Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтары:
-
Оңтүстік Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі бірұлтты және ұлтаралас отбасылардың орны мен ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды. Бұл процес жергілікті қазақ халқының көзі арқылы көрініс береді.
-
Аталмыш өңірдің Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және салыстырмалы түрде Қызылорда, Алматы облыстарының неке тұрақтылығына әсер ететін факторлары зерттелді.
-
Тұрақтылыққа әсер ететін факторларды анықтауда әлеуметтік-демографиялық және территориялық көрсеткіштерді ескере отырып, Оңтүстік Қазақстандағы отбасылардың неке тұрақтылығы анықталды.
-
Оңтүстік Қазақстан мысалында отбасылық қарама-қайшылық және ажырасу зерттелді.
Жұмыстың практикалық маңыздылығы. Автордың зерттеу жұмысының нәтижесін Оңтүстік Қазақстан халқының, соның ішінде қазақтардың неке-отбасылық қатынасының қазіргі жағдайын бағалауда қажет. Екіншіден, жас ұрпақтың отбасын құру барысындағы кедергілерді дұрыс түсінуіне қажет семинар есебінде пайдалануға болады. Үшіншіден, неке тұрақсыздығы нәтижесінде туындайтын қиындықтардан өтуге көмектеседі. Диссертациялық жұмыста келтірілген жаңа деректерді неке және отбасын зерттеуші этнограф, әлеуметтанушы мамандар өз ізденістерінде кәдеге жарата алады. Еңбектің деректерін, ғылыми тұжырымдарын жоғары оқу орындарының тарих, этнология, мәдениеттану, әлеуметтану мамандарына арнайы курстар мен семинарлар жүргізу кезінде, көпшілік тәрбие жұмысында, оқу барысында, оқу құралдарын әзірлеуде, студенттерге лекция даярлау кезінде қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдары. Оңтүстік Қазақстан өңіріне жататын Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы отбасылардың неке тұрақтылығын зерттеу нәтижелерінде мынадай процестерді ескере отырып, ұсынылатын тұжырымдар:
1. 1989 жылмен салыстырғанда некеге тұрушылардың санының азайғандығын көреміз. Аталған аймаққа қатысты мәліметтер мен біздің зерттеулеріміз бойынша қазақтар және онымен байланысқа түсуші түрлі этностардың арасында некеге отырушы жастардың жас шамасы қатарлас. Қыздар 18-24 жас, ал ерлер 20-29 жас аралығында некеге отырады.
2. Оңтүстік Қазақстан Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен шектесіп жатқандықтан және моноэтникалық аудандармен бірге полиэтникалық болғандықтан қазақтардың басқа этностармен некеге тұруы кездеседі. Бірақ, олардың үлесі 3-5 %-дан аспайды.
3. Неке тұрақтылығына салт-дәстүр, әдет-ғұрып, отбасы құрамы, ішкі отбасылық қатынас, рухани жағдай, әлеуметтік-экономикалық факторлар ықпал етеді.
4. Неке тұрақсыздығына негізінен әлеуметтік-экономикалық, психологиялық және физиологиялық факторлар әсер етеді. Ажырасудың ең жоғарғы көрсеткіштері қалаларда, ірі полиэтникалық елді-мекендерде, ал ең төменгі көрсеткіші ауылда, әсіресе жергілікті тұрғындардың арасында кездеседі.
Жұмыстың талқылануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қағидалары 13 ғылыми мақалада, оның 5-уі ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі басылымдарда, ал оның 8-і халықаралық конференция жинақтарында жарияланған.
Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі, деректік негіздері және ғылыми жаңалықтары, зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі, мақсат-міндеттері, мерзімдік шегі және қорғауға ұсынылатын тұжырымдары айқындалған.
«Оңтүстік Қазақстандағы бірұлтты және ұлтаралас некелер» деп аталатын бірінші тарауда некеге отыру түрлері, аталған аймақ бойынша некедегілер саны, неке құруға әсер ететін факторлар жазылған. Аталған факторлар Оңтүстік Қазақстан мысалында көрінеді. Бұл өңір тәуелсіз республикамыздың тарихи, мәдени, этносаяси аймағы ретінде ерекше орын алады. Оңтүстік Қазақстанға Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары кіреді. Оңтүстік Қазақстан Өзбекстан, Қырғызстан сияқты Орталық Азия мемлекеттерімен шектеседі. Бұл осы мемлекеттерде дәстүрлі мәдени-тұрмыстық параметрлардың сақталуымен ерекшеленеді. Оңтүстік Қазақстан өңірінде республикамыздың басқа аймақтарына қарағанда халқымыздың әдет-ғұрпы, мәдениеті, отбасылық дәстүрі жақсы сақталған. Олар кешегі кеңестік тоталитарлық, зорлық-зомбылық кезеңде де күшін жоймаған. Бұған әсер еткен жағдай – осы аймақта қазақ халқының көп шоғырлануы. Оңтүстік Қазақстан халық саны жағынан да республикадағы ең ірі аймақ.
Тәуелсіздік алғаннан кейін неке-отбасылық қатынастар өзгеріске түсе бастады. Неке және отбасы мәселесін анықтауда ғалымдар мынадай негізгі сұрақтарды: неке отбасылық қатынастардағы отбасы қызметі, неке сапасы, отбасындағы билік құрылымына байланысты пікірлер қай бағытқа өзгергендігін білуге тырысты. Осы мақсатта әр түрлі әлеуметтік топтардан (үй шаруасындағы әйелдер, дәрігерлер, студенттер т.б.) тұратын 300 алматылық әйелдерден сауалнама алды. Алынған жауаптарға талдау жасау некелесудің негізгі себептерін анықтауға мүмкіндік берді: өзін түсінетін және өмірдің кез келген жағдайында қолдау көрсететін адамның үнемі қасында болуы, өзін біреуге керекпін деп сезіну, біреуге қамқорлық жасау тілегі, тұқымды жалғастыру, сүйген адамнан ажырамау үшін, жалғыз болмау үшін, жабдықталған үй болуы үшін.
Респонденттердің жауабы отбасы мен неке құндылығының халықтың барлық тұрғындары үшін өз маңызын жоймағанын көрсетті. Социолог ғалым З.Ж. Жаназарова өз монографиясында некеге тұруға байланысты мынадай төрт көзқарасты атап көрсетеді: 1) некеге деген жаман көзқарас, оның қажетсіздігі, 2) болашақ жарын таңдаудағы жоғарғы талап, яғни адам өз ойындағы адамды таппаса өмір бойы жалғыз өтуге дайын, 3) таңдаудың орташа түрі, адам ұнатқан жарын кездестірсе неке құруға даяр, 4) таңдаудың төменгі түрі, адамға некеден басқа ешнәрсе керегі жоқ, некені өзіндік бағалаудан жоғары қояды [18].
Некеге отыру мақсаттарын есепке ала отырып, Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша некедегілер санын анықтаймыз. 1999 жылғы санақ қорытындылары бойынша 1989 жылмен салыстырғанда некеге тұрушылардың санының азайғандығын көреміз. Некедегілер бойынша ең жоғарғы көрсеткішке Оңтүстік Қазақстан облысы ие – 58,9 %, Қызылорда облысы – 57,2 %, Алматы облысы – 56,6 %, Жамбыл облысы – 55,8 %. Келесі кезекте некедегі ер адамдардың көрсеткішін анықтасақ, бұл жерде жоғарғы орында Оңтүстік Қазақстан облысы – 62,9 %, одан кейін Алматы облысы – 61,5 %, Жамбыл облысы – 61,3 %, Қызылорда облысы – 58,8 % орын алады [19].
Егер бұрын жастар көбіне 20-24 жаста неке құрса, қазіргі жастардың арасында 24-29 жас аралығында үйлену үрдіске айналып келеді. Оған қоса неке құру жасының біршама өскендігі байқалады. Ауылдық жерде тұратын жергілікті ұлт өкілдері қалаға қарағанда некеге ерте отырады. Қаладағы жастар отбасын құруға асықпайды. Себебі, жоғары оқу орнына түсу, жақсы жұмысқа орналасу, материалдық жағдайды қамтамасыз ету бірінші кезекте тұрады. Сонымен қатар, қалада пәтердің жоқтығы немесе ата-анасымен бір пәтерде тұру некеге отыруға кедергі келтіреді. Қалалық жерде жастардың бір-бірімен танысуына көрші тұру, бірге қызметтес болу, оқу, демалыс орындары, іссапарлар және т.б. себептер әсер етеді.
Келесі кезекте некедегілердің жас алшақтығын анықтаймыз. Жоғарғы буын өкілдерінің жас айырмашылығы 5 жастан 6-10 жасқа, кейде 11 жастан жоғарыға көтеріледі. Қазақтарда 60 және одан жоғары жастағыларда жұбайлардың жас айырмашылығы 6-10 жас шамасында. Кейбір жағдайларда қазақтарда ерлерінен 6-10 жасқа үлкен болуы, екінші рет некеге отыруына байланысты. Жас және орта буында жұбайлардың жас айырмашылығы 1-5 жастан аспайды. Келесі кезек әйелдерінің ерлерден жасының үлкен болуы, жоғарғы буында сирек болса да орын алған.
Оңтүстік Қазақстанда қазақтардың шоғырлануына байланысты ең көп таралғаны бірұлтты неке. Зерттеп отырған қазақтардың үйлену әдет-ғұрыптарының барлығын төрт кезеңге бөлуге болады: 1) құда түсу; 2) қыз ұзату; 3) үйлену тойы; 4) үйлену тойынан кейінгі рәсімдер. Қазақтар АХАЖ арқылы неке қиюмен қатар мешітте мұсылмандық жолмен неке қияды. Оңтүстік Қазақстан өңірінде бұл ғұрып Кеңес үкіметі тұсында да орын алған. Белгілі этнограф Ә. Төлеубаев: «Қазақ халқының некелік-жанұялық қатынастарындағы басты кезең үйленуге байланысты әдет-ғұрыптардың өзінің барлық кезеңдерінде мұсылмандыққа дейінгі ертедегі белгілерін сақтап қалғанын» атап көрсетеді.
Оңтүстік Қазақстан өңірінде бірұлтты некелермен қатар, ұлтаралас некелер де орын алған. Бірақ бірұлтты некемен салыстырғанда оның көрсеткіші 3-5% дан аспайды. Себебі, біріншіден, Оңтүстік Қазақстан қазақтардың көп шоғырланған аймағы болғандықтан олар көбіне өз ұлттарының өкілдерін қалайды. Екіншіден, салт-дәстүр факторының әсер етуіне байланысты қазақ қыздарының өз ұлтымен некеге тұруы қатаң қадағаланады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұлтаралас некеге қазақтар орыстармен, өзбектермен, татарлармен, қырғыздармен тұратындықтары анықталды.
Ұлт саясаты негізінде ұлттар арасындағы тұрақты қарым-қатынас нығаюда. Мұндай достық нәтижесінде ұлтаралас отбасын құру қазіргі таңда кең қанат жайып отыр. Себебі, қазіргі жастар арасында неке құру үшін олардың ұлты, нәсілі, қай дінде екені бөгет бола алмайды. Отбасын құрудағы шешуші жағдай – жастардың бірі-бірін ұнатып, араларында шынайы махаббат сезімінің болуы. Ұлтаралас некеге этностардың біразы көбінесе орыстармен отырады. Оның себебі Кеңес Одағы кезінде орыстардың титулды этнос болуына байланысты. Оны украин, неміс, татар, поляк, еврейлердің орыстармен некеге отыруға ұмтылуынан көруге болады. Қазақтар көбінесе орыстармен, сосын татар, ұйғыр, туысқан түркітектес этностардың өкілдерімен некеге отырады. Біріншіден, орыстардың үлес салмағының басқа этностарға қарағанда көп болуы. Екіншіден, тәуелсіздік алғаннан бері қазақтардың титулды этносқа айналуы.
Әр буын өкілдерінің ұлтаралас отбасына деген көзқарасы әрқалай. Мысалы жоғарғы буын өкілдерінің көзқарастары төмендегідей:
-
этномәдени параметрлері жағынан (қазақ қожа мен өзбек қожа және керісінше) жақын болса бейтараптық қатынас;
-
түркі тілдес этностарына (өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз және т.б.) онша білдірмейді;
-
ислам дініндегі этностарға (тәжік, күрд, шешен және т.б.) онша қарсылық білдірмейді;
-
басқа діндегі европалық этностармен некеге тұруға қарсы;
-
Африка, Америка, Европадан шыққан негроидтық расаға мүлдем қарсы.
Келесі туындайтын мәселе ұлтаралас некені қандай себептерге байланысты қаламайтындығын анықтау. Қазақтардың, оның ішінде ауылдағылардың 32,1%, қаладағылардың 25,4% өздерін сыйламауға байланысты ұлтаралас некені қаламайды. Ауылдағы өзбектердің көрсеткіші – 11,8%. Қаладағы қазақтардың 25 %, қаладағы өзбектердің 23,9 % басқа ұлттың арасында тұру қиынға соғатындықтан ұлтаралас некені құптамайды. Барлық этностар бойынша басқа этностың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білмеу неке тұрақтылығын сақтауға кері әсер ететіндігін көрсетті. Біз зерттеп отырған мәселеге тікелей қатысты келесі сұрақ «Қандай неке тұрақты: бірұлтты немесе ұлтаралас па?». Тек орыс этносынан басқасының барлығы бірауыздан бірұлтты некені қолдады. Қала қазақтарының 67,6 %, ауыл қазақтарының 74,8 %, қаладағы өзбектердің 58,4 %, ауыл өзбектерінің 63,3 % бірұлтты неке ұлтаралас некеге қарағанда тұрақты деп жауап берді. Орыс ұлты өкілдерінің 51,8 % некенің тұрақты болуы ұлтына байланысты емес, жұбайлардың тікелей өздеріне байланыстылығын көрсетті.
«Оңтүстік Қазақстандағы неке тұрақтылығына әсер етуші факторлар» деп аталатын екінші тарауда неке тұрақтылығына әсер ететін отбасы құрамы, ішкі отбасылық қатынас, жұбайлардың білім дәрежесі, әлеуметтік-экономикалық жағдай, бос уақытты тиімді пайдалану, рухани жағдайлардың ықпал етуі қарастырылады. Қазіргі таңда шаңырақ құрудың мазмұны, мақсаты, саны кез келген адамды ойландырады. Зерттеу нысанымыз болған Оңтүстік Қазақстанда, жалпы республика бойынша отбасылар саны 1989 жылмен салыстырғанда азайған. Дегенмен, Қазақстанның басқа аймағымен салыстырғанда халық саны көп шоғырланғандықтан, өңірдегі отбасы саны да басым.
Отбасының 1989 жылмен салыстырғанда және зерттеп отырған аймақтағы облыстардың ішінде ең жоғарғы көрсеткіші Оңтүстік Қазақстан облысында – 370473. Себебі, бірінші тарауда айтқанымыздай, бұл облыста некеге ерте отырады және жиі отырады. Келесі кезек Алматы облысы – 347877, Жамбыл облысы – 211885, Қызылорда облысы – 109896. Әр облыс бойынша отбасының орташа саны да түрліше. 1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылғы санақ көрсеткендей отбасы мүшелерінің саны көбейген. Республика бойынша орташа отбасындағы адам саны – 4,0. Отбасы саны аз болса да, отбасы мүшелері саны жөнінен Қызылорда облысы ең жоғарғы көрсеткішке ие. Онда отбасындағы адамдардың орташа саны – 5,3. Келесі кезек Оңтүстік Қазақстан облысында – 5,2. Жамбыл облысында – 4,5. Алматы облысында – 4,3. Отбасы құрамын талдау нәтижесінде, қалаға жақын орталықтарда, әсіресе қаладағы отбасыларда жұмыс істеуге, оқуға, баспанаға байланысты отбасы мүшелері саны аз. Бұл бағыт басқа да этностарға тән. Тек Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша отбасы мүшелері саны көбірек, олар 4,3 және 5 адамды құрайды [19]. Ауылдық жердегі отбасындағы адам саны барлық облыстар, тіпті республика бойынша қалаға қарағанда көбірек. Әсіресе бұл моноэтникалық аудандарда басымырақ екенін аңғарамыз. Отбасы құрылымының орта саны Алматы облысында – 4,6; Жамбыл облысында – 5; Қызылорда облысында – 5,9; Оңтүстік Қазақстан облысында – 5,8.
Оңтүстік Қазақстанда, тіпті республикамыздың басқа да аймақтарында ең көп тарағаны әр түрлі нұсқалардағы нуклеарлы отбасы. Көбіне ол екі ұрпақтан тұрады: ата-ана немесе екеуінің біреуі және үйленбеген балалары. Нуклеарлы отбасы тек қазақ отбасылары емес, орыс, татар, неміс, украин және т.б. этностар арасында да кең тараған. Ұрпақ буынына қарай отбасындағы мүшелердің саны да түрліше болады. Этникалық аспектіде үлкен ерекшелік байқалады. Мысалы: қазақтарда отбасы мүшелерінің санына байланысты орташа көрсеткіш моноэтникалық аудандарда өте жоғары, ал полиэтникалық аудандарда төмен. Бұл көрсеткіш басқа этностарға қарағанда басымырақ.
Толық отбасылардың, яғни ата-аналары мен балалардан тұратын отбасылардың көрсеткіші 75,9-81,9%. Жалғыз басты ер адам не жесір әйел балаларымен бірге тұратын жағдайлар да кездеседі. Осындай толық емес отбасының үлесі – 20,1-11,7 %. Орыс, неміс ұлтында бір ұрпақты отбасы кең тараған. Негізінен оған жоғары ұрпақ өкілі, балалары өз беттерінше басқа жаққа көшіп кеткен, ата-ана ғана тұратын отбасы жатады. Зейнеткерлерден тұратын бір ұрпақты отбасы европалық этностарда, оның ішінде орыстарда жиі болғанымен, қазақтар мен өзбектерде сирек кездеседі. Отбасының бұл түріне баласы жоқ жас және орта буынды жатқызуға болады. Біз зерттеген аймақта бұндай отбасының үлес салмағы 4,7-8,9 %.
Қазақ отбасында екінші орында үш ұрпақты отбасы тұрады. Оңтүстік Қазақстанда ол 16,8-25,2% үлес салмағын алады. Бұл отбасыларда жас буын мен орта буын толық, ал жоғары буын толық емес, ата немесе әженің ғана болуы. Үш ұрпақты отбасы полиэтникалық аудандарға қарағанда моноэтникалық аудандарда басымырақ. Бұндай отбасылар 20,4 % көлемінде. Кей жағдайда ата-ана үйленген екі ұлымен де тұратын отбасылар кездеседі. Төртұрпақты отбасы салыстырмалы түрде 0,3-1,5 % ғана алады. Төртұрпақты отбасы түркі тілдес этностарда, әсіресе ауылдық жерлердегі қазақтар мен өзбектерде кең тараған. Отбасы құрамына этникалық, әлеуметтік факторлармен қатар отбасындағы балалардың саны әсер етеді. Көп балалы отбасы қазақтарда кең тараған. Шаңырақ бақытының, ерлі-зайыптылардың рухани, мәдени өрісінің үлкен көрсеткіші – көп бала тәрбиелеп өсіру. Қазақ баланың көп болғанын бақыттылықтың белгісіне санаған. Қатарынан бірнеше ұл тапқан келіндер ағайын ішінде беделді, қасиетті аналар атанған. Оңтүстік Қазақстан өңірінің барлық облыстары бойынша ауылдық жердегі отбасыларда бала саны басым. Этнографиялық мәліметтер көрсеткендей, көп баланың болуы жоғарғы буыны бар отбасыларда және жұмысшылардың отбасында көбірек кездеседі. Бұндай көп балалы отбасынан шыққан жасөспірім еңбекқор, үлкенді сыйлайтын, құрметтейтін болады. Ал, қызметкерлердің, әсіресе интеллигенция отбасыларында 2-4 баламен шектеледі.
Ұлтаралас некенің ерекшелігі отбасындағы бала санының аз болуы. Түркі халықтарынан құралған ұлтаралас отбасыларда (қазақ пен өзбек, өзбек пен ұйғыр, түрік пен әзірбайжан) бала саны басым. Аталған этностар европалық этностармен ұлтаралас неке құрып, өз этникалық орталарында немесе ауылдық жерде тұрған жағдайда баланың көп болғанын қалайды. Бұл шығыс халықтарына тән менталитет, яғни орташа көрсеткіш 2,8 бала. Керісінше ұлтаралас отбасыларда әйелдері европалық этнос болса, түркі этностарына қарағанда балалардың саны аз болып келеді. Сонымен қатар полиэтникалы аудандар мен қалалардағы отбасыларда да осындай бағыт кең өріс алған.
Осыған байланысты Алматы қаласындағы 300 шақты әр түрлі топтың өкілдеріне жататын респонденттерге социологтар «Бүгінде әр отбасында қанша бала болғаны дұрыс?» деген сұрақ қойды. Респонденттердің 50% екеу десе, 41% біреу, 7% үшеу, 2% төрт не одан да көп баланың болғаны жақсы деді. Зерттеу барысында отбасындағы баланың тууын жоспарлауға мүмкіндік бермейтін негізгі себептер анықталды: а) материалдық жағдайдың мүмкіндік бермеуі – 26,4%; ә) некеде тұрмайтынға – 15,6%; б) денсаулығының көтермейтіндігі – 15,4%; в) тұрғын үйдің жоқтығы – 42,6%. 1990 жылдардан бастап орын алған туудың төмен көрсеткіші Қазақстанның барлық аймағында қалыптасты. Осы жағдайдың орын алуына факторлар: әйелдердің әр түрлі жұмыстармен айналысуы, ауылдағы өмірге урбанизация әсері, бала тәрбиесіндегі сапаның артуы, нарықтық қатынасқа көшуі, материалдық жағдайдың төмендеуі, тұрғын үй мәселесінің қиындауы, көп балалы отбасыларға көмектің аз көрсетілуі.
Ішкі отбасылық қатынастың неке тұрақтылығына әсері мол. Бұл қатынасты анықтау үшін үй басшысының орнын білу қажет. Сол мақсатта 1999 жылы Түркістан ауданында 1443 қазақ, өзбек, орыс ұлты өкілдеріне сауалнама жүргізілді. Респонденттерге «Отбасындағы маңызды мәселелерді кім шешеді?» деген сұрақ қойылды. Нәтижесінде қазақтар мен өзбектерде ер адамның билігі көрсетілді. Оның ішінде қаладағы қазақтардың 38,4 %, ауылдағы қазақтардың 53,6 %, қаладағы өзбектердің 46,7 %, ауылдағы өзбектердің 54,3 % маңызды мәселелерді ер адамның шешетіндігін анықтады. Бұл шығыс халықтарына тән менталитет. Орыс этносының 47,8 % отбасы мүшелерінің маңызды мәселелерді бірігіп шешетіндігін көрсетті. Орыс, украин, белорус, неміс ұлттарында әйел билігі қазақтарға қарағанда жоғары. Күйеуі тірі болса да орыс және неміс ұлттарында әрбір үшінші некеде, украиндерде әрбір бесінші некеде әйел билігі орын алған.
Авторитарлы отбасы моноэтникалық қазақтар немесе өзбектер басты тұратын аудандарда кеңінен орын алған. Ерлі-зайыптылардың білім дәрежесі өскен сайын теңдік қатынас та көтеріледі. Бұл көрсеткіш төмендеген сайын ерлердің әлеуметтік мәртебесі жоғарылайды. Қазіргі жағдайда авторитарлы отбасында да қаржы мәселесін шешуде бұрынғыға қарағанда өзгерістер бар. Респонденттерге: «Отбасының қаржысын кім реттейді?» деген сұрақ қойылды. Қала қазақтарының 36 % отбасының қаржысын әйел реттейді десе, 33,4 % отбасының барлық мүшелерінің атсалысатындығын көрсетті. Ауыл қазақтарының 38,4 % отбасының бюджетін әйел адамның шешетіндігін анықтады. Өзбектерде қаржы мәселесі ер адамның қолында. Оның ішінде қаладағы өзбектердің 33,9 %, ауылдағы өзбектердің 45,5 % ер адамның билігін көрсетті. Керісінше орыстардың 45 % әйелдердің қаржы мәселесіндегі басшылығын дәлелдеді. Көбіне ауылдық жерде отбасының түгел мүшелері мүлікке ортақ иелік еткенімен әке басшылық етеді. Еңбек бөлінісінде әлі де ескі дәстүр сақталған. Әсіресе ауылдық жерде. Әйел үй, ер адам түз жұмысын атқарады. Малға, бау-бақшаға қарау ердің міндетінде. Оған қоса дүкеннен азық-түлік әкелуге жәрдемдесу, отын даярлауда, су тасуда, үй жөндеуде, балаларын балабақшаға апаруда, сабақ оқытуда ерлердің көмегі мол. Әйелдің міндеті: үйдің тазалығына қарау, тамақ жасау, киім тігу, кір жуу, бала тәрбиесі т.б. Әйел адам үй еңбегімен қоса қоғамдық жұмысқа барынша атсалысады.
Ішкі отбасылық қатынас мәселесінде қазіргі қазақ отбасындағы туысқандық байланысты айтпау мүмкін емес. Туысқандық байланыс ата-ана мен бала арасында ғана емес, яғни екінші, үшінші, тіпті, жетінші атаға дейінгі туыстармен жалғасады. Аталған байланыс Оңтүстік Қазақстанның барлық облыстарында сақталған. Әрқашан туысқандармен тығыз байланысып, бір-біріне өзара көмек көрсетіп жүретін отбасылар көрініс берді. Оған мысал: Туыстарға материалдық және рухани көмек көрсету міндет болып саналады. Егер көмек көрсетпесе көптің талқысына қалады. Туысқандық байланыс ауылдық жерлермен қатар қалада да сақталған. Ұлтаралас некеде туысқандық байланыстың ауқымы тар келеді. Орыстарда туыстық байланыс ағасы, әпкесімен ғана шектеледі.
Неке тұрақтылығына келесі әсер ететін фактор – жұбайлардың біліми және мәдени дәрежесінің әр түрлі болуы. Соған байланысты ішкі отбасылық қатынас та өзгеріп отырады. Отбасы мүшелерінің рухани дәрежесі көптеген жағдайда отбасында қалыптасқан әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүрлерге де байланысты болып келетіні ақиқат. Оңтүстік Қазақстанның әр облысы бойынша жұбайлардың білім дәрежесі де түрліше. 1999 жылғы санақ көрсетуі бойынша Оңтүстік Қазақстанда екі жыныс бойынша да жоғары және арнайы білімі бар азаматтардың саны өскен. Отбасы тұрақтылығын анықтауда ішкі отбасылық қатынаспен қатар, бос уақытты тиімді пайдалану да маңызды. Біріншіден, бос уақытын дұрыс өткізу жұбайлардың қарым-қатынасының қалыптасып, дамуына әсер етеді. Махаббат, достық, жолдастық – ортақ көзқарастың, талғамның, мәдени тұрмыстық ғұрыптың барысында қалыптасады. Бос уақытын тиімді пайдаланған жұбайлардың күнделікті тұрмыстық бейнеті аз да болса ұмытылады. Бұны «психологиялық демалыс» деп атаса болады. Екіншіден, демалыс жұбайлардың мәдени дамуына әсер етеді. Мәдени және адамгершілік құндылықтардың сақталуы, дамуы отбасындағы және отбасынан тыс қатынасқа негізделеді. Отбасы мүшелерінің бос уақытын қызықты, мәнді өткізуі объективті жағдайларға (отбасының өмір сүру кезеңі, түрі, балалар саны мен жасы, материалдық игілігі, әлеуметтік-демографиялық сипаты) және отбасындағы психологиялық ахуалға байланысты. Бұл жерде көршілік, жолдастық, әріптестік қарым-қатынастың да маңызы ерекше.
«Отбасындағы қарама-қайшылық және ажырасу» деп аталатын үшінші тарауда ажырасу себептері, одан шығудың жолдары, ажырасқан отбасылардағы балалардың жағдайы қарастырылады. Демографиялық көзқарас бойынша некенің басты мақсаты – тұрақтылық, яғни адамзаттың сақталуын қамтамасыз ету. Ажырасудың қазіргі таңда орын алуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, Кеңес дәуірінде Қазан төңкерісіне дейін діннің дәмін татқан иманды қарт аналар мен аталар ажырасуды масқара санап, жастарды тиып отырды. Екіншіден, ажырасуға Кеңес кезеңінде де «моральдық азғындау» деген көзқарас қалыптасқан. Дәстүрге байланысты қазақ халқы ешуақытта ажырасуды құптамаған. Ислам дінінде ажырасуға жеңіл түрде қарауға тиым салынған.
Заманның өзгеруіне байланысты қазіргі таңда біздің елімізде ажырасу көбейіп отыр. В.И. Лавриненко ажырасуға әсер ететін факторларды екі топқа бөледі: некеге тұру нәтижесіндегі әсер ететін факторлар, неке құрмай тұрған кездегі әсер ететін факторлар. Неке құрмай тұрып ажырасу қаупі бар факторларға мыналарды жатқызамыз: неке құратын жұбайлардың жас алшақтығы мен білім деңгейлерінің әр түрлі болуы, жұбайлардың біреуінің маскүнемдікті жақсы көруі, некеге жастай отыру, некеге тұрмай тұрып бала көтеріп қалу, танысқан уақыттың аздығы, бірін-бірі аз білуі, некеге ата-аналарының келіспеуі, өз келісімінсіз некеге отыру [18].
Сонымен қатар, А.И. Кочетов неке құрғаннан кейін алғашқы жылдардағы неке тұрақтылығына әсер ететін факторларды былай көрсетеді:
-
Ерлі-зайыптылардың арасында қарым-қатынасының бұзылуы (көзіне шөп салу, қызғаншақтық).
-
Биологиялық сәйкессіздік (баласыздық, жыныстық дисгармония)
-
Жұбайлардың біреуінің басқа адамдармен тіл табыса алмауы (туысқандармен, таныстармен, әріптестермен).
-
Қызығушылықтарының әр түрлі болуы.
-
Балаға тәрбие беруде көзқарастың екі жаққа бөлінуі.
-
Жеке бастарында кемшіліктің көп болуы [18].
Орыс және шетел ғалымдары еңбектерінде неке-отбасылық қатынасқа байланысты «сапалы неке» термині қолданылады. Белгілі поляк социологі Я. Щепанский некенің жетістікке жетуін былай көрсетеді:
-
Неке тұрақтылығы.
-
Жұбайлардың субъективті түрде бақытты болуы.
-
Некеге тұруда өз мақсаттарына жету.
-
Ерлі-зайыптылардың жеке тұлға ретіндегі шығармашылығының дамуы, белсенділіктің артуы, жақсы бала тәрбиелеу.
-
Ерлі-зайыптылар арасында дағдарыстың, ұрыс-жанжалдың болмауы [18].
А.Г. Харчев пен М.С. Мацковский неке-отбасылық қатынастың жетістігіне мынадай компоненттер әсер етеді деп көрсетеді:
-
Әлеуметтік функцияларды орындау сипаты.
-
Жеке тұлғалық функцияларды орындау.
-
Ерлі-зайыптылардың некемен қанағаттануы.
-
Неке тұрақтылығы деңгейі.
-
Отбасының ересек мүшелерінің дамуына отбасының әсері [18].
Келесі кезекте ажырасудың жас ерекшелігін анықтаймыз. Зерттеп отырған мәселені шешу мақсатында әр облыс бойынша белгілі жас мөлшеріндегі ажырасқан ерлер мен әйелдерді бөліп қарастырамыз. 16-19 жас аралығында некеге аз отыратындықтан, ажырасу да көп емес. Соған қарамастан 16-19 жас аралығында ажырасу ерлерге қарағанда әйелдерде көбірек. Бұл жас аралығындағы ажырасуға жастардың неке мен отбасына мүлдем дайындықтарының жоқтығы, некесіз тым ертерек екіқабат болуы, мінездерінің сәйкес келмеуі, кейін тағы үйленем деген үміт және т.б. себептер әсер етеді.
1989 жылмен салыстырғанда 20-24 жас аралығындағы ажырасу 1999 жылғы санақ көрсетуі бойынша өскен. Әр облысты жеке талдау барысында ерлер ішінде Алматы облысы мен Жамбыл облысында – 1,1 %, Қызылорда облысында – 0,8 %, Оңтүстік Қазақстан облысында – 0,6 %. Енді әйелдер бойынша Алматы облысы мен Жамбыл облысында – 5,4 %, Қызылорда облысында – 4,3 %, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3,7 % [19]. 20-24 жас аралығындағы ажырасудан әйелдер ерлерден асып түседі. Бұл әйелдердің ерлерге қарағанда некеге ерте отыруына және ерлі-зайыптылардың жас алшақтығына, яғни ерлердің әйелдерден 1-5 жасқа үлкен болуына байланысты. Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында ажырасудың аз болу себебі, қазақтардың көп шоғырлануына байланысты. Екіншіден, жоғарғы ұрпақ өкілдерінің жұбайларға әсер етуі.
25-29 жас шамасына сәйкес ажырасу көрсеткішін анықтаймыз. Ерлер ішіндегі ажырасудан Алматы облысы – 4,6%, Жамбыл облысы – 4,1%, Қызылорда облысы – 3,5%, Оңтүстік Қазақстан облысы – 2,9% құрайды. Енді әйелдер бойынша Жамбыл облысында – 10,8%, Алматы облысында – 10,6%, Қызылорда облысында – 8,9%, Оңтүстік Қазақстан облысында – 27,8% [19]. 25-29 жас аралығында ажырасудың негізгі себептері физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдай. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың әлі де жас болуына байланысты, болашақта жаңа отбасын құруға мүмкіндіктің болуы. Оның үстіне жастардың кейбірінде бала болса, кейбірінде болмайды.
30-34 жас аралығында да ажырасу кездеседі. Тағы да Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ажырасу екі жыныс бойынша төмен дәрежеде болуы, бұл өңірде қазақы дәстүрдің басым сақталуымен байланысты. Көрсетілген жас аралығындағы ажырасудың негізгі себептері жоғарыда атап көрсеткендей физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдай. Тағы бір айта кететін жайт, 30-34 жас аралығында ажырасуға тікелей әсер ететін ішкі отбасылық қатынас. Үй басшысы болуға талас, білім дәрежелерінің әр түрлі болуы, біреуінің мінезін екіншісінің көтере алмауы, әйел парызы мен еркек парызын түсінбеулері, ата-ене мен туған-туыстарының әсері, некеге кеш отыру.
Сонымен қатар 35-39 жас шамасындағылардың арасында да ажырасу көп кездеседі. Бұған себеп – сезімнің жойылуы, материалдық жағдайдың жақсаруы, балалары өсіп, бұрынғыдай ерлі-зайыптыларды біріктіре алмауы, олар үшін бірге тұрудың қажетсіздігі, оның үстіне жұбайлардың біреуінің басқа адамда көңілінің болуы.
Оңтүстік Қазақстан бойынша ажырасу көрсеткіштерін талдай отырып, ажырасу себептеріне тоқталамыз. Ажырасудың негізгі себептері мыналар: маскүнемдік, мінездерінің сәйкес келмеуі, неке сенімділігін бұзу, жұбайлардың біреуінің ауруға шалдығуы, отбасында баланың болмауы, жұбайының зәбір көрсетуі, махаббаттың болмауы, қызғаныш, өмір және тұрмыспен қанағаттанбау, жұбайлық міндеттерді салмақты қабылдамау, физиологиялық қарама-қайшылық. Жалпы жоғарыда көрсетілген ажырасу себептерін былай топтастыруға болады: әлеуметтік-экономикалық, психологиялық, физиологиялық сипат, қалған себептер.
Неке тұрақтылығын сақтап қалу жұбайлардың өздеріне тікелей байланысты. Көбіне жақсы жұмыс, жалақы қуған ерлі-зайыптылар отбасын ұмытып жұмысқа беріледі. Отбасын бірінші орынға қойғандар оны сақтап қалу үшін бар мүмкіндіктерін қолданады. Әр отбасының өзіндік неке-отбасылық ерекшелігі болады. Оған махаббат, достық, қамқорлық, ата-ана парызы, балалар парызы, сенімділіктің беріктігі, рухани және идеялық көзқарастың ортақтығы т.б. жатады. Ең үлкен рөлді әйел мен еркек парызы алады. Әйел парызына біз мыналарды жатқызамыз: мейірімділік, сезімнің әдемілігі, нәзіктік, дұрыс ой, аналық сезім, зиялылық, тәрбиелік, күйеуіне деген беріктік, әрқашан еркекті моральды қолдау, өзін және еркекті сыйлау. Ал, еркек парызына біз зиялылық-тәрбиелілік, әйелді әрқашан қорғау, саналылық, салмақтылық, жинақылық, өзіне сенімділік, өмірге деген оптимистік көзқарас, қиындыққа төзімділік, әйелі мен балаларын сыйлауды кіргіземіз.
1989 жылы Алматы және 1998 жылы Түркістан қалаларында этносоциологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Респонденттерге неке тұрақтылығына, ажырасқан отбасылардағы балалардың жағдайына байланысты бірнеше сұрақтар қойылды. Жоғарғы және орта буын өкілдері неке тұрақтылығын бұзу немесе бұзбау ісі ерлі-зайыптылардың жеке бастарының ісі деп көрсетті. Оған әр түрлі себептердің болуы мүмкін деп ашық айтты. Керісінше жастар жағы неке тұрақтылығын бұзуға қарсы екендіктерін білдірді. Зерттеулердің мәліметтері бойынша ажырасқан отбасылардағы балалардың 45% бұл процесті жеңіл өтсе, 41% стресс және психологиялық шокпен өткереді [20]. Ажырасқан отбасылардағы жағдайды ата-ана балаларына дұрыс түсіндіріп бере алмайды. Соның нәтижесінде бала мінезі, психологиясы өзгеріске ұшырайды. Мұндай өзгерістер мен игерулердің жалпы жағдайы мөлшермен төмендегідей сипатта болуы мүмкін:
-
Баланы міндетті түрде тәрбиелеу қажет. Баланың келешегіне керек ендігі тәрбие, үлкен тазалықты талап етеді.
-
Ешқандай күш көрсету тәлімін жүргізуге болмайды. Бұл – баланың келешегін сындыру мен құрту деген сөз.
-
Үлкендердің қатаңдығы мен қатыгездігі арқылы баланы жасытып жөндеймін деу, барып тұрған надандық. Тек қана мейірімділік пен сүйіспеншілік екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін бірден ұққан жөн.
-
Психологиялық түзету жүргізетін кезеңдердің бәрінде де, басынан бастап, тек қана төзімділік керек.
Осылайша психикалық зардап шеккен, ажырасқан отбасындағы балаға психологиялық түзетулер жасаудың жолдары көп. Біздер келтірген әдістерден басқа да жолдары болуы мүмкін. Батыс елдеріне қарағанда ТМД мемлекеттерінде ажырасуға көзқарас басқаша. Соған қарамастан жер шары баланы қорғауға алып отыр. Оған 1924 жылғы Женева Декларациясы, 1959 жылы 20 қарашадағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының бала құқығы, 1989 жылғы 20 қарашадағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының бала құқығына байланысты толықтырулары дәлел. Мемлекет пен қоғам толық емес отбасылардағы балалар мен жасөспірімдердің азамат болып өсуіне атсалысады. Ата-ана, туысқандары, бүкіл қоғамның міндеті балаға дұрыс тәрбие беру, өмір сүру қажеттілігін түсіндіру.
Достарыңызбен бөлісу: |