Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев


Ахмедғали (Ахмет) Мәметов



бет12/13
Дата25.02.2016
өлшемі3.48 Mb.
#19703
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

20. Ахмедғали (Ахмет) Мәметов 1895 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданы (Астрахан губерниясының Талов қисымы) Қойтоғыт ауылында дүниеге келген. Тегі – Байұлына жататын шершек руының Сүйеніш бөлімі. Ахмет Мәметов жасынан әкесіне көмектесіп, жалданып мал бақты. Өз бетінше оқып, сауат ашты, жәдид мұғалімдер ашқан бастауыш ибтидай, орта рушдия медреселерінде оқыды. Елдегі көзі қарақты адамдар қауымының көмегімен 1910 жылдар шамасында Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға түсті. Медресе шәкірттерімен бірге төте оқулық «Әліппе» оқу құралын, Ғұмар Қараштың «Бала тұлпар» өлеңдер жинағын шығарысты. 1912 жылы Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетінде алғашқы өлеңдерін жариялады. Ахмедғали Мәметов Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасынан 1912-1914 жылдары «Кеңес», «Ғибрат» өлеңдер жинақтарын шығарды.

1914-1915 жылдары «Айқап» журналында «Бір қазақ қызының әкесіне зары» өлеңі, «Тарих исламынан» әфсана өлеңі жарық көрді. 1915-1917 жылдары «Қазақ» газетінде «Тілегім», «Көңіліме», «Су жағасында», «Алашқа сәлем» өлеңдері жарияланды.

1915 жылы «Қазақ» газеті басқармасы тарапынан қаржылай көмек берілді. Ақыры қаржы қиындығына байланысты Орынбордағы «Хұсаиния» медресесіне ауысып, осы оқу орнын тамамдады. Бұл жылдары Шәңгерейдің мәдени ықпал аясында болды, ақынға еріп Тайпақ, Жымпиты өңірін аралады, Алаш қозғалысына үн қосты.

1916 жылы дүрбелең тұсында босқыншылыққа шығарған қырғыздарға көмек беру жөніндегі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Жәнібековтермен бірге 1917 жылы маусымда «Қазақ» газетінде қазақ еліне үндеу тастады. 1-інші Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысқан бір топ зиялының жалпықазақ съезін Ташкент қаласында өткізу, Алаш автономиясына Түркістан өңірін қосу туралы ойын қостады. Ақпан революциясынан соң Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ішкі (Бөкей) ордадан бөкейлік оқығандарымен бірге 1917 жыл Ташкентке келіп, «Алаш» газетіне автор болды. 1917-1918 жылдары «Бірлік туы» серіктестігіне кірді, Сұлтанбек Қожанов редактор, Мұстафа Шоқай шығарушы болған «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істеді. Педагогикалық тақырыпта мақалалар, азаматтық әуенді өлеңдері жариялады.

1917 жылы ағартушы-мұғалім Ахмет Балғымбаевтың қызы Гүләйім Байгуринаға арнаған «Г-ді жұбату» атты өлеңі шықты. Ақындық жолы Шәңгерей Бөкеев поэзиясының сыршылдық жағына еліктеуден және жәдидтық оқу-білім игеру, әйелдер теңдігі т.б. тақырыптардан, сондай-ақ әлеуметшіл, алашшыл сарындардан тұрады.

Ахмедғали Мәметов өлеңдері 1918 жылы «Абай» журналындағы «Екеу» (М.Әуезов, Ж.Аймауытов) мақаласында жоғары бағаланды. «Ғалия» медресесінде оқыған жылдары қаржы тапшылығын көрген. Жаз кезінде Сібір жаққа барып, мұғалім болған.

1918 жылдың күзінде Түркістан мұхтариаты (Қоқан автономиясы) большевиктер тарапынан қуып таратылғаннан кейін «Ойыл уәлаятына» келді. Ойыл облыстық земство басқармасында жұмыс істеді.

1918 жылдың жазында Орал қаласынан Жымпитыға, облыстық земство басқармасына баспахана жеткізу ісімен айналысты.

1919 жылдың қаңтарында Қаратөбеде өткен облыстық земство басқармасы жиналысының баспасөз органын шығару жөніндегі шешіміне сәйкес, «Еркін қазақ» газетінің уақытша шығарушысы болып тағайындалады.

1919 жылы 26 қыркүйектен бастап бұл газеттің бірнеше нөмірін шығарады. Осы шамада Жымпитыда тұратын судья Күсепқалиевтың қызы Әминаға (Әмина Мәметова) үйленеді. Батыс Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін, оның қайраткерлерімен бірге Орал қаласына келеді.

1920 жылы РК (б)П қатарына қабылданады. Орал губревкомының үгіт-насихат бөлімінің қызметкері болып істейді. 1920 жылы ақпанда Доссордан Орал қаласына мұнай тасу кезінде Мәметовке қазақ ауылдарына түсінік жұмысын жүргізу, қаазқша үндеу, прокламациялар шығарып тарату міндеті жүктеледі. 1920 жылы көктемнен Жымпиты уездік ревкомының халық ағарту бөлімінің қызметкері. Сауатсыздықты жою ісімен айналысты, М.Жолдыбаев, Ш.Жантілеуовпен бірге халық ағарту бағдарламасын жүйелеу комиссиясының құрамына кірді. Уездік атқару комитетінің татар-қазақ бөлімі шығарған «Яна фикер» газеті тоқтағаннан кейін оның баспаханасы негізінде қазақша уездік «Ерік» газетін шығарды. Таралымы үш мың дана газеттің жеті нөмірі жарық көрді.

1920 жылдың жазы мен 1921 жылдың көктем аралығында Орал облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы. 1921 жылдың көктемде М.Шомбаловтың Бөкей губерниясы комитетінің төрағасы болуына байланысты Ордаға қызметке ауысады. 1921 жылы 19 мамырда Бөкей губкомы төралқасы мен Бөкей губерниясы 6-ыншы съезі фракциялық бюросының біріккен мәжілісінде баламалы негізде ұсынылған алты кандидаттың ішінде басым дауыс алып, губаткомның төралқасына мүше болып сайланады. Сол жылы маусым айында баламалы негізде Бөкей губерниясы РК (б) II комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып сайланады Сәл кейін бұл қызметтен босатылып, Н.Манаев, Ғ.Мұсағалиев, Л.Атаянцпен бірге губерниялық партия комитетінің жаңадан ұйымдасқан органы – апталық «Сәуле»-«Рассвет» газетінің редакция алқасының мүшесі болып сайланды. 1921 жылдың қыркүйектегі РК (б) П қатарын солшыл партиялар мен Алашордашылардан тазартуды ұрандатқан саяси науқан кезінде Бөкей губкомының арнаулы комиссиясының шешімімен «Алаш партиясында болғаны және патша тұсындағы Бөкей Уақытша кеңесінің құпия кеңесшісі М.Шомбалов тобына қатысқаны үшін» РК (б) ІІ қатарынан шығарылады.

1922 жылы Саратов қаласындағы жұмысшы факультетінің тыңдаушысы. 1923-1927 жылдары Саратов университетінің медицина факультетінің студенті. 1927-1928 жылдары Маңғыстау өңірінде дәрігерлік қызметте.

1929-1930 жылдары Семей округтік денсаулық сақтау бөлімінің кәсіподақ-сақтандыру жүйесінің инспекторы. 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланған Исатай-Махамбет көтерілісі жайындағы мақаласы әлі күнге осы тақырыптағы толымды да терең еңбектердің бірінен саналады.

1930 жылы Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастыруға шақырылды, осы институттың алғашқы директоры болды. Гигиена, тері-жұқпалы аурулар, олардан сақтану жөнінде жазылған 20-ға тарта кітапшаның авторы. 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 30-жылдардың орта шенінде Алматы қалалық ауруханасында дәрігер. 1937 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалады. «Бұрынғы Алашорда қайраткері, Орал облатком төрағасы Хасен Қошанбаевтың антисоветтік тобының мүшесі» деген айыппен 1938 жылы 11 қарашада КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы көшпелі сессиясының («үштік») қаулысымен атылды [238]. 1958 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының қаулысымен ақталды [239].

Батыс Алашорда қайраткері, Бөкей өңірінде Алаш қозғалысына қатысушы, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер.




Қорытынды

Еліміз тәуелсіздігінің екінші онжылдығына қадам басты. Тарихымыздың ақтандақ беттерін толықтырып, жаңартудың дәуірі келді. Орынсыз жала жабылып, жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялыларының ақталып, олардың еңбектерінің рухани мәдени айналымға қосылуы жаңаша пайымдауды қажет етеді.

«Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы – бірнеше құрамдас бөліктерден тұратын күрделі ұғым. Біріншіден, олар – саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақ мемлекеттілігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі). Осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді.

Алашорданың Батыс бөлімінің басшылары Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер ұлттық бірлік саясатын таңдап алды, олар қазақ жұртын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақырды. Осы идеямен қаруланған Алаш азаматтары аз уақыт болса да, ұлан-байтақ қазақ топырағында Алашорданың Батыс бөлімін құрып, миллион жарым қазақты біріктіріп, ел басқарды, сөйтіп, халықты бүліншіліктен, құрып кету қаупінен сақтады.

«Азамат соғысы жылдарында (1918-1920ж.ж.) Алашорда Кеңес үкіметіне жау күштермен сыбайлас болды» деген ниеттегі большевиктер билік басына келгеннен кейін, Алаш пен Алашорданы тарих бетінен өшірудің барлық амалдарын қолдады.

Ұлт-азаттық қозғалыс ХХ ғасырдың басында қарқынды даму жолынан өтті. Жаңа өндірістік қатынастардың енуімен бірге отарлық езгінің күшейе түсуі елдің әлеуметтік- экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалын ширықтыра түсті. Отаршылдыққа қарсы күрестің осындай ұлттық негіздері бірінші орыс төңкерісі, жас түріктер, жас парсылар, қозғалысы сияқты аймақтық қоғамдық-саяси сілкіністердің ықпалымен біртұтас шеп құрған ұлт-азаттық қозғалысқа айналды. Ұлт-азаттық күрес идеологиясы түркі халықтары зиялы қауымының ілгерішіл идеясын одан әрі дамытқан қазақ оқығандарының ағартушылық қозғалысы барысында қалыптасты. Ұлт-азаттық қозғалыстың мақсаттары мен міндеттері күрес үстінде нақтыланып, айқындала түсті. Мәдени-ұлттық автономия құқықтарды талап етуден басталған ұлттық саяси ой қысқа мерзімде мемлекеттік тәуелсіздіктің идеологиясын негіздеген кемел саяси күшке айналып үлгерді.

Жалпы ұлт-азаттық қозғалыс екі (XVIII ғ. соңы, XIXғ. түгел, XXғ. басы) ғасыр бойы үзбестен жалғасып жатты. Бұл ұлы күрес, қазақтың ұлттық бірлігін нығайту идеясын ту етіп ұстаған зиялы қауым ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етті.

«Алаш» қозғалысы басшылары өздерінің басты мұраты – қазақ халқының ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи мұрасын қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санады. Алаш қайраткерлері халықты аман сақтауға, оны азамат соғысына байланысты елде етек алған апаттан қорғауға тырысты.

Ұлттық мүдде үшін күресте большевиктік үкіметпен бетпе-бет келген Алаш қозғалысы саяси ауқымының кеңдігімен, мәселені жалпыадамзаттық құндылықтарға сай барынша демократиялық тұрғыда қоюымен ерекшеленді. Гуманистік көзқарастағы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған алаш қайраткерлерінің ұлттық шеңберде оқшауланып қалмай, бұрынғы Ресей империясындағы саяси күштердің арасында танымал болуы да ұлт-азаттық қозғалысқа жаңашылдық, ілгерішілдік сипат берді. Ал олардың ұлт саясатын жүргізудегі ортақ тіл табуға бейімділігі, айрықша икемділігі Қоқан қырғынындай әлеуметтік апатқа жол бермеді.

Қазіргі уақытта бұл құбылыстарды танып-білудің қажеттілігі арта түсуде. Ондай қажеттілік тудырып отырған себептер де аз емес. Ең бастысы – Кеңес Одағыынң ыдырауына байланысты түркі халықтарының дамуында жаңа кезеңінің басталуы еді. Түркі халықтарының тәуелсіздігін ендігі жерде нақты мазмұнмен толықтыратын уақыт жетті.

Қазақстанның тәуелсіз даму жолына түсуі ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың бастауында тұрған тарихи құбылыстарға назар аударуға мүмкіндік береді. Оның алғашқы тәжірибесі ретінде отандық тарихта Алашорда үкіметіне ерекше маңыз береді.

Кезінде қазақ халқының зиялылары патша тағынан түскеннен кейінгі ахуал қандай бағыт алмақ деген мәселеге тірелді. Олардың ақыл-ойлары мен күш-жігерлері енді осы істің төңірегіне шоғырланды. Әрине, ұлт жақсыларының Ресейдегі осы аласапыранды пайдаланып, қазақ елінің тәуелсіздігін іске асыруды көздегені заңды құбылыс еді.

Адамзат тарихы әлденеше рет дәлелденгендей, ұлттың бірлігі, қоғамдық күші, халық рухы сын сағаттарда сыналып, шыңдалады. Батыс аймақ 1917 жылға дейін буырқанып атылғалы тұрған жанартау іспеттес күйде еді. Саяси күрестің нағыз қызған, халықтың отарлық езгіге өшпенділігінің шираған кезеңі болатын.

Қазақ елінің дербес шаңырақ көтергенін большевиктер де, Кольчак та, Деникин де қолдамайтындығын уақыт көрсетті. Сондықтан да теңдік ұранын көтерген большевиктерді ұлттық тәуелсіздікке жетудің соңғы үміті деп есептеп, қазақ зиялылары Кеңес үкіметі жағына шыға бастады.

Дейтұрғанмен, Кеңес өкіметі «Алаш» қозғалысының халық арасындағы беделін, үлкен әсерін түп-тамырымен құрту мақсатында Алаш партиясы мен қозғалысының жетекшілеріне, оның ішінде Батыс бөлімінің басшыларына да қарсы төрт толқынды соққы берді:

– 1920 жылы алаш қайраткерлері елден аластатылды (басқа жерге еріксіз көшірілді);

– 1928-1932 жылы Алаш көсемдеріне арналып, сот процестері өткізілді. 47 адам тергеу астында болып, оның отыз бесі әртүрлі жаза алады. А.Байтұрсынов бастаған 10 адам ату жазасына кесіліп, кейіннен ол он жыл қамаумен алмастырылды;


  • 1932 жылы Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бес жылға еркінен айырылып, Ресейге жер аударылды;

  • 1937-1938 ж.ж. «Алаштың» көсемдері түгелге дерлік «халық жауы» ретінде құртылды.

«Қазақ елінде Алашорда қозғалысының жеңіліске ұшырау себебі неде?» деген сауалға жауапты былай көрсетіп беруге болады:

бұқаралық сананың кемдігі;

– ішкі әлеуметтік негіздің жоққа тәндігі;

– зиялылардың-халықтық бастаушылардың арасында ауызбіршіліктің болмауы: алауыздық, бір-бірімен айтысып, өзара тіл табыса алмағандығы;

– тоталитарлық үстемдік орнатуға бағыт ұстанған күштердің халықты тапқа, жікке бөліп, қырғынға ұшырату әдісін қолдануы;


  • кейбір елді соңына ерткен адамдардың мансапқорлық дертіне ұшырауы, сайып келгенде, олардың қызыл империя әмірін орындаушы – қолшоқпарға айналуы.

1917 жылғы қос төңкеріс аралығында ұлт-азаттық қозғалыстың мемлекеттік құрылым үлгісін таңдауы мәдени-ұлттық автономия, ұлттық-территориялық автономия, өзін-өзі билеу сияқты сипаттық өзгеріске түсті. Осындай өзгерісті ұлттық күштердің бірігу идеясын да бастан кешірді. Ақпан төңкерісіне дейін отаршылдыққа қарсы, діни белгіге негізделген жалпымұсылмандық бірлік идеясы үстем болып келсе, одан кейін этникалық белгілер бойынша жалпытүркілік бірлік идеясы алдыңғы орынға шықты. Ал Қазан төңкерісінен соңғы қалыптасқан тарихи жағдайда ұлттық дербестенуді көтермелеген ұлттық-территориялық тұтастық идеясы ұлт саясатының басты бағытына айналды. Осы кездегі Алаш қайраткерлерінің біртұтас қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы жан-жақты ойластырылған әрекеттері өзінің алға қойған саяси мақсаттарын одан әрі жалғастырумен маңызды. Ұлттық автономияның пролетариат диктатурасына негізделген кеңестік моделі қазақ топырағында алғаш рет іске асып, ұлт-азаттық қозғалыстың тегеурінді ағымын басқа арнаға бұрудың тәсілі ретінде сыннан өтті. Мәскеулік орталық үкімет 1918 жылдың бірінші жартысында ұлт аймақтарына жүргізілген саясатының сынақ алаңына айналған Түркістан тәжірибесін Алаш қозғалысына да қарсы қолданды.

ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан жеріндегі саяси қозғалыстар, елдегі ахуал сол кезеңде атқарылған істер отандық тарихта ерекше орын алады.

Өткен тарихымызға зер сала қарасақ, Алаш қозғалысының тарихы мен еліміздің бүгінгі тарихи шындығы арасында өзара байланыс пен сабақтастықтың болуы заңдылық. Бұл сабақтастықтың өзегі – ұлттық мемлекеттілік мәселесі.

Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі геосаяси жағдайы, көпұлтты құрамы, этникалық сананың және ұлттық идеялардың жаңғыруы мемлекеттіліктің даму тарихын терең, жан-жақты, еркін зерттеу мәселесін қажет етеді. Ғасырдың басында Алаш ұлттық либералды-демократиялық қозғалысының жетекшілері қазақ өлкесінің Ресей Федерациясының құрамында автономиялық басқару ретіндегі ұлттық-мемлекеттік құрылымының негізгі принциптері мен идеяларын ұсынды.

Алашорданың Батыс бөлімінің қайраткерлері мынандай ерекшеліктерімен көзге түсті:

– ұйымшылдыққа негізделген нақтылы саяси бағыт - платформа жасалды;

– ұлттық-территориялық автономия құру үлгісін іс жүзіне асырды;

– анархияны, бүліншілікті болдырмау, халықты зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында қатаң тәртіпке негізделген үкімет билігін орнатты;

– басты әрі қауіпті жау – Жайық казактарынан қорғанудың негізгі әдісі ретінде большевизмге қарсы позиция ұстанды;

– Автономияны сақтап қалу жолында көршілес әскери және саяси күштермен, мемлекеттік құрылымдармен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізді;



  • ұлттық әскери бөлімдерін жасақтау мен офицер мамандарын даярлаудың тәжірибесін жүзеге асырды.

Әрине, Алашорда қозғалысының алдына қойған мақсаты, яғни қазақ облыстарының ұлттық автономиясын жариялап, халықтың өзін-өзі басқару үшін жалпыға бірдей тең, жабық, жасырын дауыс беру жолымен төменнен жоғарыға дейін басқару органдарын сайлау, өздерінің милиция жасақтарының (әскерін) құру большевиктер позициясына мүлдем қарсы еді, ал бұндай идеяны Уақытша үкіметтің өзі де қолдай қоймайтыны белгілі-тін. Тіпті тыйым салатын мәселелерді ашықтан-ашық талқылап, шешім алғанның өзінде де оларды іске асырулары мүмкін емес еді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыста қалыптасқан халық бірлігі идеясы жаңа ғасырда жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Ендігі міндет – суперэтностар мен ғаламдық мәдени өркениеттер кешені арасында терезесі тең саясат жүргізуі үшін түркілік негізде бірігу. Ал тәуелсіздік жағдайында өткен күннің тарихи сабақтарын зерделеу бүгінгі күннің нақты іс-әрекетінің мазмұнын байыта түсері сөзсіз.

Қорытындымызды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына бір сөзімен түйіндегенді жөн санадық: «Кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді» [140].

Жаһанша Досмұхамедов – қазақ халқының өз заманындағы зиялы қауымының қатарында, қазақ халқының тәуелсіздігін, өз алдына тәуелсіз ел болуын армандаған және осы арман жолында бірталай тер төккен азаматтардың бірі. Оның Халел Досмұхамедовпен бірге Күнбатыс Алашордасы, қазақ халқы үшін істеген істері 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістерді ақтауы және тағы да басқа жасаған еңбектері Ә.Бөкейханов, Құрамысов, Жүргенов секілді танымал адамдардың істерімен бірге пара-пар десек қателеспейміз.

Бірақ кезінде Жаһанша Досмұхамедов тарихта халыққа теріс насихатталып, «ұлтшыл» деген атпен келген.

Оның Ресей Кеңес үкіметінің қол астына кіруі туралы деректі үш ай сарыла күткенін, одан еш нәтиже шықпаған соң Оралда билікті қолдарына ұстап отырған орыс-казактарымен Қазақ автономиясын тану туралы келісім жүргізуге мәжбүр болғандығы жайында айтылмаған. Және де Жаһанша Досмұхамедов өз заманының жоғары дәрежелі заңгері болған, оған оның Томск қаласында адвокаттық жұмыстан бастап, аз жылдың ішінде прокуратураның орынбасары қызметіне дейін өсуі себепші бола алады. Бір сөзбен айтқанда, Ж.Досмұхамедов өз халқының өз алдына тәуелсіз ел болуы, өз жеріне, суына, жер асты байлығына өз алдына қожа болуды армандаған және осы жолда көптеген істер істеген қазақ халқының ер ұлдарының, біртуар жандарының бірегейі.

Бүгінгі таңда Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына 20 жыл уақыт жуықтады, бұл істелген, атқарылған жұмысқа қарасақ, бірталай жыл сияқты, ал алда тұрған атқаратын істерге қарасақ, өте аз уақыт.

Тарихта ештеңе ұмытылмақ емес, олай болса, 1921 жылы өлтірілген ақын, философ Ғұмар Қараштың мынандай жыр жолдарын ұсынамын:

Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі, шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?

Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,

Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

Талас қойып, ынтымаққа кіргендігін,

Бір жолменен, бір бағытта жүргендігін

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ-дәулеті туып, өсіп, балқығанын

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?


Өткен кезде Алаштың жетекшілерінің, олардың қостаушыларының, қазақтың жаңа қалыптаса бастаған ұлттық интеллигенциясының тақсіретті трагедиясы осындай болды. Олар арманда кетті.

Бүгінде еліміз тәуелсіздігін алды, тарихтың беттері сараланып, мұрағат материалдары көтеріліп, тарихи деректі мәліметтер жарыққа шығуда. Батыс Қазақстан облысындағы Орал педагогикалық колледжіне Жаһанша есімі берілді (1999 жыл).


Алаш қайраткері, Күнбатыс Алашорданың басшысы Жаһанша Досмұхамедовтің өмір жолы, атқарған қоғамдық, мемлекеттік істерінің кестесі
1887 ж. Жаһанша Досмұхамедов дүниеге келді.

1893-1895ж.ж. Жымпиты уезіндегі Приходская школада оқыды.

1897-1898 ж.ж. Оралда дайындық класында оқыды.

1899-1905 ж.ж. Орал әскери-реалды училищесінде оқыды.

1905-1906ж.ж. Училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын курстан өтті.

1906-1910ж.ж. Мәскеу университеті заң факультетінің студенті.

1911ж. «Уральский листок» газетінің 3 номерінде «Несколько слов о киргизком обычном праве и народном суде» мақаласы басылды.

1911-1917 ж.ж. Оралда, Барнаулда сот жүйесінде, Томск жолдас-прокуроры.

1917ж. наурыз Орал облыстық Қазақ атқару комитетінің мүшесі.

1917 ж. Орал облысы қазақтарының Құрылтайында төрағалық етті.

19-22 сәуір Осында 20 адамнан тұратын қазақ комитеті сайланып, оның төрағасы болды.

1917 ж. 20 сәуір «Орал облысы далалық бөлігін басқарудың уақытша ережесі» (100 баптан тұрады) туралы Құрылтайда баяндама жасады. Аталмыш Құрылтай Жаһанша Досмұхамедовке Мәскеуде өтетін мұсылмандар Құрылтайына жолдама берді.

1917 ж. 1-2

мамыр Мәскеуде Бүкілресейлік мұсылман Құрылтайы Жаһанша Досмұхамедовті Бүкілресейлік мұсылмандық Кеңестің атқару комитетінің мүшесі етіп сайлады.

1917 ж.

21-26 шілде І Жалпықазақтық Орынбор съезі қазақ саяси партиясы «Алаш» құру туралы шешім алып, осы саяси ұйымның бағдарламасын жасауды Жаһанша Досмұхамедовке жүктейді.

1917 ж.

5-13желтоқсан Орынборда өткен 2-жалпықазақ съезінде ұлттық милиция, ұлт кеңесі т.б. проблемалық мәселелер туралы баяндама жасады. Жаһанша Досмұхамедов қазақ ұлттық автономиясы үкіметі – «Алашорданың» ұлттық кеңесінің құрамына мүше болып сайланды.

1918ж.ақпан Қаратөбеде өткен Орал облысы қазақтарының 3-ші съезінде Жаһанша Досмұхамедов қазақтың өзін-өзі басқаруы туралы баяндама жасады.

1918 ж. 21 наурыз «Алашорда» Ұлттық кеңесі (өкіметі) қазақ-қырғыз істері туралы Мәскеудегі Кеңес үкіметі жанындағы комитетінің қазақ жұртының өкіл-елшісі етіп Жаһанша Досмұхамедовті тағайындады.

1918ж.сәуір Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов Мәскеуде Кеңес үкіметінің басшылары В.И.Ленин, И.В.Сталинмен Алашорда және Кеңес билігі арасындағы қарым-қатынастар туралы келіссөздер жүргізді.

1918 ж.


17 сәуір Жаһанша, Халел Досмұхамедовтерді Саратов қаласынан (Мәскеуден қайтып келе жатқанда) Совдеп басшысы ұстап, абақтыға қамады, оларға Кеңес билігінің дұшпаны, ақ гвардия мен Орал казак- орыстарының жақтаушылары деп айып тақты (кешікпей оларды босатты).

1918 ж 18-21

мамыр Жымпитыда 4-ші облыстық қазақ съезі Жаһанша Досмұхамедовтің төрағалық етуімен 20 мәселе қарап, оның ең бастысы «Ойыл уәлаятының» Уақытша үкіметін құрып, басшысы-төрағасы етіп Жаһанша Досмұхамедовті сайлады. Оның орталығы Жымпиты болды.

1918 ж.


11 қыркүйек Уфа қаласында Алашорда басшылары бас қосып, Батыс Алашорда бөлімшесін құрды, оның басшысы етіп Жаһанша Досмұхамедовті сайлады. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің билігі Батыс Алашорда бөлімшесіне көшті.

1918 ж.


7желтоқсан Жымпитыда Батыс Алашорда милициясында бүлікшілер Жаһанша Досмұхамедов үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырды.

1919 ж.


жаз,күз айлары А. Байтұрсынов Алашорда басшыларымен келіссөз жүргізіп, олардан Кеңес билігін мойындауды талап етті. Жаһанша Досмұхамедов жыл аяғына дейін бұл тәртіпті орындауды кешеуілдетіп, ұлттық автономияны сақтаудың әрекеттерін жалғастыра берді.
1919 ж. күз Ақ гвардия Жайық казак-орыстары бірлестігі атынан генерал В.Толстов, Жаһанша Досмұхамедов үкімет билігін жою туралы шешім алды.

1919 ж.


20 желтоқсан Қызылқоғада Күнбатыс Алашорда земство және саясат, қоғам қайраткерлері бас қосып, онда Жаһанша Досмұхамедов ұлт автономиясының болашағы және Қызыл армиямен бірлесіп Орал казак-орыстарына қарсы күресу туралы шешім алды.
1920ж. қаңтар Жаһанша Досмұхамедов бастаған қазақ сарбаздары ақтардың Елек корпусын талқандап, Жайықтың шығыс бетінде Азамат соғысының аяқталуына жол ашты.

1920 ж.


5 наурыз Қырревкомның шешімімен Күнбатыс Алашорда таратылды. Қырғыз-қазақ өлкесі әскери-революциялық комитеті Кеңес билігінің қауіпті қарсыластары деп айыптап Жаһанша Досмұхамедовті және оның жақын серіктерін елден аластап, Ресейге жер аудару жөнінде шешім қабылдады.
1920-1921жж. Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуде «Скотовод» орталық басқармасында экономист болып жұмыс істеді.
1921 ж. Жаһанша Досмұхамедов аштыққа ұшыраған қазақ қалаларына азық-түлік жинау үшін Қаракөл, Тоқмақ, Түркістанға 500 пұт бидай жөнелтті.
1921-1929жж. Жаһанша Досмұхамедов Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында қазақ, Орта Азия зиялылары қатарында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие және халықты ағарту ісіне жұмылдырып, мәдениетке, өркениетке бет бұруға бағыттап, замана көшіне ілесудің жолдарын табуға күш-қайратын, білімін жұмсады. Қазақ-қырғыз білім комиссиясының құрамында белсенді жұмыс атқарды.
1930ж.30қазан Жаһанша Досмұхамедов Кеңес өкіметі әмірімен тұтқынға алынып, сот үкімімен 5 жылға концлагерге қамау туралы шешім алынды, кейіннен 1932 жылы ол үкім өзгертіліп, Ресейдің қаратопырақты облысына, Воронежге жер аударылды.
1938 ж. Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуде ауыр науқас күйінде (инсульт, денесінің жартысы істемейді, тілі кем) тұтқындалып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11- баптарымен ұлтшыл, контрреволюциялық ұйымның басшысы, өкіметке қарсы бүлік дайындауға қатынасқаны үшін ауыр жаза –атуға үкім шығарылды. 1938 жылы 3 тамызда атылып, Бутова зиратына жерленді.

1956ж. ҚСРО Жоғарғы сотының шешімімен Жаһанша Досмұхамедов ақталды, оған тағылған кінә негізсіз деп танылды.

1994 ж. Орал «Жаһанша» кітабы (авторы Ж. Ақбай) жарық көрді.

1997 ж. Орал қаласындағы педагогикалық колледжге Қазақстан Республикасы шешімімен Жаһанша Досмұхамедовтің есімі берілді.

2004 ж. Орал педагогикалық колледжі ғимаратының алдында Жаһанша Досмұхамедов ескерткіші бой көтерді.
2004 ж. Д.Д. Сүлейменова «Алашорда Батыс бөлімінің тарихы»,

2006ж. Р.Мажитов «Общественно-политическая деятельность Жанши Досмухамедова» тақырыптары бойынша диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет