Менің кербез жеңгем
Үшіншіні Рамазан да, мен де мақтау грамотасымен бітірдік. Бұл біз үшін, әрине, зор қуаныш.
Қостөбеден тағы да бір жақсылық хабар келіп жетті. Сатылған ағайым үйленіпті. Бұл жолы ол ағайынның көңілінен шығып, үлбіреген қыз алыпты. Қостөбедегі кәдімгі кербез Күлімбала сұлу бар емес пе? Оның есігін үйір-үйір болып торыған жігіт-бозбалалардың аузын аңқитып, соның дәл өзіне үйленіпті. Күлімбала шал-кемпірдің ортасында бұлаң өскен жалғыз қыз. Әкесі қой бағады. Орта бойлы, толықша, қасы-көзі қиылған қара торының әдемісі.
Кәдімгі жұрт танып мойындаған Күлімбала сұлу.
Сатылған соны алыпты!
Жолшыбай бір арбамен Қостөбеге келдім. Үйдің іші тағы да жөнделіп қалған. Жаңа төсек-орын, біраз жаңа мүліктер пайда болған. Әйел болған осы деп, үлбіреп жас жеңгем отыр.
Ағайым бұл кезде колхозда есепші.
Ыдырыс пен Смағұл колхоз жұмысында. Үйде болғандарынан болмағандары көп. Жас жеңгем жұмыс істемейді. Қыз күнінде де ол колхоз жұмысына араласпайтын. Бригадир кербез Күлімбаланы мазаламауға үйреніп алған. Жеңгем бойын күтіп, үйде отырады. Айнаның алдында бір сағат шашын тарап, қасын жөндеп тұрады. Ерінбесе, күйеуіне шай қайнатып береді.
Колхоз бізді, балаларды, үйде отырғызып қоймайды, оқу тарасымен жұмысқа қуалайды. Егіннің арам шөбін жұламыз. Көк егінді тазартып, қарық қылғаннан да таптап бүлдіруіміз көбірек.
Шілденің дәл қайнап тұрған кезінде ағайымды колхоз Алматыға үш айлық есепшілік курсқа оқуға жіберді. Енді үйде жас сылқым жеңгем екеуміз ғанамыз.
Бригадир – Көпекбайұлы Бәзіл. Қара күшке мығым, бойдақ жігіт. Таңертең үй-үйді кезіп, жұртты жұмысқа шығарады. Бұрынғыдай емес, енді ол біздікіне де келеді. Ат үстінен:
– Кім бар? – деп, дауыстайды.
Бұл Ыдырыс пен Смағұл үйде бар ма, жоқ па деп тексергені оның.
Жоқ екенін біледі де, аттан түседі. Атын есіктің дәл көзіне қаңтарып қоя салады. Есектен жуас мал қойған жерден тыпыр етпейді. Аласа тар есіктен Бәзіл қорбиған үлкен денесімен екі бүктеліп, әрең сыйып кіреді.
– Әй, сен неғып жұмысқа шықпай отырсың? Бар! – дейді Бәзіл маған.
Оны-мұны сылтаумен мен дереу кете қоймай, бөгеле берем. Бәзекеңнің басында жаман ой бар екенін сезем.
– Сен келіншектің үйде отыруың жетті, енді жұмысқа шық, – дейді Бәзіл Күлімбалаға.
Бұйырып, шындап айтқан болады. Бірақ арғы көмекейі бос, Күлімбала сызылып:
– Сонда не жұмыс бересің?
– Күрек ал да, ана Мәриялармен бірге арық қаз.
– Оған менің күшім келмейді.
– Онда қамба тазала.
– Шаңға тұншығып өлмеймін бе?
– Шөмеле сал.
– Күн өтсе, басым ауырады.
– Сонда не жұмыс істейсің? Тепсең, темір үзгендей күшің бар, – дейді де, Бәзіл жеңгемді бүйірден түртіп келіп қалады. Күлімбала «өй, шешек!», «Мына шешек қайтеді!» деп сылқ-сылқ күледі. Бәзекеңе керегінің өзі де осы. «Е, немене, өтің жарылып кетті ме» дейді де, енді ол жеңгеме дүрсе қоя береді. Тышқанды бас салған мысықша нәзік жеңгемнің әптер-тәптерін шығарады. Ойнаған болып құшақтай ма-ау, шымши ма? Төсекке алып ұрып, қытықтай ма, әйтеуір білгенін істейді. Мені адам екен деп, көзге ілмейді.
Жеңгем менен қаймығып қана «қой, ей бала, қой» деген болады. Бірақ онысында зіл жоқ. Оның «қойы» е, тағы түрт, тағы шымшы дегенмен бірдей. Аю тұлғалы Бәзілге әлі келмесін білсе де, Күлімбала оған өш алған болып, енді өзі тиіседі. Бәзілді өшіктіре түседі.
Он екі, он үш жасар бала бола тұрсам да, менің білмейтінім бит ішінде. Бәзілдің біздің үйге келуін жаратпаймын. Ол аттан түсе бастағаннан-ақ кеудемде жеңгеме деген қызғаныш оты тұтанып, қолымнан келсе, Бәзілді шайнап жеп қоюға дайынмын.
Күндіз Бәзіл біздің үйге көп бөгеле алмайды. Жеңгем мен үйдің ішінің әптер-тәптерін шығарады да, жөнеп отырады. Кешке жатар кезде тағы да сопаң ете қалады. Бұл жолы ол ат мініп, айқай салып келмейді. Жаяу. Үн-түнсіз, «кеш жарық» деп, кіріп келеді. Жеңгем кесте тігіп, мен кітап оқып отырайын. Аласа есікті денесімен жауып, Бәзіл қалбиып тұрып қалады.
– Ыдырыс, Смағұл қайда? Келмеген бе? – дейді.
Олардың қайда жүргенін бригадир білмесе, кім білуші еді.
Бәзіл қасақана сұрайды.
– Келген жоқ, – деп жеңгем дұрыстап жауап қайырады.
– Сен келіншек не істеп отырсың? Бұ не бұл? Күндіз-түні қадалып, тігесің де отырасың? Колхоз жұмысына шық десе, шықпайсың. Тоқтап тұр, байың келсін.
Бәзіл ешкім отыр демей-ақ төсек үстіндегі жеңгемнің қасына, зілдей боп, сеткалы кереуеттің белін қайыстырып, отыра кетеді. Әдемі жиналып қойылған жастықтар орындарынан шоршып-шоршып түседі.
Кешқұрым келген Бәзілге менің көзқарасым бөлек. Бірақ оны ол байқамаған болады. Жеңгеме залалсыз қалжың айтқан болып, ара-тұра колхоз жұмысын да сөз етіп қойып, асықпай отыра береді. Қолдан туралған көк темекіні таяқтай етіп шылым орап тартады. Желдеткіші жоқ, үйдің іші ащы көк түтінге толып кетеді.
Жеңгем маған қамқорсығандық білдіріп:
– Ұйқың келсе, жатып, ұйықтай ғой, – дейді.
Бәзіл кетпей, ішімді – сақардай қайнатқан қызыл көз пәле кетпей, менің ұйқым келетін бе еді!
Ақыры Бәзіл кетпек болады, орнынан тұрады.
– Әй, келіншек. «Қуыс үйден құр шықпа» деген. Тіпті ырымға жаман ғой, тым болмаса, бір шыны суың бар ма?
Жеңгем ауыз үйден Бәзілге су әкеліп береді. Бәзіл жарымын ішеді де, жарымын Күлімбаланың бетіне шашып жіберіп, тұра қашады. Жеңгем «қу шешек, сені ме!» дейді де тұра кеп қуады. Ауыз үйдің, төр үйдің есіктері аңқиып, ашылған күйінде қалады.
Дала қараңғы. Тас қараңғы. Қашушы да, қуушы да қара сияға батқандай жоқ болады.
Мен жеңгем тез оралса екен деп, күтіп отырайын. Ішім безгек болған адамдай бір суып, бір қызынады.
Жеңгем кешігеді.
Жүгіріп, есік алдына шығамын. Олай-бұлай көз тігіп, құлақ түрем. Ешбір сыбыс естілмейді. Менің безгегім асқына түседі.
Бір кезде өкпесі өшіп, алқынып, жеңгем келеді:
– Қу шешекті сонау көшенің басына дейін қудым, жете алмадым. Бәлем, тоқтап тұр! Ертең осы үйге келерсің!
Жеңгемнің шашы мен киімдері Бәзілді «қуамын деп», одан бетер ұйпа-тұйпа болған. Арқасына шөп-шалаң жабысып қалған...
Достарыңызбен бөлісу: |