2.5 Біртілді оқу сөздігіне лексикалық бірліктерді сұрыптап алу ұстанымдары.
Р. Түсіпқалиеваның еңбегінде басты сұрыптау ұстанымдары туралы төмендегідей тұжырымдар келтіріледі:
«1. Сұрыптаудың басты ұстанымы – статистикалық ұстаным (Ең алдымен тілдік бірліктің қолданым жиілігі ескеріледі).
2. Сөздің тіркесімдік қабілеті (тіркесімге көп түсетін сөз – тілүйренім тұрғысынан маңызды сөз. Сондықтан ортақ минимумға синтаксистік және лексикалық тіркесімдік әлеуеті мол сөз алынады).
3. Тілдік бірліктің сөзжасамдық мүмкіндіктері, яғни сөз түбірінің тарамдану қабілеті мол сөз. Бір сөзді білсең, біртекті сөздерді тану қиын емес.
4. Сөздің семантикалық құндылығы. Бұл ұстаным бойынша, минимумға көпмағыналы сөздер алынуы керек. Барлық мағыналары бірдей актив меңгерілуге жатпайтындықтан, минимумға ол сөздің негізгі, басты мағынасы алынады. Бұл ұстаным тілдік қатардан синонимдерді таңдап алуға, антонимдерді тауып алуға, т.т. жағдай жасайды. Осы ұстаным арқылы интернационалдық лексиканың минимум сөздігіне сұрыптау жасалады.
5. Сөздің стилдік бейтараптығы. Бұл ұстаным бойынша, ұлттық мектепке (жоғарғы, орта) арналған минимум-сөздікке стильдік тұрғыдан бейтарап әдеби тіл сөздерін алуға жағдай жасайды.
6. Жағдаяттық-тақырыптық ұстаным. Бұл ұстаным қолданым жиілігі төмен болса да, тілде сөйлеушінің әрқайсысына да қажетті нақты сөздермен минимумды толықтыруға мүмкіндік береді. Лексиканы сұрыптаудың жағдаяттық-тақырыптық ұстанымның қолданылуы минимум сөздікке алынуға тиісті тақырыптар мен жағдаяттың нақты көлемі белгіленген жағдайда ғана мүмкін болмақ.
7. Сөздің методикалық тұрғыдан оқыту мақсатына сәйкестігі. Бұл ұстаным лексикалық минимумды үйренілетін тілдің грамматикасымен, сөзжасамымен, фонетикасымен, орфографиясымен, әдебиетімен, жалпы тілүйренім процесін ұйымдастырумен үйлестіруге мүмкіндік береді» [8].
Біз ғалым тарапынан келтірілген ұстанымдардың саны мен мазмұны туралы тұжырымдарды қолдаймыз. Біртілді оқу сөздігінің сөзтізбесін түзуде осы аталған ұстанымдарды басшылыққа алған жөн болмақ. Дегенмен, базалық лексиканы қамтитын біртілді оқу сөздігінің құрылымына арналып отырған зерттеуімізде өте-мөте маңызды екі мәселеге кеңірек тоқталған дұрыс болады деп ойлаймыз. Олар: сөздікке алынатын лексикалық бірліктердің қолданым жиілігі мен тақырыптық таралымы туралы мәселелер.
Достарыңызбен бөлісу: |