Байниязова жанар төлеубайқызы Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері


«Оқу лексикографиясы» және «оқу сөздігі» атаулары туралы



бет15/28
Дата01.03.2024
өлшемі208 Kb.
#493923
түріДиссертация
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   28
19 5

«Оқу лексикографиясы» және «оқу сөздігі» атаулары туралы. Орыс тіліндегі «Учебная лексикография», «учебный словарь» терминдеріне балама ретінде қазақ тілшілері тарапынан осы атаулар қолданылып келеді. Біз де өз жұмысымызда бұрыннан келе жатқан дәстүрлі қолданысты бұзбай қолданып отырдық. Бұдан әрі де қолдана береміз. Алайда, жоғарыда келтірілген талдаудан кейін оқу лексикографиясы мен оның басты өнімі ретіндегі оқу сөздігінің басты мақсаты оқу немесе оқыту емес екендігіне, басты мақсат - тілді үйрету болып табылатынына көз жеткізу қиын емес. Және бұл жерде басын ашып, анықтап айтатын бір жайт бар. Мақсат - тілді ұстаздардың көмегімен үйрету емес, керісінше, осы сөздіктің көмегімен оқырманның өзінің үйренуі, оқырманның тілді өз бетінше үйренуіне жағдай жасау. Оқырман осы сөздікті оқи отырып тілді өз бетінше, өз күшімен үйренеді. Сөздіктің құрылымы сол мақсатқа лайықталып жасалады. Бұл жерде мәселе аталмыш сөздіктің актив типті сөздік екендігінде ғана емес. Себебі, ол қаншалықты сапалы, жақсы жасалған актив типті сөздік болса да, оқырманның ниеті, талабы, құлқы болмаса, тілді үйрене алмайтындығы белгілі. Бұл жерде басты назар оқырманның белсенділігіне аударылғаны жөн. Оның үстіне, оқу лексикографиясының бағдары - адамның тілді үйренуіне бағытталған антропоөзекті бағдар болып табылады. Осындай алғышарттарды ескере келіп баламалы қолданым ретінде тілүйренім лексикографиясы, тілүйренім сөздігі атауларын жөн санап отырмыз.
2.2 Оқу сөздігінің дидактикалық құндылығы мен антропоөзекті бағдары. М. Малбақов сөздікте үш түрлі интенцияның болатынын жазған еді. Олар: дидактикалық, анықтамалық және ғылыми интенциялар. Түсіндірме сөздіктің құрылымын зерттеуге арналған еңбегінде ғалым: «Жалпылама қолданымға арналып жасалатын түсіндірме сөздіктердің жұртшылық тарапынан үнемі қолданымда болуы және неғұрлым ұзақ уақыт ішінде (ондаған‚ жүздеген жылдар бойы) қолданымда болуы ондағы интенциялардың арасалмағына байланысты. Егер сөздіктегі ғылыми интенция басқаларынан басым болса‚ ол сөздік негізінен ғылыми жұртшылықтың пайдаланатын кітабы болмақ. Анықтамалық интенция басым болса‚ энциклопедияға айналып кету қаупі бар. Дидактикалық интенцияның басымдығы оны негізінен тілүйренім‚ оқу құралына айналдырады. Сондықтан‚ сөздіктің шын мәніндегі «халық кітабына» айналып, ұзақ қолданылуы үшін ондағы үш интенция теңгермелі қалыпта болу керек» деген тұжырым жасаған болатын [10]. Демек, оқу лексикографиясының туындыларында дидактикалық интенцияның басым болатындығы белгілі.
Осы тұрғыдан, сөздіктің барлық түрлерінде де дидактикалық интенцияның басым болатындығы туралы ойдың сонылығы анық. Мұндай тұжырымды лексикографияның теориялық мәселелерін зерттеген француз лексикографтары К. Дюбуа мен Ж. Дюбуа жасайды. Ғалымдардың пікірі бойынша, жалпы сөздік атаулының бәрі дидактикалық жанрдағы туындыларға жатады. Сол себепті осы жанр ауқымындағы лексикографиялық айтылым педагогикалық тілге тән ең маңызды сипаттамаларға ие болады: «педагогикалық тілдің кез келген түрі тәрізді, сөздік те оқырманды коммуникацияның нақты бір айқын типіне бағыттайды. Әрі сөздіктің авторы, әрі коммуникация субъектісі болып табылатын лексикограф өзімен сырттай пікірлесуші оқырмандар тарапынан өзіне қойылатын сауалдарға бағдар ұстайды. Олар лексикографқа оның өзіне тиесілі емес мәтіндер туралы сауал қояды. Сауалдарға жауап бере отырып, лексикограф коммуникациядағы айқын субъект рөлінде көрінбейді, коммуникацияның ұжымдық субъектісі яғни қоғам атынан сөйлейтін байланыстырушы, дәнекер бейне рөлінде көрінеді. Демек, лексикограф қоғам тарапынан жүзеге асырылатын ұжымдық айтылымның болжалды субъектісіне айналады. Оқырмандар өздерін идеалды түрдегі сөйлеуші субъект ретіндегі лексикографпен бірбүтін санайды. Ал сөздікте берілетін жауаптар - нақты мәдени қауымдастық атынан айтылатын соңғы ақиқат болып табылады. Сөздіктен алынатын білік пен білім оқырмандардың білімі мен білігіндегі кемістіктердің орнын толтыруға көмектеседі. Лексикографтың білігі мен жекелеген оқырмандардың толымсыз білігі арасындағы алшақтықты жояды. Осылайша, сөздіктегі лексикографиялық хабарламаның табиғаты да оқытушы ұстаздың педагогикалық хабарламасының табиғатымен бірдей. Лексикограф істен мүлде сырт қала алмайды. Оның тілге деген, тілге жасаған өз сипаттамасының негізінде жатқан лингвистикалық теорияларға деген өзіндік ғылыми көзқарастары бар. Ол ғылыми хабарламаның авторы болып шығады. Және оның іс-қимыл мәнері педагогикалық тіл (айтылым) авторынікіне қарағанда басқарақ. Лексикографтың позициясы белгілі бір теориядан, басқа теорияларға қарсы қойылған, өзі жөн санаған, лайықты деп тапқан теориядан келіп шығады. Осылайша, бір жағынан, ғылыми полемикалық әдіс-тәсіл, екінші жағынан, педагогикалық нормативті әдіс-тәсіл арасында қарама-қайшылықтың бар екендігі байқалады... Ғалымдар сөздік тілінің ең алдымен педагогикалық тіл болып табылатынын бұлтартпастай дәлелдейді. Оқу лексикографиясының негізгі туындысы ретіндегі оқу сөздіктерінде дәл осындай педагогикалық қызмет орын алады. Лексикограф оқырманның тілді өз бетінше меңгеруіне жағдай туғызады. Сөздіктің тілі, авторлардың тұжырымы бойынша: «ғылыми талдаудан өткізілген, зерделенген тіл. Аристотельдің үлгісі бойынша бөлшектерге бөлінген мәтін. Табиғи тілдегі біртұтас айтылым тіл білімінің қағида, ережелері бойынша жеке-жеке сөздерге мүшеленіп, ол сөздердің өзі белгілі бір қалыптарға түсіріліп, белгілі бір сөз таптарына телінеді. Табиғи тілдегі сөздер ғылыми сараптамадан өткізіліп, жасанды тілдегі (ғылым тілі) лексикалық бірліктер ретінде белгіленеді, таңбаланады, жік-жікке бөлінеді. Осындай бірліктерді жинақтаушы сөздік, шын мәнінде, екінші қатарлы туынды болып табылады. Оның нысаны тіл мен әлем емес. Оның нысаны – тіл туралы, әлем туралы жұрт не айтады, не дейді, - міне, сол» [14]. Бұл жерде, әрине, сөздіктің метатілі туралы әңгіме болып отырғандығы белгілі. Сипаттамалы-жүйелеуші лингвистикада тілдің жиынтық әлеуметтік құбылыс ретіндегі қалыптасуы мен қызмет етуі сөз болса, антропоөзекті лингвистикада, В. Гумбольдттың сөзімен айтқанда, энергея тіл - адамның тұла бойында өркен жайып, өсіп шығатын организм бейнесіндегі тіл қарастырылады. Оқу сөздігінің басты қасиеті – оның антропоөзекті сипаты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет