Бердібек соқПАҚбаев



бет44/51
Дата09.04.2022
өлшемі280.24 Kb.
#456635
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   51
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Табылған тәсіл




Әлғожа үйімен бетпе-бет, бір қораның ішінде оның ағасы Қожаның үйі бар. Қожа ауылдық советтің пред­седателі. Елемес дейтін ұлы және екі қызы бар Қожаның. Елемес екеуміз бір класта оқимыз. Ал қыздары мектеп жасына толмаған. Әкелеріне тартқан үрпиген-үрпиген сары қыздар.
Қожа мен Әлғожа бет сүйектерінің бітімі қазақи бола тұрып, шикіл сарының нағыз өзі. Олардан тараған­ балалар да түлкінің күшіктері тәрізденіп біреуінен-біреу аумай сап-сары боп, түсе-түсе қалған.
Бұл тұқымның ерекшелігі, жалпы, бұл ғана емес. Әкелері Күшіген – мылқау. Күшігеннің қарындасы, осы күні кемпір боп қалған Алтынбала, ол да – мылқау.­
Күшіген шал. Қабағы түксиіңкі жүретін, сүйекті төртбақ адам. Шаруақор. Екі үйдің отын-су дайындау, бақша салу, малға қарау секілді бүкіл шаруасын өгізше пыс-пыс етіп, үнсіз қимылдап жүріп, бір өзі тындырады. Алтынбала да, ол да сөйлеген сөзіңді аузыңның қимылына қарап түсінеді.
Бұл екеуі дым білмес бітеу мылқаулар емес. Бір буынды, екі буынды қысқа сөздерге тілдері ара-тұра келіп те қалады. Бірдеңені шүлдірлеп, қысқа қайырып айта алады.
Күшіген қарулы адам, шаршау дегенді білмейді. Бір­деңеге ашуланса, шоқ басып алғандай жаман бажылдайды.
– Жүгіріңдер! Ана кісі неге ашуланды? – дейді Әлғожа.
Қожаның кіші қызы ерке, қолынан тамақ түспейді. Төсегінен «апа, нан» деп түрегеледі. Ойын үстінде құрт па, кәмпит пе, малжаңдап жеп жүреді.
Шешесі таптап қоя ма, қайдам, кіші сары қыз сондай сараң. Қолындағысынан сұрасаң, бермейді.
Бір күні кіші сары қыз есік алдында ойнап отыр екен. Қолында добалдай наны бар. «Наныңнан берші?» дедім.
– «Мм... бермеймін».
Қалай да қызды алдап, нанын жегім келді. Тартып алуға болмайды, жылайды.
– Наныңнан берсең, қарындаш берем.
– Көйсет?
Көрсеттім – бір сүйемдей қара қарындаш.
– Іммқ... – деп, қыз басын шайқады, ұнатпағаны.
– Бәкі берем.
– Іммқ...
Басқа ұсынар нәрсем жоқ. Аз тұрдым да:
– Сен нанды орысша жегенді білесің бе? – дедім. Қыз аң-таң боп тұрып қалды да, тағы да:
– Іммқ, – деді. Білмеймін, білгім келмейді дегені.
– О! Орысша жеген қызық болады. Сен көрсең, өліп қалар едің!
– Өй қу-ай! Алдайсың!
– Алдамаймын. Сенбесең, наныңнан бір үзіп берші, көрсетейін.
Қыз нанынан кішкене етіп үзіп берді. Алдым. Енді бұны қалай жесем орысша боп шығады деп, ойланып тұрмын. Жай асай салғанмен ендігәрі қыз алданбайтын болады. Мен де жарымаймын.
Нанды көзіме тақап әкелдім де, бір түрлі үріккен жүзбен тесіліп қарап алдым. Сосын екі танауыма кезек-кезек басып, иіскедім. Иіскеген сайын тыжырынып, басымды қалтыратып қоям. Аузымды арандай етін ашып, көзімді бір жұмып, бір ашамын. Аузымды және бір ашқан кезде нанды өңешіме қарай тастап келіп жібердім. Сосын көздерім алақ-жұлақ етіп, обырланып шайнай бастадым.
Құдай оңдап, осы қимылымның бәрі де сары қызы­ға әсерлі шықса керек. Ол ішек-сілесі қатып, күлді – Мә, тағы да орысша же!
Тағы жедім. Жаңағыдан гөрі де құбылтып, әсерге бақтым. Жаңа тың құбылыстар ойлап табам. Қыз риза, нанынан үзіп бере берді. Ең қызығы бір үзім наны қалғанда қыз:
– Қалмақ қалай жейді? – деп сұрады. Енді ол мені цирктің бір ойынынан бір ойыны қызық дарақышысы тәрізді көріп алды.
– Қалмақ па? Қалмақ нан жемейді.
– Енді не жейді?
– Қалмақ тек кәмпит немесе қант жейді.
Сары қыз үйіне жүгіріп кетіп, бір уыс етіп кәмпит алып шықты. Қойдың құмалағындай домалақ арзан кәмпиттер. Мә деп, маған қалмақша жеуге әуелі соның бір түйірін берді.
Кәмпитті қолыма алып, тағы да ойланып тұрмын. Қа­лай жесем «қалмақша» болады? «Қалмақша» бұл жақсы сәтті желінсе, ана басқа кәмпиттер де менікі болады ғой.
Жаңағы көрсеткендерімді қайталау жарамайды. Оның енді еш қызығы болмайды.
Есінеген адамша аузымды кең етіп аштым. Қайта жап­тым. Тағы ашып, тағы жаптым. Мұрнымды тыжырып, басымды шайқап-шайқап қойдым. Бұның бәрі түк ойлап таба алмағанның далбасасы еді.
Аузымды және бір ашқанда, кәмпитті көмейіме қарай жіберіп кеп қалайын. Көздеп, дәл жіберсе де мұндай болмас, өңешімдегі тілшікке жабысты да қалды. Жұтпақ болсам, жүрмейді, кептеле түседі. «Қых, қых» деп, кәдімгідей шындап қақала бастадым. Кәмпиті құр­ғыр не ары, не бері кетпейді, тынысымды бітеп, өлтіріп барады. Көзім алақтап, өз мойнымды өзім тырналап, жанталасып жатырмын. Нағыз «қалмақша» жеу осы болды. Өлдім-талдым дегенде кептелген кәмпит ары еткендей болды. Тынысым ашылды. Өзім терлеп те кет­тім. Жағамды ағытып, есімді жинай алмай жатсам, сары қыз және бір тал кәмпитті аузыма тықпалап:
– Мынаны да қалмақша же, – дейді.
– Өй, кәмпитің де, өзің де құрып қал! Жоғал аулақ!
Соңыра тіптен қызық болды. Бәріміз шай ішіп отырғанбыз. Кенет сырттан сары қыз кіріп келді. Екі үйдің еркесі, оған жол бос. Әркімдерді кимелеп, дастарқанға кеп, бір жапырақ нан алып:
– Мә, орысша же! – деп, менің аузыма тықпалап жатыр.
Мен не айтарымды білмей, сасып қалдым. Отырған­дар және аң-таң.
– Мынау не айтады? – дейді Әлғожа.
– Мына неменің орысшасы несі? – дейді Тынымжан.­
– Мынау нанды орысша жейді, қызық жейді. Менде бір пәле бар екенін бірден сезіктенген Әлипа болды.
– Таста нанды! Орысшасы несі? Дәу де болса мына қу бірдеңе ойлап тапқан ғой!
Артынан оңаша жерде сары қызға түсіндіріп жатырмын:
– Сен маған жұрт көзінше орысша же деме, ұқтың ба? Жұрт бар жерде болмайды. Нанды да, кәмпитті де оңашаға алып кел.
– Мақұл.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет