2.2 Бастауыш мектеп оқушыларының гуманистік тәрбиесін қалыптастыру.дағы құзырлылық қатынастың тиімділігін зерттеу жұмыстарының тәжіри.белік.эксперименттік нәтижелері
Бастауыш мектептегі оқу – тәрбие процесін гуанизациялаудың маңызын ашпас бұрын, алдымен, адамның болашағы және оның білім алуы, мұғалімнің оқушылармен қарым – қатынасының негізгі қағидалары бастау алатын философиядағы қоғам және ондағы адамның орны, гуманизм туралы түсініктерге сипаттама беруді жөн көрдік.
Гуманистік ой – пікірлер адамзат қауымымен байланысты шығып, дамып, өзгеріп, жетіліп отырғанымен, «Гуманизм» терминін алғаш рет ХІХ ғасырда неміс педагогі Ф.Нитхаммер енгізді. Содан бері «Гуманизм» терминіне ғалымдар әр түрлі анықтамалар беріп келеді.
М.М. Розентальдің жетекшілігімен шығарылған «философиялық сөздікте»: «Гуманизм (лат. адамгершілікті) - адамның қадір – қасиетін құрметтеуді, адамдардың игілігіне, олардың жан – жақта дамуына қамқорлық көрсетуді, қоғамдық өмірде адамдарға қолайлы жағдайлар тудыруды білдіретін көзқарастардың жиынтығы»- делінген.
Ресей философы А.Ф.Лосевтің пайымдауынша, гуманизм – философия, тарих, филология тұрғысындағы білімдердің және ерекше бір қасиеті, еркін ойлауға деген бұрылысы.
Этика туралы сөздікте: «гуманизм – тұлғаның қадір – қасиетін қорғау және бостандығын талап етуге, оның қабілеттерін жетілдіруге және адамның мүмкіндігінің шексіздігіне, адамның бақытты болуға құқылығы, оның қажеттіліктері мен қызығушылықтарын қанағаттандыру қоғамның басты мақсаты екендігін сендіруге негізделген көзқарастардың қағидалары» - деп жазылған.
Ал, Р.Нұрғалиевтің құрастырған философиялық сөздігінде: «Гуманизм – адамның қадір – қасиеті мен құқын құрметтеуге, оның жеке тұлға ретіндегі бағасы, адамның игілігі, оның жан – жақты дамуына, адам үшін қолайлы қоғамдық өмір жағдайын жасаған қамқорлықты білдіретін көзқарастардың жиынтығы» деп анықтама берілген.
Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «Гуманизм – дүниетану принципі.Оның негізінде адамның мүмкіншілігінің шексіздігіне, өзін - өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету қоғамның түпкілікті мақсаты деген мұрат жатады.
Гуманизм қайта өрлеу дәуірінде ХІV –ХVІ ғ.ғ. қоғамдық ой – пікірде, әдебиетте, өнерде, ғылымда алдыңғы қатарлы прогресшіл идеялық ағым ретінде қалыптасқан. Бертін келе адамды барынша ардақтайтын, адамгершілік қасиеттерін, бас бостандығын қорғайтын біртұтас көзқарастар жүйесіне айналады» деп жазды.
Сонымен «гуманизм» ұғымын әр ғалым өзіндік ерекшеліктерімен сипаттағанын байқауға болады.
Ғылыми еңбектерге шолу жасай келе, біз гуманизм идеясы адамзат қоғамының пайда болуымен байланысты шығып, алғашында тек адамдардың күнделікті іс - әрекеті, тіршілігі үстіндегі қарым – қатынасы, жауларынан қорғану барысынды өз руластарына, туыстарына деген сүйіспеншілік, қамқорлық ретінде көрінгенін байқаймыз.
Алғашқы гуманистік пікірлер, яғни қоғамдағы адам мәселесі ежелгі грек философтардың еңбектерінде жарық көре бастады. Бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып үн қосқан софистер еді.Аға буынның өкілі Протагордың «Адам дүниедегі бар және жоқ заттардың өлшемі» деген қағидасы адам туралы ілімнің іргетасын қалаған негізгі гуманистік ұстаным еді.
Міне, осы қағида барлық әлемді, дүниені танумен қатар адамға да айрықша көңіл аудару қажеттігін көрсетті.
Софистердің адам туралы ілімін әрі қарай Сократ дамытты.Ол дүниені, әлемді танумен қатар адам өзін -өзі , өзінің ішкі дүниесін білуге ұмтылуы керектігін айтты.Оның ойынша, адамның ішкі дүниесі оның сырттан алған білімімен ғана емес, рухани өмірімен де бағаланады.Сондықтан ол білімді адамның ішкі рухани дүниесімен тығыз байланыстырды.
Сократтың пікірінше, сан ғасыр бойы орын алып келе жатқан адасушылықтан құтылу үшін әрбір адам өзінің еркімен жақсылыққа қарай ұмтылуы, біліунің негізін игер отырып, жаман әдеттерден бірте – бірте бас тартуы қажет. Осыдан келіп оның «Сен алдымен өзіңді таны» деген қағидасы шыққан.
Сократтың пікірі Платонның «Той» деген диологында өз жалғасын тапқанын көруге болады. Бұл еңбегінде Платон адамның денесі мен жанының әдемілігін салыстыра отырып, оның рухани дүниесінің әсемдігіне бас иетіндігін айтады. Оның ойынша, жанның әдемілігі мінез – құлық әдемілігіне әкеп соғады.
Сондай – ақ Платон даналық пен білімнің бірден су сияқты бір заттан екінші затқа құя салуға келмейтіндігін, ол үшін көп іздену, жақсылыққа әдемілікке ұмтылу керектігін баса көрсетеді.
Ал Аристотельдің ойынша, табиғат адамға игілік пен ізгілікті қабылдай алатындай мүмкіндіктер ғана берген. Содан бара – бара ол мүмкіндіктер шындыққа, шын мәніндегі ізгілікке, адам жанының жақсы сапаларының біріне айналатындығын, яғни адамгершілік адам жанының қабылдап алған рухани сапасы екендігін айтады. Ол ізгіліктерді қабылдап алудың екі негізі бар деп есептейді: бірі оқып білім алу, екіншісі – тәлім – тәрбие. Тек тәлім – тәрбие ғана адамгершілік пен парасаттылықты адамның бойына сіңіре алады. Аристотель адамдардың іс - әреетіне ерекше көңіл бөле отырып, этика мен саясаттың адам өміріне, қызметіне тікелей қатысы бар екенін айтады. Адам қызметін адамгершілік – саяси және шығармашылық деп екіге бөліп, адамгершілік қызметінде адам өзін - өзі жаратады, ал шығармашылықта адам өзіне өзгені тудырады деп есептейді.
Грек философиясындағы гуманизм идеясы шығыс ойшылдары: Әл – фараби, Ибн – Сина, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи еңбектерінен кең орын алды.
Ұлы ғұлама әл – Фараби өзінің «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» деген еңбегінде: «Дене сияқты жанның да өзіне тән денсаулығы мен науқасы болады. Жанның денсаулығы сол – оның өзінің және бөлшектерінің жайы жақсы болуының әсерінен әрдайым ізгі қылықтар көрсетіледі, игілікті істер істеледі және тамаша әрекеттер жасалады.Ал жанның науқастығы сол – оның өзінің және бөлшектерінің жайы нашар халде боуының әсерінен әрдайым жаман қылықтар көрсетіледі, азғындық істер істеледі, сорақы әрекеттер жасалады» - деп, адам әрекетінің бәрі белгілі бір әсерлер жиынтығы нәтижесі екенін көрсетеді.
Әл – Фараби адамға қайырымдылық пен жаман қылықтар жаратылысынан бейім болуы мүмкіндігін және оған басқа әрекеттерден гөрі әлгі күйден туатын әрекеттерді істеу оңайырақ болатындығын ескертеді. Сондықтан әуел бастан адамдарды қайырымды іс - әрекеттерге бағыттап отыруға шақырады. Әл – Фарабидің бұл пікірі біздің зерттеу жұмысымыз үшін өте құнды.
Ұлы ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизм лебі сезіледі.Ол Адам баласын – жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу кекрек деп түсінді. Фараби жасаған қорытындының басты түйіні - білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігі.Оның гуманистік идеялары әлемге кең тарады.
Қайшылығы мол күрделі кезде өмір сүре отырып халықты имандылыққа, мұсылман діні жолына шақырған кемеңгер ойшыл – Қожа Ахмет Яссауи. Оның «Диуани хикмет» атты еңбегі адамдарға үлгі - өнеге, ақыл - өсиет, насихат ретінде жазылған.Мысалы:
Ей, достар еш білмедім мен жолымды,
Игілікке байламадым мен белімді.
Өсек сөзден еш тыймадым мен тілімді,
Надандығым мен рәсуа қылды, достар,- деп, өзінің өмірде қателескеніне өкініп, жастарды өсек - өтіріктен, надандықтан бойларын аулақ ұстауға шақырса, бірде:
Жарандардың қылғанын сіз де істеңіз,
Қызмет қылған мұратын табар, достар, - десе,
енді бірде
Жақсылардың соңынан әсте қалма,
Жолға кірген ақыры мұратына жетер, достар, - деп,
Жастарды жақсылыққа ұмтылуға, еңбекпен мұраттарына жетуге шақырады.
Иассауи да Сократ сияқты адамдарды өзін - өзі тануға және өзін - өзі жетілдіруге шақырады.Ол: «адамның өмірдегі мақсаты - өзін - өзі тануы мен санасын шексіз дамытуы»,- деп есептейді.Ал адамның дамуы үшін қажетті шарт махаббат болып табылады. Махаббат – Алланың нұры, яғни Алланың нұры жауғандарда ғана махаббат сезімі орнайды, ондай адамдар дүниені тану мен өзгертуге, өмірге өте құштар келеді. Сонымен оның ойынша, адамдағы басты мақсат – ақиқатқа жету, ал оған өзін - өзі жетілдіру, өзін - өзі тану жолымен жетуге болады.
Мораль, гуманизм мәселелесін қарастырғанда, Ж.Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіне тоқталмай кетуге болмайды. Бұл еңбегінде ол мораль философиясын арқау ете отырып, әділет, бақыт, ақыл, қанағат сияқты этикалық күрделі ұғымдарға үлкен мән береді.
Сондай - ақ, ол бұл еңбегінде адам баласының қадір – қасиеті білімімен, ақылымен танылатындығы, тіл өнерінің қасиет – сипаты мен пайда зияны туралы, ізгілік қылықтың сипаты, пайдасы жайлы, адалдыққа – адалдық, кісілікке – кісілік жасау туралы тамаша ой – пікірін жазып қалдырды. Мысалы:
Қайырымға жасар кісі қайырым,
Жақсылығын он есе өзі қайырып!
Кісілікпен ей, мәртерім, ұлы бол,
Кісілікке түсер содан ұлы жол!
Адамшылық жаса адамға, адам бол,
Адам атын мақтаныш қыпалар бол!
Білік – түпсіз, шетсіз – шексіз бір теңіз,
Қанша сімір, сарқылмайды біліңіз!
Адамшылық - адамға тән қазына,
Солай қазір, солай болғын баяғыдан,- деген өсиеті бүкіл адамзат үшін мәңгі есте ұстар қағида болып қала бермек.
Ол адамдардың басым көпшілігі қайырымды да, зұлым да болып дүниеге келмейді, бірақ ізгі адам бола алады, сондықтан оларды дұрыс тәрбиелеу керек деп, сол бала тәрбиесінде ата – аналар мен тәрбиешінің ынтымақтастығының маңызын ескертеді.
Бала жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке араласуы тиіс.Оқыту барысында бала мінезін қалыптастыруға баса назар аудару керек, жаман әдет пен жағымсыз қылықтардан сақтап, оның әрі қарай ұласпауын қадағалау міндет. Дүниеге келгеннен бастап адам жаны тек жақсы, әділетті істерді ғана білуі керек. Онда жағымды, тұрлаулы мінез қалыптасуы үшін оны жаман қылықтардан аулақ ұстаған жөн. Оның тәні мен жаны жақсы жетілуге тиіс. «Тән мен жан тазалығы сабақтас» деген Баласағұнның тәрбие мен білім беруге қатысты бұл жүйесі парасатты ұрпақ өсірудің мәнін ашады.
Баласағұнның ұстазнамалық тұжырымдамасы осындай сұңғыла, гуманистік ойларға толы.
Қазақ жерінде әділдік, даналық сияқты адамгершілік - этикалық мәселелерді жырлағандардың бірі – Асан қайғы. Ол өзінің жырларында әділдіктің - өсек, өтірікпен, даналықтың – ақымақтықпен, білімсіздікпен, көргенсіздікпен сыйыспайтындығын айтады.Мына өлең шумағында ол:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа....- деп адамдарды кеңпейіл, бауырмал, достыққа берік болып, ар – намысты жоғары ұстауға үндейді. Оның адамгершілік – этикалық тоғаулары қазақ қоғамының прогрессивті күштрінен қолдау тапты.
XVII – XVIII ғасырлардағы жырау, ақындардың негізгі тақырыптары сол замандағы жоңғар шапқыншылығынан елді қорғауға бағытталған батырлардың ерлік істерін мадақтау, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру болды. Бұндай өлеңдер халықтың өз Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, азаттық жолындағы күреске ұмтылдырады. Сол ақындардың бірі – Ақтамберді жырау.Ол:
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке,
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке – деп, қолына қару ұстап, елін, жерін қорғай жүріп, азулы жырымен оларды бірлікке бастады. Ақтамберді жырау сияқты Бұхар жырау да халықты жалынды жырымен ақ жарқын, кеңпейіл болуға баулиды. Бұған дәлел ретінде мына өлең шумақтарынан үзінді келтіруді жөн көрдік:
Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңілмес,
Кеңпейілді кемімес...
Қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес.
Қазақ даласында алғашқылардың бірі болып жастарды білімге шақырған – Шал ақын.Ол:
...Жаман сол – жақсы сөзді ұға алмаса,
Ғылым болмас ұстаздан дұға алмаса.
Молда есімін алған жан толып жатыр,
Не керек ғылым бойға жұға алмаса... – деп, білімді адамның адам ретінде рухани, мәдени жағынан қалыптасуының алғышарты деп біледі.
Елді бірлікке, ерлікке, жолдастық пен адамгершілкке, ізгілікке, өнер – білімге шақыру әр ғасырдағы ақын – жыраулардың негізгі қағидалары болғанаын көру қиын емес. Алдыңғы аға буынның гуманистік идеяларын әрі қарай жалғастырған ақын – жазушылар - Ақан Сері Қорамсаұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Омар Шораяқов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов т.б.
Заманында қоғамдық, ақындық, көркемдік, эстетикалық, тәрбиелік, ұстаздық, адам, ар – ождан, мораль философиясында өзіндік үн қосқан ұлы тұлғалардың бірі - Абай Құнанбайұлы. Ақынның: «Адам баласын бауырым деу – жүрек ісі», «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озады», «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сияқты философиялық көзқарастарының көбі гуманизм мәселесі болып табылады.
Ол «Отыз сегізінші сөзінде»: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі надандық, екіншісі - еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің.
Өз заманының данышпаны Абай өзінің өлең жолдары мен қара сөздерінде адамгершілік, достық, еңбек, махаббат, өнер – білім т.б. барлық мәселелерге терең талдау жасап, жарқын болашаққа жетуге адамзатқа жол сілтей білді.
Абайдың этикалық эксцентрі – «Адам бол» деген гуманистік идеясы. «Адам болам десеңіз: бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» - деп, оның үлгісін беріп, адам болудың тұтас кодексін жасады. Олардың негізгілері: ақылды дұрыс пайдалану, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, білім алу, дүниені тану, әр нәрсенің өлшемін білу, жамандықтан бойын аулақ ұстау.
Жаңа дәуір философиясын жалғастырған И.Кант адам, оның білімі туралы мәселені ары қарай дамытты. Ол білім мен ілімге ған сүйенген зердені сынға алып, мұндай жалаң зерде ешбір жақсылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа әкелмейді деп есептеген. Өйткені жалаң зерде түбінде адамдықтан бас тартатын жалаң ғылыми ілімді тудырады деп ойлайды. Ол адам бойындағы әсемдік, көркемдік қасиетке табынған.
Қазіргі кезде батыс елдерінде кеңінен тараған бағыт - «Жаңа гуманизм» бағыты.Жаңа гуманизмді жақтаушылар тұлғаның тәртібін басқаруды қойып, оның өзін - өзі көрсетуіне, өзіне қолайлы әрекетті таңдап алуына жағдай жасау, адамның «мен» деген қасиетін дамытуға басты көңіл бөліну керек деп есептейді.Олардың идеялары көптеген елдердің оқу – тәрбие жүйелерін қайта құруға ықпал етіп отыр.
Тұлғаны ең жоғарға құндылық ретінде таныған философиялық бағыт – экзистенциализм бағыты. Олардың пікірінше, әр адам - қайталанбайтын ерекше тұлға. Қазіргі кезде адамның өзін - өзі, өзіндік «мен» қасиеттерін сақтауы, өзін - өзі жүзеге асыруы күн санап қиындап отыр. Қоғам адамның өзіндік қасиеттеріне зияндығын тигізіп отыр. Тәрбие теориясы адамдарды жалпы бірдей етіп тәрбиелеуге тырысады, ал адамның дүниені тануының өзіндік жолы бар, адам өз әлемін өзі, өз қалауы бойынша жасау керек.
Міне, осы айтылғандарды түйіндей келе, адамзат қауымын гуманизациялау обьективті қажеттілік және қазіргі адам мен мәдениеттің, өркениеттің өмір сүруінің шарты демекпіз.
Бұндай жағдай, ең алдымен, адамның рухани дамуына жауапты болып табылатын білім беру мен тәрбиелеу ісін гуманизациялау мәселесін алға тартады. Бірақ білім беру процесін гуманизациялау мәселесіне кіріспес бұрын біз, ең алдымен, бала бойында осы гумандық қасиеттер қалай қалыптасатынын, оған қандай жағдайлар әсер ететінін, оның механизмдерін білуіміз қажет. Сондықтан тұлға және оның психикалық процестерінің қалыптасуын, еркі мен руханилығын зерттейтін психологияға , соның ішінде, гуманистік психологияға біршама талдау жасауды жөн көрдік.
Гуманистік психология ХХ ғасырдың 60 – жылдарының басында АҚШ- та пайда болды.Бұл бағыттың жетекші өкілдері – Г.Олпорт, К.Роджерс, А.Маслоу т.б.
Гуманистік психология әр адамның шығармашылық мүмкіндіктерін ашу, тұлғаның өзін - өзі жігерлендіруі, топтық жұмыстың шығармашылық формаларын қолдану, оқыту процесінде әр оқушының бірегейлігін ескеру идеясын ұсынды. Мұндай оқыту, авторлардың пікірінше, оқу жұмысын тиімді басқару технологиясына емес, оқушылардың білімді игерудегі өзіндік қозғалысына, білімді ашудағы қуанышты басынан кешіруге, оқыту барысында тұлғалардың өзара қарым – қатынас жасауына мүмкіндік береді.
Гуманистік психология бағытының көрнекті өкілі Карл Роджерс бұл бағыттың төмендегідей негізгі ұстанымдарын бөліп көрсетті.
- индивид әрқашан да үнемі өзгеріп тұратын әлемнің ортасында тұрады. Осыдан педагог үшін ең маңызды болып табылатын екі қорытынды шығады: әр индивид үшін айналадағы шындықты қабылдаудың өзіндік мәні бар; оның ішкі жан дүниесін сырттан ешкім аяғына дейін тани алмайды;
- адам айналадағы шындықты өзіндік түсінігі мен қатынасы арқылы қабылдайды;
- индивид өзін - өзі тануға және өзін - өзі жетілдіруге тырысады, ол іштей өзін - өзі жетілдіру қажеттігіне ие;
- өзара түсіністік – тұлғаны дамыту үшін ең қажетті жағдай, ал оған қарым – қатынас жасау барысында қол жеткізуге болады;
- өзін - өзі жетілдіру, дамыту қоршаған ортамен, басқа адамдармен өзара әрекет негізінде жүзеге асады.
Оқушыларға моральдық тәрбие беру мәселесін психологиялық жағынын зерттеген ғалымдар – М.Мқұанов пен Қ.Жарықбаев. М.Мұқановтың пікірінше, моральдық принциптерді тәрбие арқылы іс – жүзіне асырудың мынадай екі түрлі жолы бар: 1-жолы – мектеп бойынша, тәртіп сақтауға дағдыландыру; 2- жолы моральдық принциптерді ауызша түсіндіру.бұлар өзара байланысты және оқушыны әдептілікке үйрету әдістерінің өзінше жеке түрлері болып есептеледі.Оның ойынша, бастауыш мектеп оқушылары моральдық принциптерді терең түсіндіре алмайды.Сондықтан мұғалім үнемі талдап түсіндіріп отыруы қажет.
Мұқановтың бұл пікірі Қ.Жарықбаевтың:«Бастауыш мектеп оқушыларының моральдық түсініктері олардың мінез – құлық нормаларын орындай білуімен сәйкес келе бермейді.Моральдық ұғымдарға түсінгенімен, қай жерде қалай қолданатындығын біле қоймайды. Сондықтан мұғалім моральдық түсініктердің практикамен байланысу жағына көңіл бөліп, оқушыларды осыған үнемі жаттықтырып отырған жөн» - деген пікірімен ұштасып жатқанын көруге болады.
Көптеген психологтардың пікірінше, баланың рухани әлемі, морльдық нормаларды меңгеруі іс - әрекет үстінде қалыптасады.Мысалы, Л.С.Рубинштейн «Психологияның жалпы негіздері» деген еңбегінде: «Тұлғаның психологиялық бейнесі өзінің көпқырлы психологиялық қасиеттерімен, ақиқат тұрмысымен, адамның күнделікті өмірімен анықталады және нақты әрекетінде қалыптасады»,-деп жазды.
Оның ойынша, тұлғаның психикалық қасиеттері оның мінез – құлқы, іс -әрекеті, қылығы арқылы көрінеді де, қалыптасады да.
Сонымен, жоғарыдағы психологтардың еңбектеріне талдау жасау бізге бастауыш мектеп жасындағы балалардың моральдық қасиеттерінің қалыптасу, даму ерекшеліктерін байқауға мүмкіндік берді: біріншіден, бастауыш мектеп жасындағы балалар өте сезімтал, сенгіш, еліктегіш келеді; екіншіден, жасөспірімдік шаққа қарғанда бастауыш сынып оқушыларында мінез – құлық дағдарысы айқын байқалмайды; үшіншіден, бастауыш мектеп жасындағы оқушы сөзбен айтқан нәрсені есінде жақсы сақтағаннан гөрі, оны іс - әрекет арқылы жүзеге асырғанда ғана есінде берік қалдырады. Сондықтан оларды жақсы әдеттерге үнемі араластыру қажет.
Бірсыпыра психологтардың пікірінше, бастауыш мектеп оқушыларының моральдық нормаларды меңгеруіне мынадай жағдайлар ықпал етеді:
- балалардың үлкендердің үмітін ақтауға, құрметіне ие болуға тырысуы;
- мұғалімнің балалармен жылы, мейірімді қарым – қатынасы;
- мұғалімнің және бала құрбыларының моральдық мінез – құлық үлгілері;
- балаларда адамгершілік сезімдерінің пайда болуы т.б.
Бастауыш мектептегі оқу – тәрбие процесін гуманизациялауда бұл мәліметтерді білу өте маңызды деп ойлаймыз.
Сонымен, қорыта келе, біз гуманизм бүкіл адамзат баласын бұрыннан толғандырып келе жатқан мәселе екенін байқаймыз. Бұл тек философияның мәселесі емес, сондай – ақ психологияның, педагогиканың негізгі мәселелерінің біріне айналғанын көруге болады. Өйткені қоғамды гуманизациялау бүгінгі күннің талабы болса, сол қоғамға сай адамдарды қалыптастыру, тәрбиелеу педагогиканың, ал ол ізгілік қасиеттер адмның бойында қалай пайда болып, дамитынын зерттеу психологияның, гуманистік психологияның обьектісі болып отыр.
Гуманизм идеясы адамзат қауымымен бірге туып, бүкіл халықтың тәрбие жүйесімен бірге өмір сүріп келе жатқанын халық шығармашылығы, яғни мақал – мәтелдер, аңыз - әңгімелер, дастандар т.б. ауыз әдебиеті үлгілерінен байқауға болады. Бұл мәселенің кейбір қырлары тамырын тереңге жіберіп көне заманнан бастау алады.
Алғашқы таптық қоғамның өзінде адамдардың қарым – қатынасын реттеу механизмдері, яғни ережелер шығып, әр қоғамдық даму кезеңдеріне сай өзгеріп, толықтырылып отырған. Бұған «Адамгершілік алтын ережелерінен» алынған мына бір пікір дәлел бола алады: «... ешқандай басқа моральдық норма бұлжымайтын маңызға ие емес, ол ешбір өзгермейтін құндылық қатарына жатпайды, қайта өмірдің шындық формасы мен тарих қозғалысынан жаңа мән – мағынамен толығады».
Бұдан біз ойшылдар гуманизмнің мәнін ұғынып, оны қоғам қажеттілігі мен даму деңгейіне сай түсіндіріп бергенге дейін, адамдардың практикалық іс - әрекеті түрінде өмір сүргенін және өз алдына жеке дамымай белгілі бір әлеуметтік – экономикалық жағдайларға байланысты өзгеріп, толықтырылып отырғанын көреміз. Әрі қарай Сократ, Аристотель, Платон, шығыс ойшылдары әл – Фараби, Ибн – Сина, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи тағы басқалардың гуманизм туралы пікірлері гуманистік педагогиканың қалыптасуын алып келді.
Қайта өрлеу заманы гуманистік педагогиканың жаңа кезеңі болды.бұл кезеңдегі ағартушылардың басты назары баланы жан – жақты білу, баланың жеке басын бағалау болды.Қайта өрлеу заманының көрнекті өкілдері Т.Мор, Т.Компонелла т.б. да ағартушылар баланы тәрбиелеу туралы оқулар жүйесін құруда халық тәрбиесінің бай тәжірибелерін , антикалық ойшылдардың дене және рухани тәрбиені үйлестіру туралы идеяларын кеңінен қолданып, әрі қарай дамытты. Адамның бостандығын, тұлғалық дербес ерекшеліктерін ескеру қажеттілігіне көңіл бөлді.
Гуманистік педагогика теориясының қалыптасуы мен тәжірибеде қолданылуына зор еңбек сіңірген ұлы ғалым – Я.А.Коменский.
Я.А.Коменский баланы адамгершілікке тәрбиелеудің он алты түрлі ережесін ұсынды. Соның ішіндегі өзіміз зерттеп отырған мәселемізге жақын келетін ережелерге жете тоқталуды жөн көрдік. Олар мыналар:
1. Ізгілік мінез барлық балаға бірдей егіледі. Жас буынға не нәрсе дұрыс және адал деп табылса, соның бәрін де жүйелі үндестікте алып, толық, қалдықсыз және бұрмалаусыз егіп бағуы қажет.
2. Ізгілік мінездерін балаға сәби кезден бастап егу керек, жаны кірлеп, кемшілікке белшесінен батқан соң, ол ізгілік мінезін қабылдай алмайды.
3.Қайырымдылыққа үйрену үшін бала үздіксіз адалдықпен ауыздануға тиіс. Көп жүгіріп үйренбей, жылдамдық жоқ, адамдармен көп сөйлеспей шешендік жоқ, көп жазып жаттықпай, жақсы жазу жоқ, көп тыңдаған құйма құлақ болады, сабырлы болу үшін сол сезімді ғана көбірек жемдеу керек, шыншыл адам өтірікті сүймейді, табандылық қажыр – қайраттан туады т.б. мұндай мінездерді егемін дегендердің сөзінде, ісінде қылаудай да мін болмауға тиіс, өнеге сол.
4.Жас баланың көз алдынан ата – ана, тәрбиеші, ұстаз, дос – жарандардың өмірінен алған өнегелері шамдай жарқырап, әсте өшпестей болсын. Өйткені бала дегеініміздің мінезі маймылға ұқсас: ол не көрсе де мейлі жақсылық, мейлі жамандық болсын, соның бәріне өздігінше, санасыз түрде еліктейді. Олар барлық істі танымнан емес, еліктеуден бастайды. Бала тәрбиесінде өмір мысалдары мәндірек, себебі ол бізге жақын және адамға күшті әсер етеді.
5.Айрықша сақтанатын бір іс – оқып жүрген балалардың бұзылған балалармен жақындасуын жол бермеу, болмаса оқушы олардан жаман мінез үйренеді.
Я.А.Коменскийдің тәрбие ісі адамның табиғатына сәйкес жүргізілуі керек деген пікірін әрі қарай дамытқан атақты француз философы, педагог – Ж.Ж.Руссо.
Ж.Ж.Руссо - жаңа дәуір философтарының ішіндегі адам жаратылысынан қайырымды болған деген қағиданы ұстанған ойшылдардың бірі. Ж.Ж.Руссоның пікірінше, нашар, дұрыс жүргізілмеген тәрбие бала табиғатына тән жағымды қасиеттерді жойып, оның ішкі жан дүниесін бүлдіреді. «Осылайша бала табиғатының бүлінуіне тәрбиеші мен тәрбиеленушінің бір – біріне диктатор және құл ретіндегі қарым – қатынасына сүйенген авторитарлық тәрбие әсер етеді. Бұндай тәрбие еркін ойлайтын, саналы әрекет ететін адамдарды тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан тәрбиеші тәрбиеленушіні жақсы көруі және адамды тәрбиелеу оның өзіндік табиғатына сүйене отырып жүргізілуі қажет. Табиғат балаларды жақсы көріп, оларға көмектесу үшін жаратты»- деп жазды.
Гуманизм мәселесі орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинскийдің педагогикалық еңбектерінде кеңінен қарастырылған. Оның педагогикалық теориясы – адам құқығы мен бостандығын, қадір – қасиетін құрметтейтін, барлық адамдар заң алдында тең екендігін мойындайтын - халықтық тәрбие беру. Ал мұндай тәрбиені жүзеге асыратын орын – мектеп. К.Д.Ушинскийдің пікірінше, мектеп балалардың сыртқы қоршаған ортасы болып табылады. Ол ортаның ұйымдастырылуын қарай, оның әрбір мүшесінің тәрбиесі де соған байланысты. Сондықтан ол баланы тәрбиелеу әдістемесіне мынадай элементтерді енгізуді ұсынды:
- балаға еркін шығармашылық іс -әрекетпен шұғылдануға мүмкіндік беру;
- бұл іс - әрекеттің дамуы үшін оның табиғи және қоғамдық ортасын ұйымдастыру;
- тәрбиеші бала еркіндігін шектемей, оның іс -әрекетіне жетекшілік етуі;
- балаларға жағымды әдістер мен мінез – құлық дағдыларын жинақтауға көмектесу.
К.Д.Ушинскийдің гуманизм теориясына қосқан жаңа үлесі - гуманизмнің қоғамдық сипаты мен қатар халықтық сипатта болатындығы туралы пікір. Ол әр халықтың гуманизмге ұмтылысының көрінісі әр түрлі болады, себебі әр халықтың өзіндік идеялары бар және тәрбие арқылы сол идеяларды жеке тұлғаларда қайта жаңғыртуға тырысады, ол идеялар әр халықтың табиғатына сәйкес келеді, оның қоғамдық өмірімен анықталады деген пікірді ұстанды.
К.Д.Ушинскийдің бұл пікірі қазіргі заманда өз жалғасын тауып отыр.
Орыстың демократиялық педагогикасының ықпалымен Қазақстанда прогрессивті көзқарастар қалыптасты. Қазақ халқының тұңғыш педагогтарының бірі Ы.Алтынсариннің педагогикалық теориясы мен тәжірибесіне К.Д.Ушинский мен Л.Н.Толстойдың үлкен ықпалы болды.
К.Д.Ушинский сияқты Ы.Алтынсарин да мектеп жүйесін құруда халықтық қағиданы ұстанды, яғни оқыту мен тәрбие халықтың тұрмыс – тіршілігіне, тарихи, мәдени дамуына сәйкес келуі керек деп есептейді. Сондықтан ол қазақ балаларының психологиясы мен тыныс – тіршілігіне жақын «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Әке мен бала», «Таза бұлақ» т.б. әңгімелері арқылы бастауыш мектеп жасынан бастап балаларды адамгершілік, достық, шыдамдылық, кең пейілділік сияқты қасиеттерге баулуға, бағып – қағудың, үлкендердің тілін алудың қажеттілігін түсіндіруге тырысты.
Балаларды ізгілік қасиеттерге тәрбиелеудегі мұғалімнің жеке бас қасиеттері туралы Ж.Аймауытов пікірлерінің маңыздылығы одан кем емес. Ол: «Бала көргеніне еліктейді, оларға теңіздей ғылым үйреткенше, теңгедей өнеге көрсет. Тәрбие жүзінде ғылымның төресі таза жүректі, қайырымды, бауырмал шын адам жасап шығару. Баланың жүрегін тәрбиелеп, жауыз қылықтан аман сақтап, ізгілікке қабыстыратын жақсы өнеге, үлгілі тәрбиеші»- деп, тәрбиешілерді ең алдымен, жас буынға деген махаббат, инабат, сенім, жылы шырай болуы керектігі жайлы сөз етеді.
Ы.Алтынсариннен кейінгі еңбегі ерекше ғалым, ағартушы - педагог – А.Байтұрсынов. Ол оқу – ағарту ісін өзінің азаматтық міндеті деп санап, қазақ халқын маса болып ызыңдап оятуды көздеді.
Ағартушылыққа байланысты білдірген ойлары мен істері тек оқу – білімге шақырумен тынбай, қазақ даласындағы мектептердің жайы, бала оқытудың әдістері туралы пікірлерінен газет – журналдар беттеріне жариялап тұрды. Өзі «Оқу құралы», «Тіл тағылымы», «Баяншы» т.б. да сауат ашуға байланысты оқу – құралдары мен әдістемелік еңбектерін жазды.
Мектеп баларына арналған оқулықтарында А.Байтұрсынов иллюстративті материалдарды ұсынуда тәрбиелік, әрі тіл ұстарту мүддесін көздегені байқалады. Мысалы, бірінші басқыш мектеп балаларына арналған материалдарды аса түсінікті етіп беруді көздейді. Сондықтан қазақ балаларына таныс мақал – мәтелдерден, нақыл сөздерден, өлең жырлардан алынған мысалдардың барлығы дерлік адамгершілікті , адалдықты, еңбексүйгіштік пен даналықты тағы сол сияқты игі қасиеттерді уағыздайды. Өнер – білімге шақырады. Мысалы, «Адамшылық диқаншысы» деген өлеңінде:
Адамшылық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.
Тұқымын адалдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың – деп жырлайды.Бұл өлеңде ол «адамдық» деген ұғымға адалдықты, адамгершілкті, еңбексүйгіштікті сиғызады.
Педагогика тарихындағы гуманизм мәселесін зерттеуде В.А.Сухомлинскийдің тәжірибесі мен еңбектеріне тоқталмай өтуге болмайды. 50-60- жылдары Павлыш орта мектебі балаларға гумандық тәрбие берудің мол тәжірибесін жинақтады. Ол оқушылар бойында гумандық қасиеттерді қалыптастыру үшін олардың барлық сезім мүшелеріне әсер етуді көздейді. Мұндағы басты қағида - әртүрлі жұмыс формалары мен құралдарын үйлесімді пайдалану. Мысалы, табиғат пен шығармашылықты, еңбек пен кітапты, еңбек пен табиғаттағы әдемілікті т.б. Адамды тәрбиелі ететін нәрсенң бірі – оның пікірінше, әдемілік, анығырақ айтсақ, әсемдік әлеміндегі рухани өмір.
Оның пікірінше, гумандық педагогиканың шынайылығы, баланың қуанышы мен бақытын сақтау болып табылады. Егер бала жүрегінде қандай да бір қайғы болса, оны жоюға, содан соң қуаныш әкелуге тырысу керек. Сондықтан ол тәрбиешінің басты міндеті балаларда бір – біріне деген көңіл бөлушілік, қырағылық, сезімталдық сезімдерін ояту болып табылады деп есептейді.
Сонымен, В.А.Сухомлинскийдің «Балаға жүрек жылуы», «как воспитывать настоящего человека» және тағы басқа да педагогикалық мұралары балаларды гуманизм рухында тәрбиелеудің үйлесімді жүйесін құрып берді.
А.А. Бейсенбаева өзінің «Гуманизация образования старшекласников на основе межпредметных связей» деген докторлық диссертациясында гуманизмнің тарихи құбылыс екендігін,әр қоғам өзіне тән сипаттауды қажет ететін жорамалдарды бөліп қарайтынын, сондықтан «гуманизм ұғымы» бұрынғы алдыңғы қатарлы гуманистік ойларды өзіне сіңре отырып, қазіргі өркениетті қоғамға сәйкес жаңа гуманизм тұжырымдамасын құру қажеттігін айтады. Сондай – ақ, ол гуманимммен байланысты гумандылық, гуманизация туралы берген анықтамасы болып табылады.
Біз өз зерттеу жұмысымызда А.А.Бейсенбаеваның гуманизация туралы берген түсініктемесін негізге алдық.
С.А.Ұзақбаева халқымыздың гуманистік пікірлері тұрмыс – тіршіліг, салт – дәстүрлері арқылы қалыптасып, ауызекі шығармашылығы арқылы ұрпақтан – ұрпаққа жетіп отыратындығына тоқтала келіп, халықтық педагогика арқылы бала бойында гумандық қарым – қатынасты қалыптастыруды көздейді. Оның ойынша, халықтық педагогика бала бойында құнды адамгершілік қасиеттерін, психологиялық – эмоционалдық қасиеттерін қалыптастырады.
Ол қазақтың халықтық педагогикасында және балалар мен жастарға эстетикалық тәрбие берудің күнделікті практикасында педагогикалық ықпал етудің толып жатқан тәсілдері қолданылғанын көрсетеді.Бұл – балаға қайырымды, ілтипатты қатынас жасау, адамгершілік сезімдерін ояту, жанама ықпал жасау, моральдық қолдау, реніш, наразылық білдіру немесе ашулану, айыптау, бұйыру, еркелете кінә арту. Халықтың әсіресе балаларға жас кезінен сенім артып, жауапты да қызықты іс - әрекетке тартуы, олардың ерте есеюіне, ел өміріне батыл араласуына септігін тигізеді. Мысалы, 4 жасында өзінің ерен зеректігімен, ойлылығымен елді қайран қалдырған Шорман 13 жасында Баянауыл округінің биі атанған. Шорманның игі істері, көрсеткен үлгі - өнегесі өзі басқарған елге көп тәрбие берген. С.А.Ұзақбаеваның бұл пікірлері қазақ бастауыш мектептерінің оқу – тәрбие процесін гуманизациялауды жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады деп ойлаймыз.
Сонымен, жоғарыда келтірілген ұлы педагогтар мен зерттеушілердің пікірлері оқу – тәрбие процесін гуманизациялаудың алғашқы тасы ретінде қаланып, әр қоғам талабына сай өзгеріп, жетіліп, гуманистік педагогиканың негізгі қағидаларына айналғанын байқауға болады. Олардың гуманистік пікірлерін оқыту процесін гуманизациялау мақсатында тиімді қолдану білім беру жүйесінің парызы демекпіз.
Дүние жүзінде болып жатқан жағдайлар адамзат қауымының сақталып, гүлденуі үшін ғылым мен білімнің ғана дамуы жеткіліксіз екенін, яғни ол адамдардың арасында бір – біріне деген сүйіспеншілік, қамқорлық, сыйласымдылық, өзара сенім болғанда ғана мүмкін екенін көрсетіп берді. Ал, бұл сияқты ізгілік қасиеттерді тәрбиелеу отбасы мен мектептен басталатыны белгілі. Сондықтан мектептегі оқыту процесін гуманизациялаудың маңызы зор деп есептейміз.
Зерттеп отырған мәселеміз оқу - тәрбие процесін гуманизациялау болғандықтан біз бұл мәселеге байланысты философиялық, психологиялық және педагогикалық әдебиеттерге талдау жасап, мынадай қорытындыға келдік:
Гуманизм - мәңгі қатегория. Ол адамзат қоғамымен бірге өмір сүріп, әр қоғамдық құрылысқа сай өзгеріп, толықтырылып отырды.Әр ғасырдағы ойшылдар мен ақындар, жыраулар мен ғалымдар өз шығармаларында гуманизмді адамзатты тығырықтан шығаратын жол,өмір сүруінің шарты ретінде қарастырған.
Ізгілік, адамгершілік, қамқорлық т.б. сияқты гумандық қасиеттер алғашында адамдардың күнделікті іс -әрекеті үстінде бір – бірімен қарым – қатынасы арқылы қарапайым түрде беріліп отырса, кейінірек бұл тек отбасының, не қауымның жеке ісі емес, мемелекеттің міндетіне айналып, арнайы ашылған оқу орындарында беріле бастады.
Ұлы ойшылдардың бала тәрбиелеу туралы алдыңғы қатарлы пікірлері гуманистік психология мен гуманистік педагогиканың қалыптасып, дамуына алып келді. Алдыңғы қатарлы педагогтар оқыту процесін гуманизациялаудың өзіндік жолдары мен қағидаларын ұсынды.
Дегенмен, олардың бәріне ортақ пікірлер де бар. Олар: баланың жеке басын құрметтеу, баланың даму табиғатымен санасып, еркіндік беру, оған сенім білдіру, болашағын үмітпен қарау, талап қою, намысына тимеу, жағымды қасиеттерге баулу, ол үшін баланың қоршаған ортасын ізігілендіру.
Сонымен, оқу –тәрбие процесін гуманизациялаудың маңызы мен ондағы мұғалімнің рөлі, мұғалім бойынан табылуға тиісті моральдық қасиеттер және олардың кәсіби даярлығы туралы мәселелер көптеген педагогтар мен психологтардың еңбектерінде жазылып келеді.Алайда бұндай игі бастамалар ұстаз еңбегінде толысып, практикалық шешімін тапқанда ғана оң нәтиже бермек. Себебі мектептегі басты тұлға - мұғалім.Оқу – тәрбие процесін гуманизациялау мәселесінің жүзеге асырылуы тікелей мұғалімге байланысты. Сондықтан мұғалімге жеке бастың гумандық қасиеттері мен педагогикалық әдепті, техниканы меңгеруінсіз оқыту процесін гуманизациялау мәселесін шешуі мүмкін емес.
Соңғы жылдары адам өмірінің рухани – моральдық сапаларын дамыту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі қоғамның рухани мәдени өмірін дамытпай еліміздегі эконономикалық, әлеуметтік қайта құруларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл мәселе, біздің ойымызша, баланың дүниеге келген кезінен бастау алып, тұлғаның қарқынды даму процесі жүзеге асатын бастауыш мектеп жасында одан әрі қарай жалғасуы қажет. Ал бұны ойдағыдай шешу оқу – тәрбие процесін гуманизациялау арқылы ғана мүмкін болмақ.
Оқу – тәрбие процесін гуманизациялауды жүзеге асыру үшін мұғалімге бастауыш сынып оқушыларының моральдық қасиеттерінің қалыптасу , даму ерекшеліктерін, моральдық нормаларды игеруіне ықпал ететін жағдайларды білген орынды. Сонда ғана ол бала бойында жағымды қасиеттердің қалыптасуына жағдай жасап, оқу – тәрбие процесін гуманизациялау мәселесін тиімді ұйымдастыра алады деп ойлаймыз.
Дегенмен, бұл мәселе өз шешімін толық таба қоймағанын көруге болады. Біздің ойымызша, оқыту процесін гуманизациялау мәселесі бастауыш сыныптан басталып, белгілі жүйемен әрі қарай дамуы қажет. Сондықтан біз қазақ бастауыш сыныптарының оқыту процесін гуманизациялауды жүзеге асыруда оқушыларды жекелеп оқытуды маңызды құрал ретінде қарастырамыз.
Оқыту мен тәрбиелеудің сапасын көтеру арқылы жас ұрпақтың дара- тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру білім берудің негізгі мақсаттарының бірі болып отырған жағдайда, оқушының жалпы және психикалық дамуының жеткілікті деңгейіне қол жеткізу үшін, бастауыш мектеп жасынан бастап олардың дербес психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оқу – тәрбие процесін гуманизациялауды жүзеге асыруда оқушылармен гумандық қатынас жасау негізінде жекелеп оқытудың маңызы зор.
ТМД және отандық педагогика оқушыларды жекелеп оқыту мәселесін зерттеуде оқушы тұлғалық - әрекеттік тұрғыдан қарау қағидасына сүйенеді.Оқушыға тұлғалық - әрекеттік тұрғыдан қараудың психологиялық негіздері С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьевтің еңбектерінде сөз болады. Олардың пікірінше, тұлға іс - әрекеттің субьектісі ретінде көрінеді, іс - әрекет үстінде және басқа адамдармен қарым – қатынас үстінде қалыптасады.
Оқушыға тұлғалық - әрекеттік тұрғыдан қарау екі құрамды бөліктен тұрады: тұлға және оның іс -әрекеті.
Осы қағидаға сәйкес оқушы – оқыту процесіндегі басты тұлға, ал мұғалім бұл жағдайда оқыту процесін ұйымдастырушы, жетекші қызметін атқарады. Сондықтан мұғалім бастауыш мектеп жасындағы балалардың жеке басына тән қасиеттерін білуі қажет. Мысалы, М.М.Мұқановтың пікірінше, мектеп өміріне үйрене бастаған бала өзін басқа балаларға қарағанда сыныпта қандай орын алатындығына ойланып, қайткенде жақсы орынға ие болсам екен деп арман етеді.
Баланың өзі жөніндегі бағасы өзгелердің оған берген бағасынан төмен келсе, ондай баланы кішіпейіл дейді. Егер оның өзі жөніндегі бағасы өзгелердің оған берген бағасынан төмен келсе, ондай баланы кішіпейіл дейді. Бастауыш мектеп жасындағы бала өзінің ісіне, мінезіне сын көзбен қарай алмайтындықтан, оның өзі туралы бағасы өзгелердің бағасынан жоғарырақ келеді. Оқу –тәрбие процесінде мұғалім баланың осы ерекшелігін ескерген жөн.
Бастауыш мектеп оқушыларының бәріне ортақ тән қасиеттер бар.Олар: әуесқой, ақкөңіл, өзгелерге жәрдемдескісі, дәрменсіздерді аяп, соларға көмек бергісі келетіндігі. Соның ішінде көбіне қазақ балаларына тән қасиеттер: ұялшақтық, сыпайылық, үлкендерге деген құрмет т.б.
Бұл жастағы балалардың ерік – жігеріне келсек, олар өзін - өзі толық меңгере алмайды. Кейде ойланбай, импульстік іс жасап қояды, яғни не болса соған қызығып, бір нәрсені бүлдіріп алады.Бұл оның тәртіпсіздігі емес, өзін - өзі меңгере алмауы, импульсті іске бейім келуі.
Оқушылармен қарым – қатынас жасау ерекшелігіне тоқталсақ. Бастауыш мектептің әр сатысында әртүрлі келетінін байқауға болады. Бұның өзі бала мектепке дейін балабақшада тәрбиеленді ме, әлде үйде өсті ме, көп балалы жанұяда тәрбиеленді ме, жалғыз бала ма соған байланысты. Мысалы, күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер бала атасы мен әжесінің қолында жалғыз өссе, онда бала көбіне үлкендерше сөйлейді және басқа балалармен тез қарым – қатынасқа түсе алмайды. Осындай жағдайларға байланысты бірінші сыныпта бірқатар оқушылар басқа оқушылармен араласпай, өзінше жүреді, ал екінші, үшінші сыныптарда бұл ерекшеліктер бірте – бірте жойылып, олар бір – бірімен достаса бастайды.
Міне, сондықтан оқушыға тұлға ретінде қарау, олардың жас және дербес ерекшеліктерін, сыныптағы оқушының алатын орнын, беделін ескеруді, тұлғалық және психикалық процестерінің дамуына мүмкіндік тудыруды және оны оқу тапсырмаларының мазмұны, оқушы мен ұстаздың өзара ынтымақтастағы қарым – қатынасы арқылы жүзеге асыруды қарастырады.
Оқушы тұлғалық - әрекеттік тұрғыдан қараудың екінші бір құрамды бөлігі іс - әрекет.
Тұлға субьект ретінде өзінің іс - әрекетін алдын ала жоспарлап, оны белгілі бір мақсатқа бағыттап отырады. Тұлғаның мінез – құлқы мен психикалық процестерін дамытуда іс - әрекеттің маңызды роль атқарады, яғни іс - әрекеттің өзі адамды субьект ретінде қалыптастырады.
Іс - әрекет дегеніміз – қоршаған ортаны мақсатқа сай өзгерту және түрлендіру болып табылатын қатынастың арнайы түрі. Іс- әрекетті талдай отырып, психологтар ішкі құрылымына жете көңіл бөледі. Мысалы, А.Н.Леонтьев іс - әрекеттің құрылымын былай анықтаса: себеп – мақсат - мақсатқа жетудің шарты (іс-әрекеттің мақсаты мен шартының бірлігі оның міндетін анықтайды), Г.И.Щукина іс -әрекеттің құрылымына (себеп – мақсат – мазмұн - әрекет пен амал - нәтиже) педагогикалық тұрғыдан талдау жасайды.
Мақсат – іс - әрекеттің ойша тұжырымдалған нәтижесі болса, себеп сол іс - әрекетті жүзеге асыруға бағытталған ішкі түрткі күш. Г.И.Шукинананың пікірінше, егер іс - әрекет мақсатының тұлға үшін ешқандай мәні болмаса, оның қажеттілігін жете түсінбесе, онда ол тұлғаны дамытпайды. Сондықтан оқыту процесін ұйымдастыру кезінде мұғалім іс - әрекеттің мақсаты тұлғаны жігерлендіретіндей, әрекетке итермелейтіндей ішкі күшке – себепке айналатындай етуі қажет. Бұл пікірден тұлғаны дамытуда іс - әрекет, соның ішінде, оқу себептерінің зор рөл атқаратынын көруге болады.
Психологтар оқу себептерін төмендегідей топтастырады: әлеуметтік, танымдық, моральдық, қарым – қатынас, өзін - өзі тәрбиелеу.Зерттеулерге қарағанда тұлғаны оқуға итермелейтін себептер біреу ғана емес, бірнеше болуы мүмкін. Сондай – ақ тұлғаның жас ерекшелігіне қарай олардың біреуі басым, екіншісі жасырын түрде кездеседі.
Ғылымда кейбір ұғымдарға ғалымдар әртүрлі анықтамалар береді. Сондай ұғымдардың бірі – оқушыларды жекелеп оқыту. Бастауыш сыныптың оқыту процесін гуманизациялауда оқушыларды жекелеп оқытудың мәнін ашу үшін алдымен, оқушыларды жекелеп оқыту, оқушыға жеке тұрғыда қарау принциптері туралы ғалымдардың берген анықтамаларына тоқталуды жөн көрдік.
«Педагогикалық энциклопедияда» оқушыларды жекелеп оқыту: «... оқушылардың дербес ерекшеліктерін, оқуға деген қабілеттерін ескере отырып, оқытудың тәсілдерін, амалдарын, оқу жылдамдығын таңдап алу» - деп, анықтама берілген. Бұл жерде әр оқушының дербес ерекшеліктерін емес, қандай да бір ортақ қасиеттері бар оқушылар тобының ерекшеліктерін ескерумен шектеледі.
Б.М.Бим – Бадтың басшылығымен шығарылған «Педагогикалық энциклопедиялық сөздікте» оқушыларды жекелеп оқыту: «Оқушылардың дербес ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесін ұйымдастыру. Ол жалпы оқу міндеттері мен оқу мазмұны көлемінде ұжымдық оқу жұмысын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл әр оқушының потенциалды мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Оқушыларды жекелеп оқыту оқу бағдарламаларында көрсетілген оқу әрекетінің деңгейлері мен әр оқушының нақты мүмкіндіктері арасындағы сәтсіздікті жоюға бағытталған. Оқушылардың дербес ерекшеліктері кешенді сипатқа ие және әр оқу кезеңдерінде жүзеге асырылады.Оқушыларды жекелеп оқыту құралдарына: жеке және топтық тапсырмалар, сыныптағы оқу жұмысын ұйымдастыру түрлері жатады.Оқушыларды жекелеп оқытудың құрамды бөлігі бақылау және өзін - өзі бақылау болып табылады...» деген анықтама берілген.
Көптеген ғалымдар оқушыларды жекелеп оқытуды осы мағынада қолданады. Мысалы, А.А.Кирсанов «Оқушыларды жекелеп оқыту – оқыту мақсатын ескере отырып, оқушылардың потенциалды оқу әрекетін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін. Оқушылар тобы мен жеке оқушының, сынып ұжымының шынайы танымдық мүмкіндіктері мен іс - әрекет мақсатына сай келетін тәрбиелік және дидактикалық құралдар жүйесі» - деген анықтама берген.
Оқушыларды жекелеп оқыту мәселесін жете зерттеген ғалымдардың бірі – И.Э.Унт. Оның ойынша, оқушыларды жекелеп оқыту – оқушылардың қандай ерекшеліктері, қандай дәрежеде ескерілетініне қарамастан, оқыту процесін ұйымдастырудың барлық формалары мен әдістеріне олардың дербес ерекшеліктерін ескеру болып табылады.
И.Э.Унт оқушыларды жекелеп оқыту абсалютті емес, шартты түрде ғана жүзеге асырылатынын ескертті. Оның пікірінше, оқушыларды жекелеп оқыту сынып – сабақ жүйесінің ерекшеліктеріне қарай мына себептерге байланысты шартты болып табылады:
- әдетте жеке оқушының емес, шамамен ұқсас ерекшеліктері басым оқушылар тобының дербес ерекшеліктері ескеріледі;
- тек таныс ерекшеліктер немесе оқу үшін маңызды болып табылатын таныс ерекшеліктердің жиынтығы (мысалы, жалпы ақыл – ой қабілеті) ескеріледі. Сондай - ақ оқушыларды жекелеп оқытудың нақты бір формасында мүмкін емес немесе қажеттілігі шамалы ерекшеліктер де болуы мүмкін (мысалы, мінездің, не темпераменттің кейбір қасиеттері);
- кейде дәл сол бала үшін ғана маңызды болып табылатын қасиеттер мен жағдайларды ескеру қажеттігі туады (мысалы, қандай да бір облысқа таланттылығы, денсаулығының нашарлауы);
- оқушыларды жекелеп оқыту кейде оқу іс - әрекетінің барлық кезеңдерінде емес, дүркін – дүркін немесе басқа да бір жұмыс (ұжымдық) формаларымен интегралданған түрде жүргізілуі мүмкін.
Психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде оқу іс - әрекетінің нәтижесіне, тұлғаның дамуына ықпал ететін оқушылардың төмендегідей психологиялық ерекшеліктері қарастырылған: барлық танымдық процестерінің ерекшеліктері, нерв жүйесінің қызметі, сезімі, қиялдауы, қызығушылығы мен икемділігі, темпераменті, мінез – құлқы, ерік – жігері, мотивтері, қабілеттері, дарындылығы т.б. Сонымен қатар, бұл ерекшеліктер тұлғаның басқа да қасиеттерінің дамуына өз әсерін тигізеді.
Оқушыларды жекелеп оқыту бала дамуының ерекшеліктерін терең зерттеп білуге негізделуі қажет. Себебі жеке бастың кез – келген жағының өзіндік даму сатылары, ерекше кезеңдері болады. Сондықтан жоғарыда айтылған психикалық процестер бастауыш мектеп жасындағы балаларда қалай қалыптасып, дамып отырғанынына толығырақ тоқталуды жөн санадық.
Бастауыш мектеп жасындағы балалардың даму деңгейіне мінездеме беруде, психологтардың (Л.С. Выготский, А.Н. Леонтьев, Д.Б. Эльконин, Ж.Аймауытов, М.М. Мұқанов т.б.) балаларды жас кезеңдеріне қарай бөліп, баланың анатомиялық – физиологиялық, психикалық, жалпы даму деңгейіне сәйкес берген сипаттамаларына сүйендік.
Бала алғаш мектепке келгенде жаңа өмірге аяқ басады. Мектепте ол өз сыныбындағы балалармен, ұстазбен, басқа да адамдармен қарым – қатынасқа түседі. Өзі үшін мүлде жаңа нәрселермен, дүниемен танысады, жаңа іс - әрекетке үйренеді. Осының әсерінен баланың дене және психикалық дамуына едәуір ерекшеліктер енеді. Бастауыш мектеп жасындағы баланың бойының өсуі жылдамдап, салмағы ұлғая түседі. Шеміршектері сүйектенеді, яғни сүйек жүйесі қалыптасу сатысында болады. Қол бармағының нығаюы 9- 10 жаста қалыптасады да, табаны 10-11 жаста сүйектеніп бетеді. Баланың бұлшық еттері тез даму үстінде болады. Баланың саусақтарының ұсақ бұлшық еттерінің дамуы нәзік қимылдарды орындауға мүмкіндік береді. Соның бастауыш сынып жасындағы балаларды жазба жұмыстарымен көп айналыстыруға, әсіресе көшіріп жазуға көп уақытын жіберуге болмайды.
Ал физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда бастауыш мектеп жасындағы балалардың жүйке жүйесі жетіле түседі, мидың үлкен жарты шарының функциялары қарқыны дамиды, ми қабығының талдау және жинақтау функциялары күшейеді. Ми клеткаларындағы қозу мен тежелудің өзара мөлшері (оң және теріс индукцияларының өзара көлемі) күрделі қызмет атқарады. Әсіресе, балада теріс индукцияның негізінде болатын тежелу үстем болып, осының нәтижесінде бастауыш сынып оқушысы өзін - өзі меңгере алу, керек жерде өзін - өзі тежей алу мүмкіндігіне ие бола басайды. Дегенмен, бұл толық жүзеге асты деу қиын, себебі бала кейде ойланбай қолайсыз іс жасап қоюы ықтимал. Бала дамуындағы мұндай анатомиялық – физиологиялық ерекшеліктерді білу, оқу – тәрбие процесін тиімді ұйымдаст ыруға мүмкіндік береді.
Жекелеген психикалық процестің қарқынды дамуы баланың бастауыш мектеп жасында жүзеге асады. А.Н. Леонтьевтің пікірінше, жүйелі түрде білім алуға көшу бастауыш мектеп жасындағы балалардаң қабылдауы, ойлауы, жалпы психикасы өзгереді. Бастауыш мектеп жасындағы балалардың қабылдауы тұрақсыздығымен, бытыраңқылығымен, соеымен қатар, зеректілігімен, балғындылығымен, білуге құмарлоығымен көзге түседі.
Алайда, 7 жастағы баланың қабылдауы мектепке дейінгі жастағы баланың қабылдауына қарағанда едәуір қалыптасқан (көзінің көргіштігі, құлағының естігіштігі т.б.). Бірақ әлі де болса қабылдауында жеткіліксіз жақтары кезедседі. Мысалы, кейбір оқушылар қазақ тіліндегі «н – ң», «ұ – ү», «ы – і», «х – һ» дыбыстарын ажырата алмай қиналады. Бұдан 7-9 жастағы балаларда талдау қызметі әлі жете қалыптаспағанын байқауға болады.
Сондай – ақ бастауыш сынып жасындағы балалар кеңістік пен уақытты қабылдауда қиналады. Мысалы, ұзындығы бірдей бағаналарды әртүрлі арақашықтықта орналастырып, баладан алыстағы бағаналардың ұзындығы, қасындағы бағанадан ұзын ба, қысқа ма деп сұрағанда, ол қысқа деп жауап берген. Сондықтан М.М.Мұқановтың пікірінше, мұғалім бәлендей нәрсені сабақта балалрға көрсеткенде, сол нәрсенің нендей қасиеттеріне мән беру қажеттігін айтып, қандай нәрсеге назар аударуды ескертіп отыруы қажет. Оның ойынша, қабылдау кезінде бір обьектінің қасиеттері өзге обьектінің қасиеттерімен салыстырылып отырса, бала қабылдау кезінде ойланып, ненің негізгі, ненің екінші дәрежедегі қасиет екенін ажырата білетін болады.
Сонымен арнайы дұрыс ұйымдастырылған оқу – тәрбие процесінің барысында бастауыш сыныптың аяғына қарай баланың қабылдауы нығайып, тереңдеп, біршама жинақы болады.
Ал бастауыш мектеп жасындағы балалардың зейініне тоқталатын болсақ, алғашқы кезде оларда ырықсыз зейін басым келеді де, бала өзіне қызық, бояулары анық заттарға көп назар аударады. 2-ші, 3-ші сыныптарда ырықсыз зейін ырықты зейінге ауысады. Бала біртіндеп енді жай сырттай тартымды заттарға ғана емес, қажетті нәрселерге зейінін бағыттап, оны тұрақтандыруға үйренеді.
М.Мұқановтың ойынша, баланың ырықты зейінін дамыту үшін, мұғалім баланың істейтін жұмысын нақты етіп түсіндіріп, тапсырманы қалай орындаудың жоспарын көрсетіп отыру қажет. Тек сонда ғана бала осындай нұсқаларды орындауға зейінді болуға ұмтылады.
Бастауыш мектеп жасындағы оқушыларда бір доминтананың сақталу уақыты да, яғни зейіннің орнықтылығы да көп болмайды.Сондықтан А.А.Люблинская «баланы қабылдауға үйрету керек, бұл үйрету анализ бен жалпылауды жетілдіруге бағытталуы қажет, қабылдауға үйретуде сөзді кірістірудің рөлі зор дейді».
Психологиялық зерттеулерде ес және жад ұғымдары кездесіп отырады. Бұл М.М.Мұқановтың ойынша, нақты берілген тапсырманың мақсатына қарай анықталады. Мысалы, бір жағдайда берілген тапсырманы сол түп нұсқасын айнытпай жадта қалдыру қажет болса, екінші жағдайда тапсырманың мән мағынасын өз сөзімен, ғана айтып беруге болады. Бұның өзі баладан әртүрлі міндеттер мен психикалық әрекеттерді талап етеді: егер түп нұсқасын айнытпай есте қалдыру жад процесіне байланысты келсе, өз сөзімен айтып беру ес процесіне жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |