретінде өзіндік синтезі болады деп атап өтті [125].
Мысалы, Н.Ә. Назарбаев сәйкестік мәселесіне екі деңгей тұрғысынан қарастырғанда екінші деңгей қазақстандық және шетелдік қазақтардың ұлттық бірегейлігімен тығыз байланысты. Атамекеніне оралған қазақтар осы мәселе төңірегінде маңызды рөл атқаратыны әлеуметтік ақиқат.
Бүгінгі күні әлемнің қырық елінде тұратын бес млн. жуық қазақ диаспорасы қазақ ұлтының үштен бір бөлігін құрап отыр.
Шетелде тұратын қазақ диаспорасының басым бөлігі қазақ ұлтының құрамдас бөлігі болып саналады. Олар ана тілінде сөйлейді, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтай отырып, Қазақстанды тарихи отаны ретінде санайды. Кейбір елдерде топталып тұратын қазақтар қазақ тілінде білім алып, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытуға мүмкіндік алған. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей диаспора өкілдері қазақ мәдениетін, әдебиетін және өнерін шетелде қалыптастыра алған.
Оралмандардың әлеуметтік бейімделу және көшіп келген аймаққа сәйкестену мәселесі Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Қазақстан оралмандар бірлестігі, оралмандардың «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жерұйық» қоғамдық бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдары бойынша «Егемен Қазақстан», «Тасжарған», «Свобода слова», «Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Айқын», «Вечерняя Астана» газеттері мен қатар интернет сайттары http://atameken-asar.com/, http://www.aikyn.kz/, http://www.massagan.com/, http://www.suhbat.com тарапынан өзекті тақырып ретінде жүйелі көтерілуде [126]. Жалпы республикалық БАҚ-та оралмандар мәселесі жан-жақты көтеріліп келеді. Қазақ қоғамының өзекті тақырыбы ретінде жақын арада күн тәртібінен түспейтіні анық. Осы мәселенің түйінін шешуде БАҚ-тарға артылатын жауапкершілікте зор.
Қоғамдағы оралман бауырлардың сәйкестену үрдісі барысында көтеретін басты мәселесі «оралман» атауы. Бұл термин 2005 -2011 жылдары Парламентте де көтерілді. Тарихи атамекеніне оралған қазақтар жергілікті қазақтармен сәйкестену барысында «оралман» атауы кедергі жасауда деп атап көрсетеді.
Зерттеу жұмысымыздың барысында Қазақстанның оңтүстігі, шығысы, батысы мен солтүстігінде тереңдетілген сұхбат нәтижесінде сауалнамаға тартылған сарапшылар тарапынан аталмыш атау «атамекенге оралған бауырларымыздың жергілікті қазақтармен сәйкестенуі барысында» кедергі деген ойлар басым айтылды.
Сарапшылар негізінен «оралман» деген атау адамды кемсіткен сияқты дейді. Сондықтан ең әуелі «оралман» деген атауға жүрекке жылы бір атау қажет-ақ деп санайды. Павлодар облысының сарапшылары «қандастар», «ағайындар» деген сөз оралманнан гөрі лайықты деп санайды.
Ақтөбе облысы сарапшылары «оралман» сөзіне ет үйренді дегенмен, «қандас», «тума бауырластар» десе дұрысырақ деп тұжырымдайды. Шымкент қаласы, яғни оңтүстік сарапшылары «бауырлас» деген ұғымды ұсынады.
Ал Түркиядан елге оралған ғалым, қоғамтанушы, дін маманы Мұртаза Бұлынтай : «Біздің пысықайлар «репатриант» сөзін қазақшаға аударғанда осы сөзді құрайтын -ре- (оралу) сөзіне басымдық беріп аударған да, оның негізгі мағынасын беретін -патриате- (отан) бөлігі назардан тыс қалған. Репатриант-отанына, еліне қауышқан жан дегенді білдіреді. Сондықтан «отанжан» десек дұрысырақ болады, әдемі естіледі. Яғни, «оралман» деген сөздің орнына «отанжан» десек, бұл «репатриант» сөзінің дұрыс этимологиялық баламасы болар еді және қазақтың ағайыншылық-қазақшылық рухына әлдеқайда сәйкес болар еді» дейді. Отанжан ұғымы ғылыми термин мағынасынан алшақтап кетеді лирикалық сипатта деген қарсылыққа ұшырады. Астаналық «Тұран» университетінің вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы О.Әлиев «Ағайындастар, қандастар, отандастар, елдестер, бауырластар деген балама сөздер ұғым санатына жауап бермейді екен. Оралман - ғылыми термин. Оралман термині саяси азаматтық, белгілі бір мәртебені анықтайды» деп тұжырымдайды.
Қоғам қайраткері Ә.Байменов «Оралман» деген сөз заң бойынша тек мәртебені білдіру үшін айтылады, ал негізінде, тарихи отанға келгендердің барлығы біз үшін бірге туған қандастарымыз болып қалады, - дейді [127].
Жалпы «оралман» атауы көп уақыттан бері нақты баламасын таба алмай келеді. Сауалнама нәтижесінде байқағанымыз «оралман» атауына тарихи атамекеніне оралған қандастар қынжылады, себебі бұл елдегі бауырластардан алшақтатып, бізді бөлектеп тұрады деген ой басым. Біз сұхбаттасқан тіл мамандарының пікірінше (ф.ғ.д., докторы А.Р. Бейсембаев, ф.ғ.к., доцент Р.М.Мұқажанова) жалпы қазақи ұғымда «оралман» яғни «ма» жалғауы болымсыз. Осы орайда елім, жерім деп келген оралған қандасты кері кеудеден итеріп тұрғандай «оралма», «кет» дегендей райды байқатады. Біз өзіміздің тарапымыздан «оралман» атауының орнына «атамекенге оралған қандас» ұғымын ұсынамыз. Қандас яғни қаны бір, себебі сенімен орыс, неміс басқа ұлт болсын қандас деп айта алмайсың, яғни қандас ол сенің туыс, бауырың.
Бұл пікірімізді нақтылау үшін on-line жүйесінде massagan.com сайтында 2011-2012 жыл аралығында алты ай жүргізілген сауалнама нәтижесін ұсынамыз [128] . Барлық сауалнамаға қатысқан қазақтар саны 460 адам. Қойылған сауал біреу: «Оралман атауын қалай өзгерту тиімді?» Отандастар – 17,83 %, Қандастар – 37,61 %; Ағайындар – 10,87 %; Өзгертудің қажеті жоқ – 33,7 %. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей «оралман» баламасына «қандастар» ұғымы балама ретінде басымдылық танытып отыр. Қазақстандық қоғамға еніп, сіңісіп кетуде тек «оралман» атауығана басты кедергі болып отырған жоқ, басқада қордаланған әлеуметтік проблемалар шеті ғылыми зерттеу барысында ашылды. Аталмыш проблемалар диссертациялық жұмыстың келесі тарауларында таратылып талданатын болады. Жаңа сәйкестікті қалыптастыру тек демократия, бостандық, плюрализм, адам құқығы, азаматтық қоғам идеялары жалпыұлттық идеямен астасып жатқанда ғана сәтті болады. Жаңа сәйкестіктің үлгісін іздеу, Қазақстан халқының өзін өзі жаңадан тану үрдісі бүгінгі таңда іс жүзінде асыруға келгенде ең бір күрделі істердің бірі. Жаһандану заманында ұлттық сәйкестік мәселесін шешуде әлеуметтану ғылымына түсетін жауапкершілікте зор екенін түсінген абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |