«Пікірталас» әдісі – оқытудың сөздік әдістерінің ішінде елеулі орын алады. Оның оқыту процесіндегі ең басты қызметі - танымдық қызығушылықты ынталандыру, оқушыларды қандай да мәселе бойынша түрлі ғылыми көзқарастарды белсенді түрде талдауға қатыстыру, басқа жеке тұлғанық және өзінің көзқарастарының негіздерін түсінуге жағдай жасау. Пікір-сайыс өткізу үшін оқушылардың дайындығы, талданатын мәселе бойынша кем дегенде екі ңарама-қарсы көзқарас болу керек. Білімсіз өткен пікірсайыс жүйесіз мәселеден ауытқып, нәтижесіз өтеді. Оқу пікірсайыстары оқушылардың өз ойларын анық және дәл тұжырымдау іскерлігінің болуын, дәйекті дәлелдерді құрастыра білуін талап етіп, оларды ойлауға, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге, ой жарыстыруға үйретеді. Мұғалім сөз мәнерінің үлгісі болып, оқушылардың ой-пікірлерін тыңдап, оған әдепті түрде түзетулер енгізіп, өз пікірінің ақиқаттығына таласпай, соңғы сөзді айтуға құқығы бар екендігін оқушылардың естеріне салуы қажет. Оқу пікірталасы негізгі мектептің жоғары сыныптарында, ішінара, орта мектептің бастауыш сыныптарында қолданылады.Жақсы өткізілген пікірсайыс балаларға білім және тәрбие береді, мәселені терең түсінуге, өз пікірін қорғауға, басқалардың пікірімен санасуға үйретеді. Кітаппен және оқулықтармен жұмыс – оқытудың маңызды әдісі. Бастауыш сыныптарда кітаппен жұмыс сабақта мұғалім басшылығымен жүзеге асады.
«Дөңгелек үстел» әдісі. Бұл форма қазіргі өндірістегі кәсіби қарым-қатынастың ерекшеліктерін көрсетеді. Бұл әдісте ынтымақтастықпен жұмыстану және өзара көмекке келу жүзеге асырылады. Әрбір білім алушының интеллектуалдық белсенділікке құқығы бар, семинардың жалпы мақсатына бағытталған, ұжымдық шешім қабылдау және қорытындылар жасауға қатысады. Біріккен жұмыста білім алушы белсенді позицияға иеленеді. «Дөңгелек үстел» принципі, әсіресе пікірталас-семинарда толық сипатталады.
«Шағын топтар» әдісі – оқу материалының жалпы сұрақтары жекелеген өзіндік сұрақтарға ажыратылатын және білім алушылар топтары арасына бөлініп берілетін, студенттер өздігінен немесе оқытушының көмегімен хабарлама әзірлейтін оқыту тәсілі. Аталған әдісті қолдану топтың ішінде жұмыс істей алу іскерліктерін дамытады, оқушылардың шығармашылық қасиеттерімен қоса бастамашылықтарын, өздігінен жұмыс істей алу қабілеттерін де жетілдіре түседі. Бұл әдісті семинар сабақтарында қолданған орынды. «Шағын топтар» әдісін қолданып өткізген сабақ үзіндісін келтіріп көрейік:
1) Студенттер 3-5 адамнан шағын топтарға бөлінеді (студенттер тілегі бойынша немесе олардың дайындық деңгейі, «күшті-әлсіз» студент позициясынан оқытушы өзі топтарға бөлуіне болады).
2) Әр топтың басшысы тағайындалады.
3) Әр топ өздерінің рөлдерін бөліп алады: «Баяндамашылар» тобы, «Оппонент-сыншы» тобы, «Қорғаушы» тобы. «Баяндамашылар» тобы аудитория алдында негізгі ережелер, қағидалар мен концепцияларды нақтылы мысалдармен, көрнекіліктерімен баяндап береді. «Оппонент-сыншы» тобы «Баяндамашы» тобына сұрақтар қояды, баяндамаларын, оның мазмұнын, дәлелдемелерін сынға алады. «Қорғаушы» тобы жаңа фактілер келтіріп, ойларды толықтырады, мысалдар келтіреді.
4) Жұмыстың тиімді болуына «Баяндамашы» тобының өз баяндамаларымен аудиторияны алдын-ала таныстырулары да ықпал етеді. Топтың әрбір мүшесі кем дегенде бір тапсырманы орындаулары керек: иллюстрация дайындау, мысалдарды таңдап алу, баяндама жасау, қосымша әдебиетті іріктеу және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |