Сіздер Елеместі білесіздер, сары қыздың ағасы. Екеуміз бірге оқимыз. Бойы менен ұзын, дүрдік ерін, аузынан сөзі, қойнынан бөзі салбыраған момын. Ол да сары. Бірақ әкесі тәрізді шикіл сары емес, қоңырлау. Елекең жуынып шайынуға онша құштар адам емес, оның қоңырлау көрінетіні, мүмкін, сондықтан да шығар. Елеместің жасы менен үш-төрт жылға ересектеу. Онымен тең-тұс балалар орталау мектепті баяғыда бітіріп, орта мектепте оқып жүр. Ал Елекең асықпайды, кластан класқа жайымен, кейде, екі жылда аттайды.
Елемес екі нәрседен қатты қорқатын еді. Бірі даладағы қасқыр (Қасқырдан кім қорықпайды?). Ал екіншісі мектептегі оқу.
Қасқырмен ол әлі бір де бір рет бетпе-бет келіп көрмеген болар. Ал оқуы түскірмен күн сайын бетпе-бет келеді. Оқу оның жынына күнде тиеді.
Мен Елемеспен жетінші бітіргенше бірге оқыдым. Осы уақыттың ішінде сабазың картаның шығысы мен батысын айыра алмай-ақ кетті.
Үйіміз есіктес болғандықтан Елемес екеуміз мектепке бірге барамыз, бірге ойнаймыз. О, Елемес өнерсіз де жан емес. Ләңгі тебуден ол осы көшенің чемпионы.
Елеместің аяғында қолдан басқан тайпақ қара пима, ләңгі тебуге сондай қолайлы. Шапанның екі етегін белбеуге қыстырып алып, малақайдың құлақтарын тікірейтіп түріп алып, мәймеңдеп тебе жөнелгенде, ол табиғат өзін тек осы үшін жаратқандай шабыттанып кетеді. Ләңгіні тепкен сайын басын бір шұлғиды, бір, екі деп санап кете береді. Көкшіл лақ терісінен тігілген малақайдың бір құлағы сынық та, екіншісі тіп-тік. Тік құлақ ол шұлғыған сайын селтең, селтең етіп, онымен қоса санасқандай болады.
Оқу десе, қабағы қарс жабылатын Елемес ләңгі ойнағанда тілмен айтып жеткізгісіз рақатқа батып, гүл-гүл жайнайды.
Таңертеңгі мезгіл. Елемес екеуміз мектепке бармақ болып, үйден шығып келеміз. Күн бұлыңғыр, іп-ірі болып, үнсіз жапалақтап қар жауып тұр. Қар түнімен жауған, жол атаулыны көміп қалған. Бірлі-жарым атты адамдардың ізінен басқа маңайда із де, жол да жоқ. Мектепке дейін көп жер.
– Бүгін оқуға бармай-ақ қойсақ қайтеді? – деді Елемес өте бір еңсесі түскен пішінмен.
– Не істейміз?
– Мына тамға кіріп, ләңгі ойнайық.
Ауа райының көңілсіздігі менің де адымымды аштырмай, тұсау болғандай еді. Мақұл деп, келісе кеттім. Дәл қасымызда терезесі үңірейген бос там тұр. Төбесі бар, есігі де бар. Тек терезесі жоқ. Мынадай қар жауып тұрғанда сол үйге кіріп, ләңгі ойнап уақыт өткізуден рақат ештеңе жоқ секілді. Сабаққа бір күн бармасам не қылады? Күнде калып жатқан жоқпын және өзім сабақты жақсы оқимын.
Кірдік там үйге. Жауыннан сая, тып-тыныш. Төбесі, қабырғалары әдеміленіп сыланған, көңілді. Едені осындағы барлық үйлер секілді жер. Қабырғаның бірінде үлкен ағаш қазық бар екен. Сырт киімдерімізді шешіп, іліп қойдық. Түске дейін рақаттанып ләңгі ойнап, түсте, балалар мектептен қайтқан кезде, оқудан келген боп, үйді-үйімізге салаң ете қалмақшымыз.
Біз қайда болдық, не бітіріп қайттық, оны олар қайдан біледі?
Елемес жүрген жерде оның қалтасында ләңгі де жүреді, екеуі бірінен бірі ажырамайды. Бисмилла деп, ойынды бастап келіп жібердік.
Ойын ол оқу емес, уақыттың қалай зымырай өткені білінбейді. Мүмкін бір сағат, мүмкін жарты сағат өткен болар. Әйтеуір, еңбек вахтасының нағыз қызған кезі. Елекең өзінің құмар ісіне жан-тәнімен берілген, басқа дүниені түгел ұмытқан. Маңдайдан буы бұрқырап, малақайды бір шекесіне едірейтіп киіп алған. Осы қазір ләңгіні теуіп жатқан да сол еді. Кенет сыртта ат тұяғының дүбірі естілгендей болды. Қожаның ұзындығы есік пен төрдей сары аты болушы еді. Ссның басы апандай терезенің ар жағынан көлденеңдеп көріне берді.
Аттың үстінде Қожа өзі!
Қожа – Тарас Бульба секілді мұртты, денелі адам. Үстінде қалың сеңсең ішік, ол оны одан бетер дәу етіп көрсетеді. Аттың басы көрінісімен-ақ біз бұрыш-бұрышқа тығылып тұра-тұра қалғанбыз. Сөйтсек, онымыз бекер еңбек екен. Қожа біздің ізімізді қуалап, біліп келген.
– Әй, жүгермектер! Шығыңдар!
Жүгермектер сонда да тыпыр етпейміз. Екеуміз екі бұрышқа көлеңке болып жабысып алғанбыз. Әттең, қолымыздан келмейді-ау! Келсе, сол бойда қабырғаға батып, сіңіп, жоқ болып кетер едік. Қожаның ашуы қатал екені Елемеске де, маған да жақсы мәлім.
– Шығасыңдар ма, жоқ па? Әлде быт-шыт қып, сүйреп алып шығайын ба?!
Бұл Қожаның расы. Енді бір минут бөгелсек, ол аттан қарғып түседі де, кіріп келеді. Екеумізді екі қолмен лақтай бақыртып сүйреп алып шығады да, білгенін істейді.
Шапанын тез киінді де, бірінші боп есікке қарай Елемес жөнелді. Оның соңында мен.
– Оқу қайда, сұмпайылар?!
Алты өрме дырау қамшы Елеместі арқадан көміп өтті. Ойбай деген даусымен қабаттасып, Елекең қайқаң ете қалды. Мені де ұрады-ау деп, ұрған кезде арқам қалай ауыратынын күні бұрын сезінгендей боп, жасқана бердім. Қожа бірақ мені ұрмады. Екеумізді мал құсатып алдына салып алды да, мектепке қарай дедектетіп айдап жөнелді.
Қожадан көргеніміз аз болғандай, енді директор Нәсірден көреміз. Оның да өңі суық, қатал адам.
Мектепке біз де келдік, үзіліске шығуға қоңырау да соғылды. Бізге бұл ұнамайды. Класс-кластан жүгіріп шыққан балалар айдалып келген бізді көрді. Өздері сабақтан қалмайтын жандардай-ақ улап-шулап, мазақтап қоршап алды.
Мұғалімдер бөлмесі. Қабағынан қар жауған Нәсір директор. Елемеске көбірек шүйілді.
– Мен сендермен сабақ соңынан сөйлесем, – деді де, оны-мұны шаруашылық, заттары тұратын ең шеткі кішкене бөлмеге апарып, қамап қойды.
Бұл бөлмеге от жағылмайды, суық. Оқушылар есіктің жарығына үймелеп, сығалап қарап, бізді мазақ етеді. Мылтықтың аузынан сәл үлкен тесік – бұтақтың орны. Әлдекімнің қуақы көзі жылтың-жылтың етеді. Ызам келіп, түкіріп келіп қалайын. Жылтыңдаған көзге түкірік дәл тисін. Сөйтсем, мына қызыққа караңыз – көз менің қас жауым Баймырзанікі екен. Ар жақтағы балалар сыбағасын мықтап алғаны үшін енді Баймырзаны мазақ етіп, қарқ болып жатыр.
Мен де ризамын. Талайдан өшім кетіп жүр еді оңбағанға. Сол керек өзіне.
Тағы да қоңырау. Балалар кластарына қайтадан кіріп кетті. Дәлізде енді жан қалмады. Жай тұра беріп тоңатын тәріздіміз.
– Елемес, кел, одан да ләңгі ойнайық. Ақыр осы үшін жазаланып отырмыз ғой.
Дәл осы арада ләңгі ойнау Елемеске әбестік болып көрінетін тәрізді, батылы жетіңкіремейді.
– Көріп қойса, пәле болмай ма?
– Көрмейді, қайдан көреді. Біреу келе жатса, қоя қоямыз.
Елекең шапанының, бешпентінің, жейдесінің түймелерін түгел ағытып, қолын жалаңаш етіне сұғып жатыр. Бұнысы несі деп, мен әуелі түсінбеп едім. Сөйтсем, әлгінде Қожа келіп қалғанда ләңгіні ең ішкі қойнына тастап жіберген екен. Тінтсе, таба алмасын дегені болу керек.
Өзгелер сабақпен бас қатырып жатқанда біз тағы да ләңгі ойнап, жетісіп қалдық. Бұл үшін тамаша жағдай жасап берген Нәсір мұғалімге рақмет айтар жөніміз бар.
Достарыңызбен бөлісу: |