Бердібек соқПАҚбаев



бет9/51
Дата09.04.2022
өлшемі280.24 Kb.
#456635
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   51
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Тепең-тепең




Менің масақшылық мамандығым тамамдалды. Кіш­кентайсың, көлікке салмақ аз түседі деп, тұлықтас­тың атына мінгізіп қойды.
Қазіргі балалар тұлықтасты біле қоймайды. Бұл ұзындығы бір метрдей жұмыр сүйретпе тас. Постремка арқылы аттың артына жегіледі де, астық сонымен бастырылады. Қырманда үш тұлық жұмыс істейді. Әр тұлықтың атының үстінде тепеңдеген бір-бір бала.
Қырманның қақ ортасына мая етіп, шоқитып үйген бау. Тұлықтас жегілген аттар сол маяны айналып, же­леді де отырады. Ересек бір адам баудан тұлық жолына оқтын-оқтын лақтырып, шашып тұрады.
Дүниеде қарғыс атқан екі жұмыс болса, оның бірі тұлықтастың атына міну.
Жұмыс таңқасқадан басталады. Тәтті ұйқыдан тұр, тұр деп, зорлықпен тұрғызып алады. Шала ұйқы боп атқа конғаннан түнге дейін тыным таппайсың. Бір бас­қан­ ізіңе қайта айналып келіп, жортақтайсың да отыра­сың.­ Бейне бір құдай қарғап мәңгіртіп, тоқтаусыз зырылдатын қойған нәрсе тәріздісің. Біріңнің соңыңнан бірің тынымсыз айнала бересің, айнала бересің. Әр-беріден соң қажып, мезі боласың. Басың айналып, көзің бұлдырап, төңірек бірге көшіп айнала бастайды. Сонда­ да тоқтамайсың.
Астыңдағы атың жарау, жүрдек ат болса ғанибет қой. Арық жауыр ат. Тепең-тепең тебінудің күшімен әрең жүреді. Екі саның салдырап талып кетеді. Мінге­нің қиқы-шиқы жаман ер. Тартпа, үзеңгі бауын үзік-үзік жіп-шу бірдеңе. Отыруға жайлы емес, Тақымға батып, қажап, иттей қылады. Соның біріне де қарауға шамаң болмайды.
Арық кежір аттың тоңқ-тоңқ еткен желісі келі түйгенмен бірдей, ішек-қарныңды үзіп жібере жаздайды. Қатқыл ердің үстінде отыра беруге құйрық шыдамай кетеді. Жамбастап отырасың. Бір жамбасың талған­да, екінші жамбасқа аунап, күйзеліп бітесің.
Тепең-тепең тебіну, қамшылану – арық ат осының күшімен ғана жүреді. Титықтап әбден болдырғанда бас­пай қалады. Ұрмақ түгіл етінен ет кесіп ал. Өлтір. Екі құлағы салбырап, теңселіп құларман болады.
Мал ол адам емес, қулық-сұмдықты білмейді. Болдырғаны – әл-қуатының біткені.
Жылқыбай безбүйрек қатал адам. Аттың болдырға­нымен шаруасы болмайды.
– Жүргіз! – деп ақырады.
Қырманшы жүрмеген атты басқа ұрады. Басқа ұр­ғаннан ат жасқаншақ болады. Кейін жай қамшыласаң да басын ала қашып тұрады.
Көзіне қамшы тиіп, соқыр болып қалған аттар бар.
Сол тұлықтастың атына мінген кезімді ойлап отырсам, қазір де жүрегім солқ ете қалады. Ой, шаршаушы едік-ау! Атпен бірге сен де қажып болдырасың. Бел омыртқаң сырқырап, аяқ-қолың салдырап, ерде отыра ал­май кетесің. Жерге түсіп, бір сағат, жарым сағат бой жазып жата кету қол жетпес арманыңа айналады.
Адам ол мал емес, қулыққа басасың. Ат тізгінін бо­сатыңқырап жіберем де, екі қолымды ішіме басып, бұралып, қинала бастаймын. Ортада бау шашып тұрған қара сұр сұсты Жылқыбай:
– Әй, не болды? Жүргіз! Немене, шешең есіңе түсіп кетті ме? – дейді.
– Ішім-ай, ойбай, ішім.
– Е, ішіңе не болды?
– Бұрап ауырып барады.
Қулық екенін Жылқыбай бірден біледі:
– Оттамай, жүргіз! – дейді зекіп.
Жылқыбай шын ауру болсаң да тыңдамайды. Жеті атаңнан тартып боқтап, керек десе, ұрып та жібереді. Қаршадай сенде әкесінің құны бардай-ақ қағып қаныңды, соғып сөліңді алады. Мен Жылқыбайды тажалдай жек көруші едім.
Кешке жұмыс соңынан екі аяғымыз талтаңдап жүре алмай қаламыз. Көзге ұйқы тығылып кешкі тамақты ішуге шамамыз әрең келеді.
Тамағымыз – талқан. Қадімгі қара талқан. Кішкене пияламен таңертең бір пияла, түсте бір пияла, кешке бір пияла арпаның талқанын береді.
О, қасиетіңнен айналайын, қара талқан! Сен де мені тұлықтастан артық болмаса, кем зығыр еткен жоқсың-ау. Туғаннан көзімді сенімен аштым. Аузым алғаш асқа талпынғанда апам бөкпен етіп талқан берген. Міне, содан бері қарай сен, қара талқан, менімен ылғи да се­рік­тесіп, бірге жасап келесің. Қайда барсам айрылмас до­сымсың. Мен міне деп, жарқырап алдымнан шығасың.­
Қыста да талқан, жазда да талқан. Ерте де талқан, кеште де талқан. Ана үйге барсаң да талқан, мына үйге барсаң да талқан. Талқан... талқан... талқан...
Ақсуды талқанмен ішеміз. Көжені талқаннан жасаймыз. Майға да қосылатын осы талқан, шайға да қосылатын осы талқан.
Талқанды тамақ етудің тәсілі көп-ақ. Мәселен, сарымайға немесе қаймаққа шылап жеу. Оған шекер сепсе, тіптен абзал.
Майға шыланған талқан шайнау тілемейді, өңештен өзі сырғанап өтеді. Сүтке, айранға шылап жесе де ауыздан түсіп қалмайды.
Талқанды тамақ етудің бұл айтылған бапты тәсіл­дері уақыты тапшы еңбек адамдары үшін жарамсыз. Біз «әуресі аз» болсын дейміз де, талқанды тамаққа бы­лай жаратамыз: ортада үлкен тай қазанда беті жыбыр-жыбыр етіп шымырлап қайнаған бір қазан қара су тұрады. Содан ыдыспен керегімізше көсіп алып, тиесілі тал­қанымызды үстіне саламыз. Дәмін кіргізіп тұз себеміз. Бұдан кейін қасықпен немесе ағаш қалақпен, ол да болмаса ортасынан екі бүктеп сындырған шимен былғап-былғап жібер де, аузыңды күйгізіп алмай, кәдімгі балқаймақ жеген секілді ұрттап, көмейіңнен өткізе бер.
Бұдан соң келесі пияла талқанға қалай да өлмей же­туіңе мен кепіл.
Қырман мен ауыл арасы бірғауым жер, қонуға үйге жі­бермейді. Таңертең бригадир айқай салған кезде ұшып-ұшып түрегелу үшін қырманның басына түнейміз.
Ұйықтайтын төсегіміз қырман шетіндегі үймек сабанның іші. Соны төбесінен төмен қарай үңгіп, інге кірген суырша, кіреміз де кетеміз. Мойнымызға топан тү­сіп, жыбырлатпас үшін жағамызды көтеріп, қымтап аламыз. Сабан төсеніш, сабан жастық, сабан жамылғы. Үңгірдің аузын ауа кіретіндей етіп себездеп, бүркемелеп жауып қоямыз. Таңқасқадан бригадир:
– Тұр! Тұрыңдар! – деп, сұңқылдай бастағанда оянып кетеміз. Ұйқының ең тәтті кезі. Тұрғымыз кел­мейді. Дүниені өрт басып бара жатса да жата тұрғымыз келеді. Алда күні бойы атқа мініп тепеңдеу, жан қинау бар екенін ойлағанда жүректі қайғының уы көміп кеткендей болады.
Бригадирмен қабаттасып айқайлаған қырманшы Жылқыбайдың зәрлі даусы естіледі:
– Әй, жүгірмектер! Тұрасыңдар ма, жоқ па? Әне, ат келді! Тұрып, аттарыңды ұстаңдар!
Жылқыбайдың даусы ұйқыны шайдай ашып жібе­реді. Енді жату қауіп. Ұшып-ұшып тұрмасақ, бураша зіркілдеген Жылқыбай маяның үстіне шығады. Бізді аяғы­мен теуіп жүріп тұрғызады. Қайда тығылғаныңды тап­паса, сабанға айыр сұққылайды. Айырдың ұшы біре­уінің бір жеріне кіріп кетер деп, сескенуді білмейді ол.
Күн сайын осы. Күн сайын ұйқы қанбай мәңгірт боп түрегелеміз. Аштық уайым емес, ұйқы уайым. Ұйқысы қанып бір ұйықтаған адамда арман бар ма екен дейміз.
Құдайдан жауын тілейміз. Жауын жауса, жұмыс тоқтайды. Демалып жетісіп қаламыз. Қашан жауын басылғанша пырылдап ұйықтағанды білеміз.
Бірақ жауын оңайлықпен жаумайды. Күн бұлттанып келеді де, желдетіп, әлгінде жауар деп үміт еткен бұлттың бәрі басқа жаққа ауып кетеді. Сөйтіп, бізді ке­леке еткендей болады. Аспанның жарқырап келе жатқанын көргенде көңілді тағы да қайғы бұлты басады.
Жауын бермеген құдайдан мен енді ауру тілейтін едім. Шын ауырсам, үйге қайтам. Төсек тартып жатқан­ды білем. Ұйқым мейлінше қанған болар еді.
Ауру бірақ жоламайды.
Тағы да тепең-тепең аттың үсті. Зырылдауықша шыр кебелек айналу...






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет