баяндама, Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн еңбектеріндегі әдеби сын.
2. Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегіндегі негізгі ойлар. Тарихта Ахмед Иүгінеки, толық есімі – Югнаки Адиб Ахмед ибн Махмуд ортағасырлық ақын, хакім, ойшыл ретінде танылған. Ойшылдың өмір сүрген уақыты және туған жері жөнінде ғылымда әртүрлі пікірлер бар. Зерттеуші-ғалымдар Иүгінекиді (қазақша Жүйнек) ХІІ ғасырдың соңында Түркістан өңірінде туып өскен деп топшылайды. Ахметтің туған жері Түркістанға қарасты Иугнәк деген қыстақ. Қазақтар ол жерді Жүгенек деп атаған. Ахмет жас шағында араб, парсы тілін меңгерген білімді адам болған. ХІІІ ғасырдың орта кезінде дүниеден өтті деп саналады. Осы турасында айта кетерлік жайт, Ахмед Иүгінекидің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер мардымсыз. Дегенмен қолда бар мәліметтерге қарағанда Ахмед жастайынан ілімбілімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жанжақты зерттеп-танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмед» деген құрметті атқа ие болған. Ақылойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмед Иүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлеңжырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерлердің басы біріктіріліп, «һибуат-улхақаиқ» («Ақиқат сыйы») деп аталатын өлеңдер жинағына айналған.
Ахмед Иүгінеки туындысының басты идеялары: оқу, білім, еңбек, тіл, адамның игі мінездері, достық, дүниенің өзгермелілігі. Автордың пікірінше, келер ұрпақ үшін шығармасын арнайы дайындаған. Осы турасында ол былай деп жазған:
«... Кейін келген жас буындар, ұрпақтар
Осыны оқып таң-тамаша болсын деп.
Махаббаты бар көңілді марқайып,
Жаздым кітап сөз асылын теріп ап,
Оқығандар бір пайдасын алсын деп...» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 390).
Шығармасында Ахмед білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы ойларын ашып көрсетіп, оған біршама тоқталған. Атам қазақ «білім – таусылмас қазына» деп бекер айтпаса керек. Ахмед білімге, білім алуға асығу қажеттілігі туралы ой қозғайды. Осы тұста халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «өлімнен басқасының бәріне асығу керек» деген пікірі ойға оралады. Білімді адамның өмірі бейнетсіз, бақытты болатынын былай жеткізген:
«Айтайын білім жайын, құнты бар бол,
Ей, досым, білімдіге ынтызар бол.
Ашылар білімменен бақыт жолы,
Білім ал жолға түсіп бақыт жолы» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 390).
Ғұлама білім бақытқа апаратын жол десе, өзінен жеті ғасыр кейін өмір сүрген дана Абай
«... Дүние де өзі, мал өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз» (Өлеңдер, 1966:13),
деп білімнің таусылмас байлық екенін қадап айтқан. Көріп отырғанымыздай, екі дананың ойлары бір жерден шығып отыр. Екеуі де білімнің адамның уайым-қайғысыз, бай-қуатты ғұмыр кешуінің көзі, түпсіз қазына екендігін насихаттаған. Ахмедтің осы асыл сөздерін кеңестік кезеңде В.И. Лениннің «Оқы, оқы және оқы» деген ұраны тәрізді білім ошақтарының маңдайшаларына жазып қойса да артық болмас еді. Адамзаттың дамуы осы білім, ғылым жолымен жүріп жатқандығы хақ. Заманауи жастар ғаламторға еліктеп, алтын уақыттарын соның тиімсіз тұстарын ақтарумен өткізгенше көбірек кітап оқып, дүниетанымдарын кеңейтсе Елбасының сөзімен айтқанда таусылмас капитал жинаған болар еді. «Білекті мыңды жағады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөз де Ахмедке тән.
Ахмед шығармасының құнды тұсының бірі – білім алу идеясы. Ол осы мәселеге қайтақайта оралып, білім алудың барлық істен артық екендігін алдыға тартқан. Мұндай ой Абай өлеңдерінен кеңінен орын алған.
Білімді, білікті мамандары бар ел тұрғындарының ұзақ жасап, бай, қуатты өмір кешіп жатқанына әлем куә.Тәуелсіз Қазақстан да білім беру деңгейінің экономикалық және ғылыми техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші екенін жақсы түсінеді. Білім беруде артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан да білім беру және оны заманауи талаптарына сәйкес жүргізу қазіргі кезеңдегі көкейкесті мәселелердің бірінен саналады. Осы бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес.
«Басқа пәле – тілден» мақал қашанда өзекті болып келгені мәлім. Алайда оның бастауы Ахмед Иүгінекиге тиісті десек артық айтпаған болар едік. Еңбегінде ойшыл тіл және соған байланысты әдеп туралы айтып өткен.
Тіл мәселесін қозғай отырып ойшыл жастарға ғибрат айтқан. Тіл өзімдікі деп сөйлей бермей керектіні айтып, керексізден бас тартуға кеңес берген. Өтірік сөзге бармай ақиқатты айтуды таза киім киюмен теңеген.
Ойшыл дүниені үнемі өзгеріп тұратын құбылыс ретінде қарастырған. Мұның өзі Ахмедтің дүниенің үдеріс ретінде танығандығын көрсетеді. Өзінің алдында өмір сүрген ғұламалар тәрізді дамуды үдеріс, үнемі дамуды прогресс деп санаған.
«Бұ дүние – бір керуен сарай-ды,
Кететіндер түсіп, содан тарайды;
Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде,
Келіп түскен соңы соған қарайды», (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 393-394) – деген пікірін ары қарай,
«Құр күйбеңі бұ жалғанның ез етер,
Шадыман шақ ескен желдей тез өтер,
Жас қартайып, жаңа ескіріп, күш қайтып,
Қуатты бел бүгілетін кез жетер», (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 394) – деп, адам өмірге келуден соң кету бар екендігін еске салған. Сондықтан да оны адами тұрғыда өткізу қажет деп санаған. Адамша өмір сүру Ахмедше ол – еңбек ету, бір күндікті емес, ғұмырды мәнді етіп өткізу турасында ой толғаған.