Біртілді оқу сөздігіндегі лексикографиялық құрастырма негіздері туралы ілім. Лексикографиялық құрастырма негіздері туралы Р.Түсіпқалиева былайша жазады: «Үлкенді-кішілі сөздіктерді жасауда атқарылатын қызметтің, істелетін істің біртекті болмайтындығына әліге дейін жеткілікті назар аударылмай келеді. Мысалы, сөздікті түзудегі атқарылатын қызметтің бірі - таза филологиялық қызмет. Мұнда әртүрлі атаулық бірліктерге анықтама беріліп, талдау жасалады. Екінші қызмет - осы филологиялық деректердің түрлі қасиеттерін мақсатты түрде тұтас жүйеге айналдырып, ашып көрсету арқылы жаңа сапада қайта ұсынуды қамтиды. Бұл жерде сөздікшінің тек қана тілші емес, оған қосымша құрастырма жұмыстарының маманы, сөздікші-инженер болуына тура келеді. Сөздікті құрастыруға байланысты жұмыстар лексикографиялық құрастырма деп аталады. Лексикографиялық құрастырма – үлкенді-кішілі сөздіктерді, сөздіктің жүйелері мен серияларын ойлап шығарумен, олардың мақсатқа сай ең тиімді түрін, компоненттік құрамын белгілеумен, сондай-ақ, құрылымдық жаңартулар көмегімен сөздікке максималды ақпараттық құндылық беретін, пайдалануға ыңғайлы етіп жасайтын инженерлік-филологиялық қызметтің түрі» [8]. Бұл жерде құрастырманың кем дегенде үш түрі туралы сөз болып отырғандығын баса айту қажет. Оның бірінші түрі – кез келген сөздікті құрастыру ісі және оны құрастыруға қатысты құрылымдық мәселелердің жиынтығы. Яғни бұл ұғым бір сөздік көлеміндегі, сөзтізбе мен сөздік мақаланың құрылымына қатысты, сөздіктің ішкі құрылымына қатысты құрастырма мәселелер көлемін ғана қамтиды. Екінші түрі – лексикалық құрамы тілді үйренудің деңгейіне байланысты бірте-бірте күрделеніп жасалатын, бірнеше кітаптан тұратын сөздіктер сериясын құрастыруға қатысты. Мұндай сөздіктер оқытудағы сатылылық (градуалдылық) ұстанымына негізделіп түзіледі. Үшінші түрі – белгілі бір тілдің құрамы мен құрылымын толық ашып көрсету мақсатында немесе тілді жан-жақты меңгерту мақсатында әртүрлі сөздіктерден құралатын сөздіктер жүйесін жасауға қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |