Нарынқолда алтыншы оқып жүріп, комсомолға кірдім. Комсомолға ол кезде он төрт жастан қабылдайтын. Он төртке толсам, комсомол болсам деп, арман етпейтін бала жоқ. Мен де соның біреуімін.
Әуелі жалпы жиналыс қабылдайды – қалбыр елеуіштен өттім деп, үйге әрі қуланып, әрі қуанып келдім.
Одан соң аудандық комсомолдар комитетінің бюро мәжілісінде бекітеді. Бұл жолы екі езуім құлағыма жетіп, торқа елеуіштен өттім деп, масайрап келдім.
Бюро мүшелері менің тәртібім жайлы сөз болғанда кідірістеп қалды. Мектепте атым көбірек аталатыны, мен жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап жататыны оларға да мәлім еді.
Сонымен, Ленин комсомолының мүшесімін. Комсомол билеті қолыма тиген күн – мен үшін дүниедегі естен кетпес ең бақытты күн. Өмірдің үлкен бір бел-белесінен астым, есейдім деген мақтанышты сезім кеудеме сыймай тұрды.
Тағы да сол құтты ауыл Сүмбедемін. Кеңпейіл нағашыларды қайта айналып тапқам, Өз – өзекке тепсе, кетпейді, жат – арқандаса тұрмайды. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң.
Биыл жетінші оқып жүрмін. Өмірдің және бір белесінен асатын – орталау мектепті бітіретін жылым. Егіз қозыдай жұбымыз жазылмайтын Рамазан екеуміз тағы да біргеміз. Ол бірақ бұрынғысынан бетер серейіп өсіп кеткен, қатар тұрса, менің төбемнен қарайды.
Жетінші – мектептегі ең жоғары класс, біз сол ең жоғары кластың оқушыларымыз. Енді бір секірсек, мұғалім де боп шығамыз (Мектепте институт бітірген бір де бір мұғалім жоқ. Көбі педучилищеде сырттай оқиды). Өзімізден төменгі кластардың оқушыларына мардымсынып шекемізден қараймыз.
Сол бір тұста мен керемет мансапқор едім (Мүмкін, басқалар да солай шығар?). Мансабы зордың беделі зор екенін күнбе-күн көріп жүрміз. Ендеше, мансаптың биігіне ұмтылу – ол өсімдіктің күнге ұмтылуы секілді табиғи құбылыс.
Мектеп қабырға газетінің редколлегия мүшесімін. Комсомол комитетіне мүшемін. Комсомол жарнасын жинаушы казначеймін. Комсомолдың жалпы жиналысында, міндетті түрде, президиумға сайланам. Өйткені қаулы жазам. Қаулы-қарарда менен шебер, менен тез жазатын адам жоқ.
Қара тобырдың арасында отырмай, алда президиумда отыру мәртебелі іс екенін әркім біледі. Қолынан келсе, әркім-ақ отырар еді. Сол секілді, мансапты болу ол да мәртебе. Аз болсын, көп болсын, біраз адамнан артығырақ екеніңді айқын сезінесің, біраз адамға команда бере аласың.
Мен қанша қызыққанмен, бір мансапқа қолымды жеткізе алмай келемін, ол – класс старостасы болу. Осыған құмар-ақпын. Класс старостасы, әдетте, оқу жылының басында тағайындалады, класс жетекшісі тағайындайды. Балалардың бетіне қарап отырады да, көңілі түскен біреуге сен бол дейді. Одан басқа да біраз адам дәметіп, еліп отырғанымен есептеспейді.
Сол кездегі мұғалімдердің ішінде Галиева София ерекше жан. Бүлдіршіндей жас келіншек, бір үйде жалғыз тұрады. Ауыл әйелдерінен бөлекше, жартылай еркекше, жартылай әйелше киінеді. Мінезі де тік, еркекшора. Қап-қара қою шашын жалбыратып дәл желкеден күзеп қояды.
Жүріс-тұрысы жарау аттай пысық Галиева бір кісідей өжет те. Еркекпен еркек боп бірге араласып жүреді, әйелдік нәзік мінез бойынан онша көп байқалмайды.
Кімнің кім екенін халық біліп ала қояды ғой. Жұрттың сыбыр-сыбыр әңгімесі бізге де жетеді. Галиева бір кезде Жәркенттегі ұйғыр театрында актриса болған екен, күйеуге тиіп, егіз бала тапқан екен. Бірақ балалары өліп қалыпты, семьялық тұрмысы баянды болмапты. Содан қайтып күйеуге тимеуге ант етіпті дейді...
Ол кезде мектепте қыздар ұйымы дейтін болатын. Галиева басқарады. Белгілі бір күндері кешқұрым ересек қыздарды жинап алып, қыздардың жабық жиналысын өткізеді. Оқушылар түгіл, мұғалімдерден де ешбір еркек катыстырылмайды.
«Қоршаулы бақтың жемісі тәтті», – деген орыста мақал бар. Әлгі тәрізді жиналыста не айтылуы мүмкін? Галиева қыздарға ер балалардан аулақ жүріңдер, жоламаңдар деп, біздің жаңа-жаңа бүршік жарып, көктейін деп келе жатқан балауса махаббаттарымызға қастандықтың уын шашып жатқан жоқ па?
Сырт қараңғы. Біз жиналыс болып жатқан класты торуылдап келіп, тың тыңдаймыз. Терезеге бой еркін жетпейді, биік. Желдеткіш жоқ, ішкі дауыс жөнді естілмейді. Шегініп, кейіндеп барып қарасақ, Галиеваның жұлқынып, қолын сермеп тастап сөйлеп тұрғанын көреміз. Біз не ойласақ, дәл соны айтып жатқан тәрізді.
Ертесінде өзімізбен ымыралас қыздардан сұраймыз: түнде қыздар жиналысында не мәселе қаралды? Галиева не айтты? Галиеваның қаһары қандай екенін жақсы білетін қыздар өлмей айта ма?
Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Мектеп бітірушілер үшін биыл мемлекеттік емтихан болады. Мемлекеттік емтихан! Бізге бұдан өткен жауапты, бұдан өткен қатер іс жоқ енді. Ұстаздарымыз жыл басынан құлағымызға құйып, сіңіріп қойған. Байқаңдар, осы бастан дайындалып, жақсы оқыңдар. Биыл жай емтихан емес, мемлекеттік емтихан тапсырасыздар!
Соңғы сөйлем айтылғанда, сұқ қол ауаға бірге көтеріледі. Байқа деген сөзді ол да қайталағандай боп, леп белгісіндей қаздиып тұрып қалады.
Байқа, жоғары қысымды ток бар!
Байқап өт, мұз түсіп кетуі мүмкін деген тәрізді.
Қауіп-қатер әлі алыс жатқан кезде адам айылын онша жия қоймайды, жақындаған шақта көп қатарлы керіп атармын дейді. Жақындамақ түгіл, міне енді тіреліп тұрмыз: қай күні, қай сағатта, қай пәннен тапсыратынымыз бәрі айқын.
Қолымыздан оқулық түспейді. Таң азаннан тұрып алып оқимыз. Мемлекеттік емтихан жай емтихан емес екенін үйдегілер де ұққан, бөгет жасамауға тырысады.
Міне, күткен күн жетті – бірінші емтихан. Аудандық оқу бөлімінен өкіл келген. Оны: «Ауданнан комиссия кепті. Емтиханды ауданнан келген комиссия алады екен», – дейді, Бірінші емтихан тапсырылды. Жан қалды. «Ауданнан келген комиссия Смағұлов дейтін өңі жылы, қарапайым ғана біреу. Ештеңемен жұмысы жоқ, газет оқып немесе өзімен өзі болып, есінеп қойып отырады.
Жетіншіде жиырма шақты бала бармыз, мектепті түгел бітіріп шықтық. Картаның оң, солын айыра алмайтын Елемес те бітірді. Мемлекеттік комиссия осы қарқыныңнан тайма, бөгелме, ғылым шыңына қарай өрлей бер деп, оған да жолдама берді.
Былтыр Сүмбе мектебінде тұңғыш бітіру болған, мектеп пен колхоз бірігіп, той жасаған. Биыл да сондай той жасамақ.
Июнь айының жарқыраған жылы күндерінің бірі, Сүмбе жеті жылдық, мектебінде бүгін той – мектеп бітірушілер тойы. Қой сойылып жатыр сыртта. Үлкен-үлкен тастар қаланып, дәу тайқазандар асылып, отын жарылып, от жағылып жатыр. Қоңырсыған иісі сүп-сүйкімді боп, бас-сирақ үйітіліп жатыр. Осы ауылдағы ең үлкен, ең мешкей самауырлар әкелінген.
Мектептің алдындағы тақыр көк алаңда әуелі салтанатты жиналыс болды. Мектеп директоры Нәсір Әлиев сөз сөйледі. Және біреулерге сөз берілді. Сосын, жетіншіні озат бітірген бірнеше оқушыға мақтау грамоталары тапсырылды. Жүлде алушы бақыттының бірі мен едім. Атым аталған кезде, сірә, қуанғаннан болар, құлағым шыңылдап кетті.
Грамота түгел тапсырылып болғаннан кейін Нәсір:
– Сөз мектеп бітірушілер атынан пәленге беріледі! – деп менің атымды атап келіп қалсын.
Мен бұны күткен жоқ едім. Өйткені ешкім маған алдын ала сен сөйлейсің деп, ескертіп айтқан жоқ, дайындаған жоқ. Төбемнен жай түскендей болды. Жұрттың алдына шығып, өзіме қадала қараған көп көзді көрш, есімнен мүлдем танып қалғандай болдым.
Сондағы сасып-салбырап айтқаным:
– Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым.
Бар айтқаным осы.
Достарыңызбен бөлісу: |