Біртілді оқу сөздігін түзу ісіндегі ішкі лексикологиялық заңдылықтар. Ұғымдарға сөздікте түсінік беру мәселесі, В.В.Морковкиннің сөзімен айтқанда, сөздік лексикологиясы («словарная лексикология») - лексикография теориясындағы маңызды аспектілердің бірі. Сөздік түзу ісінен хабары аз адамдар оны жасауды оңай шаруа деп ойлайды. Олардың ойынша, барлық зат, құбылыс, ұғым атауларының жалпыға ортақ, түсінікті анықтамалары бар болғандықтан, мәселе соларды түрлі дереккөздерден теріп алып, сөздікте тізіп беруде ғана болмақшы. Алайда, өкінішке орай, лингвистикалық еңбектердегі тілдік бірліктерге берілетін ғылыми сипаттамаларға ден қойып, сараптама жасайтын болсақ, ортақ мәнді бірөңгей қағидалардың өте сирек ұшырасатынын байқау қиын емес. Ғылыми еңбектерде бір-біріне мүлде қарама-қарсы келетін сипаттамалардың да болу жағдайлары кездеседі. Ғалымдардың ғылыми көзқарастары, пікірлері бір-бірінен ерекшеленеді. Ғылыми зерттемелерге назар аударар болсақ, бір-біріне баламалы қатынастағы, бірін бірі толықтыратын, кей жерде бір-біріне қайшы келетін көзқарастардан туындайтын ғылыми тұжырымдардың куәсі боламыз. Бір қарағанда қарапайым көрінетін «сөз» ұғымына берілетін анықтамадан бастап, сөздердің лексика-грамматикалық таптарына берілетін түсініктемелерге дейін әрқилы болуы мүмкін. Бұлар - әр ғалымның, әрбір ғылыми ортаның, әр ғылыми мектептің көзқарастарындағы өзгешеліктерден туындайтын ерекшеліктер. Осындай жағдай лексикографиялаудың мақсаттарына сай келетін, сөздікке қатысты ерекше лексикологиямен айналысуға алып келеді. Сөздік лексикологиясында сөздіктің түріне, типіне, жанрына, жасалу мақсатына, адресатына, көлеміне байланысты тілдік бірліктерге жасалатын алуан түрлі сипатттаманың әдіс-тәсілдері, лексикографиялаудың заңдылықтары екшеліп, айқындалады. Тілдік және метатілдік құбылыстарды лексикографиялаудың қажеттеріне бағдарлай түсіндіру қамтамасыз етіледі. Осыған қажетті әдістемелік шешімдердің типтік үлгілері ұсынылады. М.Малбақовтың пікірі бойынша, сөз болып отырған ұғым лексикалық бірліктердің сөздіктерде лексикографиялану заңдылықтарын қамтиды. Лексикалық бірліктер санатына жеке-дара бірліктер де, тұтас бір топты, категорияны, жүйені қамтитын күрделі бірліктер де кіреді. Ғалым лексикографиялану заңдылықтары бойынша келтіруге болатын көп мысалдардың бірі ретінде сөздіктердегі негізгі сөздік тұлғаның берілу ерекшеліктерін, лексикалық бірлікке берілетін сипаттаманың ерекшеліктерін атайды. Мысал ретінде сөздіктегі негізгі сөздік тұлғаның сипаты мен сипаттамасына қатысты «етістіктердің негізгі сөздік тұлғасы қандай», «сөз таптарының конверсиясы қалайша көрсетіледі», «лексикалық бірліктің тілдік жүйедегі, сөздік құрамдағы орны қалай бейнеленеді» деген тәрізді сұраулардың лексикографиялық шығармалардағы шешімі әр түрлі болып шығатыны белгілі. Сөздіктегі сөз мағынасын ашу (сөздіктегі семасиология), лексикалық бірлікке анықтама беру мәселесі – лексикографиялаудың күретамыры іспеттес мәселе. Оның шешімі нақты сөздіктердің сыртқы типологиялық, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне тәуелді. Мәселен, сөздіктердегі тілдердің саны мәселесін алайық. Сөздіктің біртілді, екітілді және көптілді түрлері болады. Біртілді сөздікте сөзге берілетін анықтама мектепке дейінгі балаларға арналып жасалатын шағын сөздікшеде - бір түрлі, мектеп оқушыларына арналған сөздікте - екінші түрлі, ал жалпылама қолданымға арналып түзілетін үлкен сөздікте - үшінші түрлі болуы мүмкін. Салалық ғылым түрі бойынша арнаулы ғылыми тілде, кәсіби маманға арналып жасалатын терминологиялық сөздіктегі анықтама яғни ғылыми дефиниция бұлардан да өзгеше болмақ. Екітілді сөздіктің өз ерекшеліктері бар. Аударылатын сөздің мағынасын толық ашу ісі екінші тілде балама сөздің болу/болмауына байланысты болмақ. Кей жағдайда сөз мағыналары біріктіріліп жіберіледі немесе негізгі мағына ғана беріледі. Осы мәселеге қатысты В.П.Берков «Кіріс тіл – аргумент, шығыс тіл – функция» - деген еді [4 , 13]. Демек, екінші тілдің жүйесі мен құрылымы толық көрінбейді, олар тек бірінші тілге толық сипаттама беру үшін қажетті мөлшерде ғана ашылады. Және бұл мәселе де, жоғарыда сөз болғандай, сөздіктің көлемі мен адресатының ерекшеліктеріне (оқырманның ана тілі, тілдік даярлығы, мамандығы, т.б.) байланысты әр түрлі шешілуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |