Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев



бет5/13
Дата25.02.2016
өлшемі3.48 Mb.
#19703
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Тобанияз Әлниязов (1875 - ө.ж.б.) Ұлтжанды адам. Алашорда қозғалысының қайраткері. Кеңес үкіметінің солақай саясатын күшпен ұйымдастыруға қарсы күресті. «Елі Тобаниязды адайдың батыр-биі, тіпті ханы деп те құрметтейтін», – деп суреттейді өз еңбегінде Ж.Ақбай [98].

Одан кейін сөз алған Ахметше:

– Қадірменді Тобанияз мырзаның айтқан сөздері мен жасаған жомарттығы көптің ойынан шықты. Жаңа бастап құрылып жатқан жас мемлекетіміздің нығаюы мен өркендеуіне қолдан келген жәрдемімізді көрсету – бәріміздің ортақ борышымыз. Мен өзім қаржылай беретін көмегімнен басқа әскербасы мен офицерлерге мінетін 10 арғымақ беремін, үкімет шаруасына керекті жүктерді тасып беру шығынын өз міндетіме алып, керуен шығарамын, – деді.

Ахметше Көсепқалиев (туған, өлген жылы белгісіз) –тегі төре, арғы атасы Нұралы хан. Алашорданың Батыс бөлімінің үкіметін алғашқы күннен-ақ қолдаған. Үкіметке қаржылай көмек көрсеткен. 1928 жылы тәркіленіп, Жетісу жағына жіберілген.

Осы кезде қызып кетіп орнынан атып тұрған Шұғыл:

– Құрметті Жаһанша мырза, мемлекет әскеріне мінетін 50 жылқы беремін. Ал енді осы өңірдегі байлардың байы – мына отырған Қабыл, оның 2000 жылқы берсе де, түгі кетпейді. Менен анау отырған Мұхан мен Қоданбайдың да малдары әлдеқайда көп. Ауыздарыңа су толтырып алғандай неге үндерің шықпайды? Кәне, бәрің де беретіндеріңді салыңдар ортаға, – деп сөзін тамамдады.

Шұғыл қажы (туған, өлген жылы белгісіз). Аңқаты бойының №7 ауылында тұрған, діндар адам. Алашорда үкіметі жанындағы діндарлар Кеңесінің мүшесі болған. Алашорданың Батыс бөлімінің үкіметіне қаржылай көмек көрсеткен.

Қанша шығымсызданғанымен, ел алдында қатардан қалуға арланған байлар мен ауқаттылар бірінен соң бірі беретін малдарының санын айтып жаздырып жатты. Үкімет басшылары олардың барлығына да ризашылық сезімдерін білдірді.

Байлар мен ауқатты адамдардың төгіп салған көмегі, одан да артық ықылас-ниеттері мен қызу қолдаулары үкімет басшыларының көңілдерін шалқытып, жігерлеріне жігер қосты. Құрылтайдан кейін олар істеріне зор сеніммен кірісіп, белсенді қимылға көшті. Үкімет басқару ісі барлық салада жедел қарқын алды.

«Ойыл уәлаятының» әскерін құру, оны қаруландыру, офицер дайындау жұмыстарына Орал казак-орыстарының әскери үкіметі барынша көмек көрсетті. Жымпиты мен Ойылда Алаш армиясына офицерлер дайындайтын мектептер ашылды. Атты әскерге қазақ ауылдарының жастары шақырылды. Оралдың казак-орыстар отрядының үлгісімен ондықтардан жүздік, жүздіктерден полк құрылды. Сарбаздарды соғыс ісіне үйретуге ақ казактардың 15-20 офицері жіберілді. Әртүрлі жазбаларда олардың саны түрліше кездеседі, шынында, олар одан әлдеқайда көп болған сияқты. «Ойыл уәлаятындағы» 2000 сарбаздан құрылған атты әскери полкінің командирі полковник Белоусов, штаб бастығы подполковник Кириллов та Оралдың әскери үкіметінен жіберілгендер. Сондай-ақ көрші орыс қалаларынан алдырылған соғыс қаруларының да саны әр жерде әртүрлі жазылады, дәл санын айту қиын. Бірақ соғыс қаруларының барлық түрлері, пулеметтер мен винтовкаларды былай қойғанда, зеңбіректері де болған.

Әскер ісімен қатар елде ішкі тәртіпті нығайту мақсатында полиция құру да мықтап қолға алынған. Полиция бастығына патшалы Ресейде қаталдығымен атағы шыққан, Орал қаласының полиция бастығы, кейіннен Оралдағы әскери үкіметінің кезінде де сол жұмысын жалғастырып, 1918 жылдың басында Совдеп мүшелері тұтқынға алынғанда, ебін тауып құтылып кеткен өзінің немере ағасы Бақытжан Қаратаевты да таптырып алып түрмеге отырғызған, барып тұрған қанішер Арон Ахметұлы Қаратаевты тағайындаған.

Армия, полицияны ретке келтіргеннен кейінгі қауырт жұмыс елден салық жинауды үкіметтің салық жөніндегі комиссары Иса Көпжасаров мүлтіксіз іске асырған. Салық тек қазақтардан емес, қазақ ауылдарымен аралас қоныстанған украиндықтар мен орыстардан да алынған. Түтін басына 100 сомды «берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, күш көрсетіп алуға дейін барған.

Өзінің өкілетті үкіметін, армиясы мен полициясын құрып, қаражат қорын жасақтаған «Ойыл уәлаяты» ел басқару ісін жедел қолға алған.

«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің әкімшілік-территориясының құзырына Жайықтың бұхара жақ бетіндегі Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі, Ханкөл, Қосатар, Үйректікөл, Жезбұға, Жымпиты, Сабындыкөл, Талды, Қаратөбе болыстары және Ойыл, Тайсойған өңіріндегі Қиыл, Қарағанды, Құлынды, Жетікөл, Жекенді, 1-Ойыл, 2-Ойыл, Қазбек, Ақшатау, Тайсойған, Ақжал, Бестөбе, Қарашағыр, Жиренқұдық, Есбол, Кермеқас, Бұлан, Жарыпшыққан болыстары, кейіннен 5 «қарашекпендер» (орыс, украин қоныстанушылары) болыстары енген. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің қарауына, кейбір зерттеушілер жазып жүргендей, Бөкей ордасы, Маңғыстау, Ақтөбе атырабы ол кезде кіре қойған жоқ [99]. Уақытша үкімет құрамында Қуанай хазірет деп Хасан хазірет Нұрмұхамедов, Мәулімберді ишан тәрізді діндарлардан, Әнжан Жұбанәлин, Иса Көпжасаров сияқты елге сыйлы, ауқатты 10 адам бар арнаулы кеңес жұмыс істегені айтылды. «Ойыл уәлаятының» жоғары органы-уәлаяты Құрылтайы, халық сайлайтын басқару органы-земство управасы, мемлекет органы – Кеңес, мемлекет орган құратын атқарушы билік аппараты – Уақытша үкімет болды. Ал жергілікті өзін-өзі басқару органдары ауылдық, болыстық және уездік земство комитеттеріне бөлінді. Сондай-ақ уәлаяттағы заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында земстволық жиналыс сайлайтын құзіретті органдар-уездік соттар мен жергілікті милиция құрылды. Уәлаят бірнеше уезге бөлінді. Нақтылы мәліметтер бар: Жымпиты уезі (земстволық басқарма төрағасы-жоғары білімді ветеринар Бижан Жанқадамов); Жымпиты қаласы уәлаяттың орталығы ретінде белгіленді, сондай-ақ Ойыл уәлаяттық маңызы бар қала саналады, съезд сияқты өкілетті басқосулар осы екі қала ортасында оңтайлы орналасқан Қаратөбеде өткізілді. Жаңа ұлттық үкімет басшылары әскер жасақтау мәселесіне ерекше мән берді. Бүгінгі күнде «Ойыл уәлаятының» әскері тұрған жерге Жаһанша Досмұхамедовтің бел немересі Қуанышалиев Құдес 1998 жылы белгі тас орнатқан. 1918 ж. шілдеде Жымпитыда прапорщиктер, Ойылда юнкерлер мектебі ашылды.

Құрамын 2 мың адамға жеткізу белгіленген әскери жасақты «Халық милициясы» деп атады. Оған 18-30 жас аралығындағы, ұлты қазақ ер адамдар, негізінен, 1916 жылы майдан жұмысына барып келген жігіттер алынды. Киім үлгісі: шолақ татар шекпен, биік саптама етік, дөңгелек жиекті шошақ бөрік, иықта – жүздік нөмірі көрсетілген погон. Әскер жорыққа ақ ту ұстап шыққан, мұның өзі уәлаят милициясының жалпы Алашорда әскерлерінің құрамдас бөлігі ретінде жасақталғанын дәлелдейді. Уәлаяттың әскери жасағын Сабыр Сарығожин, Нәдірше Сұлтангерейұлы Есімханов басқарды, бас интендант міндетін Б.Атшыбаев атқарды. Уәлаят әскері офицерлерінің арасында Б.Қаратаевтың баласы хорунжий Мұрат Қаратаев, Мұхит Мерәліұлының немересі прапорщик Ғұбайдолла Мұхитов және т.б. бар.

Алайда Орал облыстық ІҮ қазақ съезінің бұл шешіміне Орал казачествосы әскери үкіметі тарапынан да, Самарада 1918 жылғы 8 маусымда құрылған Комуч (Комитет членов Учредительного собарния-Кеңес өкіметі таратып жіберген Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының мүшелерінен Самара қаласында құрылған үкімет) үкіметі тарапынан да, сол сияқты орталық Алашорда үкіметі тарапынан да қарсылықтар кездесті [100].

1917-1918 жылдардағы елдегі саяси жағдай Алаш зиялыларын бірден ұлттық автономия құруды қолға алуға итермелегені сөзсіз.

Әлихан Бөкейханов болашақ саяси бірліктің керектігін ұғындыру мақсатында: «Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдына дауыл, үй алдына жау келді.

Алаштың баласы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс. Алаштың басын қорғауға кіріс», – деп, аласапыранның алғашқы күндерінен-ақ қазақ жұртын ұлт дербестігі үшін бірлікке шақырады [101].

Қазақ жерін Алаш автономиясына біріктіру өте сауатты, жоғары саяси деңгейде, конституциялық құқықты жолмен жүргізіледі. Ұлт зиялылары «Алаш» партиясын құрып, Алашорда өкіметін жариялайды.

«Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының «Жергілікті бостандық» деген бөлімінде «Қазақ жүрген облыстарының бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Ресей Республикасының федерациясының бір ағзасы болуы, реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлес болуы, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы. Қайткенде де, осы күнгі земстволықты қабыл алуы» делінсе, келесі «Жер мәселесі» бөлімінде: «Ақмола, Семей, Торғай, Закаспийск, Жетісу, Сырдария, Орал облыстары жерлері мен Бөкей губерниясы және өзге қазақтар тұратын жерлері Алаш автономиясы құрамына кіреді», – деп атап көрсетеді [102].

Алайда қазақ жерін Алаш автономиясына біріктіру оңайға түспейді. Әсіресе жергілікті жерлерде орыс шаруалары мен қоныс аударушылар қатты қарсылық көрсетеді, қазақ жерін айқындау және оны автономия құрамына алу, сол кездегі ең шешуі қиын түйін еді.

Әлихан Бөкейханов бұл туралы: «Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде қазақ қым-қиғаш, мұжықпен аралас, қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, бұл қазақ атақонысынан көшпес, көшсе ақылсыздық болар, қазақ жерінің ең жақсысы – осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт бар» [103], – деп, дербес бөлінуді ерте санап, кейінге қалдыруы сол кездегі ең көреген саясат еді.

Осылайша қазақ жерінің Алаш автономиясына территориялық бірігуін ерте санаған алаш өкілдері бұл мәселенің қоғамдық-саяси және идеялық жағына баса назар аударды.

Алдымен олар Алаш өкіметін өзгелерге саяси тұрғыдан мойындату міндетін қойды. Осы мақсатта Уақытша өкімет пен Кеңестер өкіметі Сібір автономиясы мен Колчак өкіметімен қайткенде де келіссөздерге қол жеткізуге ұмтылады.

Азамат соғысы басталғаннан кейін Ресейдің өз ішінде және Қазақстан территориясында құрылған кеңестік билік құлатылып жатты. Нәтижесінде Ресейдің Қазақстанға жақын жерлерінде жаңа үкіметтік құрылымдар құрылды.Олар:

1) Самара қаласында құрылған (Комитет членов учредительного собрания-Комуч); 1918 ж.маусым

2) Омбыда құрылған Сібір үкіметі (Уақытша бүкілресейлік үкімет);

3) 1918 жылғы қыркүйекте құрылған «Уфа директориясы»(Уфимская директория).

К.Нүрпейісов өз еңбегінде азамат соғысының басталу кезеңін былай суреттейді:

«Ресей контрреволюциясының чехославак корпусының бүлігі нәтижесінде Сібірдің, Қазақстанның солтүстік шығыс облыстарында Кеңес өкіметінің құлатылуын басқа да пролетарлық емес партиялар сияқты Алаш партиясы да қанағаттанарлық сезіммен қарсы алды. Алаш көсемдері бүкілқазақстандық екінші қазақ съезінде құрылғандығын жариялаған Алашорда шын мәніндегі орталық үкімет етіп және оның жергілікті органдар жүйесін қалыптастыру ісіне белсенді түрде кірісті. Осыған дейін қазақ мемлекеттілігі (Алаш автономиясы) мәселесі жөнінде Кеңес өкіметі тарапынан түсіністік таппаған Алаш партиясының жетекшілері енді Самарадағы эсер басшылық жасаған Комучке, Омбыдағы Сібірдің ақ гвардияшылар Уақытша үкіметіне, Уфа директориясына сеніп артып, олар Алаш автономиясын біртұтас ұлттық мемлекет ретінде мойындайды деп дәмеленеді.

Сондықтан да осындай, кең көлемді азамат соғысы басталған және Қазақстанның көпшілік аудандарында Кеңес өкіметі құлаған жағдайда, Алашорда жоғарыда аталған Кеңеске қарсы үкіметтермен жақындасып, Орал, Сібір және Жетісу казачествосымен тығыз байланыстар орнатты» [104].


3. Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ мемлекеттілігінің болашағы туралы идеялары. (1918-1920) жылдар
Осы кезде Орал казактары «Ойыл уәлаяты» басшыларын азаматтық қарсыластықта өздерінің белгілі орнын табу қажеттілігін айтып, олардың Орал казак әскери үкіметімен ерекше келісімшарт жасау керектігін ұғындырады [105].

Бұл – ең бірінші Алашорда мүшелерінің орыс контрреволюциясымен жасасқан шарты. Бұл кезеңде Жаһанша Досмұхамедов майдандасты отырған елді текетірескен күштердің шапқыншылығынан, тізе батыруынан қорғау позициясын ұстанса да, ақтар жағына бүйрегі бұрады, большевиктер ойға алған тузем қазақтың ұлттық мүддесіне қиғаш келетінін түсінеді. Сөйте тұра майдан шебі уәлаят шекарасынан тыс тұрғанда өздерінің екі жаққа да бейтарап қалатынын, алайда казактар өздерін қорғау арқылы уәлаят шебін де қорғайтынын, сондықтан уәлаят үкіметі казак-орыс әскеріне күш-көлікпен, азық-түлікпен көмектесе алатынын, есесіне «Ойыл уәлаяты» қару-жарақ, әскери киім-кешек талап еткендіктерін мәлімдеді [106].

1918 жылы мамыр айында Жаһанша Досмұхамедов пен Орал казак үкіметі арасында бір-біріне деген сенімдік қатынас орнады. Жымпитыда өткен 4-ші Орал облыстық қазақ съезіне Орал қаласынан қарулы казак жүздіктері Жаһанша Досмұхамедов пен оның жақтастарын қорғауға әкелінді [107].

Осылайша, Орал казактарының әскери үкіметі мен «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкімет арасында бір-бірін таныған келісім орнайды [108].

Казактармен қақтығыс сол кезде қазақтар үшін өте тиімсіз болатын, осыны ескерген, «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Орал әскери үкіметімен одақтық шарт жасауға мәжбүр болды. Шарттың негізі төмендегідей басты баптардан құралды:

1. Қызылдар казактарды өз территориясынан ысырған жағдайда, Алашорда үкіметі казак әскерлеріне, олардың босқындарына пана береді;

2. Қазақ әскери бөлімдері казактар майданындағы ұрыстарға қатыспайды және тек өз территориясын ғана қорғайды;

3. Казактар даланың ішкі өміріне араласпайды және Қазақ үкіметіне қару-жарақ, әскери жабдықтар мен көмек көрсетеді.

Осы баптардың өзі көрсетіп отырғандай, қазақ үкіметі қазақ халқын, оның территориясын елдегі бүліншілік соғыстан қорғау жолында қызмет еткенін көруге болады [109].

Бекітілген шарттың осындай ережелері қазақтар үшін тиімді болды, өйткені сол кезде майдан шебі қазақ даласынан алыста болатын, сондықтан да Алашорданың қызыл Армиямен қақтығысуы мүмкін емес еді. Ал казактар далаға шегінген жағдайда оларды «Қалай қарсы алу» керектігін қазақтар жақсы білді және оны кейін іспен дәлелдеді де. Сонымен қатар келісімшарт жасалу фактісінің өзі Алашорда үкіметі автономиясының қас жауларының үнін өшіріп, басталған ұйымдастыру жұмыстарын ары қарай жүргізе беру үшін Қазақ үкіметіне азды-көпті қолайлы жағдай жасады, –дейді өз еңбегінде Т.Рысбеков.

«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Орал казактарының әскери үкіметімен қатар, Орынбор казактарының әскери үкіметімен де жақсы қарым-қатынас ұстанған. Илецк маңында жеңіске жеткен Орынбор казактарына «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі ерекше грамота жіберген, онда былай деп жазылған: «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі орынборлықтарды өз астанасын және Илецкая қорғанысын алғаны үшін құттықтап, ыстық сәлемі мен тілегін жолдайды. Алдағы уақытта казактардың ғасырлық еркіндігі мен Русьті жайлаған большевиктер індетінен құтқару күресінде табыс тілейді, – делінген. 1918 жылы 9/Ү. №178. Жымпиты селосы (маусым) [110]. Осы грамотада 1918 жылы мамыр айында Жымпиты селосында уақытша «Ойыл уәлаяты» үкіметі құрылғанын, осы үкімет Орынбор әскери үкіметіне жолсапарға өз кісілерін жіберіп жатқанын, олар: облыстық жер басқармасының бастығы Ихсан Топаев және бастауыш мектептің инспекторы Поручик Сперский, бұлар – «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі атынан бара жатқан үкімет адамдары, сондықтан Орынбор казактарының әскери үкіметі «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін танып, оған 10-15 офицер, 20 урядник жіберсе, жаңа құрылып жатқан әскерді үйретуге, әскерге керекті киім-кешек, қару-жарақтарды, өз басына ақшаға сатып берсе деген өтініштерін білдіреді. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқанын хабарлайды [111]. Осылай, Ойыл уәлаяты» басшылығы үкімет ретінде, сол кездегі құрылған көрші антикеңестік аймақтық үкіметтерге ресми түрде өздерін таныта білді. Күні кешеге дейін және Кеңестік дәуірде Жаһанша Досмұхамедов казактардың қол астында большивектерге қарсы күресті, ол хандық үкіметті аңсады деп келсе, бұның жаңсақ ой-пікір екенін бүгін де біз ашық айта аламыз. Оның себебі:

Батыс Алашорда үкіметінің ұйымдастыру жұмыстары қыза бастаған кезде, қазақтардың ұйымдасқанын көрген генерал Дутов Орынбор жағынан, Орал казактарының әскери (әскерлік) үкіметі екінші жағынан Қазақ автономиясы мен Алашорда үкіметіне қарсы науқан жүргізе бастады. Сол уақытта Дутов Орынборды алса, Орал казактары Қызылжар шабуылын тойтарып тастаған болатын.

Генерал Дутов: «Қазақ автономиясы – бір топ зиялылардың ойдан шығарған нәрсесі, егер осы бір топтың көзі жойылса, қазақтардың көпшілігі ақ патша билігін өздері-ақ сұрайды», – деп жаулық ниетін ашық білдірсе, ал Орал казактарының әскери үкіметі, оның төрағасы Фомичев тылдағы қазақтардан келіп отырған қауіп туралы жар сала бастады.

Чехословактардың Кеңестік Ресейге қарсы бүлігі басталған соң, 1918 жылғы маусым айында Самарада Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті құрылды. Оның территориясының шекарасы орта (Еділ бойы), Оңтүстік Орал және Екатеринбург губернияларын қамтыды. Комуч-басқарушы ведомствалар кеңесінің атқарушы өкіметінің негізінде заңды орган ретінде құрылды.

Комуч өкіметінің негізі түгел эсер партиясынан құрылды, тек еңбек ведомоствасының басында меньшевик И.М.Майский тұрды. 15 шілдеде Комучқа атаман А.И.Дутов пен Орал казактарының әскери үкіметі жақындасты, осы жылдың қыркүйек айының ортасында Комуч мүшелерінің саны 100-ге жетті. Олардың арасында Алаш партиясының мүшелері: А.Байтұрсынов, С.Досжанов, С.Қадырбаев, А.Бірімжанов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, У.Танашев, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, Н.Ипмағамбетов, Г.Әлібеков бар. Соның ішінде Жаһанша Досмұхамедов, Г.Әлібеков және Халел Досмұхамедов қазақ атқару комитетінің мүшелері атынан сөйлесе, ал қалғандары Алаш партиясы атынан болды [112].

Комуч басқа да облыстық үкіметтер сияқты бірден заң шығарушылықпен айналысып, өзін жалпыресейлік үкімет деңгейінде ұстауға тырысты. Ол ең алдымен большевиктерге қарсы күресті ұйымдастырды. 1918 жылы 8 маусымда № 2- інші бұйрық шығарып, «Халықтық армияны» жабдықтауға кірісті. Ал бір айдан кейін (басқа ұлттардан инородцев) армияға шақыруды (призыв) ұйымдастырып, әскери қызмет атқару үшін «Халықтық армияны» жабдықтауды қолға алды. 19 шілдеде Комуч ұлттық бөлімдер құрумен айналысты [113].

Комуч большевиктік Кеңестерді (Советтерді) таратты, 6 шілдеден бастап Құрылтай жиналысының шешімімен барлық жерлер жер комитеттеріне берілді, жергілікті жағдайды есепке ала отыра жұмыс істеу тапсырылды [114].

Комуч жалпы халықтың арасындағы үгіт-насихат жұмысына көп көңіл бөлді. Үгіт-насихат жұмысының мәдени-ағарту бөлімінде бөлек, басқа ұлт өкілдеріне (инородческий отдел) арнайы бөлім ашылды. Ол бөлім ұлтаралық қатынастарды реттеуге, орыс емес халықтардан «Халықтық армияға» әскер алуды, жергілікті комитеттердің материалдарын қарап, заңдастыру жұмыстарына көмек ұйымдастырды.

Оның Орал бөлімін В.А.Анзимиров басқарды [115], оның ықпал ету аймағына «Ойыл уәлаяты» және Жаңа өзен ауданы, Самар губерниясының қазақ ұлты мекендейтін жерлері енді. Бұл бөлім сондай-ақ Орал әскери үкіметімен, земствомен, кооперативтермен, кәсіподақтармен және басқа да ұйымдармен байланыс орнатты. 1918 жылдың 10 қыркүйегінен бастап, Орал бөлімін Д.И.Гаргер басқарды [116]. Дутовтың басқаруымен 25 шілдеде Комуч Торғай облысының басқарушысы қызметіне С.Қадырбаевты бекітеді, ал бұл адамды жеделхатта Ә.Бөкейханов Дутовқа хабарлаған болатын. С.Қадырбаевтың көмекшілері болып орыс және қазақ ұлттарының арасында О.Алмасов, пен Лабанов тағайындалады. Орал облысында Комучтың қызметін атқаруға Д.А.Барановский бекітіледі [117]. Сонымен Сібір үкіметіне қарағанда, Комуч өзінің бастапқы қадамынан-ақ ұлттық өкіметтермен жақын қарым-қатынас орнатқанын көреміз.

Комучтың мүшесі болған И.Майский өз естелігінде: «Самараға Сібір үкіметімен келісе алмаған қазақтар келіп, комитет өздерінің Алашорда мемлекетін саяси жағынан тануды және қару-жарақпен көмектесуді сұрағанын», – айтады [118].

Комуч тарапынан Алашорда үкіметіне және басқа да ұлттық басқару ұйымдарына өз өкілдерін жібереді, олардың шешімдерін қарауға, тіпті тоқтатуға дейін өкілеттілік береді. Бірақ «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Комучтың жалпыресейлік үкімет ретінде саясат ұстануына қарсылық білдіре отырып, өз саясатын өздері жүргізетінін баяндайды. 1918 жылы 7 шілдеде «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің басшылары Комучтың өкілі Барановскийдің Шыңғырлау уезін уәлаят басқаруынан алып, жергілікті басқару жүйесіне бергеніне қарсылық білдіреді. Ол жөнінде «Ойыл уәлаяты» Қаратөбе және Жымпиты облысындағы қазақ съезінің 1918 жылдың қаңтары мен мамырында шығарған шешімдері бар екенін айтады. Барановскийден өзі берген бұйрықтың күшін жоюды талап етеді. Ал Барановский 1917 жылғы Орал облыстық басқару өтініші арқылы және Уақытша өкіметтің земстволық өзіндік ережесіне сүйенгенін айтып, уәлаят өтінішін орындамайды. Іс жүзіндегі тартыс Самараға жетеді, 1918 жылы 21 шілдеде Комуч Алашордаға үндеу жолдайды, онда автономияға жол бермейтіндігін және ол өзіндік басқару жүйесіндегі құқық қорғау нормаларды бұзады деп көрсетеді.

«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Комучпен жаңадан қалыптасып келе жатқан арақатынасты нығайту үшін өзара келісімге келуге шақырады. Келісімшартта уәлаят бағынышты орында емес, тең құқықты үкімет ретінде болуды алға қояды [119]. 1918 жылдың 22 шілдесінде Жаһанша Досмұхамедов Комуч комитетіне Орал облысында «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкімет құрылғанын, оның құрамына 17 адам сайланғанын, бұл «Егеменді үкімет» екенін және бұл үкімет Құрылтай жиналысында үкімет құрылғанға дейін өмір сүретінін айтады. Большевиктермен күресу үшін халықтық милиция құрылғанын, «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Комуч комитетімен елшілік алмасуға және тұрақты байланыс ұстануға әзір екенін баяндайды [120].

Сол күнгі Барановский Самараға жасырын түрде өте шұғыл хабар жібереді, онда Орал қаласынан 18 шақырым жерде Жаһанша Досмұхамедовпен кездескенін, Жаһанша Досмұхамедов «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің құрылғанын, бұл үкіметтің мақсаты өлкені қорғау екенін, үкімет Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін немесе жалпы мемлекеттік басқару құрылғанға дейін өмір сүретінін хабарлайды. Құрылтай жиналысы комитетінің мүшелерін (Комучты) тек Самара губерниясында ғана билік жүргізуші деп біледі дегенді айтады.

Шетел істерін басқарушы М.А.Веденяпинге Жаһанша Досмұхамедов Самараға баруға қарсы екенін айтады. Себебі:



  1. Комуч жергілікті комитет, жалпыресейлік үкімет емес;

  2. Өзінің қазіргі жағдайда қолы тимейтіндігін;

  3. Шетел істер басқармасының телеграммасындағы қойылған қол оған таныс емес екенін;

  4. Құрылтай жиналысының Жер туралы қабылданған заңын мойындамайтынын, сондықтан жер туралы өзінің заңы болатынын айтады.

Барановскийдің хабарлауынша, Жаһанша Досмұхамедов оралдықтармен большевиктерге қарсы күресетін болып шартқа отырғанымен, 1918 жылдың көктемінде ол комиссар Сталинмен кездескен. Бұл өте қу адам дегенді айтады. Облыстық земствоны Орал қаласынан тысқары жерге апарып, таратып жіберген.

Земстводан тек бос орын қалған, оны оның ағасы басқарады (Х.Досмұхамедов) айтып тұр. Сондықтан оның пікірі, тенденциясы большевиктік, бірақ комитеттен (Комучтан) бас тарта алмайды, бәрібір келіп сендіреді. Алашорда үкіметі милиция құруда қиншылықтарға кездесуде, қазір бұларда 100 қазақ солдаты бар, винтовкамен қаруланған, 20 орыс офицері бар. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің штаб бастығы А.В.Студеникин-Белов. Ол – өте лас, авантюрист адам [121].

Шілде айының соңында Комучтың төрағасы В.К.Вольский және М.А.Веденяпин Комуч комитеті атынан Ә.Бөкейхановқа арыз түсірді, онда қазақтардың өзін-өзі билеу жөніндегі ұмтылысына тілектестік білдіріп, ІҮ Орал облыстық қазақ съезінің Кеңес өкіметіне бағынбайтынын қуаттайтынын айта келіп, «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің құрылымын негізсіз деп тауып, оны жалпыресейлік Құрылтай жиналысының шешімдеріне қарсы келеді деп мәлімдеді.

Комучтың алдына қойған мақсаты – Ресейді біртұтас мемлекет ретінде қайтадан қалпына келтіру. Қазақ үкіметі «Ойыл уәлаяты» Халықтық Комиссарлар Кеңесі сияқты Ресейді бөлшектемес, Ресей тәуелсіз Советтік (Кеңестік) республикаларға бөлінбес деп ойлайтынын, қазақтар арасында тұратын орыс халықтарының зардап шекпейтініне сенетіндерін білдірді [122].

Осы арыз бойынша Ә.Бөкейхановтың сұрауына Жаһанша Досмұхамедов 30 тамызда былай деп хабарлайды: «Комуч комитетінің ақпараты қате. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің земстволық мекемелері дұрыс қызмет атқаруда. Олар 1917 жылғы жалпыресейлік Уақытша үкіметінің бекіткен Сібір және Далалық облыстардың өзін-өзі билеуі туралы ережеге сәйкес қызмет жүргізуде. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі тапсырған істерді земствоға халықтық армия құруды ұйымдастыру т.б. үкімет араласуға тиіс емес, ол земствоның өзіндік басқаруына тиіс жұмыстары деп көрсетеді».

Осындай жауапты Комуч комитетіне жолдай отыра, Ә.Бөкейханов және алашорда мүшелері У.Танашев, Х.Досмұхамедов шетел бөліміне: ««Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі, барлық территориядағы автономиялық Алаш үкіметі земстволық мекемелер сияқты Уақытша үкіметінің земство туралы ережесіне сай қызмет атқаруда», – деп сендіре мәлімдейді [123].

Комуч Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы шақырылғанша, барлық құрылған үкіметтерді танитындығын мойындайды. Алаш үкіметі Башқұрт, Орынбор және Орал үкіметтерімен қатар құрылған демократия-танымдылық негізде Алашорданың қарулы күштерін құруға құқығын мойындайды, Самарадан Жымпитыға 600 винтовка және пулемет жіберілген [124].

Самара қаласында бұл кезде «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің басшылары Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер болды. Олар мемлекеттік жиынға келген болатын. Комуч комитеті жиынының Челябинскіде өтетінін, соған ертең комитет мүшелерінің аттанғалы отырғанын хабарлайды. Басшылары Вольский және Веденяпин, Башкириядан Валиди т.т. Алашорда мүшелері М.Шоқай т.б. баратынын айтады. Жаһанша Досмұхамедовтің ұсынысымен бұл жиынға барлық Алашорда мүшелері шақырылады. Челябинскідегі жиынға Ә.Бөкейханов та келеді деп хабарлады [125].

1918 жылдың шілде және тамыз айында Челябинскіде Комуч пен Сібір үкіметінің екі кеңесі өтті. 22 тамызда Челябинскі қаласына Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы М.Шоқай, қазақ өзіндік басқарма төрағасы Б.Жанқадамов Құрылтай жиналысының мүшесі Досмұхамедовтер келді. 26 тамызда Кеңес облыстық және ұлттық үкіметтердің билігін, соның ішінде Алашорданы, ұлттық басқару жүйесіндегі үкімет ретінде мойындайды. Оның басында, яғни Алашорда үкіметінен Ә.Бөкейханов және «Ойыл уәлаятының» басшысы Жаһанша Досмұхамедов [126]. Осы Кеңеске Х.Досмұхамедов және И.Жайнақовтар да қатысты. 23-25 тамыздағы Кеңесте Алашордашыларға мандат беру-бермеу туралы мәселені қозғады. Бұл мәселенің төңірегінде көптеген талас-тартыстар өрбіді. «Инородцылар (яғни, өзге ұлт өкілдері) мемлекеттік рухтан айырылғандар, олар Ресей державасына қарсы пікірде, сондықтан оларды орталық үкімет құру кеңесіне жіберу дұрыс емес», – деп кадет партиясының өкілі В.Н.Пепеляев сөйледі. Оны П.Иванов-Ринов қолдады. Ол қолымен столды соғып, «Өзге ұлт өкілдерін тікенек қолғапта ұстаған жөн» дегенге дейін барды. Пікірталастың соңында солшыл жақ жеңіске жетіп, өзге ұлт өкілдеріне (инородцыларға) мандат берілетін болды [127]. Бұл шешімдер антикеңестік күрестің ұйымдасуына жол ашты.

Алашорда мүшелері Х.Досмұхамедов пен У.Танашев Комучтың Кеңесін әзірлеуге қатысты.

1918 жылдың 25 қыркүйегінде Комуч Алашорданың құрылуы жөнінде Декларация қабылдады. Онда былай делінген: «Для воссоздания единой, сильной свободной Росси и укрепления в ней федеративно-демократического строя необходимо участие в предстоящей созидательной работе всех населяющих ее народностей», а потому «осуществление отдельными территорями и национальностями своих автономных прав является лучшим залогом успеха предстоящей героической работы по воссозданию единой великой России» [128].

«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетімен (Комучпен) арадағы қарым-қатынасты кезінде шебер пайдалана білді. Осы оймен Жаһанша Досмұхамедов 1918 жылы қыркүйекте Қазақ атқару комитеті атынан Комучке мүше болып кірді. Сонымен бір мезгілде ол Құрылтай жиналысы шақырылғанша, не жалпы мемлекеттік өкімет билігі құрылғанша «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі өз егемендігін сақтайтынын, ал Комучтың билігі Самара губерниясы шегінде жүретін құрылым ретінде танитынын мәлімдеді. Жаһанша Досмұхамедов Комучпен арадағы одақты тең дәрежедегі байланыста ұстана отыра, Комучтың демократиялық-федеративтік республика идеясын ұстанды. Комуч комитеті Жаһанша Досмұхамедов сияқты өздері үлкен үміт артқандардың Құрылтай жиналысының большевиктер тарапынан күшпен таратылуына деген наразылығын ала отыра, өз қызметтеріне пайдалануға тырысты.

«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі басшысы Жаһанша Досмұхамедовтің осы кездегі негізгі ұстаған бағыты «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін көршілестерге танытып, мойындату еді.

Азамат соғысы басталысымен үш ай бойы Алашорда өз билігін орнату мақсатымен автономияны басқару, жер пайдалану тәртібі, салық, сот, дін, әскер істері жөнінде көптеген қаулы-қарарлар қабылдады. Алайда Сібір үкіметі тарапынан да, Орынбор мен Орал қалаларындағы «әскери үкіметтер» тарапынан да оларды қолдау туралы ешбір әрекеттер жасалмады.

1918 жылғы шілденің ортасында Омбы қаласында өткен Сібір казачествосының командирі Х.Тоқтамышев арнаулы өкіл ретінде жіберілді. Оның съезде сөйлеген сөзін жергілікті «Сибирская речь» газеті былай деп жазады: «Семейде большевиктік өкіметтің құлауына тоқтала келіп, осы төңкерісті қазақтардың қолдауына сүйенген офицерлер мен казактардың тобы жасады. Қазақтардан Алаш полкі құрылуда, оның жетекшілері мен командалық құрамы орыс офицерлері, Алашорда Уақытша Сібір үкіметін және қазақ мүддесін қорғау үшін өзінің армиясы болғанын қалайды», – деді [129].

1918 жылғы 12 тамызда Алашорданың әскери бөлімінің бастығы Х.Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрінің атына жазған хатында Семей қаласында құрамында 750 жауынгер мен 38 офицері бар Алаш полкінің құрылғандығын баяндай келіп, Зайсанда қазақ милициясының 200 адамнан, Павлордарда 150, Қарқаралыда 250 және Өскеменде 250 адамнан тұратын әскери құрамалар жасақталғандығын хабарлап, бірақ та оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешектің жоқ екендігін, ақша тапшылығы орын алып отырғандығын айтты. Сібір үкіметінің Қазақ автономиясы мәселесіне көзқарасы Сібір кадеттерінің органы «Сибирьская речь» газетінің 1918 жылғы тамыздың 5-ші санында жарияланған «Қырғыз (қазақ-авт.) автономиясы туралы мәселеге» деген мақалада ешқандай бұлтарыссыз айтылады. «Қырғыз (қазақ-авт.) өкілдері талап еткен формадағы автономия, Россиядан түгелдей бөлініп, жеке тәуелсіз Қырғыз (қазақ-авт.) мемлекетін құрумен бірдей.

Біз жатжұрттықтардың (инородцы-авт.) мәдени-ұлттық мұқтаждарын орындау жөніндегі талаптарын қолдауға дайынбыз, алайда өзін-өзі құртуға бет бұрған мемлекет қана осындай жатжұрттық сипаратизмге жол береді деп санаймыз» [130]. Бұл мақаланың жариялануына Алашорданың төрағасы Ә.Бөкейхановтың Сібір үкіметінің премьер-министрінің атына 1918 жылғы 13 (26) шілдеде келіссөздер жүргізу жөнінде жазған хаты түрткі болды. Онда Алашорданың жетекшісі Алашорданың басқару органдарының құрылуымен Алашорда үкіметінің қызметінің заңды екендігін дәлелдеуге тырысты. «... қазіргі кезде, – деп жазады өз хатында Ә.Бөкейханов, – біртұтас Россия жоқ. Біртұтас мемлекеттік үкімет те жоқ... Сондықтан да тарихи оқиғалардың күшімен большевиктер билігінен құтылған автономиялы облыстар мен халықтар мемлекеттік тәуелсіздік жолына түсулері керек... Сібір мен Алаштың өзара ортақ мақсат-мүдделері екі автономияның тығыз одағы болуын талап етеді. Өзара тану күштерді біріктіреді... Біз автономиялы Сібір үкіметіне талқылау үшін келісімнің төмендегі баптарын ұсынамыз:

1) Сібір үкіметі мен Алаш автономиясы бірін-бірі таниды;

2) Алаш территориясын мекендейтін барлық халықтар мойындайтын үкімет құрылғанша алашорда қазақ-қырғыз халқының өкімет органы болып табылады;

3) армия территориялық және ұлттық негізде құрылады... Ол соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің әскерлері мен ортақ командованиеге бағынады. Сібір үкіметі армияны қару-жарақпен... азық-түлікпен және әскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуге міндетті... Алашорда алаш территориясын большевиктік бандылардан тазартуды, Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді өзінің бірінші міндеті деп санайды;

4)... Банктер мен басқа да қаржы мекемелері әзірге Уақытша Сібір үкіметіне бағынады;

5) Таяу уақытта большевиктерден азат етілген автономиялық халықтар мен шет аймақтардың депутаттар конгресін федералдық үкімет құру мақсатымен шақыру қажет... Сібір, Алаш, Башкирия, Түркістан федерациясын құру мүмкін [131].

Ә.Бөкейхановтың әңгіме болып отырған Сібір үкіметімен келіссөз жүргізу принциптерін анықтаған осы хатында зерттеуші назарын аударатын бірнеше жайт бар. Ең алдымен Ә.Бөкейханов өзі басқарған Алашорда өкіметін келіссөз жіргізу барысында Сібір үкіметімен терезесі тең үкімет деп дәлелдеуге ұмтылған. Екіншіден, Ә.Бөкейхановтың пікірінше, Бүкілресейлік біртұтас үкімет отырған жағдайда Алашорданың қызмет етуі заңды: сондықтан да Алашорда бүкіл Қазақстанға ортақ елді басқару үкімет жүйесін құруға құқылы. Үшіншіден, Ә.Бөкейханов бұрынғы Ресей империясының жекелеген алқаптарында автономиялардың, олардың ішінде облыстық автономиялардың пайда болуы Қазақ автономиясын мойындау қажет ететіндігін баса көрсетті. Алаш автономиясын мойындау ең алдымен, Ресейдің көп ұлтты мемлекет болып қала беруіне қатер туғызатындығы да Ә.Бөкейханов хатында ашық ескертілді. Осы ойын дәлелдей келіп, Ә.Бөкейханов былай деп жазды: «Біздің Сібір үкіметімен келіссөзіміздің созылып кетуі Алаш автономиясы Орал облысынан айырылып қалуына әкеп соқты. Большевиктерден құтылған басқа қазақ-қырғыз облыстары да Алаш автономиясына толығымен жете алмай, Оралдың жаман жолына түсуі мүмкін. Ал одан кейін олар (басқа қазақ облыстары-авт.) Бакуге келіп орналасқан немістердің басып алу қаупіне кездесіп отырған Түркістанмен жақындасу жолдарын іздестіруі ғажап емес... Алаш автономиясының тарап кету қаупі Алашорданы батыл шешімдерге барып, Сібірмен одақтасудан бас тартып, қазақ-қырғыз халқының бірлігін сақтап қалу үшін... Алаш автономиясын жариялауға мәжбүр етеді.

Сібір үкіметінің Алаш автономиясын мойындауы оған Түркістанды немістік бағыттан бұрып, оны Ресей Федерациясының аясында сақтап қалуға мүмкіндік берер еді» [132].

Ә.Бөкейхановтың хаты, толық болмаса да, белгілі дәрежеде онда алға қойған мәселелердің шешілуіне әсер етті. Азамат соғысының майдандарындағы жағдайдың тұрақсыздығы Сібірлік ақ гвардияшыларды әрі әлсіз, әрі сенімсіз болса да, Алашордамен одақтасуға итермеледі. Сондықтан да Сібір үкіметі келіссөз барысында жартылай шараларды ғана жүзеге асыруға келісті. Премьер-министр П.Володарскийдің жарлығымен, түземдік істер жөніндегі министр В.Шатиловтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері болып Ішкі істер министрінің орынбасары В.Михайлов, министрлер кабинетінің көші-қон бөлімінің меңгерушісі А.Ярмоша, әскери мекеменің өкілі генерал В.Попов тағайындалады. «Комиссия жұмысына білгір адам ретінде Алашорданың жетекшісі Бөкейханов тартылды» [133].

Төрт күн бойы – 1918 жылғы шілденің 29,30-ы күндері –аталған комиссия Алашорда делегациясы ұсынған хаттағы «Алашорда мен Сібір үкіметі арасында уақытша қақтығыстар орнату туралы» мәселені талқылап, төмендегі негізгі шешімдерге келді: Алашорда қазақ халқын басқаратын өкімет органы болып мойындалсын, оған үй бас сайын салық (кибиточная подать) пен басқа да алым-салық жинауға рұқсат етілсін, Алашорда ұлттық сот құруға құқылы болсын. Ұлттық армия құру мәселесі бойынша қабылданған шешімде оның Сібірдің әскери мекемесі белгіленген тәртіп бойынша құрылатындығы айтылады. Ұлттық армияның командашысы мен әскери бөлімдердің командирін Алашорданың келісімімен Сібірдің әскери министрлігі тағайындайтын болды [134].

Қабылдаған шешімнен айқын көрініп отырғандай, Сібір үкіметі Алашорданы жартылай мойындайды, соңғысының саяси статусы туралы тиянақты қорытынды жасалмады. Екі үкімет белгілі дәрежедегі (анық айтсақ, жартылай) ымыраға (компромиске) қол жеткізді. Келіссөздердің барысы мен олардың нәтижелері Сібір үкіметі мен Алашорда терезесі тең партнерлер бола алмағандығын анық көрсетті. Алашорда сұраушы, ал Сібір үкіметі беруші рөлін атқарды. Ал әрқашан сұраушы берушіден әлсіз болатындығы жөніндегі әлімсақтан белгілі шындық тағы да расталды.

Жоғарыда айтып өткендей, «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі Алашорда үкіметінің Уақытша Сібір үкіметімен жүргізіп жатқан саясатына өте ықыласты қарап, бағалап, бақылап отырды. Бірақ Ә.Бөкейханов айтқандай, Орал облысының жаман жолға түсуі мүмкін емес еді. Бұл кезде «Ойыл уәлаяты» үкіметі де өзін уақытша болса да, толыққанды мемлекет ретінде көршілестеріне танытуға бар әрекеттерін жасап жатқанын жоғарыда айтып өттік.

1918 жыл – Батыс өлкенің және жалпықазақ съезінің шешімдерін жүзеге асыру жолындағы саяси күрес жылдары еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет